Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №85 жалпы білім беретін мектептің оқушылары және мектептің мұғалімдер қауымы Төтенше жағдай кезінде уақытын тиімді пайдаланып, сапалы білім берумен қатар, тәрбие ісін де жауапкершілікпен атқарып жүр. Олар қазіргі заманауи технологияның жаңа мүмкіндіктерін игеріп, білім сапасын арттыруда. Сонымен қатар қашықтан өткен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын иеленіп жүрген ұстаздарымыз да бар. Атап айтсақ, мектебіміздің директоры Н.Еркібаева, музыка пәнінің мұғалімі Т.Бобылева, бастауыш сынып мұғалімдері И.Сырмолотова, С.Кириченко, т.б. ұстаздар.
Қашықтан оқу жүйесі бастала салысымен әр сынып «Біз біргеміз, үйде болайық», «Табиғатты аялайық!» деген бейнежазбаларын жазып, бір-біріне эстафета ретінде жолдады. Ата-аналар мен оқушылардың да ұстаздарға алғыс білдірген бейнежазбасы көп.
Мектебіміздің барлық сынып жетекшілері, оқушылары, ата-аналары Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай еліміздегі жеңіс туын желбіреткен қайсар ардагерлердің құрметіне ән арнап, сурет салып, өздері шығарған өлең жолдарын бейнежазбаларға түсіріп ­жариялады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Алматы дарыны» орталығы ұйымдастырған іс-шараға қатысып, әр оқушы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан туыстары туралы «Біз Жеңістің ізбасарларымыз» атты бейнероликтер дайындады.
Мектеп әкімшілігі елімізге бейбіт өмірді тарту еткен ержүрек жауынгерлерді және соғысқа қатысқан ата-әкелерін еске алып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлеріне ықыласын білдірді. Мектеп директоры Н.Еркібаева ардагер әкесі жайлы естелікпен бөлісті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Асылбаева «Қашықтан оқытудың маңызы» және «Ұлы ерлікті ұлықтайық» деген тақырыпта материал жазып, оқырман назарына ұсынды.
Сұрапыл соғысты бастан өткеріп, бізді жеңіске жетелеген соғыс және тыл ардагерлерін әрқашан мақтан тұтамыз. Екінші жаһан соғысы ардагерлерінің есімі, өшпес ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз, ұстаздар қауымы сол ерлік істерді болашақ ұрпақтың жадында ұдайы жаңғыртып отыратынымызға сенемін.

Толқын АҚБАЙҚЫЗЫ,
жалпы білім беретін №85 мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.