ТАЖАЛМЕН ТАЙТАЛАС

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

(Күнделікке түскен ойлар)

Әлемнің тынышы кеткелі біраз болды.
Коронавирус дейтін сөз айналымға енгенде қыс еді (2019 жылдың желтоқсаны). Қыстың үш айы ­артта қалды. Көктем келді. Міне, енді адамзат санасында ­жасару мен жаңғырудың, сұлулық пен сымбаттың жарқын көрінісіндей болған аяулы көктемнің, ажарлы көктемнің екі айын тамамдап, жер беті үшінші айы ­мамырды да үйді-үйінде қамалып отырып, төзімділік танытып, ­сабырмен қарсы алды. Жалғыз Қазақ Елі ғана емес, бүкіл әлем осындай күйде. Өмір үшін өзегіңді өртеп жүріп көрген жалғасың үшін, ұрпағың үшін, ұлтыңның амандығы мен жұртыңның бүтіндігі үшін қажет болды бұл төзімділік пен бұл сабыр. Ел бірлігін көксеген ­Елбасы мен Қазақстан халқы өзі сайлап, өз тағдырын қолына тапсырған Президентімізден ­бастап, Үкімет пен әкімшіліктердің ұйытқы болуымен жер-жерде, ­ауыл-ауылда, қалалар мен үлкенді-кішілі елді ­мекендерде «Біз біргеміз!» дейтін арқаны шымырлатып, жігерге жігер қосар, намысқа қамшы басар, аруақтарды оятып, тірінің тілегін бір ту астына ­жинар мемлекеттік, жалпыхалықтық ­шаралар атқарылды. Төрткүл дүние Қазақстанның тілсіз жаумен алыса білгеніне, осы жолда үлкен ұстамдылық үлгісін көрсетіп, әр азаматының өмірін қорғай ­отырып, табанды күрес жүргізе білгеніне жоғары баға берді.

Коронавирус әлі жалғасуда…

Коронавирустан кейін де өмір бар. Өмір ұсынар қиындықтар мен тапшылықтар бар. Соны еңсеру – біздің бүгінгі тізгінұстар жаңа буынның иығына түсіп отыр.

Үйде отырып, тізгінсіз дертпен жүргізілген, жүргізіліп жатқан шайқастар кезінде қағаз бетіне түскен өлең-жырлар, күнделік бетіне түскен алуан-алуан ойлар болды. Қалай болғанда да әр сөз бен әрбір ой  адам баласының амандығын, адамзаттың тұтастығын, бізді жаратып, өмір сыйлаған Қазақ Елі мен Қазақ Жерінің бүтіндігін, ұрпақ, ұлт болашағын ойлап жазылды.

Сол күнделікке түскен ойлардың біразын «Тажалмен тайталас» ­деген атпен «Ана тілі» оқырмандарына ұсынып отырмын.

Автор,

мамыр, 2020 жыл.

  22 қаңтар, 2020 жыл

Жүректен шыққан сөз жүрекке жетсе игі…

Адам баласы бүгінде сөздің асылы мен жасығын таразы ­басына қойып, жүрекпен естуден, тыңдаудан қалып бара жатқанын ойлап, іштей сескенесің, қиналасың, қынжыласың…

Таң атса, кеш батады…

Өсек пен ғайбатқа толы төрткүл дүниенің сіздің жүрегіңізбен де, ойыңызбен де шаруасы жоқ, кешегі күннің жалғасын түгендеп, ақпараттың аласапыран әлемі адам санасына ­тыным берер емес.

