ФЛОБЕРДІҢ МАХАББАТЫ

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Флобердің өмірінде тағдыр жолықтырған арулар аз болған жоқ. Бірақ ол бір-ақ әйелді – Элиза Шлезенжерді ғана шын көңілімен беріліп сүйіп, онымен бірге болуды көзі жұмылғанша армандады. Әдемі бикештің бейнесін ол жүрегінде мәңгі сақтап, шығармаларында суреттелген арулардың кескін-келбетіне ғашығының жаратылысына тән сұлулықтың белгілерін сыйлады. Эмма Бовари, Саламбо, Мари Арну, т.с.с. кейіпкерлерінің қайталанбас образын сомдағанда үнемі сағым бұлттарының арасынан мұнарлаған сүйіктісінің сұлбасы суреткерлік қиялының бесігін тербеп, сезіміне қанат бітіріп, көз алдынан кетпей тұрып алды. Әрине, ол кейіпкерлердің бәрінен Элизаның түпбейнесін қазымырланып іздеуден аулақпыз. Әйткенмен, жүз жерден объективті болуға тырысса да еркіне көнбей қойып, тасжүрек сұлудың тәтті лебізіне зар болған бозбаланың үмітсіз азабы, назасы мен үнсіз толғаған зары суреткер шығармаларында ізін қалдырмай тұра алған жоқ.
«Ол ерекше жаратылған сұлу әйел болды. Сопақтау келген беті әдемі мүсініне жарасып, тегістеліп таралған қара шашы желбіреп, езуіне күлкі үйіріліп тұратын. Бірақ көзінде ерекше мұң бар еді. Баданадай қара көздері күлімсіреп, ақ тістері маржандай жарқырайтын. Ол үнемі Неро атты дәу төбетін ертіп жүретін» деп есіне алады Элизаны ұлы қаламгердің досы Максим дю Кан.
Шын махаббат асықпай келіп, адамның ақыл-ойы мен жүрегін бірте-бірте жаулап, өзіне бағындырады. Ал ғашықтық дерті шырпыдай тез тұтанып, пенде баласының есін алып, еркін билеп сезімін көзді ашып-жұмғанша өртке орандырады.

Флобер әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған он бес жасында Элиза Шлезенжерді кездейсоқ жолықтырып, ғашық болып қалғанда, жүзі жылы кербез келіншектің өмір бойы сүйіп өтетін бақытсыз махаббатына айналарын білген жоқ. Ұлы махаббат көрінген гүлге қона беретін көбелек емес. Бал арасы гүлдің ең әдемісіне, ең тәттісіне қонатынындай, ұлы махаббат та өз ұясын жаны сұлу, рухы биік адамдардың жүрегіне салады.
Жаздың күнгі сол бір оқиғаны ол кейін Элизаны жүрегі езіле жаздап, елжіреп сағынғанда қайта-қайта есіне алды. Бір көруді армандағанда, кешегі күннің әйнегін сүртіп, өткен уақыттың терезесінен сығалап, іштей егілді. Бәрі де, жаңа ғана аяқталған тойдағы шаттыққа толы көңіл күйдің әсеріндей есінде сақталып қалыпты.
Жер аяғы кеңіп, Табиғат-Ана жазғы көйлегін кие салысымен Флоберлердің үй-іші жалғыз ғана қонақүйі бар ­Трувиль қалашығына қонақтап келген еді. Кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма, кім білсін, олардың отбасы сол жылы әйелімен және баласымен осы жақта ­демалып жатқан, музыкалық баспагер Морис Шлезенжерді жолықтырып, жазғы демалыс­тарын бірге өткізді. Күйеуі мен емшектегі сәбиі бар әйелге ғашық болу Гюставтың өңі түгіл, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген – ұятты іс. Бірақ ақылдың әміріне көнбей кететін сезімді ауыздықтауға кейде парасат құдыретінің де күші жетпей қалатын кездері болады екен-ау!
Түбіт мұрты енді тебіндей бастаған бозбала бір көргеннен Элизаға құлай ғашық болып қалып, ұйқысы қашып, таң атқанша кірпіктері желімденбей қойды. Қолын қанша созса да алыстағы айға жеткізе ­алмасын білгенімен, ­лапылдап жанып бара жатқан оттай сезімі басқа ештеңені ойлатпай, түнде төсекте ­жатып сөз құдыретінің сиқырымен сүйген жанының суретін ­салды. «Ұзын ­бойлы, сымбатты, қыр мұрынды, көркіне ақылы сай – сұлу келіншек. Әдемі, сәнді таралған шаштары иығына төгіліп түсіп тұр. Қиғаш қастарының астындағы көздері жұлдыздардай жымыңдайды».
Замандастары жас кезінде Гюставтың өте көрікті, бойы ұзын, қасы көмірдей қара, әдемі жігіт болғанын айтады. Жазушының көзін көрген бикештердің бірі «Ол гректердің Құдайындай сұлу еді» деп Флобердің жігіттің сұлтаны болғанын есіне алады. Әрі дәулетті, әрі талантты, әрі көрікті азаматқа талай қыздар сыртынан ғашық та болып жатты. Алайда кәмелетке толмаған бозбаланың жүрегіне өзінен бес жас үлкен, емшектегі баласы бар әйел біржола ұялап алды. Жатса да, тұрса да ол тек Элизаны қиялдап, аңсап, армандап, бір көруге асық болып, сүйген жүрегі тозақтың отында жанып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды.
Ғашықтық дерті рухын қаусыратып, жігерін құм қылғанымен, ұялшақ, әрі кісікиік жігіттің ертең-ақ жібек матадай қолынан сусып кетуі мүмкін қымбаттысының қасына барып тілдесуге тәуекелі жетпеді. Жұлдыздары сүйіктісінің жанарындай жымыңдаған түндерде ойлап тапқан сұлу сөздерді айтуға қайта-қайта оқталып, батылы жетпей орта жолдан талай мәрте тоқтады. Амалы таусылып, Элизаға қалай жақындарын білмей жүрген күндердің бірінде ондай мүмкіндік аяқ астынан туа кетті.
Элизаның күйеуі тышқанның мұрнын қаната алмайтын адал, аузын ашса жүрегі көрінетін Гюставты жақсы көретін. ­Кейде екеуі кешке атпен серуендеп, көңіл көтеретін. Бір күні ол әйелімен теңізді тамашалап қайтуды ұйғарып, Гюставты да өздерімен бірге демалуға шақырды.
