МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МАРАПАТЫ

Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке
Мемлекеттік сыйлық қалай берілді?

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Ұлттық мәдениетіміздің ­тарихында жұлдыздай жарқырап, жасындай ізін қалдырған аса көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов пен ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық жолы әр кезеңде талайлы тағдырды бастан кешті. Халқымызда «ештен кеш жақсы» деген жұбанышты-тілекші сөз бар. Осы сөздің шындығын олардың кейінгі уақыты айқын дәлелдеп берді. Халық қуана қошеметтеген Мемлекеттік сыйлықтар қос саңлаққа (Ж.Нәжімеденов. «Менің Қазақстаным» жыр жинағы, Ш.Қалдаяқов. «Бақыт құшағында» әндер жинағы)  берілгені ақиқат болғанмен, жұртшылыққа соның жай-жапсары беймәлім.  Көз көріп, көңілге түйілген жайларды қаз-қалпында  баяндай отырсақ, асылығы болмас деген жарияшыл жақсы оймен қалам ұстандық. 

Жаңа жылдың қарсаңы қай кезде де қарбалас. Екі жылдың есік ашып-жабар тоғысы тұсында болған сол бір сәт әлі де көкіректе сайрап тұр. 2005 жылдың 26 желтоқсаны еді. Ол кезде еліміздің Мемлекеттік хатшысы ­Оралбай Әбдікәрімов болатын. Мемлекеттік хатшы – Президент жанындағы он бір комиссияның төрағасы. Сол күні сағат үште Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезектен тыс отырысы өтетін болып, Астанадағы мүшелері Ақордаға шұғыл шақырылды. Отырысқа комиссияның жеті мүшесі мен Мәдениет және ақпарат министрінің сол кездегі орынбасары Ермек Аманшаев және хаттаманы жүргізіп отыру үшін Мемхатшының кеңесшісі болғандықтан, мен қатыстым.
Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе – мемлекеттік гимнді ­ауыстыру мәселесі. Мемлекеттік хатшы қысқаша ғана басқосудың негізгі мақсатын ­айтып, гимнді ауыстырудың мән-жайын, жаңа астанада жаңа гимн дүниеге келетінін және оған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің атақты «Менің Қазақстаным» әні алтын арқау болатынын баяндады. Сонымен қатар комиссия мүшелеріне бұған дейін дайындалған бірнеше мәтіндік жобаларды да қарауға ұсынды. Күн тәртібіндегі мәселені мүшелердің ешқайсысы да күтпеген екен. Әралуан пікірлер айтылып, отырыстың кіріспесі сұрақ-жауап түрінде басталды.
Ең алдымен, белгілі ақындардың жобалары қаралды. Шынын айту керек, олар комиссия мүшелерінің көңілінен шықпады. Бұрынғы гимнді ырғақ пен буын, пішін мен мазмұндық түзілім жағынан қайталаушылық байқалды. Осы кезде Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков және бір құжатты Мемлекеттік хатшының қолына әкеліп берді. Құжат бірнеше данада жасалған екен. Комиссия мүшелерін жағалап кетті. Мәтін бірден іздеген жоқтың ізіне түсірді. Көркемдік, қоғамдық-саяси, па­тетикалық-пафостық жағынан «Менің Қазақстаным» сөзінің мәнін де, мағы­насын да жаңа, заманауи деңгейге көте­ретін нұсқа екені байқалды. Ақынның бұдан жарты ғасыр бұрын жазылған жыры жаңаша рухқа бөленіп, саяси-халықтық мәнге ие болатыны аңғарылды.
