ҚАШАНҒЫ ӨЗГЕ ТІЛДІҢ ШЫЛАУЫНДА ЖҮРЕМІЗ?

Кеңес дәуірінде, Қазақстанда, техникалық мамандықтар дайындайтын жоғары оқу орындары тек орыс тілінде оқытатын. Ауыл мектептерін қазақша бітіріп оқуға түскен қазақ балалар кездесетін бірінші қиындық орыс тілі еді. Олар орыс тілін әр пән бойынша оқып, терминологиялар мен ерекшеліктерін түсінгенше қаланың орыс және орысша оқыған қазақ балаларымен салыстырғанда артта қалып, үлгерімі төмендейтін.
Техникалық мамандықтарда білім алатын студенттердің жартысына жуығы өз мерзімінде оқуын бітіре алмай, курстан қалып немесе мүлдем тастап кететін. Олардың басым көпшілігі ауылдан келген қаракөздер еді. Оқу орынын бітірген ауыл жастарының қалада жұмысқа орналасуы да, қызмет барысында біліктілігін көтеріп жоғарылауы да орыстілді қала жастарына қарағанда әлдеқайда қиын болатын. 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң жоғары оқу орын­дарының түгелге жуығында қазақ бөлімдері ашылып, жоғарыда айтылған қиындықтар артта қалды. Алғашында оқу құралы, материалдары жетіспегенімен, жылдар өте ол кемшіліктер де жойылды. Бүгінгі таңда қай салада болса да жоғары, орта, кәсіби білімді жеткілікті дәрежеде беретін оқу орындары жаңа буын қазақтілді мамандарды дайындап шығарды. Қазіргі уақытта құрылыс саласының жобалау, құрылыс жүргізуші, техникалық қадағалаушы, жобаларды сараптама жасаушы, техникалық тексеру ұйымдарында қызмет ететіндердің көпшілігі оқу орындарын қазақ тілінде бітірген мамандар. Осылай бола тұра, елімізде бүгінге дейін бірде-бір жобалау сметалық құжаттамалардың (ЖСҚ – әрі қарай жоба) жобаға сараптама қорытындыларының, өндіріс журналдарының, тағы басқа құрылыс саласындағы техни­калық құжаттамалардың қазақ тілінде жасалғанын кездес­тіре алмайсыз. Балабақшадан бастап қазақша тәрбие алып, мектепті, жоғары оқу орнын қазақша бітірген мамандарға орыс тілінде жоба жасау, өзге де құжаттарды орыс тілінде оқып, жазып, пайда­ла­нудың қандай қиындықтар туғызатыны айтпасақ та белгілі. Қазақ бөлімін бітірген жас маман жұмыс барысында орыс тілінде жоба жасауға мәжбүр. Сондықтан терминологияларды сауатты жазуды өз бетімен үйреніп, біліктілігін көтеріп, белгілі бір мерзімнен кейін орыстілді маманға айналып жатыр. Осындай кедергілердің себебінен жас мамандар жобалау мекемелерінде, үлкен құрылыс нысандарында жұмыс істеуден қашқақтайды немесе қиналады.
Мемлекеттік қызметкерлерге келсек, 2000 жылдардың басында іс қағаздары қазақ тіліне өткен кезде, қазақ тілінде жазатын мамандар тапшы болатын. Бүгінде керісінше, әсіресе оңтүстік өңірлерде орысша сауатты жазатын маман тапшы. Қазіргі уақытта мамандардың көпшілігі қазақ тілді. Бұл қызметкерлер де жұмыс барысында орыс тілінде жасалған жобалармен басқа да техникалық құжаттармен жұмыс істеп жүр. Жергілікті, облыстық, аудандық мекемелерге хаттар, ұсыныстар, арыз-шағымдар орыс тілінде түседі, оларға қай тілде түссе сол тілде жауап беруге міндетті. Тағы бір айта кететін жағдай, орталықтағы республикалық мекемелерге мәлімет, есеп, ұсыныстарды қазақ тілінде дайындағанымен, ол жақтағы мамандардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді жетік меңгермегендіктен, орыс тіліне аударып жіберуді сұрайды.
Мамандардың қазақша білім алып орыс тілінде жұмыс істеуі, құрылыс саласының дамуына, жасалатын жобалар мен нысандардың сапасына, іс қағаздарының сауатты жүргізілуіне және де басқа көрсеткіштеріне тікелей кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Түркияның біздің елде салынған құрылыс жобаларындағы сөздердің жартысына жуығы қазақ тіліне ұқсастығына қарамастан, орыс тіліне аударып, бейімдеп пайдаланып жүрміз. Көрші Өзбекстан Республикасы жобаларды және барлық құрылыс саласындағы құжаттамаларды әлдеқашан өз тілінде жасайды. Бізде де қазақ тілінде жоба жасауға, техникалық құжаттарды мемелекеттік тілде жүргізуге қажетті әдебиеттер мен мәлімет құралдары толығымен жеткілікті. Құрылысқа катысты заңнамалар, ережелер, құрылыс нормаларының қазақ тіліндегі нұсқалары ондаған жылдар бойы іс барысында пайдаланылмай, сөрелерде шаң басып жатыр. Ана тілімізде жобалауға, құрылыс барысын жүргізуге мүмкіндігі бар мамандар баршылық. Қазақстан осы жылдан бастап қолданыстағы ресейлік құрылыс нормаларынан бас тартып, толығымен еврокод нормаларына өтетінін ескерсек, жобаларды және салаға байланысты барлық құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуді талап ету уақыты келді. Бұл ісімізді қазір бастамасақ тағы осы күйімізде, ондаған жыл бойы құрылыс саласының мамандарын қазақша оқытып, орыс тілінде жұмыс істетіп қала береміз.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, орыстілді мамандардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмей, мамандардың жанын қинамай, проблеманы шешуге кіріспесек болмайтыны бүгінгі күні айдан анық. Экономиканың барлық саласында қазақ тілі кең қолданыста болмай шын мәніндегі мемлекеттік тіл құзіретіне ие бола ала ма? Тек құрылыс саласында кездесетін мәселе ме бұл? Қазақ тілінің мұңы мен зарын тіл, әдебиет мамандары ғана көтеріп, жоғын жоқтап жүр. Басқа саладағы азаматтар, аға буын мен орыстілді ағайынға қиын болмасын деп қашанғы жүреміз?
Бүгінгі таңда құрылыс саласында оң шешім қабылдауды қажет ететін проблемалар жетіп артылады. Дүниежүзіндегі, Қазақстандағы өзгерістер мен дағдарыстар, жаңалықтар мен реформалар бұл саланы да айналып өтпей, жаңа көзқарас пен өзгеше қарым-қатынаста жұмыс жүргізуді талап етеді. Жоғарыда көтерген мәселеміз де құрылыста білікті кадр дайындауда, сапалы да әсем, сәулетті нысандардың елімізде бой көтеруіне ықпалын тигізетін іс-шараның бірі болады. Дүниежүзінде жүздеген мемлекет өз тілінде қызмет етіп, сәулет-құрылыс мамандарымен қайталанбас ерекше құрылыс нысандарын салып жатыр. Бұл іс біздің де қолдан келетініне сенгеніміз дұрыс.

Құттыбек ЖАМАШ,
Қазақстан Құрылысшылар одағы
Шымкент филиалының басшысы,
техника ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.