Жаны жай таба алмай жүрген бейбақ сол күні тұңғыш рет ғашығымен тілдесіп, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-біріне жақын отырды. Махаббаттың аласапыран дауылы ішінде аласұрып жатқан бозбаланың қолы рабайда Элизаның көйлегіне тиіп кетіп, қасіреттің тәтті сезімі жүрегінің нәзік талшықтарын толқытып жіберді. Сұлу бикештің сыңғырлаған күлкісінен ләззат алып, тал шыбықтай бұралған мінсіз мүсініне ол сол күні көзі тоймай қайта-қайта қарады. Көңілі шаттанған Элиза мақпал дауысымен оған талай сыр шерткенімен, айдай сұлу арудың айтқан сөздерінің ешқайсысы да бақыттан басы айналып, абдырап қалған Гюставтың есінде қалмапты.
Ерлі-зайыпты Шлезенжерлер жаз аяқтала салысымен Трувильден кетіп қалды, Флоберлер де Руанға оралып, оқу жылы басталып, Гюстав қайтадан мектеп партасына отырды. Сүюдің азабын ғана емес, енді міне, айырылысудың күйігін де тартқан бозбала Элизаны ұмыта алмай, кеудесіне кептелген дыбыссыз өксігін, сезім бұрқасынын кімге айтарын білмей қапаланды. Жүрегіндегі сынағын салған махаббат өрті өрши түсіп, есін жоғалтып, жынданған сезімімен арпалысты.
Екі жылдан кейін он жеті жасқа толған Гюстав сүйген жанына сөз айта алатын жасқа келгеніне көзі жетіп, өмірлік серігі болуға ұсыныс жасау үшін Элизаны іздеп Трувильге келді. Өкінішке қарай, қалаға құстай ұшып жеткенде Шлезенжерлер ол жақтан біржола кетіп қалған екен. Жанын қоярға жер таппаған Флобер дертіне дауа болатын емді енді шығармашылықтан іздеп, мұңын қаламға, жан сырын ақ параққа ақтарып ақынға айналып, кезінде бастап, кейін тастап кеткен «Есалаңның естеліктері» кітабын қайта жалғастырып, жазғы демалыста Элиза Шлезенжерді жолықтырып, оған қалай ғашық болғаны туралы повесін жазуға құлшына кірісті. Махаббат поэмасын жазып болғаннан кейін де ғашықтық дауылының ­бораны басылмай, қайта үдей түсіп, сезімін сүргілеп, санасын сансыратты. Неше түрлі ойлар жанын шырмауықтай шырмап алды.
О, Элиза! Элиза! Әлемнің сендей сұлулығын сүймеу мүмкін емес екен. Өзіңді өмірімнің өларасында жолықтырғанымда Жаратушының нұрынан жаратылған періште бейнені көрген бейбақтай есеңгіреп қалдым. Сол күннен бастап шын ғашық болудың қандай азап екеніне көзім жетіп, өзіңді аңсағанда жүрегім сағыныштан талай рет өртеніп кете жаздады.
Жаным, Элиза! Сенші маған. Мен сенің махаббатыңа бөленіп, жүрегіңді ­жаулап алу үшін ауыр-ауыр азап шектім. Сені кездестірмегенде бұлақтың суындай тұп-тұнық кіршіксіз сезімге өмір бойы шөліркеп өтер ме едім. Кім білсін?
Махаббат – Құдай екен. Өзіңді алғаш көргенде Құдайдың құдЫретін сезгендей ақыл-ойым дуаланып, есімнен тана жаздадым. Сен менің жанымнан да ардақты,өмірімнен де қымбатты асылымсың.
Өмір деймін-ау! Бірақ сен жоқ жерде өмірде қандай мағына бар, Элиза. Мына жалған дүниені Сенің сәулең ғана жарық қылып тұрған жоқ па.
О, Элиза! О, Тәңірім! О дүниеден ­хабар келген күні менің де Сені аңсаумен өткен жанымның мәңгілікке тыныштық ­табарын білемін. Мәңгілік сапарға аттанарда жанымның сені ғана көргісі келіп, аласұратынын сезеді жүрегім. Жаным аспанға ұшып бара жатқан сол бір қайғылы сәтте Сен ғана мені аяп, өксіп-өксіп ­жылашы, Элиза!
Жанары жәудіреген Гюстав мұңға батқан түнгі аспандағы сынған бір семсердің шетіндей болып туған айға телміре қарады. Ғашық жүректің сырын біліп қойғандай болып жымыңдаған жұлдыздар көңілдің шыңырауында тұншыққан сезімдерін түрт­кілей түсіп, Элизаны көргісі келген қомағай құштарлығы таң атқанша басылмай қойды.
***
Уақыт құстай ұшып, көзді ашып-жұмғанша шашасына шаң жұқпай тағы екі жыл зулап өте шықты. Мәртебелі уақытты Құдайға теңегенімізбен, оның да жүректі жаралаған ғашықтық дертін жазуға құдыреті жетпейтініне Гюставтың көзі анық жетті. Күн артынан сынаптай сырғанап күндер өтсе де Элизаны ұмыта алмады. Айлы түндерде тәтті ойлардың тылсымында жаны қысылып, оны ойлаумен жыл артынан ­жылды шығарып салды.
Он тоғызға толғанда мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Төбелері көкке жеткендей болған әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай кетіп, ұлдарын Пиренея мен Корсикаға саяхаттауға жіберді. Бойы әжептәуір өсіп, бойжеткен қыздардың бәрі қызыға қарайтын сұлу жігіт ел көріп, жер көріп Корсикадан қайтарда Марсель қаласына аялдады. Ойында ештеңе жоқ ол сол күні таңертең теңізге түсуге барғанда қонақүйдің жанындағы сәкіден Элизаны көріп қалғандай болып, жүрегі асау аттай тулап, көңілі алып-ұшып жас келіншектің жанына жетіп барды. Өкінішке қарай, сәкіде отырған Элиза емес, Элали Фуко есімді бөтен әйел болып шықты.
