Тағдырлы ғұмыр

Соғыс және еңбек ардагері Жалғасбай Тұяқбаев 1908 жылы Қармақшы ауданы, Ақбел елді мекенінде (қазіргі Ақжар ауылы) дүниеге келген. Әкесі Тұяқбай жетім-жесірге, басқа да тұрмысы төмен жандарға қайыр-көмегі мол тиген кісі болған. Әйелі Мария ақжарқын, мейірімді жан еді. Алғашқы көрген сәбилері тұрмай, шетіней беріпті. Кейін ұлы Жалғасбай мен қызы Ажаркүл дүниеге келген соң, күйлері де,тұрмыстары да түзелген.
Жалғасбай жасынан ширақ, пысық бала болып өседі. Сауатын ерте ашып, арабша, латынша жазуды меңгереді. Үйлеріне жырау-жыршы келе қалса, әкесінің тізесіне сүйеніп отырып, жыр-қисса тыңдауды ұнататын. Біздің қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой.Өнерге ерте талпынып, домбырамен жыр-терме айтуға машықтанған ол ел ішінде «Жырау бала» атанып кетеді.
Қармақшы ауданы – жыраулық өнердің туын жоғары ұстап, «Жыраулар Отаны» атанған қасиетті мекен. Мұнда Сыр сүлейлерінің бір үлкен шоғыры қалыптасқан. Айтар болсақ, Ешнияз салдан бастап Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Жүсіп, Баспан, Жиенбай, Тұрымбет, Шегебай,Тасберген, т.б. дүлдүл жыраулар осы аудан аумағында өмір сүрген. Ал бұлардан кейінгі орта буын – Мұзарап, Рүстембек, Сәрсенбай, Әлібек, Әбзали, т.б. ақын-жыраулардың да көптеп шыққаны белгілі. Жалғасбай жырау осы топтың өкілі еді.

Дастарқаны бай, ал көңілі даладай кең белгілі ел азаматы Тұяқбайдың үйіне алыс-жақыннан жыраулар, басқа да құрметті меймандар келетін. Мұндайда өнерге құштар Жалғасбай баланың қуанышы қойнына сыймаушы еді. Әр жыраудың жырлау мақамы, машығы мүлдем бөлек болатынын қолға су құйып, кесе алып беріп жүріп те зерек бала жиі аңғарып қалатын. Бұған, әрине, көзі қарақты әкенің де септігі тигені анық еді. Өйткені ұлағатты әке қайда барса да, жалғыз ұлын ­жанынан тастамай ертіп жүретін.
1928 жыл… Қызыл өкіметтің байлардың мал-мүліктерін тәркілеу саясатынан орта дәулетті Тұяқбай да қағыс қалған жоқ.Қызылдар оның дүние-мүлкін тәркілеп, өзін үш жылға соттайды. Қатыгез үкім мен қапас түрме азабынан Тұяқбай қатты ауырып қайтыс болады. Бұл қайғылы ауыр жағдай отбасына өте ауыр тиеді. Бірақ қызыл өкіметтің жендеттері енді марқұмның әйелі Мария мен қызы Ажаркүлді қудалауға көшеді. Соның салдарынан отбасы мүшелері Өзбекстанға жер ауып, сонда паналайды. Алайда ол жақта да жағдайлары болмай, бір жылдан соң елге қайтып оралады.
Жалғасбай етінің тірілігі және арабша, ­латынша жазуға шебер болғандықтан, елді жаппай сауаттандыру науқанына атсалысады.Тұрмыстың қиындығына қарамастан, ол жыраулық өнерін одан әрі ұштай түседі Шығыстың «Шаһнама», «Мұңлық-Зарлық», «Көрұғылы», т.б. қызық сюжетті қисса-дастандарын, сондай-ақ қазақтың ­«Алпамыс», «Қобыланды», т.б. батырлар жырларын, «Қыз Жібек» эпосы көп оқып, жаттайды. Сыр сүлейлерінің терме, толғауларын жиі орындайды. Аудандық, облыстық ақындар айтыстарына да жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болады.
1939 жылы Қармақшыдағы жүргі­зушілер даярлайтын мектепте оқиды. Оны бітірген соң, туған ауылы Ақжарға оралып шаруашылық өндірісінде жүк автокөлігінің тізгінін ұстайды. Еңбек екпіндісі атанады.
…Ел басына күн туған қанқұйлы соғыс басталғанда өзі жүргізетін автокөлігімен алғашқылардың бірі болып, майданға ­аттанады.Бір қызығы, ол майданға бірге оқыған жан досы Мәлік Таңсықбаевпен бірге аттанып, бір майдан, бір ротада жауға қарсы шайқасады.Балтық теңізі жағалауындағы елдерді азат ету жорықтарының бел ортасында болып, зұлым жауға өлім оғын жаудырады.
