Құсман ШАЛАБАЕВ, халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті: БЕЛСЕНДІ ҚАРЕКЕТ ҚАЖЕТ

Белгілі ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы өзі басқарған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына саналы ғұмырын арнап, тіл үшін адал қызмет жасаған адам еді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Ардақты азаматтың атқарған істері бүгінгі және келешек ұрпаққа үлгі екені даусыз. Біз осы орайда ғалымның артында қалдырған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай жүріп жатқанын, болашақта қай бағытта жұмыс істейтінін сұрап, аталған қоғамның вице-президенті Құсман Шалабаевқа бірнеше сауал қойған едік. 

– Құсман Кәрімұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Кезінде осы қоғамның бастауында тұрған академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар ағамыз, 30 жыл еңбек сіңірген Өмірзақ Айтбайұлының еңбектері ел есінде. Бұл қоғамның өзінің ішкі заңы бар. Мысалы, әр бес жылда құрылтайы өтуі керек еді. Бір кездері араға жеті жыл салып, соңғы рет 2011 жылы Көкшетау қаласында өткен болатын. Ал енді өзіме келсем, 2003 жылдан бері ­Алмалы ­ауданы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, кейіннен аталған қоғамның Алматы қаласы ­бойынша  төрағасы, содан кейін «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті болдым. Осы уақыт аралығында  Өмірзақ Айтбайұлымен тығыз байланыста болып, атқарылған барлық жұмыстар мен ұйымдастырылған шаралардың басы-қасында жүрдім. Өмекеңнің көзі тірісінде соңғы рет өткен жылдың 19 қыркүйегінде бас қостық. Сонда тілге еңбек сіңіріп, ­атсалысып жүрген азаматтарды шақырып, қоғам қайраткерлерін, тіл жанашырларын арнайы марапаттап, Алғыс хат, «Ана тілі» медалін тапсырдық.

Міне, содан бері алты айға жуық уақыт өтті. Қазір мені де, көпшілікті де алаңдатқан бір жағдай бар. Ол – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы. Несін жасырамыз, талай жұмыстың аты  бар да, заты жоқ болып тоқтап тұр.

– Жұмысты жалғастыруға не кедергі?

– Қоғамның жұмысы жалғасуы тиіс. Бірақ әрқайсымыз әр жақта жүрген соң, әлі бір арнаға тоғыса алмаудамыз. Бүгінгі таңда Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Талдықорған сияқты облыстардан және тағы басқа өңірлерден хабарласып, «Не істейміз?», «Жұмыс істейміз бе?», «Болмаса жаба салайық?» деген сұрақтар көп қойылады. Бұл заңды мәселе деп ойлаймын. Бірақ 30 жылда істелген жұмыстарды бір сәтте жоққа шығаруға ­болмайды ғой. Сол кездегі мұндай қоғамды ашу қанша  қиыншылықты  талап еткені белгілі және бұл кешегі ағаларымыздың  маңдай терімен келген еңбектері. Қоғам жұмысын тоқтата салу оңай. Бірақ ол Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың, Өмірзақ Айтбайұлының кешегі еңбектерін елемеу, яғни олардың аманатына қиянат жасау болар еді деп ойлаймын.

Қазір заманауи өзгерістерге байланысты ­реформа жасауымыз керек, тілге жанашыр, ­бойында ұлттық, патриоттық намысы бар ­жастарды тартуымыз керек.

«Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден ­басталады. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта ­алады» деп ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтқан болатын. Мен өз тарапымнан қосарым, Президентіміз айтқандай, тіл мен ұлттық салт-дәстүрімізді сабақтастырып байланыстыруымыз керек. Өйткені бұл екі ұғым егіз қозыдай, бөліп-жаратын дүние емес. Ал біздің қазіргі болмысымыз, иммунитетіміздің төмен түсіп кеткенінің өзі осы салт-дәстүрімізден ажырап, рухымыздың әлсіреп қалғанының белгісі.

Қазіргі қоғам президентінің міндетін атқарушы Ерден Қажыбек жұмысты ұйымдастырамыз дейді, бәріміз соған қарап отырмыз. Бірақ әлі қозғалыс байқалмайды. ­Дегенмен, біздің осындай тығырықта тұрғанымызды жұртшылық білуі керек.  Ертең әр нәрсенің сұрауы болады. Тым болмаса ұсыныс айтып, қол-ұшын, ақыл-кеңесін беретін азаматтар да ­табылып қалар деген ойдамын. Ондай ақыл-кеңес беріп жатқан ағаларымыз да жоқ емес…

Бүгінгі таңда елімізді ғана емес, әлемді алаңдатқан мына аты жаман індетке,  Мақтааралдағы жағдайға да ­байланысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы газет-журналдар, телеарналар арқылы үн білдіруіміз, бір ауыз ­рухани ­демеу жасауымыз керек еді. Бірақ қоғамның жұмысы тоқтап тұрғандықтан, біз үнсіз қалдық. Оны мойындауы­мыз керек. Және де айта кетерлік нәрсе, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ­деген ­атына сай дүниежүзі қазақтарымен байланысымыздың ­болмай отырғандығы.

Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» ­туралы дер кезінде қозғады. Рухани жаңғыру дегеніміз – заманға сай жаңару. Ал біздің қоғамымыз жұмысын жандандыра алмай тұр.

– Қоғамның жұмысын қайта жолға қою үшін не істеу керек? Қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?

– Қазір, ең бірінші кезекте, бас қосып, ақылдасуымыз керек. Негізі, 5-6 облыста жұмыс бар. Қалған облыстарда мәз емес. Кейбір облыс­тарда төраға болып отырған азаматтардың жасы келді. Осының бәрін ойластырып, жасым келді деген адамдар болса, орнына жастарды қоюымыз керек. Тілге жанашыр жастар бар ғой. Ортақ мәмілеге келіп, бір мақсатқа тоқтауымыз керек. Қоғам құрамын қайта қарау қажет. Қаншама заң қабылданып жатыр, қаншама маңызды ­заманауи ұсыныстар айтылуда, соның барлығын ескере отырып, жастарды қоғам жұмысына көбірек тартқанымыз жөн. Тағы да айтайын, ­заманауи ­реформа жасау керек деп отырғаным осы. ­Жастарды тарту дегенде, үлкендерден қол үзу ­деген сөз емес. Аға-буынның оң тәжірибесіне, ақыл-кеңестеріне құлақ асқан абзал. Бір сөзбен айтқанда, қоғам жұмысына серпін беріп, белсенді іс-әрекетке көшуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.