Екеуі танысып, әңгімелері жылдам ­жарасып кетті. Жас келіншек кемеде қызмет істейтін күйеуінің келуін тосып жүр екен. Талай-талай аққудай арулардың арманы болған сұлу жігіт тән рахатының дәмін татып үлгеріп, еркектің иісін аңсаған қатынның басын тез айналдырып алды. Бойларын билеп қуана ойнақ салған нәпсінің жыландарын жеңе алмаған екеуі құшақтары айқасып, тар төсекте табысып, сол түнді бірге өткізді.
Жас денесі аршылмаған жұмыртқадай аппақ әйелдің ыстық қойнынан жаны ­байыз тапқандай болған жігіт тасқындап келген сезімін тұсаулай алмай, сұлу келіншектің шиедей қызыл ернінен тістелеп сүйіп, төсін иіскеп, балдай тәтті тәнінің шәрбатына мейірін қандырып жатып ­Элизаны ­ойлап, кескін-келбетін көз алдына елестетті. Сүйіктісін аңсаған шақтарында көр ­азабына түскендей қинап, таңды-таңға ұрғызған азапты түндердің қарымтасын мына түн сәл де болса қайтарғандай ма, қалай? Әйткенмен, тұла бойын билеп алып, ­тамыр-тамырын қуалаған сезім толқындары басқа біреуді аңсайды. Сағынады. Үміт жалауын желбіретіп, қолын бұлғап алыстан шақырғандай болады.
Шыдамынан айырып, желіге мастанған нәпсісін қанағаттандырып, жалғыздықтан жабырқаған жүрегін жұбатқан мына әйелдің Элиза болып шықпағаны қандай өкінішті. Сүйген жанының тәніне тән сұлулықтың бәрі – түндей тұңғиық көздері, сымбатты мүсіні, толқынданып иығына төгілген қолаң шашы, қыпша белі, сыңғырлаған тәтті күлкісі… бәрі-бәрі – құмарлықтың мастығына еліріп, қойнында торға түскен ақ сазандай тулап жатқан мына келіншектің бойында бар. Құдды, сойып қаптап қойған Элизаның сыңары ма дерсің. Тек, жаны, жаны ғана Элизаныкі емес. Нәпсіңді алдағаныңмен, жүрегіңді алдай алмайсың. Элали Фуконы көңілі ұнатқанымен, жүрегі сүймейді. Тәні тоят тапқанымен, сезімі қанағаттанбады.
Таң сібірлеп ата салысымен Гюстав кездейсоқ жағдайда жолыққан келіншекпен асыға қоштасты. Көңілінде өшпестей із қалдырған Марсель қаласындағы басынан кешкен махаббат оқиғасын ол өлгенше ұмыта алмады. Кейін бармағын шайнап өкініп, жұрттан Элали Фуконың қайда жүргенін сұрастырған кездері де болды.
Тіршілік қалыпты арнасына түсіп, таудың тентек өзеніндей сарқырап аға берді. Есіңнен тандыра жаздап, еркіңді ­билеп алатынына қарамастан, адамның өмірі ­махаббаттан ғана тұрмайды. Екі аяқты ­пендеде одан басқа да міндеттер толып ­жатыр. Солардың бірі жоғары білім алып, өз жолыңды тауып, көңілің қалайтын сүйікті ісіңмен шұғылдану.
Өмірде өз орныңды таба алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Өнерде – екібастан. Мейірімі мол Алла Тағала адамның бәрін де ­талантты етіп ­жаратады. ­Алайда жұрттың көбісі өз жолын таппай адасып, әуре-сарсаңға салынып, әбігерге түседі. Жақсы ғалым болуға қабілеті мол талантты адамдар кейде бойындағы біліміне сеніп, қолынан келмейтін ісі – жазушылыққа, ақындыққа ұмтылып, жібі түзу бір шығарма туғыза ­алмай өмірден өтеді. Әрине, ақын немесе жазушы болу үшін білімнің ­керек екенін ешкім де жоққа шығармайды. ­Дегенмен, білімді адамдардың бәрі шетінен үлкен ақын немесе аса көрнекті жазушы бола алмайтыны да айдай ақиқат. Кейде, елге ұнағысы келген көңілшек сыншылардың біліміне бола кейбір қаламгерлерді аяғын жерге тигізбей мақтай жөнеліп, халықты адастыратын кездері бар. Француз классигі өмір сүрген уақытта жазушылықтың не екенін түсінбей адасып жүргендер француз әдебиетінде көп еді. Өмір шындығынан алыс шығармаларды мысықша балалатқан графомандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастаған болатын.
Жазушылықтың шытырман шырға­лаңына түсіп кетпеуін ойлап алаңдаған Флобердің ата-анасы өз балаларының болашағы бұлыңғыр шығармашылықтан гөрі, пайда әкелетін нақты іспен айналысып, заңгер мамандығын алғанын ақыл көрді. Жүрегі қалағандықтан емес, қандай да бір кәсіпке бейімделу қажеттілігі туғандықтан Флобер білімін жетілдіру мақсатында құқық пәнін одан әрі тереңдете оқи түсу үшін Парижге аттанды.
Заңгер емес, пешенесіне ұлы ­жазушы болу тағдыры жазылған суреткер іш ­пыстыратын ғылыми кітаптарды оқи алмай көңілі құлазып, университеттегі темірдей тәртіптен жалығып, атақтан, байлық пен мансаптан басқа ештеңені ойламайтын, талғамы төмен, ­санасында сәуле жоқ замандастарын жек көре ­бастады. Тоғышарлықтың торына түскен байғұстардың ішінде мұңдасуға тұрарлық бір тірі жанның табылмағанын қарасайшы. Кіммен сөйлесерін білмей қапаланған Флобердің ақымақ тобырдың дауыстары естілмейтін қиял патшалығының мекеніне кіріп алып, есігін құлыптап тастап, жан сырын ақ параққа ақтарғаннан басқа амалы қалмады. Элизаны сағынып жүргенде Элали Фуконы қалай кездестіргені, әдемі әйелдің оттай ыстық құшағында қалай балқығаны ойына оралып, «Қараша» атты повесін шабыттанып жазып тастады. Шығармада Элали Фукомен екеуінің арасындағы болған бір күндік махаббат ойынының оқиғасы суреттелгенімен, басты кейіпкердің кескін-келбетін ол Элизаның көркіне тән сұлулық нәшімен өрнектеді.