Комиссия мүшелерінің қолына тиген жаңа мәтін мемлекеттік гимннің жаңа, толыққанды нұсқасы болып шыққан. Жаңа жолдар Елбасының қолымен қағазға сиялы қаламмен жазылыпты. Сызылмай, өшірілмей, көшірмедей болып түскен. Соңындағы «осылай болсын» деген сөз де автордың ұстаным-ұсынысын қосымша айқындап тұрды. Президенттік нұсқаға бірауыздан тоқтаған комиссия мүшелерінің бірі гимннің қайырмасындағы «қазағым мықты ғой» деген сөзге саяси сақтық танытып, осы жерін «халқымыз мықты ғой» деп берелік деп ұсыныс айтты. Пікір екіге жарылды. Мемлекеттік ­хатшы: ­«Комиссия мүшесі болмасаң да, ақынсың ғой, сенің пікірің қалай?» деп маған бұрылды. «Қазағым мықты ғой» деген тіркестің поэтикалық маңызын, елдік қуатын айтып, осы нұсқасы дұрыс деген пікірімді білдірдім.
Сонымен, комиссия мүшелері Елбасының қарауына екі нұсқасын жіберетін болды. «Халқымыз да, қазағымыз да» жоғарыға кетті. Кейін естігеніміздей, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл мәтіннің басты мәні «қазағым» деген сөзде тұр емес пе, бұл сөзден қашатындай не көрініпті?» деп ескерту жасапты. ­Осылайша, Жұмекен ақынның жүрегінен шыққан ұлы сөз: «қазағым мықты ғой» деген ұлттық рух пен серпінге сай салтанатты тіркес өзінің тарихи тұғырын сақтап қалып еді. Президент сайлауынан кейінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау кезінде жаңа гимн тұңғыш рет Ақордада 2006 жылы 11 қаңтарда салтанатты түрде шырқалды.
1956 жылы Алматыда, белгілі ­шаң­­қо­бызшы Гүлсара Піржанова апамыздың үйінде жазылған «Менің Қазақстаным» араға жарты ғасыр ­салып мемлекеттік гимн болып, төрге шықты. Ол кезде Жұмекен ағамыз 21, Шәмші ағамыз 26 жаста екен. Сол жылы Қазақстан бір миллиард пұт астық беріп, басында соны мақтан етіп жырлаған секілді болып қабылданған бұл ән-жыр соның алдында қазақ жеріне көз тіккен отарлық саясатқа қарсылық ретінде дүниеге келген-ді. Кейін оны түсінген жоғары жақ әнге тұсау салыпты. Атақты әнші Жамал Омарованың қайсарлығы мен ұлтжандылығы арқасында «Менің Қазақстаным» байтақ елге Қазақ радиосы арқылы кеңінен тарады.
Бұл күн еліміз тарихындағы, оның өткелең жолдардағы шежіресіндегі негізгі сөз, негізгі мақсат, негізгі мемлекеттік ұстаным болып мәңгілікке таңбаланды. Осы отырыстың ішінде болып, бір ауыз пікір айтқан сәтті өз өмірімдегі елеулі кезеңдердің бірі деп есептеп, әр кез мақтанышпен еске аламын. Қазақтың рухын көтеретін рухани жаңғыруының басы да осы гимннен қуат алып тұр деп санаймын. Халқымыздың ғасырлар бойы ұлттық ұраны болған елдік жаңғыру жаңа ғасырда жаңаша бой көрсетіп, жұртымыздың тарихи жадын тұлғаландыру үстінде. Демек, рухани жаңғыру – ғасырлар бойы жалғасқан ұлы дәстүріміз. Ұлттық кодымыздың ұлы ұстыны.
… 2010 жылдың 20 ­наурызы ­болатын. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бастаған ресми ­делегация Жапонияға ұшып шықты. Бағытымыз – Токио. Арада бір сағат өткесін көмекшісі ­Айбек Нұрбалин Мемлекеттік хатшының шақырып жатқанын айтты. Алдыңғы ­салонда жайғасқан Қанат Бекмырзаұлына келіп сәлемдестім. Жұмысқа, ағымдағы құжаттарға байланысты, алда тұрған комиссия отырыстары туралы жарты сағаттық әңгімеден кейін ол маған бара беруге рұқсат берді. Бөгеліп қалдым. «Тағы не бар?» деп қайырыла қарады. Мен биылғы жылғы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды «Менің Қазақстаным» гимнінің авторлары Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке беру, бұл дәстүр әлемнің көптеген елдерінде барлығын және оның қоғамдық-саяси мәні зор екенін айттым. «Жоқ, ­болмайды, қайтыс болғандарға мемлекеттік сыйлық берілмейді» деп Қанекең қысқа қайырды.
