«АМАНДЫҚ ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ»

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,
ҚР ҰҒА академигі

Редакциядан: Сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіптің «Егемен Қазақстан» ­басылымында «Амандас, замандас» атты мақаласы жарық көріп, онда амандық-саулық сұрасудың мәдениеті туралы жан-жақты сөз қозғалған еді. Әр адам тұтас халықтың денсаулығына жауапты осы бір күндері амандасу әдебі де өзекті бола түскені рас. Газет редакциясы осы тақырыпты жан-жақты қозғаған материалдарды да оқырман назарынан тыс қалдырмауға тырысады. Соның бірі – редакциямыздың хат қоржынына келіп түскен белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлының мақаласы.    

Осы жылғы 16 наурыз кейінгі ел ­тарихына енетіні сөзсіз. Әлемдік індетке ­байланысты мемлекеттік деңгейде арнайы низаммен сақтық шаралары жарияланып, «үйде отыру» міндеттелегенде, «Бұл не? Арты қалай болмақ?» деп сұрақ қоймаған жан жоқ шығар. Міне, ­содан бері күн артынан күн, апта соңынан апта өтіп, айды айға қосқан жайымыз бар. Арқаны әбігерге салған боран-бұрқасынды қыс қалай көктемге өткенін сезінбей де қалдық. «Ғасырда бір жауатын қалың қар көл-селге айналады» деп болжам жасалып еді, бәрі бос болып шықты. Халық ғаламдық кеселдің көл-селіне, жаһандық экономиканың қат-қабат дағдарысына көзі жетіп, көңілі сенді. Бірақ мың бір жылғы оптимист қазақ жұртында мың жылғы «Бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз» деген сөз бар. Той – береке, жақсылықтың нышаны, ертеңге сенім.
Күні кешегі Президент Қ.К.Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін аулаға, алаңға шығуға мүмкіндік алған және 11 мамырдан соң «карантиннің алынатынын» естіген қалың елдің өңі де жақсы, еңсесі де биік. Ең бастысы, амандасуы жарқын!
Несін жасырайық, біраздан бері ауылға да жете алмай, қала ақсақалын да ұшырастыра алмай, ақын Сағи Жиенбаев айтқандай, «Айта алмай ауыз толтырып, «Ассалаумағалейкум!» деп» қалғанымыз рас (әлқамы «Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, тау мүсін…» әнін бәріңіз білесіз ғой). Бұйырса, енді көрісетін де, дидарласатын да күн алыс емес.
Осы аралықта «Амандасуыңыз қалай?» ­деген сауал жаңа қырынан қойылып жатыр.
«Здравствуйте»-нің калька-баламасы болып кеткен сұраққа сұрақпен жауап беретін «Саламатсыз ба?» есендік-саулығымыздың сыналғаны қай заман?..
Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктен бері бөркімізді аспанға атқан 29 жылда жазылған «Қазақ тілі» ныспылы оқу құралы мен оқулықтардың бәрінде де, оның аудио-видео һәм электрондық нұсқаларында да – осы қалып, осы трафарет. Бұған айыптыны іздейтін уақыт жоқ, себебін бәріміз де түсінеміз.
Дегенмен себептің шет жағасын айтып көрейік.
Бірінші себеп – ұлт дәстүрін аяққа таптаған ХХ ғасырдың 30-70 жылдары аралығындағы саяси ұстанымнан, әсіре еліктеуден туындаған жағдай. Бірақ бұл, абырой болғанда, мәселенің сыртқы жағы. Әйтпесе, ел ортасына бара қалса, атқамінерлердің (қазіргіше мемлекеттік қызметкер) бәрі дерлік ақсақалдарға «ассалаумағалейкум!» деп амандасқан. Сөйте тұра ресми жерде бұлай амандасу «ескіліктің қалдығы» саналған. Осы тұста бір қызық салыстыруды қаперлеріңізге салайық. Байқасаңыздар, аузынан Алла түспейтін жұмырбашқаны (президент) бар ағайын ел Түркияда «ассалаумағалейкум!» деп амандасатындар – тек дін жағында жүргендері ғана. Қалғандарынікі – «гүнайдынның» айналасы (біздің «қайырлы күнге» ұқсайды).
Екінші себеп – ұзақ уақыт мемлекеттілік қағидаттардан шеттетілген біздің елде дәстүрлі амандасудың нормаланбай (баяғыша айтсақ «низамдалмай»), заңмен бекітілмей қалғаны. Бұл да түсінікті. Ә.Бөкейхандай ел көсемдері Мәскеуде үйқамақта отырды. А.Байтұрсынұлы сынды рухани көшбасшылар 1930 жылдан кейін халық алдына да, баспасөзге де шыға ­алмады. 30-жылдардың соңындағы жаппай саяси ­репрессия ұлт тұлғаларын да, ел құндылықтарын да жойып тынғаны мәлім.