Айтпақшы, сол жылы тағдырдың бұралаң жолы Элиза екеуінің жолын тағы да түйістірді. Сүйген жанының ай дидарлы жүзін көруге құмартып жүрген Гюстав бір күні сылтау тауып Морис Шлезенжердің кеңсесіне бас сұғып, бұрынғы таныстығын қайта қалпына келтірудің амалын тапты. Ойында ештеңе жоқ Морис жас жігітті үйінен түскі ас ішіп кетуге шақырды.
Элизаны қайта көру бақытына қолы жеткен Гюставтың таңданысында шек болмады. Дауылды жылдардың жаңбыры да, өткен уақыттың бұрқасындатқан ­бораны да ғашығының сұлу сымбатына сызық түсіре алмапты. Қайта ол бұрынғысынан да әдемі болып, гүлдей құлпырып ­кеткен бе, қалай? Жүрегіне шоқ салған ­уыздай жас келіншекті алғаш көргенде ол ­бозбала еді, ал қазір ат ­жалын тартқан – зіңгіттей азаматқа ­айналды. Бойындағы құмарлықтың құштарлығы әлі басылмаған жігіт жүрегінде махаббат оты қайта маздады. Сүйгеніне қосылатын күн туса оның жолына шыбын жанын құрбан етуге ол дайын. Шешендік пен шеберліктің бәрі бойында бар болғанымен, жүрегінің түбінде жасырынған асыл сөздерін жеткізуге гауһар тілінің шамасы келмей қойғанын айтсайшы. Жанына жақындап қалса не дерін білмей сасқалақтап, тілі күрмеліп, жүрегінің түйінін жаза алмай азаптанғанын қарасайшы.
Ғашықтық дерті қайтадан жанын ­жалындай шарпыған бұл күндер Гюставтың өміріндегі ең бақытты кезеңі болды. Шлезенжерлердің отбасымен баяғыдай араласып, үйлеріне жиі барып, кейде олармен бірге саяхаттады. Амалын тауып ақыры бір күні Гюстав ғашығына сезімін білдіріп, сөз айтты. Ішінен қатты қобалжыған ол бәрінен бұрын сүйіктісінің өкпелеп қалатынынан қатты сескенген. Бірақ Элиза өзіне деген ойы бар ғашық жігітке ренжіген жоқ. Алайда «достық қарым-қатынастан басқа ешнәрседен дәмеленбеуін» албырт жасқа қатаң ескертті.
Гюставтың көзіне сүттен ақ, ­судан таза періштедей болып көрінген ­Элиза ­Шлезенжер тағдыры қызық әйел ­болатын. 1836 жылы Флобер онымен алғаш танысқанда жұрттың бәрі оны Морис Шлезенжердің жұбайы санайтын. ­Алайда сұлу бикеш ол жылдары алаяқтығы үшін қаржылық дау-дамайға ұшыраған Эмиль Жюдза деген біреумен заңды некеде тұрған болып шығады. Бас бостандығынан ­айырылу қаупі төніп, ­сотты болған азаматтың берешек ақшасын ­Морис ­Шлезенжер өз қалтасынан төлеп, оны түрмеден құтқарып қалады. Жасаған жақсылығы үшін ол Жюдзеге әдемі әйелін оған тастап, Франциядан біржола кетуін сұрайды. Жюдзе келісіп, Элиза заңды емес екінші күйеуімен өмір сүре бастайды. Ерлі-зайыптылардың ажырасуына ол кездері заң жүзінде рұқсат етілмегендіктен, 1840 жылы, яғни Эмиль Жюдзе қайтыс болғаннан кейін ғана Морис пен Элиза некелерін заңдастыра алды.
Шлезенжерлердің шаңырағымен жақын араласқан адамдардың айтуынша, кербез келіншек Мористы жақсы көрмеген. Елден кетіп қалғанына қарамастан алғашқы алаяқ күйеуін өлердей сүйіп, оны бір көруге асық болған. Неліктен Элизаның өзін жанынан да артық жақсы көріп, тағдырын талақ етуге дайын Гюставтың қолынан ұстап кете салуға тәуекел етпегенін түсіну қиын емес. Баспанамен қамтамасыз етіп, жеке басына жасаған жақсылықтары үшін ол екінші күйеуіне шексіз қарыздар-тын. Оның үстіне Мористен сүйген баласы да бар.
Ғашықтық дерті бойды жеңбей қоймайды. Біреуді бар ынтасымен сүйген адамның жанары маңдайында емес, жүрегінде болатыны шындық шығар. Ал ғашық жүрек аспандағы шырақтай жанған жұлдыздардың ішінен біреуін ғана көріп, одан басқа ештеңені байқамай, есінен ­танады. Гюстав та қаптаған қыз-қырқындардың бірде-біреуіне назар аудармай, Элизаның қыр соңынан көлеңкесіндей қалмай қойды. Екі байының ортасында басы қатып, миы ашып жүрген сұлу қатын сөзін жауапсыз қалдырса да үмітін үзбеді.
Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе сезімін тежей алмайтын Морис ­Шлезенжер әйелінің көзіне жиі шөп салатын. Күйеуінің осындай жаман әдеті бар екенін Элиза жақсы білетін. Екеуі сол үшін жиі-жиі ұрысып та қалатын. Махаббатқа тұрақсыз күйеуінің жеңілтек мінезінен шаршаған келіншек бір күні Флобердің сезіміне жауап беріп, жігіттің пәтерінде кездесуге келісімін берді.
Жабырқаған қайғының тұсауында жүрген жігіттің көңілі жаздай жадырап кетті. Алыстағы сағымдай мұнарланған арманына қолы жеткенін ойлағанда сәулелі сұлу жарды аңсаған жүрегі лүпілдеп, көңілі тыныштық таппай, жүзінде ыстық қан ойнады. Элизаның белінен қапсыра құшақтап, ажары таймаған тұңғиық қара көздерінен, ақ тамағынан қалай сүйетінін қиялдағанда іштегі ыстық жалыны сыртқа шыққысы келіп тіленіп, жанына маза бермей аласұрды.
Асау сезімін отқа салған жігіттің ­арманы орындалмады. Уәдесін бергенімен, екеуі кездесуге уағдаласқан пәтерге Элиза келмеді. Француз классигінің өмірінде болған бұл оқиға «Сезім тәрбиесі» ­романында көрініс тапты. Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар, бар жан-тәнін салып тырысқанына қарамастан, Элиза Шлезенжердің ешуақытта да Флобердің көңілдесі болмағанын айтады.