Жауынгер Ж.Тұяқбаев неміс фашис­теріне қарсы кескілескен сан шайқастар кезінде қайсар ерліктің үлгісін сан рет көрсетеді. Досы Мәлік те зұлым жауға есесін жіберген жоқ. Бірақ майданда түрлі жағдайлар болады ғой.Бірде жауды жеңесің, енді бірде жеңілесің. Шайқас заңы солай ғой…
Балтық теңізі жағалауындағы күндердің бірінде Жалғасбайларды бір үлкен сәтсіздік күтіп тұрған еді. Неше күнгі ауыр шайқастың да әсері болар, бұлардың ротасының бір бөлігі жау қоршауында қалып қояды. Жан алып, жан беріскен ұрыста қатарлары сиреп, оқ-дәрінің де таусылуға жақын қалған кезі еді…Орталықпен байланыс әлдеқашан үзілген. Жау қоршауын бұзып шығуға бұлар қанша әрекет жасағандарымен, күші басым жау жан алқымға ала түскен еді. Сөйтіп, ішінде бес қазағы бар бұлардың роталарының тірі қалған жауынгерлері жау қолына еріксіз берілуге мәжбүр болған .
…Неміс-фашистерінің тікенек сыммен қоршалған суық концлагері бір қара түнек ажал апанындай тым үрейлі көрінуші еді. Осында Жалғасбай мен Мәлік өздерімен бірге тұтқынға түскен жауынгерлермен бірге талай азапты күндер мен түндерді бастарынан кешіреді. Тек 9 айдан соң жаудың бұл азап лагерінен Мәлік екеуі бірде түн қараңғылығын жамылып, әрең дегенде қашып шығады. Сөйтіп, олар бұқпантайлап, Балтық теңізі жағалауындағы Филау деген қалаға зорға жетеді. Сәтін салғанда, сол қаланың түбінде жауға қарсы үлкен шабуылға шыққалы жатқан кеңес әскерлеріне келіп қосылады…
Жауынгер жырау Жалғасбай Тұяқбаев­тың соғыс кезіндегі майдан эпизодтарын кейін:
«..Үш күн, үш түн алысып,
Қиямет-қайым орнады.
Бір қадам кейін жылжуға,
Ешбір бұйрық болмады.
Төртінші күн дегенде,
Қауқар тағы қалмады.
Аспан мен жер арасын,
Қызыл жалын орады» деп жырлағаны бар.
Бірақ соғыс заңы қатал ғой. Жау қолына түскенде тордағы арыстандай аласұрған ­Жал­ғасбай өзі айтқандай, «пленге» еріксіз түскен сол бір жантүршігерлік сәтті қинала еске алып:
«Есеңгіреп есіміз,
Жауға кетті есеміз,
Амалы жоқ, әттең-ай,
Қияметке көнеміз.
Көп немісті өлтіріп,
Пленге түскен бес қазақ,
Кәлимаға тілді келтіріп,
Көрдік енді күнде азап» деп қинала жырлаған елі.
Жалғасбай қандыкөйлек досы Мәлік Таңсық­баевпен бірге концлагерьден қашып шығып, өздеріне қосылғаннан кейін ерекше қайраттанып, басқыншы жаудан кек алу үшін алдағы шайқастарға белсене қатысып, жауға кеткен есенің орнын сан толтырады…
Ұлы Жеңістің жүректі дүрсілдеткен қуанышты сәтін жауынгер жау ордасы – ­Берлин қаласында қарсы алады. Соғыстан кейінгі екі жылды Мәскеуде, тергеуде өткізеді. Елге тек 1947 жылы оралады. Бірақ, амал не, келесі жылы қайта қамауға алынады.
Бір салынған қара таңба қалмайды екен. «Неміс концлагерінде тұтқында болған» деген айып қайта тағылып, 10 жылға жер ­аударылу жазасына кесіледі. Сөйтіп, ол Қостанай облысындағы «Жетіқара» алтын кенішіндегі ауыр қара жұмысқа жегіледі. Мұндағы жағдай да адам төзгісіз екен. Тынымсыз ауыр жұмыс, нашар тамақ, суық төсек онсыз да тұтқыннан титықтап келген Жалғасбайға оңай тимейді. Бәрінен де бұрын туған жерге, елге деген сарғайған сағыныш онан сайын меңдеп, жүректі мүлдем сыздат­қан еді. Соның белгісі, төмендегі жыр шумақтарын тебіренбей оқу мүмкін емес еді:
«…Туған жер атамекен, амансың ба?
Құты бар қарт атаның батасында.
Оралсам Жосалының жусанына,
«Балам» деп бауырға басасың ба?!

Мекенім жүріп жатқан Жетіқара,
Жан анам, мені ойлап, алаңдама,
«Еркек тоқты – құрбандық» деген осы,
Көнермін, көнбесіме амал бар ма?!» деп тебіренеді жанкешті тағдыр, өршіл жүрек иесі.