Сонымен…

АҚШ Сенатта Трампқа импичмент беру туралы ұсынысты талқылауын ­бастады. Оған сасып тұрған ­Дональд жоқ. Давостағы дәстүрлі  экономикалық  басқосудың төрінде сайрап тұр. Владимир Путиннің Ресей жұртшылығының назарына ұсынған жаңа жобасын әлем қызу талқылауда. Ливияда оқ ату тоқтамай тұр. Сирияда соғыс жалғасып ­жатыр. Өзбекстан президенті ­Еуразия Экономикалық Қауымдастығына кіруге асықпайтынын, әзірге тек қадағалаушы болатынын мәлімдеді. АҚШ пен Қытайдың екі жылға созылған «экономикалық шайқасы» тоқтаған сыңайлы. Санкциялар соғысының ақыры екі тарапты келісімге алып келді…

Иә…

Біраздан бері алты құрлықтың арқасын аяздай қарыған Аспан асты елінен шыққан белгісіз вирус әлемді ­шошынта бастады…

Айтары жоқ… Алты құрлық түске дейін апшып, түстен кейін шапшып тұр.

Алаш елі «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» деп, қазақ есімді қара орман жұрты ойлау мен сөйлеудің әлемдік ұлы биігіне көтерген, кемеңгерліктің өрісі бөлек өзгеше кеңістігіне алып шыққан ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлауға әзірленіп ­жатыр. Қазақ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай жаратылысы мен болмысын жаңа ғасыр биігіне көтере отырып, қазіргі замана сауалдарына жауап іздеуге шақыратын тамыры терең, танымы бөлек, тағылымы таза мақаласы –  абайтанудағы жаңа сөз екені даусыз! Мақала жиырма бірінші ғасырдағы қазақтардың ғана жүрегі мен ойын қозғаумен шектелмей, адамзаттың жүрегіне Абай сөзі жетсе деген іргелі ойға құрылған… Жаңа, жас ұрпақ санасына Абайдың «терең бойлауы» сайып келгенде, ұлттың жеңісі ғой!.. Менің есіме Қытай сахнасынан Абай әнін шырқап, миллиардсанды ­аудиторияны баураған ­Димаш Құдайбергенов түсті. ­Абайды насихаттасаң, осылай насихатта! Алаштың аруағын асқақтатсаң, осылай асқақтат!.. Жаңа заман қазақтарынан осындай ғаламдық үлгіні көргім келеді.

 01 ақпан, 2020 жыл

Уақыт – қатал сыншы!

Омар Хаям айтқан шындыққа құлақ ассақ, «Уақыт – біздің қатыгез жауымыз» («Время – враг наш беспощадный»). Шығыстың жеті жұлдызының бірі айтқан бұл ақиқатқа өмір туралы танымы бекіген кез келген ойлы жанның тоқтары, ден қояры, шамасы келгенше, уақыт атты «қатал, қатыгез жауды» жеңу үшін күресері анық… Бірақ… Уақытты физиологиялық тұрғыдан ешкім жеңе алмаған. Жеңуі мүмкін де емес. Бір жеңсе… Оның өзі – үлкен сұрақ.  Уақытқа Адам ойы мен жанының жарық нұры, сәулелі сыры – екі дүние арасын жалғай білер ұлы қабілет – Мәңгілік Рух қана дес бере алуы мүмкін!..

Мәңгілік Рух – ұлт мәңгілігінің кепілі!

Сондықтан…

Кез келген ұлт уақыт алдында сүрінбеуді, құламауды ойлауы тиіс!

Уақыт – мен үшін алтыннан да қымбат! Алтынды бүгін жоғалтсаң, ертең табасың. Ал рухыңды, рухыңның алтын қазығы – Тіліңді жоғалттың ба? Қайыра қанша іздесең де, табуың екіталай?! Әсіресе, қазіргідей тіл де, діл де, өнер де, өмір де мидай болып араласып кеткен күмәні мен күдігі қалың заманда жоғалтқаныңды табу қиын. Рухани қазынаңды жоғалтудан ауыр нәрсе жоқ!