Флобердің өмірінде Элиза Шлезенжер мен Элила Фукодан басқа Луиза Коле есімді әйелдің болғаны да бізге белгілі. Екеуінің арасындағы болған махаббат драмасына біз сәл кейінірек тоқталармыз. Оқырманды тап қазір Луиза Коледен гөрі, француз классигінің еркін билеп алып, есінен ­тандыра жаздаған ғашығы Элиза Шлезенжердің тағдыры қызықтырып жатқанын іштей сезіп, осы бір махаббат оқиғасының қалай аяқталғанына тоқталып, әңгімеміздің нүктесін қойғанды жөн санадық.
Сөзіміздің басында біз ­Гюстав Флобердің бір ғана әйел – ­Элиза Шлезенжерді ғана сүйіп өткенін айтқанбыз. Өмірінің соңында оны жазушының өзі де жұртқа жария етіпті. Бір күні әдебиеттегі әріптестері Теофиль Готье, Ипполит Тэн және Эдмон Гонкурлармен бірге мейрамханадан кешкі ас ішіп отырып, ол өте қызық мәлімдеме жасайды. Ұлы ­жазушы өмірінде бір ғана келіншек – Элиза Шлезенжерді ғана шын ниетімен сүйгенін, басқа әйелдердің бәрімен де жүрегін жабырқатқан жалғыздық дертінен арылу үшін ғана көңілдес болғанын мойындайды. Бірақ тағдыр жолықтырған бірде-бір әйелдің қиялындағы қол жетпес арманы болған Элизаның орнын алмас­тыра алмағанын айтып, мұңға батады.
1871 жылы Морис Шлезенжер дүние салды. Элизаның екінші күйеуі болған, алаяқтыққа жақын азаматтың биржадағы авантюралары сәтсіз аяқталып, ол әйелімен бірге Баденге қоныс аударып, сол жақтан ажалын тапты.
Күйеуі өлгеннен кейін, екеуінің ең алғаш кездескеніне отыз жыл өткенде Флобер өз ғашығына өмірінде тұңғыш рет махаббат хатын жазды. Элизаға жолдаған хатының алғашқы сөйлемін әдеттегідей «Мадам» деп емес, «Менің ең алғашқы, өмірдегі жалғыз махаббатым!» деген сөздермен бастады.
Флобердің хаты Элизаның жүрегін елжіретіп, сезім толқынысына салды. Өзіне ғашық болған ұялшақ жігіттің кескін-келбеті көз алдына келді. Ашық теңізде, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-бірінің демін сезіп сырласқан бақытты күндері есіне түсті. Құштарлық сезімін жүгендей алмаған ниеті жаңа жауған қардай аппақ есалаңның көңілінде сол күні қандай жынды құйынның құтырып, жанына тыныштық бермегенін Элиза қайдан білсін. Бәрі де көрген түстей өте шықты.
Хатты оқи салысымен Элиза жылдам жиналып ертегі жылдардың елесін қуып Флоберді бір көру үшін ­Круассеге келді. Отыз жыл бұрынғы аласұрған сезімдері қайтадан көңілінің бір түкпірінен ­жыландай басын көтеріп, Гюстав та өз ғашығымен кездесуге асықты. Алайда сұлулықтың да Уақыт-Құдаймен тіресуге шамасы келмейді екен.


Элиза қатты қартайып кетіпті. Жарық жұлдыздардай жымыңдаған жанары ­суалып, майы таусылған шамдай сөне бастапты. Тажал тағдыр байғұс әйелдің сұлулығын аямай талқандап, бұрынғы әдеміліктің ізін де қалдырмапты. Шашы ағарып, бетін әжім басып, салдырап қу сүйегі ғана қалыпты.
Ертегідей әдемі өмірді армандаған байғұс қатын тиген екі байынан да опа таппады. Бірінші күйеуі, түрмеден басын аман алып қалу үшін, керек емес кезде сатып жіберетін асыл бұйымдай оны бөтен ­еркекке қиып, бере салды. Екіншісінің де айдай сұлу аруды ұшпаққа жеткізгені шамалы. Еркек біткеннің бәрі қызыққан әдемі қатыны болғанына қарамастан, бөксесі бұлтыңдаған ұрғашы көрсе, өзін ұстай алмайтын жаман әдетінен арыла алмай қойды. Оны мына жалғанда шын сүйген, ол үшін жанын құрбан етуге ­дайын бір ғана адам болыпты. Ол – Флобер. Жасы алпысқа таяп қалған кемпірдің енді ғана осы шындыққа көзі жетті. Әлде, он екіде бір гүлі ашылмаған бозбаланы бақытсыз еткісі келмегендіктен, кезінде оны әдейі түсінгісі келмеді ме?
Жендет уақыт Флоберді де аямады. Өмірі­нің соңғы жылдарын Круасседе өткізген француз классигі шығарма­шы­лықтың қызығына беріліп, сыртқа көп шыға қоймайтын. Күніне он төрт, он бес сағаттан жұмыс істеу оны қатты қалжыратып, жүйкесін жұқартып, қартайтып жіберді. Оның үстіне ол бұрқыратып темекіні де көп шегетін. Қатыны жоқ еркектің күтімі де болмайды. Отыздан асқанда Флобердің шаштары түсе бастап, дұрыстап тамақтанбағандықтан денесі де тез толып, семіріп кетті. Бір сөйлемді жазуға кейде бір күнін арнайтын суреткер қаржылық тапшылықтың азабын да қатты тартты. Ал «Бовари ханым» романының төңірегіндегі дау-дамай жазушыны бұрынғыдан бетер қатты күйзелтіп жіберді.
Өткен-кеткенді еске түсіріп, екеуі ұзақ сөйлесті. Ұлы жазушыны бақытты ете алатын Құдай берген мүмкіндікті өз қолымен қиратқанын Элиза енді ғана түсінді. Бұл Флобер мен Элизаның ең соңғы рет кездесуі болды. Көп уақыт өтпей ұлы суреткер дүниеден өтті.
Флобер қайтыс болғаннан кейін бір жылдан кейін француз классигінің досы Максим дю Кан жаз кезінде Баденде демалады. Сауық-сайран құрып жүрген күндерінің бірінде ол адасып Илленауда орналасқан жындыхананың жанынан бір-ақ шығады. Ақыл-есі ауытқыған науқастар жататын аурухананың ауласында сырқат әйелдер серуендеп жүр екен. Бір топ әйелдің ішінен егде тартқан біреуі оған ізет танытып, басын изеп қасынан өте шығады. Максим дю Канмен амандасқан бейтаныс кемпір француз классигінің жүрегін оттай жандырып, өмір бойы сүйіп өткен ғашығы Элиза Шлезенжер болатын.

