БІР ОТАН, БІР ЕЛ, БІР ТАҒДЫР

Болашақта бесаспап аспаз болып, халыққа сапалы қызмет етуді діттеген Александра Крохинаның арманы асқақ. Бала жастан таңдайда бал татырлық түрлі ас әзірлеуге деген құштарлығы Талғар қаласындағы политехникалық колледждің студенті атандырған.

Аққұба жүзінен жылылық есіп тұратын бойжеткеннің бойынан білімдарлығымен қоса өнерді құлай сүйетіндігі сүйсінтеді. Соның арқасында мемлекеттік тілді жетік біліп қана қоймай, шырайын келтіре әңгіме тиегін ағытуға да әбден төселіп алған.
– Талғар қаласында туып-өстім. Осындағы жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы №6 орта мектепте білім алдым. Мемлекеттік тілді бесінші сыныптан бастап үйренуге ден қойдым. Күніге он шақты сөз жаттасам мәз болатынмын. Сөйте келе сөйлем құрап, қазір тіптен өлең-жырды еркін жаттап алатын болдым. Қазақша сөйлеуге қызығатын құрбы-құрдастарым тілді менен үйреніп жүр. Қазақ тілін өзімнің ана тілімдей құрметтеймін. Мемлекеттік тіл – менің тілім, – деп жылы жымиған Александра ұлттық тағам түрлерінің жасалу технологиясын білетіндігімен де бөлісті.
– Қазақтың ұлттық тағамы – ет асу, наурыз көже жасау, бауырсақ пісіру дегенді оқып, өзім әзірлеуге тырысып жүрмін. Бұл да қазақ тілін меңгерген сияқты маған өте қызық көрінеді, – дейді жас аспазшы.
Жүрегі қалаған кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Қолынан келгенге құрмет жоғары болмақ. Міне, осы бір қағиданы сезінетін орыс қызы таңдаған мамандығын меңгеруде білім мен тәжірибені ұштастырып, өз ісінің хас шебері болуға ұмтылып-ақ келеді. Бойындағы өнерге бейімділігі мен дарындылығының арқасында аудан көлеміндегі мәдени іс-шараларға белсене араласып, қоғамдық істердің бел ортасынан табылатын табандылығын да атау артық етпес. Алдына қойған арман-мұратқа жету үшін тереңдей оқып, ерінбей еңбектену қажеттігін жадына түйген жастың шығар белесі биіктей бермек.

Ұлбосын БӨРІБАЙҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.