Арғы дәуірлерден  –  сөзі мен ойы бізге бірде жетіп, бірде жетпеген беймәлім көне дәуірлерден келе жатқан аңыздар мен хикаяттардың қай-қайсысында да Рух пен рухани игіліктер – Адам Ата ұрпағының ­басты құндылығы болғанын көреміз. Құндылық атаулының ең қасиеттісі – өмір!

Өмір – Ұлы Жаратушының адам баласына берген теңдессіз қазынасы!

 Өмірдің көркі – рух пен рухани игілік!

«Тән – жанның, жан –  Жаратқан­ның аманаты» дейді ұлы ­бабамыз ­Анарыс. Қазақтың жадында шежіреден-шежіреге көшіп, ондаған ғасырлардың үкілі бесігін тербетіп жүріп, біздің заманымызға дейінгі дәуірден жиырма бірінші ғасырға аман жеткен Анарыс есімді дала данышпанының Герадот тарихына Анахарсис деген атпен енгені, жол серігі Тоқарыс (Тохарсис) екеуінің кейінгіге, әлемдік өркениеттің өрісін кеңейтер кемел ойлаудың ғажайып данышпандық үлгілерін қалдырғаны белгілі. Қазақтың ұлт боп ұйысу ­

жолына үңілсеңіз, ауызша тарихымыз Герадоттың жазба тарихымен үндеседі. Қазақ жадындағы Сабыр мен Анарыс, тарих атасы атанған Герадоттағы Сабил мен Анахарсис арасындағы  аттардың үндестігі мен тағдырлы қайшылық ұқсастығы  соның көрінісі… Байқасаңыз, осындағы қазақ ұғымында Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс болып сақталған ұлы бабаларымыз хақындағы алтын арқаулы ұғым –  Ұлт Рухының уақыт сынынан сүрінбей өтіп, беріспей, бүгінгі ұрпақ санасына жеткен Мәңгілік Коды!

«Алла-Тағала – өлшеусіз,

біздің ақылымыз – өлшеулі.»

Абай

 

«Как жить, не умирая?..»

Шыңғыс Айтматов

Сондықтан ұлт үшін, ұрпақ үшін ауадай қажет Мәңгілік Кодын «көздің қарашығындай көріп» сақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Қандай кезде де, қандай жағдайда да, ұрпақ санасына оң тәрбие беріп, ұлт болмысын көкпарға салғызбау үшін күресе білуіміз керек!

***

Он сегіз мың ғаламның өзге «өкілдері» қалай ғұмыр кешіп, өркениеттің қай деңгейінде өрістеп жатқаны – біз үшін жауабы бұлдыр сұрақ. Әзірге біз білетін бір анық  – жердегі өркениеттің адамзат алдына алаңдатар ұшан-теңіз мәселелерді үздіксіз қоя бастағаны.

Соның салдарынан… Бүгінгі таңда Адам Атаның сүйегінен тарап, Хауа Ананың сүтін емген, Жер есімді планетаны қоныс еткен жеті миллиард санды жұмырбас пенде Көктен түскен төрт кітап ішінде жүретін Ібілістің жетегіне жиі еретін болған тәрізді… Бұл, әрине жұмыр жер төсінде болып жатқан қазіргі ахуалды эмоционалды-пәлсафалық тұрғыдан қабылдау болып көрінуі мүмкін…

Дегенмен…

Мұндай ой құрсауында жүргендер қатары мол.

Шындық осы.