Тіршілікте адамды дүниәуи қызығынан құр қалдырып, жан тыныштығына зар қылып қоятын қауіпті дерттің бірі – сөз өнері. Ойдың дәнегі өзегіне түсіп кетіп, бүршік атқаннан бастап, ақынның пенделік азаттығы кісенделіп, ол бүкіл сезімін, ақыл-ойын, ерік-жігерін билеп-төстеп алатын шығармашылығының тұтқынына айналады. Әлемге әйгілі қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес «Өмірді жырлау үшін өмір сүру» атты естелік кітабында жазу үстеліне отырмау үшін үнемі сылтау іздеп өткенін жасырмапты. Өйткені құйрығы орындықты иіскеген күннен бостандығы құрықталатын қаламгер айлар, кейде жылдар бойы мүлде басқа әлемде өмір сүріп, тәуелсіздіктің таза ауасымен ­тыныстай алмай, рақат іздеген жанын тар бөлмеде тұншықтырып, өз еркімен оны шығармашылықтың түрмесіне қамайды.
Жазушылық дегеніміз бақытсыздық қана емес, сонымен бірге «жүрегіңде туған асыл сезімдеріңнің бәрін жалмап жеп қоятын – қауіпті дерт» екенін ­Бальзак жақсы байқаған. Зады, ұлы ­талант дегеніміз, жұрт айтып жүргендей, ешқандай да Алланың елшісі емес, маңдайында елге көрінбейтін тағы бір жанары бар – Құдайдың үшінші көзі болса керек. Шығармашылық дерті асқынғанда дүние-жалғанның пенделік қызығын ұмытып кететін, жанын тозақтың пешіне лақтырып сынап, өнерін ғана өліп-өшіп сүйетін әпендені дені сау адамдардың қатарына қосу қиын.
Жапон жазушысы ­Рюнеско Акутагаваның «Тозақтың ­азабы» әңгімесі есіңізде шығар. Таңдаған тақырыбымызды талдап, ­ойымызды өрнектеуге қажет ­материал болғандықтан және шығарманы оқымағандардың да бар екенін ескеріп, ондағы қорқынышты оқиғаны мейлінше ықшамдап мазмұндап бергенді жөн көрдік. Акутагаваның әңгімесінде ­ертеректе сарайда қызмет істеген, түрі маймылға ұқсайтын ұсқынсыз, жасы елуден асқан Есихидэ есімді суретшінің тәлкекке ұшыраған тағдыры ­баяндалады.
Қылқалам шеберінің туындылары туралы ел ішінде неше түрлі қауесет тарап, желдей есетін. Жаныңды түршіктіретін сондай өсектердің біріне сенсеңіз, ол салған әйелдердің бәрі шетінен азап шегіп, қырылып қала беретін көрінеді. Талантын көре ­алмайтын тағы біреулердің айтуынша, оның картиналарында адамның сезімін сиқырлап, басын айналдырып алатын дуа бар. Қауесетке құлақ аспайтын суретшінің мына жалғанда екі үлкен бақыты болатын – сүйікті қызы мен өнері.
Ұлы мәртебелі бір күні Есихидэні шақырып, оған тозақтың азабы бейнеленген картинаны салуға тапсырыс береді. Екі-үш апта бойы сарайға ат ізін салмаған суретші шын тозақтың қандай болатынын елестете алмай, қатты қиналады. Шәкірттеріне тәжірибе жасап, оларды азаптап өлтіріп қоя жаздайды.
Жиырма күннен соң Есихидэ ұлы мәртебелінің қабылдауына сұранып, неліктен картинаны аяқтамағанының себебін түсіндіреді. Ол картинадағы көріністің қақ ортасында отқа оранған күйменің ішінде жанұшыра айғайлап өртеніп бара жатқан әйел бейнесін салғысы келетін тілегін айтады. Көзімен көрмегенді қиялымен жеткізе алмайтынын мойындап, ұлы мәртебеліден осындай қорқынышты оқиғаның куәгері болғысы келетін ниетін білдіреді.
Бірнеше күннен кейін ұлы мәртебелі оны қала сыртындағы үйіне шақырып, түн ортасында оған ішінде қол-аяғы мықтап байланған әйел отырған күймені сыртынан көрсетеді. Күймені жағып жіберуге бұйрық берерінің ­алдында пердені ашқызып, ішінде кімнің отырғанын көрген суретші есінен ­танып қала жаздайды. Мына сұмдықты қараңыз. Күймедегі орындыққа арқанмен көгенделіп тастаған еш жазығы жоқ бейшара Есихидэнің ­жанындай жақсы көретін жалғыз қызы болып шықты. Енді бәрі де кеш. Ұлы мәртебелі райынан қайтпайтын, ойлаған ісін соңына жеткізетін – қатыгез әмірші.
Бұйрық берілгенде Есихидэ қызын құтқару үшін отқа оранған күймеге қарай жүгіргісі келіп, кенеттен бір ­орнынан тапжылмай тұрып қалады. Байғұс қыздың қалай азаптанып өлгеніне куә болғандар, шын мәнісінде де тозақтың азабын көздерімен көргендей жаман әсер алып, төбе шаштары тік тұрады. Алайда дәл осы сәтте бойындағы сезімін шығармашылықтың сайтаны жеңген суретшінің жүзі бал-бұл жайнап қоя береді. Жалғыз қызының қаза табуының себепкері және куәгері болған Есихидэ тапсырманы орындап, өнер туындысын аяқтап, келесі күні өзіне қол салып, дарға асылып өледі.
Шығармашылық дерттің қандай қасірет екенін білмейтін қарапайым адамға неліктен суретшінің қызын құтқаруға тәуекел ете алмағанын түсіну қиын, әрине. Жо, жо, жоқ. Есихидэнің өлімнен қорқып немесе ұлы мәртебелінің қаһарынан қаймығып тұрғаны шамалы. Бастапқыда оның бойында қарапайым пенденің бәріне тән әкелік сезімі оянып кетіп, қызын ажалдан аман алып қалу үшін отқа оранған күймеге қарай жанұшыра жүгіре жөнелгісі келді. Әйткенмен, келесі мүйнетте қиялындағы болашақ картинасының материалын көргенде оның бойындағы адамдық инстинктті шығармашылықтың эстетикалық құдіреті жеңіп кетті.