Қанат Бекмырзаұлының мінезін білемін. Бірден қайырып тастағанмен, дерек пен дәйек келтіріп, тоқтап айтсаң, пікіріңді ұқыпты тыңдайды. Қысқаша нақтылап тағы айттым. Келісім бермеді де, «Ладно, потом поговорим» деді. ­Сапар сәтті аяқталып, елге келгесін, 24 ­наурыз күні гимн авторларына Мемлекеттік сыйлық беру мәселесін негіздеген екі беттік жазбахатпен Мемлекеттік хатшыға кірдім. Байыптап тыңдап, ереже ­бойынша бұған мүмкіндік жоқ екенін айтқан Қанекең әдетінше: «Өзің айтқаныңнан қайтпайтын адам екенсің» деп, жеңіл түрде ескерту жасады.
Тура төрт күннен соң, нақты айтқанда, 28 наурыз күні енді Мемлекеттік хатшының атынан Елбасыға арналып жазылған үш беттік жазбахатпен тағы кірдім. «Тағы келдің бе?» деп, бұл жолы күле қарсы алды. Жазбахатты асықпай екі рет оқып шықты. Мен жан-жақты дайындалған уәжімді тағы да қайталап айтып, «Елбасыға бұл сыйлықтың қажеті жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл атақтан бас тартады деп ойлаймын, осылай деп жаздым, бұл ел үшін, халық үшін, жас ұрпақ үшін керек, егер осы ұсыныс үшін Президент сізге ұрсатын болса, мені қызметтен босатыңыз» деп баяндадым. «Қызметтен кетесің бе?» деп қулана сұрады. Кетуге дайын екенімді айттым. «Ладно» деді Қанекең тәуекелге барған кейіппен. Мезгіл кешкі сағат бестің кезі болатын. Жарты сағаттан соң Қанекең қолына көк папканы алып, жедел басып жоғарыға қарай көтеріліп кетті. Дәлізде әрлі-берлі жүрмін. Арада қырық минуттай өткенде Қанат Бекмырзаұлы баспалдақтан жүгіре басып жаяу түсіп келе жатты. Кеткенде лифтімен кеткен. Жақсы жаңалықтың лебін сезгендей болдым.
«Зайди» деді жанымнан өте беріп көңілді үнмен. Кабинетіне кірген ­Мем­лекеттік хатшы қуанған көңілмен: «Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынысты қатты қолдады, риза болып, жақсы ұсыныс, дереу жүзеге асырыңдар, ұйым­дас­тырыңдар, мен бұл атақты алмаймын» деген тапсырма берді деп айтты. Қанекең көңілденген сәтте аздап әзілдесіп қоятыны бар еді, соны дәйектеп: «Мен қызметте қала берейін бе?» деп сұрадым әзіл жүгіртіп. Қолын бір сілтеп күлді де, «Маған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті шұғыл шақыр!» деп тапсырма берді.
Осы жерде түсіндіре кетелік, ­Мем­сый­лық ережесінде «қайтыс болған автор­ларға Мемлекеттік сыйлық берілмейді» деген жол бар болатын. Бірақ сол ереже бойынша «Мемлекет басшысы кез келген уақытта Мемлекеттік сыйлық беретін еңбектерді, авторды өзі ұсына алады және оның шешімі түпкілікті шешім болады» деген бап та бар. Бұл бап Жарлықпен бекітілген. Біз осыған сүйенген едік.