Әсіресе, Қытайдың Ухань қаласынан бір  емсіз дерт шыққалы адамзат баласының алаңдауы күшейді.  Белгісіз дерт жұлқынған асау аттай бой бермей тұр. Емсіз аурумен Қытай елі жалғыз алысып жатыр. Әлем үнсіз десе де болады. «Медицинамыз дамыды» деп кеуде соғатын іргелі елдер де, ДДҰ-да комментариймен шектелуде. Ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, тізгінсіз тажалдың емі жоқ. Әркім әртүрлі айтады. Неден пайда болды? Таралуы қалай? Екі сұрақтың да жауабы адам жаны мен ойына маза берер емес. Бірінші сұрақтың жауабы – белгісіз. Екінші сұрақтың жауабы – жұқпалы, гриптің қатерлі түрі, адамнан-адамға тез көшеді…

Ауырған адамды ақыреттен іздей беріңіз дегенге саяды…

Ажал есік қағып тұрғандай…

Адамзат алаңдаулы…

Бір белгісіз үрей аспан астын кезіп жүргендей…

02 ақпан, 2020 жыл

Иә…

Жер – бір бүтін планета, адамзаттың ортақ, ұлы қонысы. Ғалам атты түпсіз, терең мұхиттың айдынында жүзіп жүрген кеме секілді. Бағыты қайсы? Бағдары қалай? Кешегісі белгілі… Бүгінгісі – көз алдымызда. Ертеңі не болмақ?

Еріксіз ойланасың…

Тәубә!

Біздің ұрпақ жаман өмір сүрген жоқ… Сөйте тұра, өзіңнен гөрі – ұрпағың үшін, жалғастарың үшін алаңдайсың…

«…Көк мұхиттың ар жағында –

  «бір ойын»,

Көк мұхиттың бер жағында – 

«бір ойын»…

Теңселуде буырқанып көк айдын,

Желкенімді қай жағаға тірейін?!.

 Қалтыратып тау мен тасты,

 ­даланы,

Мұңайып қыр, түнгі сарын тарады.

Заман құйын…

Ғалам қиын…

Жер – Кеме…

Айтыңдаршы!

Қайда кетіп барады?» –

деген өлең жолдары тіл ұшына оралады. Өміріміздің көбі қойын-қолтығында өткен жиырмасыншы ғасыр тарихқа айналып барады. Тұрлаулы дейсіз бе, тұрлаусыз дейсіз бе? Әркімнің еркі өзінде… Мысалы, мен үшін өткен ғасыр – өзгеше ғасыр! Өрті мен дерті, қуанышы мен қайғысы біздің халықты қатар шарпыған ғасыр! Ойлап отырсам, қазақ дейтін ұлтты жер бетінен сыза жаздаған  ғасыр…

Жиырмасыншы  жүзжылдық ­басын өз елі, өз жерінде тоқсаннан асып жығылар пайызбен қарсы алған көшпелі жұрт сол ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары алпыс пайызынан айырылды. ­Жиырмасыншы жылдардағы аштық пен індет, ­отызыншы жылдардағы Ұлы  Жұт халыққа қырғидай тиді. Одан қалғанын репрессия мен Екінші дүниежүзілік соғысы сыпырды… Ақыр аяғында 1960 жылдары қазақ өз жерінде 29 пайызға түсті… Тоталитарлық жүйе дейміз, қызыл коммунистер ­империясы дейміз, түптеп келгенде, өз жерінде өзі безбүйрек биліктен теперіш көріп, өгейлік күй кешкен ұлттың зары мен көз жасын көтерген ғасыр!  Менің бесігімді тербетіп, ұлт ойы мен ұлт  мәдениетіне дамудың жаңа кеңістігін ашқан, күнгей-көлеңкесі қатар өрбіген ғасыр…

«…Айтарым көп… (Несі мін?!)

Бір сөзім жоқ жасырын.

Бесігім бе?

Бесігім…

Жиырмасыншы ғасырым…» – деп жүрекжарды жырларыма арқау болған менің ғасырым!