Нормалану немесе стандарттану дегеніміз не? Жалпақ тілмен айтсақ, ел болып, ­зиялылар болып кеңесіп, ортақ мәмілеге келу. Ұлан-байтақ жеріміздің қай шетіне барсаңыз да ұлтымыздың тілі де бір, тілегі де бір. Бұл – феномен яки «Гиннеске» енетін құбылыс. Ақаңдар айтпақшы, бізде бидің тілі, биешінің тілі, жайсаңның тілі, жалбағайдың тілі деген жоқ. Жалғыз тіл бар! Ол – қазақтың тілі! Диалект жоқ. Салыстыру үшін айтайық, мына көрші Ресей тарихында бір кінәздік екінші кінәздікті жете түсінбеген. Алманда, корейде, қытайда бір бұрышы екінші бұрышын тілмаш арқылы ұққан. Содан кейін оларда «әдеби тіл» деген шыққан. Мәні – диалектілердің басын қосып, түсінікті бір тіл жасау. Біздің тіл ше? Абайдың өлеңі мен қара сөзін Қазақстанның төрт тарапындағы мектеп көрмеген, бірақ санасы һәм тәлімі бар кез келген шал-кемпірге оқып берсеңіз, 100 пайыз түсінеді. Ақын тұсында да солай болған, қазір де солай! Мұны айтасыз, Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар толғауының қайсыбір сөзін (XV-XVIII ғасыр лексиконын) мұндағы тікбақай интеллигенттер емес, оқымаған ауыл ақсақалдары жаппай түсінгенін қайда қоясыз? Міне – әлемнің көп кереметінің бірі. Ал, нормалау – басқа әңгіме.
Мысалы, біз білетін жазбаша мұрада да, ауызша мұрада да қазақ ер азаматы ертеректе «Арма!», көбіне «Ассалаумағалейкум!» деп амандасқан. Енді өмірде тек еркектер ғана жүрмейтіні, алқалы топта жынысына қарамай аға буын мен жас буын, отбасы жағдайында ерлі-зайыптылар отыратыны белгілі. Мұндайда елдің бір шетінде «Есенсіздер ме?», екінші шетінде «Мал-жан аман ба?», енді бір тұсында «Армысыз!», «Аман-жақсысыздар ма?», т.б. формада сәлемдескен. Кейін «Сәлем бердік!», т.б. нұсқа енген. Күтіп алушы жақ та сұраққа сұрақ түрінде емес, «Есен бол, айналайын!», «Бар бол, балам!», «Аманбыз, жігітім!», «Жақсымыз, жарқыным!», т.б. нұсқада жауап қайырған.
Оқығандар, зиялы қауым кітапта, әсіресе оқулықта амандасуды әртүрлі құбылтпай, бірізге түсіру қажеттігін сезген. Нормалану дегеніміз – сол. Бірақ оны жүзеге асыруды замана зобалаңы бұйыртпады. Біз бүгін осы мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, ел болып кеңесіп, бір тоқтамға келуіміз абзал. Бұл қадам – дәл қазір сауапты да көкейкесті, ал ертең дүдәмалдықтың басы. Неге? Өйткені бүгін ана тілінің нәрін бойына сіңірген аға буын, ескінің көзі жанымызда жүр…
Енді амандасудың жаңа заманға лайықты орнықтырар нұсқасына келейік. Біз бір нәрсені мойындауға тиістіміз. Негізі, амандық-саулық сұрау – әркімнің көңіл күйіне, жағдайына байланысты мәселе. Сондықтан «сәлем!» немесе «салам!» (мұны орыстілділер айтады) – ықпалы тегеурінді болған көршінің «привет!» дегенінің, «қалайсың?» немесе «қалайсыз?» – «как дела?» дегенінің калькасындай болып кеткені жасырын емес. Мұны әп-сәтте тоқтату да қиын.
Бірақ ақылмен, парасатпен, мәдениетпен орнығатын жол бар. Ол – «Әліппе» оқулығынан бастап, «Қазақ тілі» оқу құралының барлық түріне енетін нұсқасы. Бұл жерде біздің ұсынысымыз – ұлттық ортақ амандасу нұсқасы Тәуелсіздік мұраты мен Рухани жаңғыру (отарсыздандыру) талабынан туындауы керек.