Мұхтар Абрарұлы тез келді. ­Мемле­кеттік хатшы кабинетінде үшеуміз едік. Қанекең министрге Елбасының тапсырмасы екенін нақтылап айтып, авторлар еңбектерін комиссия қарауына ұсынуды шұғыл ұйымдастыруды сұрады. Мұхаң да бұл орайдағы ойларын айтып, оның дайындау, ұйымдастыру жолдарын түсіндірді. Осылайша, Елбасы келісім берген аса маңызды тапсырма мемлекетіміздің тарихындағы және бір жақсы үрдіске жол ашқан еді. Іс басындағы азаматтар іскерлік танытты.
Бұл туралы кезінде қаламгерлер қауымында түсінбеушілік те болды. Бірақ олардың жолын байлау, болмаса кедергі келтіру мақсатында арам ой болған жоқ. Мақсат – дәл осы кезеңде, реті келіп тұрғанда, ел тарихына елеулі бет қосатын мәселеге қолдан келгенше дәнекер болу еді. Кейін, марқұм ағаларымызға осы жоғары атақ берілген кезде, «бұған мен үлес қостым» деген «елгезектер» мен «ептілер» де бой көрсетті. Жеңгелерімізді сендіріп, жанына еріп, жақсы тізімге кіріп, даурыға сөйлеп, дуылдап шалқыған сол інілеріме де түсіністікпен қараймын. Шындық бәрібір шымылдығын ашады. Мақсатым орындалды, маған басқасы керек емес болатын.
Елбасымыздың осы тарихи мемле­кеттік шешімі нәтижесінде бұл күнде жаңа Елордамызда Шәмші мен Жұмекеннің көшесі айдынданып ­жатыр. Елбасы Жарлығы шыққан бойда ­Елордада бір аптаның ішінде Ақорданың оң жағалауын орай келе Есілге ұмтылған екі көшеге Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қал­даяқов­тың аттары берілді. Бұл үрдіс еліміз бойынша қанатын ­жайып, қуатын танытты.
Осынау жарқын жаңалық жұрты­мызды қуантып, халық көкейінен шықты. Шымкент және Атырау қалаларында Шәмші мен Жұмекенге еңселі ескерткіштер орнатылды, қалалар мен аудандарда көшелердің, мектептердің аттары берілді, шәкіртақылар мен маңызды конкурстар белгіленді, салтанатты кештер мен концерттер өтетін болды. Халқымыз балаларына Шәмші мен Жұмекеннің есімдерін қоя бастады. Елорда төрінде «Менің Қазақстаным» атты республикалық концерттік іс-шара жыл сайын өтетін дәстүрге ­айналды. Әр жыл сайын Шәмшінің бұрын ­айтылмай келген әндері шырқалып, жұртының жүрегіне жаңылмай жетіп ­жатыр. Тәуелсіздік тарихы осылай ­жазыла береді.
Мемлекеттің басты ресми атрибуттары болып табылатын мемлекеттік рәміздердің авторларына көрсетілетін құрмет – Мәңгілік Ел болу жолындағы жасампаз істердің жарқын көрінісі. Пенделіктен жоғары тұратын мемлекеттік парасат. Бұл – еліміздің есею тарихындағы тамаша беттер! Рухани жаңғырудың жарқын мысалы. Өзімізді танудың, танытудың өнегелі мектебі. Ұлы Даланың ұлағатты тарихының бір парағы. Бұл шежіре де жақсы жалғасын таба бермек.