Сондықтан мен не ойласам да, нендей тақырып туралы толғансам да, көзімнің алдында, көкірегімнің төрінде, жүрегімнің өрінде  бір қолымен қазаққа «алтын ғасыр әдебиетін»  тарту еткен; екінші қолымен бабаларымды  Ұлы Жұт пен 1916 жылдың қанқасап шеңгеліне салып  аяусыз қырған; бір қолымен әкем мен шешеме ұл өсіріп, қыз сүю бақытын сыйлаған; екінші қолымен еркін ойлы ен даламды, қанға бөктіріп, концлагерлерге айналдырған; бір қолымен алашойлы, алаштұлғалы ұлы перзенттердің тұсауын кесіп, екінші қолымен солардың асыл армандарын жермен-жексен еткен – атқан, асқан, жазалаған; мойныма қызыл галстук байлатып, пионер лагерлерінде  әсем ән айтқызып, «советтік менің өз елім» деп, тақпақ жаттатқан, қызығы мен қызуы мол жастықтың ­жалынды күндерін сыйлаған; жар сүйгізіп, ұрпақ тәрбиелеу бақытына жеткізген; қолыма қалам ұстатып, жыр дейтін жұмбағы мол әлемге алып келген ХХ ғасыр  тұрады. Мұқағалидың сөзімен айтқанда, «Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды!» деген қанатты ұғым көгімді кезеді…

Кейде ХХ ғасыр,  қасиетті Қара Жер түсіме кіріп жүреді. Алып Глобусқа жан бітіп, тіл қататын тәрізді. Адамдарға өкпе-наласын айтып, «ах» ұрып, күрсінетіндей, әлденеден түршігетіндей… Қабағы ашылатын емес… «Апыр-ай! Біздер – Жер ­басып жүрген жұмырбас пенделер не ­деген қатыгез, не деген ұмытшақ едік?! Бірімізді біріміз аяуды білмейміз. Ұлы Жаратушының «Қолыңнан келсе, жұмаққа айналдыр» деп берген Ұлы қонысты өз қолымызбен өзіміз дозаққа айналдырып бара жатқан жоқпыз ба?» дейсің іштей күйзеліп.

Бұл ой бұрын да бір «Жаман түс» дейтін өлеңімде айтылып еді. Тағы да тілімнің ұшына оралып отыр.

Өткен жылдың желтоқ-санында Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирус күн санап өршіп ­барады. Австралияның жартысын жалап-жұқтаған қызыл өрті секілді. Ресми ақпарат дуылдата бастағалы үш жетінің жүзі болды. Алғашында 15-20-дан басталған адам өлімі сәт санап көбейіп барады. Ауру жұқтырғандардың саны жүзге жетер-жетпес еді. Енді… Күрт өсе бастады… ­Ресми ақпарат көздері миллионсанды аудиторияларға сақтандыру шараларын жүргізуге кірісті. «Тазалық», «тәртіп» секілді сөздерге жан бітіп, қоғам ұмыта бастаған «санитарлық, эпидемиологиялық қызмет» дейтін ежелгі, ескі ұғымдар өмірімізге қайта оралды.

«Ауруды жасырсаң – өлім әшкере» демей ме біздің қазақ?! Алғаш ұясынан алыстатпай, дымын шығармай, інінде өшіреміз деген пенделік амбиция ­далада қалып барады. Бүгінгі тараған ақпараттың түрі жаман. Белгісіз ­тажал – көзсіз індеттен өлгендер қатары 250-ге жетті. Дертке шалдыққандар саны 12 мыңға барған. Күні кеше ғана мына дерт жалғыз Қытай елінің жүйкесін жұқартса, енді бірте-бірте әлемдік ­сипат ала бастағандай. Уханнан тараған індетті алғашқыда коронавирус есімді тұмаудың бір түрі деушілер, енді екіге бөлінді. Бірі «грипп» десе, бірі «мұның төркінінде адам қолынан шыққан зиянкестік бар» десті… ДДҰ әлемді сабырға шақырып, аурудың тегі мен себебін кесіп айтпай,  әңгімені «ұзын арқау, кең тұсауға» салды. Уханнан шыққан жұмбақ  апат жер бетін кезіп, әлемнің әр жерінен бір көріне бастады.