Өнер адамының – үшінші көзі, суреткердің бағы ғана емес, сонымен бірге соры да. Ол өмірдегі кез келген құбылысты, тіпті халықты қынадай қырып, зар илеткізген қайғы-қасіреттер – табиғи апат, індет, ашаршылық, қанды-қырғын соғыс, т.с.с. бәрін де алдағы уақытта жазатын шығармасының тақырыбы ретінде зерттейді. Ұлы ­суреткер бөтен біреу түгіл, өз жүрегінде болып жатқан құбылыстарға да эстетикалық қызығушылықпен қарамай тұра алмайды. Қарапайым адам бір әйелді жан-тәнімен сүйіп, жүрегінің құпиясын ашып, сезімін білдіргенде ол оны еш есебі жоқ, ­риясыз көңілмен жеткізеді. Басқаларға қарағанда сезімге көбірек берілетіндей болып көрінетін шығармашылық тұлға әйелдің ­оттай ыстық құшағында балқып жатып та үшінші көзімен осының бәрін де сыртынан бақылай алатын қабілетін жоғалтпайды. Шын суреткер ­итжеккенге айдалып кетсе де, науқастанып қалса да, өлім жазасына кесілсе де.. соның бәрін сыртынан бақылап, жан-тәнімен берілген сүйікті ісіне адал болып қалады.
Жазушы – ұлы психолог. Ол бөтен біреу түгіл, өз жүрегіндегі жалғандықтарды да аяусыз әшкерелеп, оны да шығармашылық материал ретінде пайдаланып, шындығына оқырманды шүбәсіз сендіреді. Набоковтың сөзімен айтқанда, жазушы дегеніміз болмаған оқиғаны болғандай етіп суреттеп беретін – ертегіші. Сондықтан да ол кісі өлтірген қылмыскердің, күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің… бір сөзбен айтқанда, күнәға белшесінен батқан бейбақтардың әңгімесін мына біз сияқты жиіркеніш ­немесе аяушылық сезіммен емес, құдды сол оқиғалардың ­ортасында өзі жүргендей еліріп, эстетикалық ләззат алып, есі кете жаздап, айызы қанып тыңдайды. Шын мәнісінде сырт көзге мейірімді, жүрегі жұмсақ болып көрінетін суреткер ­расында да өмірде сондай адам болуы мүмкін, ал өнерінде аяушылықтың не екенін білмейтін – қатыгез талант. Мінездері өте ­биязы, жандары жібектей нәзік болған ұлы қаламгерлер Гюстав Флобердің ­«Бовари ханым», Антон Чеховтың «Ұйқым келеді», Бейімбет Майлиннің «Күлпәштағы» адамның үмітін тас-талқан етіп қиратудан тайынбаған өнердегі шектен шыққан рақымсыздығы есіңе түскенде, жаның түршігіп қана қоймай, бойыңды үрей билейді.
Көпшілікке қызықты болу үшін, біз өз еңбегімізде Гюстав Флобердің басын мұнарлаған махаббат драмасын шамамыз келгенше жазушылық (суреткерлік деп өтірік мақтанбай-ақ қояйын) тәсілмен баяндап беріп, шындығына сендіртуге тырыстық. Әлбетте, қаншалықты оны жүзеге асыра алғанымыздың бағасын беретін өзіңсің – қымбатты оқушым. Оқиғаға әдебиетшінің емес, жазушының көзімен үңілгендіктен, француз классигінің өмірінде болған махаббат драмасын мейлінше шынайы етіп көрсетуге бар күшімізді салғанымызды жасырмаймыз. Жазушылық жанармен үңілгенде суреткердің Элизаны шын сүйгеніне байланысты біздің күпті көңілімізге күдік ұялаған жоқ. Дегенмен, ұлы шығармалар туғызған ақындардың қандай өтірікші халық екенін жақсы білетін сыншы ретінде осы оқиғаны егжей-тегжейлі саралап ой сүзгісінен өткізгенде Флобердің күйеуі мен емшектегі баласы бар қатынға деген сезімінің риясыз болғанына деген сенімімізге селкеу түсті. Неге дейсіз ғой?
Әлімсақтан белгілі. Прозаиктің көп ретте оқиғаны таразылау мен талдау­дан гөрі, майын тамызып әңгімелеп беруге жаны құштар. Жазушы үшін солай болған немесе тіпті болмаған дүниені шынайы етіп шеберлікпен жеткізу – бәрінен де маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда Флобер мен Элизаның қарым-қатынасы мен бір-біріне деген сезімін жазушылық көзбен баяндап ­беруде өз міндетімізді адал атқардық деп ­ойлаймыз.
«Парасаттың құдіреті бәріне сене беруде емес, күмәнмен қарауда» ­(Мишель Левассар) екенін көңіліне түйген сыншының шынайылықтан гөрі, шындыққа бүйрегі бұрып тұратыны ­бесенеден белгілі. Ал шындық сіздің ойдан шығарған әдемі ертегіңіздің күлін көкке ұшырады. Тіпті кейде елдің көңілінде күмән туғызбайтын сұлу сезімдерден де жалғандықтың ұшқынын көріп қалады.
Гюстав Флобер артына Бальзак пен Толстой сияқты том-том туындылар қалдырмаған суреткер. Ұлы қаламгердің 1956 жылы «Правда» баспасынан жарық көрген толық томдық шығармалар жинағы бес томды құрайды. Сол бес томдықтың екеуі француз классигінің хаттары екенін ескерсек, оның барлық әдеби мұрасы үш-төрт роман, бірнеше повесть пен әңгіме ғана. Ақ сөйлеп, адалын айтсақ, жазушының «Бовари ханымнан» басқа шығармаларының бәрі – кемеліне жетпеген сәтсіз туындылар.