Сол күні, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шешім қабылдаған күні, жұмыстан соң Әбіш Кекілбаев ағаның үйіне барып, қуанышты хабарды жеткіздім. «Мен алты жылдан астам уақыт Мемлекеттік хатшы болғанымда екі саңлаққа осы атақты алып берудің сәті түспеп еді, Елбасының көрегендігі ғой, бұл – ұлы жаңалық» деп Әбіш аға көзіне жас алды. Ерекше толқып, етене қуанды. Дастарқан жайдырып, төрде отырып тілек айтып, Шәмші мен Жұмекен туралы ақжарма сырын ақтарып, бір шалқып еді. Әбекең де өмірден өтіп кетті. Бірақ қос заңғарға Мемлекеттік сыйлық беру процесіне тікелей араласқан Қанат Саудабаев та, Мұхтар Құл-Мұхаммед те, Жарлықтың дайындалып, жарық көруіне тікелей араласқан Махмұт Қасымбеков те, шешімге дауыс берген комиссия мүшелерінің негізгі құрамы да, Құдайға шүкір, ортамызда аман-есен жүріп ­жатыр. Болған оқиғаға солар куә-дүр.
Баяғыда, Одақ кезінде, Жазушылар үйінде өткізілетін әдеби жыл қорытындысы күні бір қаламгер ағамыз: «Біз де әйтеуір тізімге кіріп, аталдық-ау» деп қуанып, шалқып тұрған көрінеді. «Қандай тізімге кірдің» деп сұрапты оны көрген екінші қаламгер. Сонда әлгі ағамыз: «Академик Мұқаметжан Қаратаев ағамыз баяндамасында бірнеше жазушыларды мақтап, тізімдеп айтып келе жатып, «тағы басқалар» деп айтты ғой, сол тағы басқалардың ішінде мен де бар емеспін бе?» депті. Сол айтқандай, гимн ­авторларына Мемлекеттік сыйлық беруде тарихи шешім қабылдаған ­Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаев, ұсынысты жеткізіп, барлық ұйымдық шараларға бас-көз болған сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, тікелей жүзеге асыруға атсалысқан сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және сол «тағы басқалардың» ішіне мен де кіретін шығармын.
Елбасымыз келісім берген күні алдымдағы аудармалы күнтізбеге: «Бүгін тарихи күн, Шәмші мен Жұмекенге Мемлекеттік сыйлық берілетін болды, аруақтары риза болсын асыл ағалардың» деп, үш леп белгісін қойып жазған парақ – менің архивімнің қымбат қазынасы. Президент Әкімшілігіндегі жиырма төрт жылдық қызметтік кезеңде көзбен көргендерім мен көңілге түйгендерім, мемлекет тарихындағы белгілі тұлғалар, қызметтес болған, араласқан, сыйласқан жандар мен әрқилы сәттер туралы «Көз бен көңіл» деген кітап жазу үстіндемін. Бұл жазба – соның бір үзігі.
Қазір салтанатты жиындарда, мемлекеттік мерекелерде, Ақордада болып жататын ресми қабылдаулар мен кездесулерде шалқып, рухты көтеріп, жанарыңа жас үйіріп, кеудеңді мақтаныш пен жігерге толтыратын Мемлекеттік Гимн орындалғанда өзімді бақытты сезінемін. Әсіресе, мектеп оқушылары мен балабақша балдырғандарының гимн шырқалған сәтте кішкентай қолдарын жүрек тұсына қойып, шынайы көңілмен Әнұранға қосылып тұрғандарын көргенде ерекше толқимын. Бұдан отыз жылдан астам бұрын Алматыдағы жаңа Алаңда, ақ қар, көк мұзда «Менің Қазақстанымды» шамырқана шырқаған жастардың қайсар жүздерін қайыра көргендей боламын. Сондай кезде желтоқсан жазға айналып кетеді. Отаныңның отты әнін халқыңмен бірге шырқаған қандай бақыт.
«Менің Қазақстаным» да тәуелсіздік алды. Әйгерім ән салтанатты гимнге ­айналды. Тәуелсіздігіміздің тірегі де, жүрегі де – Мемлекеттік Гимніміз, ­Туымыз, Елтаңбамыз. Қай кезде де, гимн асқақтағанда, «Қазағым мықты ғой!» деген сөздің ішінде мен де ­бармын деп кеудемді көтеріп, ерекше марқаямын. Несін айтасыз, Қазағым мықты ғой!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.