Бас-аяғы он-он екі күн ішінде ­коронавирус айрықша жылдамдықпен  күллі әлемді қыспаққа алып үлгерді. Әлеуметтік желілер мен алуан түрлі ақпарат көздері «GOVID-19»-дың адам шошыр бейнесін қалыптастырды. Әуелгіде: «Адамзат өзінің арғы-бергі тарихында мұндай аурудың ­талайын көрген. Мұны да көреміз. «Құс тұмауы», «Шошқа тұмауы», ­«Эбола» секілді мұны да ертең ұмытамыз. Тәйірі… Бұл түгілі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары адамзаттың 40-50-миллион­дайын алып кеткен «испанканы» да ұмыттық. Мұны да ұмытамыз!» деушілер болды.

Иә…

Алты айлық жолды алты сағатта алуға дағдыландырған мына жаһандану дәуірі жұмырбас пендеге талай игілікті бергені даусыз. Темірді кезінде саз балшықтай илеуге үйренсек, енді дыбыс пен сәуле бірде жетіп, бірде жетпейтін ­электроника мен технологияның да алуан түрі мен әдіс-айласын еркін игеруге бет түзедік. ­«Келе-келе адам баласының «маңдай тер, табан ақысымен ­табатын» еңбегінің қадірі кетеді. Тіпті керегі болмайды. Оның бәрін әлемнің бір нүктесінде отырып, әлемдік бір үкіметтің құзырына мүлтіксіз бағынатын «жарты робот» адамдар атқаратын болады» деген адамның адами болмысы мен жаратылысын түбірімен жоққа шығарушылардың «айттық – бітті, кестік – үзілді» дейтін жан түршігер ойларын жүзеге асыруға ұмтылу әрекеті ашық байқала ­бастады. Бұл қауіпті! «Құдай-ау! Құдыреті күшті Алланың пәрменімен жасалған ­жаратылыс иесі саналар Адам баласын мұндай сандық, сапалық шектеуге салуға қай жұмырбас пенденің хақысы бар?! Жоқ! Білім мен ғылымды, байлық пен билікті Ұлы Жаратушы адам ойы мен санасын тәрбиелеп, тұрмыс жағдайын түзеу үшін жіберген. Оны біз бүгінгі күннің тұрғысынан өркениетті ­(цивилизацияны) өрістетудің жолы» деп бағалауымыз керек! Өркениет өз деміне өзі пісіп, өзінің миллиардтарына сеніп, жұмыр жерді «ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда» ұстауым керек деген адам болмысын шектеулер қорығына қамап, өздері шексіз билік тұтқасын ұстауға ұмтылғандардың қолжаулығы болмауға тиіс! Қалай болғанда да соңғы отыз жыл бойы адамзат дамуына сәулелі, нұрлы сәттерді сыйлаған жаһандану кезеңінің өркениет өрісін өзге арнаға бұрып, өткен ғасырдың 70-жылдарында пайда болған «Рим Клубының» сарыжұртын қайыра түгендей бастауы жақсы емес…  Ұлы Абайдың ойымен айтқанда, бұл Алла алдындағы қиянат. Абайдың өз сөзімен айтқанда, «Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман…» кейіпіндегі құдайсыздар! Бүгінгің «жарым робот», «дүмше молдалары?..»

Коронавирус бойымызға үрей ғана еккен жоқ. Сонымен қоса Ұлы ­Жаратушы  алдындағы ­жауапсыз ­ойларымыз бен жауапсыз әрекеттерімізді сезінуге, мойындауға итермелеп отырған тәрізді…

Әлемнің түкпір-түкпірін тінте бастаған тексіз тажалдан адамзатты қайтсе құтқаруға болады деген ұзақ-сонар ойлардың бүгінгі күнделік бетіне түскен бір парасы осы болды.

