Менің бақытты отбасым

Мені жанындай жақсы көретін, ерекше қадірлейтін әрі сыйлайтын жақындарым бар. Олар – әкем, анам, қарындасым. Отбасы – жұмақ мекен деп сол үшін айтылған болар, сірә!? Расымен де, әр адамның бақыты шағын ғана мемлекетінде.

Жерұйық мекен Жетісуда дүниеге келдім. Қазір Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім аламын. Армандарым асқақ. Мақсатым нақты. Сол жолда аянбай тер төгіп, биік белестерді бағындыруға күш-жігерімді аямай жұмсап келемін. Себебі болашақ біздің қолда.
Сапалы тәрбие мен саналы білім алу үшін адам отбасында жақсы тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Баланың жарқын болашағына ең әуелі ата-ана ­жауапты. Осы жолда менің қос бәйтерегім маған барынша қолдау білдіріп келеді. Оларға мәңгі қарыздармын. Шағын ғана мемлекетімнің туын биікке көтеретін асқар таудай әкем. Осы бір ақылшы, ­жанашыр, қамқоршы жанға қарап бой түзеймін. Менің тұлғам – әкем. Әкем қазақ ұлтының азаматы. Анам корей ұлтының қызы. Мен және қарындасым осы екі ұлттың берік алтын көпірі секілдіміз.
Отбасымызда қатып қалған қағида жоқ. Бірақ біз екі елдің де салт-дәстүрін ұстанып, оларға асқан жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Мысалы, корей ұлтының салты бойынша корейлердің Жаңа жылында атамызға немесе апамызға бас иіп, көрімдік аламыз.
Анам асты өте дәмді әзірлейді. Бала күнімізден корей ұлтының ұлттық тағамдары дастарқанымыздың сәнін арттырып келеді. Сонымен қатар анам қазақтың да ұлттық тағамдарын ерекше дайындайды. Қонақ келсе ең алдымен жеті шелпек пен бауырсақты дастарқанға қояды. Ет асылып, бата беріліп, берекелі дастарқан көпшіліктің құрметіне арнап жайылады. Бұл – анамның қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, ұлтын ерекше сыйлауы деп түсінемін.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бір тудың ­астында берекесі мен бірлігі жарасқан қаншама ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мен осындай мемлекеттің бақытты ұрпағымын. Себебі біз көптеген ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін қатар біліп келеміз. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Ең бастысы – бейбітшіліктің көгершіні көк аспанымызда мәңгі қалықтай берсін деп тілеймін.

Әлім ТІЛЕУЛИЕВ,
Талдықорған қаласындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің 11 «В»
сынып оқушысы
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.