Тұғыры биік тұлға

Жұмахан Балапановтың балалық шағы қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың қиын-қыстау күндеріне тұспа-тұс келеді. Егіншілікпен шұғылданбаған, қолдарындағы азды-көпті малдарынан айырылып қалған ел ашаршылыққа ұшырап, 1930 жылдың қысынан бастап, күн көру қиындай бастаған шақ еді бұл. Әкесі ауру меңдеп қайтыс болған соң, ана төрт баласын аштан өлтіріп алмайын деген оймен, ауылдың тамақ іздеген адамдарымен бірге, қыстың ішінде қар кешіп, Шыбынды тауының түбіндегі жаңадан құрылған колхоздың, күзде жинай алмай қалған жүгерісінің дәнін қардың астынан қазып, бір қап етіп арқалап келіп, оны пісіріп, екі-үш күн дәм татпай, аш отырған балаларын тамақтандырыпты. Бірде әкесінің досы болған, ел-жерді жақсы білетін аңшы Дәулетпай есімді кісі келіп, Жұмаханның анасы Бибіжамал мен балаларының жағдайын көріп, құмның ішінен Қоссор көлін жағалап көшуді ұсынады. Осылайша, болашақ ғалымның еңбек жолы тоғыз жасында Қоссорда тұз дайындаумен басталған екен. 1934 жылы елдегі ашаршылық азайған соң, анасы балаларымен Қарасуға көшіп келеді.
Оқуға деген құштарлығы мен жасының үлкендігіне байланысты болар, Жұмахан Балапанов бастауыш мектепті екі жылда аяқтап шығады. 1941 жылы, екінші дүниежүзілік соғыс басталардан бір ай бұрын Орынбордағы ұшқыштар мектебіне оқуға түседі. 1942 жылдың аяғынан майдан даласына аттанады.
1945 жылдың күзінде капитан Жұмахан Балапанов Кеңес армиясының запастағы офицері ретінде елге аман-есен оралып, соғыстан кейінгі жылдары ел өміріне етене араласып, жергілікте әкімдікте жауапты қызметтер атқарады. 1947 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Жұмахан Балапановтың бұдан арғы өмірі мен еңбегі бұрынғы Талдықорған деп аталған облыстың ауылшаруашылық саласымен тікелей байланысты. Жердің, елдің жағдайын терең білетін тәжірибелі маман ретінде аймақтағы шаруашылықтың өркендеуіне үлкен үлес қосты. Елдің тыныс-тіршілігіне өлшеусіз үлес қосқан Жұмахан Балапанов 1961 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болып, Талдықорған қаласы мен Талдықорған ауданы базасында біріктірілген Талдықорған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауыстырылады. Ал 1965 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы бюросының шешімімен Мәскеу қаласындағы КПСС Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберіледі де, 1967-71 жылдары Қазақ ауылшаруашылық экономикасын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының директорының орынбасары, 1971-77 жылдары осы орталықтың директоры қызметін атқарады.
Ол нарықтық экономиканың теориялық мәселелерін дамытуға белсенді ат салысқан тұлға. ТМД елдерінің жоғары мектептерінде «АПК-ны ұйымдастыру және оның нарықтық инфрақұрылымын арттыру» саласы бойынша бір үлгідегі бағдарлама авторларының бірі. Оның тікелей қатысуымен және бірлескен авторлығымен жоғары оқу орындарының экономика факультетінің студенттеріне арналған оқу кітабы осы тақырыпта қазақ тілінде жазылып, баспа бетінен жарық көрген.
Профессор Жұмахан Балапанов Алакөл ауданында қант қызылшасы зауытының салынуына тікелей мұрындық болған азамат. Алакөл ауданының экономикасының өсуіне, шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқан Жұмахан Балапановтың есімі Қызылащы ауылына берілген. Сол ауылда ескерткіш-тақтасы орнатылған. Біздің ұжым, Алматы облысындағы Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі Жұмахан Балапановтың есімін ардақтап, көшпелі көрмелер өткізіп тұрамыз. Оның еңбегін музей көрермендеріне үлгі етіп көрсетеміз.

Жазира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.