Аспан асты Елінен шыққан белгісіз ауру қысқа мерзім ішінде өрттей қаулап, жер үстіне жайылып барады. Мұсылман елдеріне соғып, Еуропаға өтті. Өзіне, өзінің көпғасырлық білімі мен ғылымына, мәдениеті мен медицинасына сеніп үйренген кәрі құрлық әзірге селк етер емес… Жері кең, жерінің асты мен үсті иен байлыққа толы, адамының саны тым аз Ұлы Дала ақпарат көздері арқылы сақтандыру шараларын құлағымызға құйып жатыр! Отаныңның болғаны қандай бақыт! Мен осы сәт ұл-қызын телмеңдетіп жетелеп, әлемнің түкпір-түкпірін кезіп жүрген отансыздарды ойладым! Отанынан безіп, «Шенгеннің» темір шеңгеліне жармасып, жақсы өмір іздеудің азап-мехнатына байланған босқындарды ойладым?!

Қытай коронавирусымен тайталастың майданы енді басталып жатыр. Қаншаға созылады? Немен аяқталады? Әзірге белгісіз… Жауабын ешкім айта алар емес.

Қаннен-қаперсіз той тойлатып, бірін-бірі ай көрмесе тұра алмайтын ағайын-туыс, жекжат-жұратын іздегіш қазақ ауылдарын ойладым… Кең қолтық халқымды ойладым…

«Аталап» кеп, мойныма асылған немерелеріме қарадым…

Ой көп…

Ой ұшан-теңіз…

Отымның басы, Отанымның іргесі берік, аман болсын, –  дедім іштей!..

23 ақпан, 2020 жыл

Күні бойы Абайды оқумен болдым. Абай туралы ой қорытуларымды жеке бір дәптерге түсіріп жүрмін. Өлеңдері мен қара сөздерінің арасындағы қайсібір байланыстарды өзіме түртіп қою әдетіме айналған.

Қай күні Италияда оқитын немерем – Балнұрмен сөйлескем. «Кеше Венецияда болдық. Бүгін Римге қайтамыз,  Ата» деп еді…

Бүгін кешкісін «Евроньюстен» естідім. Коронавирус Италияда жүр. Індет Милан мен Венециядан шыққан. Ақпараттың айтуына қарағанда, жүз отыздай адам ауру жұқтырып, үш адам көз жұмған. Арналарды бірінен соң бірін қосып, түгендеуге кірістім… Бәрінде ақпар бірдей… Есіме ­немерем түсті. Қайыра сөйлестім. «Ата, уайымдамаңыз! Мұнда – бізде – Римде бәрі тыныш» деп, немерем мені сабырға шақырды. Бірақ көңіл ­тынышталар емес.

Рим…

Әр үйі, әр ғимараты адамзат баласының ұлы бесігін тербеткен, осынау біздің дәуіріміздің екімыңжылдық тарихының көзіндей болған Мәңгілік қаланы жадымның төрінде қайыра жаңғырттым.

1995 жылы Қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасына еріп, ­Италия, Мекке-Медине сапарына барған топ ішінде болып ем. Сонда жаңа мыңжылдық тарихының ­бастауында тұрған тегеурінді империяның ғасырлар қойнауынан жеткен аманат-сәлеміндей бір сезім ойым мен ­бойымды кезіп еді. Есіме ­немерем білім алып, сусындап жүрген әлемнің ең ірі қалаларының бірі – Римнің сұлу төрлері түсті. Көне Коллизей мен ежелгі Рим Форумының қалдықтары, шалқая көсілген Венеция алаңы, Отандық Алау, Викториан ескерткішінің колонналары, Капитолий алаңы…  Тұу, б.з. ІІ ғасырынан сақталған Марк Аврелийдің атқа қонған ескерткіші көз алдымнан тізіліп өте бастады. Күллі Еуропа мен осы күнгі әлем ауызына қараған ­Америка Құрама Штаттарына сұлу өнер мен сәулеттің нұрын шашқан, адамзат өркениетінің ұлы төрін ойладым. Ойлап отырып, өзінің бес мың жылдық тарихында талай аумалы-төкпелі сан сапалақ оқиғаларды ­басынан өткерген, Шығыс өркениетінің өзгеше мәңгілік үлгісін қалыптастырған Қытай Елін ойладым. Тәртібі тастай, кемінде елу жылын елден бұрын сарапқа ­салуды дағды етіп үйренген Ұлы жұрт, міне, екі айдан бері Уханды карантинге қамап қойып, коронавируспен  жалғыз алысып жатыр. Сыртқа сыр бермеу – дағдысы. Өлгендерінің де, жазылғандарының да санын жариялап қояды. Жұқтырғандардың қатары өсіп, өршіп тұр…