Жалғасбай Тұяқбаев 1955 жылы Жетіқарадан Сыр еліндегі туған ауылы – Ақжарға аман-есен оралады.Шаруашылық өндірісінде әртүлі жұмыстарды атқарады. Адал еңбегімен ел көзіне түседі.Егіс бригадирі болып мол өнімге қол жеткізеді.Кеңшар орталығынан жаңадан наубайхана ашып, елді мекендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. ­Наубайхананы әйелі Ақбұрыш басқарады. Бала кезінен жансерігі болған қоңыр домбырасымен қайта қауышып, терме-жыр, қисса-дастандарды халық ­арасында кеңінен жырлап, ­насихаттайды. Әсіресе, оның жыраулық және ақындық шабыты ХХ ғасырдың 60-шы жылдары кемелдене түскен еді.
Әкеден алған тәрбие үрдісі болар. Жалғасбай жыраудың үйінен мейман арылмайтын еді.Тіпті Алматыдан қонцерттік сапармен келген еліміздің әйгілі әншілері – Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, т.б. құрметті меймандар үй иесінің кең пейілі мен көне әңгімелерді майдан қыл суырғандай етіп ­айтатын шешендігіне, кәтекі жыраулық өнеріне де аса риза болған. Ғарекең Жалғасбайды сол үшін де бірнеше рет Алматыға мейман болуға шақырған еді. Қайран, бұрынғының адамдарының бауырмалдық қасиеті-ай десеңші!
Жыраудың тағы бір жақсы қасиеті: ел аузындағы шешендік сөздерді, ертегі, мысал- әңгімелерді жинап, олардың көбісін арабша, латынша жазып келген екен. Кезінде өзі сол қолжазбаларын ауыл мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, көне тілді жетік білетін Таян Жүсіповке қазіргі әріпке аударуды өтініш етіп табыстапты. Алайда қазір ол қолжазбаның кімде, қайда екені белгісіз.Үміт дүниесі ғой, алда-жалда табылып жатса құба-құп.
1967 жылы Қызылорда облысының ­Қар­мақшы ауданының Энгельс атындағы (қазіргі Дүл Оңғар аул.) ұжымшары және «Октябрь» (Иіркөл аул.) әскери кеңшары аралығындағы кең жазықта Қазақстан Республикасының құрылғанына 50 жыл толу салтанатты тойына «Ақжар» кеңшары атынан Жалғасбай жырау сегіз қанатты қос ақбоз үйді жасау- жабдықтарымен әкеліп тігіп, тойға келуші құрметті меймандарды иіліп қарсы алады. Өзі де сонда ерекше жарқын көңілмен ша­быттанып, облыстық жыршы-жыраулар сайысында өзінің кең тынысты әрі әсем жыр мақамдары арқылы байқаудың бас бәйгесін жеңіп алады.
Осылайша, тойды көтеріңкі көңіл күйде тарқатып, қос үйдің жүктерін көліктеріне тиеп алып, Ақжарға қарай бет алған бойлары еді. Бірақ жолай аяқ астынан тосын жағдай болатынын ешкім де ойлаған жоқ…
– Мен бұл сұмдық оқиғаны үйге үрейлері ұшып келген жақын туыстарымнан естідім.Ол кезде ауылдағы №28 орта мектептің ­оныншы сыныбында оқитынмын. Сол сәтте не болғанымды өзім білмеймін, есімнен танып құладым… Кейін толық естігенім: апаттан әкем, Ақбұрыш шешем және Ақтөбеден келген құда үшеуі қайтыс болған екен, – дейді сол бір қаралы оқиғаны кейін қинала еске алған қызы Базаркүл.
Бүгінде Базаркүл Жалғасбаева Қызылорда қаласында тұрады. Балалы-шағалы, бірнеше ­немере сүйіп отырған бақытты жан. Мамандығы – мұғалім. Әлі қызмет істейді. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Қанша жылдар өтсе де, ол әкесін өте жақсы көретінін жасырмайды. 9 мамыр – Жеңіс күні Базаркүл үшін ең қасиетті мереке. Қолынан келгенше көздері тірі соғыс және еңбек ардагерлерін, сондай-ақ аруақтарды еске алатын түрлі шаралардың ұйытқысы болып, басы-қасында жүгіріп жүреді.
Базаркүл жырау әкесінің жыр мұрасына да иелік етіп, жыр-толғаулары мен айтыстарын жинап-теріп, жарық көруіне де атсалысып жүреді. Бұл – оның перзенттік қана емес, азаматтық белсенділігін танытады. ­Майдангер әке жайлы баспасөзде жарияланған көп мақалалардан басқа, майдангер әкесі ­жайлы «Ұрпағыңмен мәңгі тірісің!» атты қысқа метражды фильм түсіріпті. 2019 жылы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қызылорда қаласында «Жақұт жырдың жампозы» атты жыршы-жыраулардың облыстық фестивалі өткен. Алда жоспарланған танымдық-тағылымдық шаралар да жоқ емес.
Небәрі 56 жыл жасап, жалындап өткен ғұмыр жайлы айтылар сөз әлі көп. Тағылымды әңгіме жалғаса береді.

Ибрагим Бекмаханұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.