Ол нұсқа – «Арма!». Жауабы (амандасушыға айтатын сөз) – «Бар бол!».
Мұны қайдан алдық? «Арма!» – біздің әбден сүйегімізге сіңген, байырғы амандасуымыз. Біреулер ойлауы мүмкін: «Сонда «армысыз?» деген амандасу қайда қалды?» деп. Шындығын айтайық, «армысыз» – ХХ ғасырдың 50-60 жылдары ұлт ақын-жазушылары енгізген және сол көне «арма»-ны жаңғыртқан нұсқа. Бұл туралы әйгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев жазбаларынан оқи аласыздар. «Армысыздың» арғы генетикалық кодымызбен ептеп (түбірі) байланысты болғаны сонша – қазір жұрттың бәрі оны мың жылдық амандасу деп ойлайды.
Сонда бұл тарихи амандасу мектеп оқулығына немесе өзге тілділерге арналған оқу құралдарына түскенде, шамамен былайша көрінеді.
«Оқушылар: Арма, апай!
Мұғалім: Бар болыңдар, балалар!».
Немесе:
«Мұғалім: Арма, балалар!
Оқушылар: Бар болыңыз, апай!».
Қазақ тілін үйрететін тілдескіштерде:
«Бақыт: Арма, Томас!
Томас: Бар бол, Бақыт!».
Күнделікті өмірде немесе күйбең тіршілікте:
«Арма, Бәке!» (жауап қатуы: «Бар бол, Сәке!»).
Бүгінгі жастар неге «сәлем-саламға» құмар? Өйткені қысқа да нұсқа (орысша айтсақ, ­«лаконично»). Төрт-ақ әріптен тұратын «Арма!» жазуға да тез, айтуға да оңай. Ең бастысы, оның мазмұнында мың жылғы тарихымыз сайрап тұр. Амандасудың бұл түрі мектеп жасындағы балалардың миында ресми орныққан соң, алдағы буын үшін бұлай айту қалыпты жағдайға айналады. Бұл – «Рухани жаңғырудың» нағыз және нақты жемісі болады.
Сонымен бірге біз діни-рухани құндылығымызбен суарылған «Ассалау-мағалейкум!» мен «Уағалейкумассалам!»-ды ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Оны «Әліппеміз» бен басқа да оқу құралдарымызда орнымен пайдалануға болады. Осыдан 20 жылдай бұрын өзбек «Әліппесімен» таныс­тым. Кішкентай бала бойы еңкіш тартқан ақсақалға сәлем беріп тұрған сурет ұсынылған да, астына шамамен былайша жазылған: «Фархад: Ассалаумағалейкум, ата! – деді. Икрам ата: Уағалейкумассалам, Фархаджан! – деді». Маған осы сурет пен сөзге бір ұлттың бүкіл имандылығы сыйып кеткендей көрінді…
Коронавирус пандемиясы әлем мен қоғамның дегбірін алса да, бәрімізді тәубаға келтірген «сиқырын» да жоққа шығармаған жөн. Бәзбіреулер ұнатпаса да қайта жаңғырған және көбімізге жаққан байырғы «қолды кеудеге қойып амандасу» ишарасынан ұтқанымыз көп. 16 наурызда біз бір нәрсеге «қап!» дедік. Қазіргі телевидение үшін ым тілі мен сурдо-аударма қалыпты жағдай болғандықтан, дикторлар бірінші күннен-ақ экраннан қолын кеудесіне қойып амандасуы керек еді. Бұл, бір жағынан елдік ғұрып элементінің жанданғанын көрсетсе, екінші жағынан сақтық шараларының дәстүрмен жымдасқан ишарасы екенін аңғартары анық.
Әлбетте, өмірдің бәрі – сабақ. Қателік те, оны түзету де – сол сабақ аясындағы мәселе. Алла қаласа, күлімдеп көктем өтіп, жадырап жаз келеді. Арғы жағында – салмақты қоңыр күз, батасын ниетке қарап беретін «кәрі құданың» көзі, бәлкім өзі – қыс бар. Ұлт ұғымында жыл мезгілдері де бір-біріне сәлем беріп, көріседі. Біреуі табалдырықты аттағанда, екіншісі төрден тұрып, құшағын жая амандасып, орнын береді. Бұл – Жаратқанның мәңгілік жаңару мен жаңғыру заңы.
Ата-бабаларымыз айтқандай, «Амандық жамандықты жеңеді». Маңдайымыз ашық, есендігіміз түзу күнге жете берейік!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.