Шынын айту керек. Әлем, сол ­санататта біздің ел де коронавирустың екпініне алаңдаулы. Бәрінен бұрын аурудың бетін қайтарар вакцина жоқ. Ол вакцинаңыз бүгін-ертең табыла қоюы екіталай… Әзірге қытай вирусологтары да, әлемнің ­санэпидемио­логтары да бір-ақ нәрсені айтады. Ол –  сақтандыру шаралары! Ол – тазалық (қолыңызды күніне неше дүркін сабындап жуып отыру, маска кию, антисептикті жиі пайдалану, оқшаулану, кемінде бір, бір жарым метр қашықтықта жүру, көпшілік ­жиындар мен басқосуларды тыю). Екіншісі – сол тазалықты қамтамасыз етер тәртіпті орнықтыру! Үшіншісі – ұлт, ұрпақ алдындағы жауапкершілік!

Телеарналардың бірінен көшелері мен алаңдарынан адам қарасы ­сирей бастаған Миланды көрдім. Ла Скаланың бос тұрған залын көрдім. Венецияның үнсіз мұңайған көпірлері мен суларын көрдім. Екі көрініс… Бірінен, ажалмен үнсіз алысып, өмір үшін күрескендерді… Екіншісінен, ­ауруды ойлағанымен, оның адам өміріне төндірер қатерінің қаншама зардапты екенін әлі сезіне қоймағандарды көрдім.

Көрдім де… Римдегі немеремді шұғыл түрде Астанаға ата-анасының қасына алдыру керек деген шешімге келдім. Билет іздеуге кірістік…

***

Көз алдыма мыңдаған жылдардан бері аталарымның аталарына, бабаларымның бабаларына көне-көне дәуірлерден атажұрт атанып, атақоныс болып келе жатқан Ұлы Дала елестеді… Төрт қиырында төрт түрлі мәдениет пен өрістері біріне-бірі үйлесе бермейтін өзгеше өмір мен мінез-құлық жайғасқан, ­басынан ­заманалар мен дәуірлердің аласапыранға толы, сәт-сағаттарын өткізген, «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп ұрпақ санасына елге деген махаббат пен жерге деген шексіз құрметті қалыптастыра білген, кешегі күннің, қайран кемеңгер шалдары-ай! Сол баладан-балаға қалыбын бұзбай, әдібін сетінетпей, әдебін  жоғалтпай өтіп отырған ұлы тәрбиенің арқасында тіліміз де, діліміз де, дініміз де тұтастығын сақтады ғой!.. «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды» деп, бесіктен белі шығар-шықпастан әлгі қара домалақ қыр баласының құлағына «Алты жыл аш болсаң да атаңның салтын ұмытпа!» деген өрісі кең өнегені құйып өсірген Даланың данышпандары-ай!

***

Ақ қар, көк мұз…

Алматы тыныш…

Алатау үнсіз…

Сағатыма қарап ем, стрелка түнгі 1.50-ді көрсетіп тұр екен.

Бетті сипап, Ұлы Далама, Ұлы Ғаламға амандық тілеп, жазу столынан тұрдым.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.