Шындықты іздеген сыншы ретінде шығармаларынан гөрі Флобердің ­хаттары біздің қызығушылығымызды көбірек туғызғанын несіне жасырайын. Асылы, шынайылыққа жаны құштар суреткер шындығын шығармаларынан гөрі, күнделіктері мен хаттарынан іздеген ләзім. Сол себептен де француз классигінің екі том хаттарын шолып шыққаннан кейін, оның Элизаға деген сезімінің риясыз болғанына қатысты біздің күдігіміз бұрынғыдан да күшейе түсті. Көңіліміз нілдей бұзылып, ұлы жазушының мына дүниеде Құдайдан тілеп алған дерті – сөз өнерінен басқа ешкімді де, ештеңені де сүймегеніне көзіміз жетіп, көңіліміз сенгендей ­болды. Флобердің хаттары шығармашылық тұлғаның жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтарды түсінуге көп пайдасын тигізді. Классиктің эстетикалық және философиялық дүниетанымында «өнердің өмірден де биік болғаны» ­туралы шындығын ашып берді.
Он үшке енді ғана толған бозбала Гюстав мектепте оқитын достарының біріне жазған хатында: «Егер де менің ақындық қиялымда он бесінші ғасырдағы француз королевасы ­болмаса, мен мына өмірден түңіліп, атылып өлер едім» деп мұңын шағады. Тағы бір жылдан соң, «Құдайлық сұлулығымен жер жүзіне мәңгі патшалығын құрған барлық халықтардан да, тәждерден де, билік құрушылардан да биік ұлы өнермен айналысайық» деп, әдебиетке адал қызмет етуге шақырады. Қырық жыл өткеннен кейін ажал сағаты соға бастағанда да өнеріне ғана адал ­болып қалған суреткер, «Адам құндылық емес, өнер – құндылық» деген ойынан ­танбады.
Ендеше, өнерден басқа еш құдіретті мойындамаған және шын пейілімен беріліп сүймеген француз классигінің жалғыз Элиза Шлезенжерді ғана емес, өмірдің шырғалаңында жолықтырған біз білетін Элали Фуко, Луизе Коле, сонымен бірге біз білмейтін көптеген әйелдердің бәрін де риясыз көңілмен жақсы көргеннен гөрі, шығармашылығына керек құнды материал ретінде қарастырғанына қатысты қандай күмән болуы мүмкін.
Атақ-даңқ дәметіп, қызмет қуып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуды ғана армандайтын тоғышар пенде жазушылықты қолы жеткен бақыты санап, одан тобырдың құрметі мен қошеметіне бөленетін ләззат іздейді. Нағыз суреткер үшін өнер – жаныңды азапқа салатын дерт. Шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін кейде ол отбасы құру бақытынан да бас тартып, өз өмірін өнерінің ­алдында құрбандыққа шалудан тайынбайды.
Ұлы жазушылардың, суретшілердің, музыканттардың көп жағдайда мінездері жеңілтек, махаббатқа тұрақсыз, қатынқұмар жандар болып келетіні құпия болудан қалғанына қай заман. Адамгершілікті жырлаған ақынға ­деген махаббаты шексіз оқырманның сезімін құрметтегендіктен көп ретте біз тұлғаның шығармашылық психологиясын (психология творчества) ашудағы кілті болып табылатын бұл тақырыпқа маңайламауға тырысып, оған ­жолап кетуден ­ат-тонымызды ала қашамыз. Сау басына сақина тілеп алғысы келмейтін ғалымдар, сыншылар мен әдебиетшілер өнерден гөрі, оның төңірегіндегі өтірікпен айналысқанды ақыл санап, бүгінгі таңда шығармашылық тұлғаны әулиеге, абызға, тіпті пай­ғамбарға айналдырып жібергеннен тапқан пайдамыз – өкініш. Мәдениеті төмен қоғамдық пікірге немесе тарихи ­себептермен қалыптасқан моральға қарсы шығудан қаймыққандықтан, біз өнердегі тұлғалардың бәрін аяғын жерге тигізбей, көкке көтере өтірік мақтап, көзсіз ­табынып, шындықтың ауылынан алыстап барамыз. Өнердің басты тақырыбы адам екенін біле тұрып, біз шығармашылық тұлғаны мінсіз етіп көрсетуге бар күш-жігерімізді ­салып, оның табиғатындағы шындықты іздеп адасқан адамды жоғалтып алдық. Ал адам жақсы істердің жаршысы болған әулиелігімен, абыздығымен, пайғамбарлығымен ғана емес, сонымен бірге күнә жасап қойып, одан арылғысы келіп азап шеккен қасіретімен де адам. Дей тұрсақ та, айтуға ғана жеңіл, ал ақиқатында өте нәзік, сонымен бірге абайламасаң қолыңды ұстарадай қиып кететін бұл тақырыпқа адамдық моральдың емес, өнердің заңғар биігінен қарағанда ғана аңызға айналған ақын шындығының шеті менмұндалайды.
Шығарманың ең қатал да, кірпияз сыншысы оқырманға суреткердің өз туындысын қандай жолмен өмірге әкелетіні бәрібір. Сұлулыққа көңілі құштар ол барлық уақытта да ақыннан ұлы сезім мен ұлы идеяны талап етеді. Дегенмен, суреткердің сол ұлы идея мен ұлы сезімді жақсылықтарға ғана емес, сонымен бірге жамандықтарға да жанаса жүріп іздейтініне ол көп мән бермейді.
Әлем әдебиетінің тарихында әйелдің нәзік сезімін, психологиясын, бір сөзбен айтқанда, жан әлемін асқан шеберлікпен жеткізген екі ұлы суреткерді ерекше жақсы көремін. Олар – Тургенев пен Флобер. Бір қызығы, екеуі де отбасылық бақыттың дәмін татпай, өмірден бойдақ болып өтті.
Флобердің замандасы Тургеневтің тіпті ер-азамат үшін жеке басының азаттығынан артық бақыттың жоқ екенін айтып, бойдақтығын мақтан еткенін де жақсы білеміз. Бойын кәрілік жеңген шағында ғана ол бұл ойынан айнып, керісінше, отбасы құрудың маңыздылығын насихаттап, үйленбеген азаматтың қартайғанда ешкімге керегі болмай қалатынын өкінішпен мойындады.
Екі ірі суреткердің де қолдарына құсын қондырып, перзент сүйгізіп, жандарын жаннат бағына айналдыратын серігін таба алмағаны өкінішті, әрине. Алайда оған, Тургенев пен Флобердің өздері кінәлі. Тағдыр жолықтырған арулардың бірінен өз бақытын тапқанда, өмірлері гүлдей жайнап басқаша болар ма еді? Кім білсін? Әйткенмен, олар өз өмірлерін өнер жолында құрбан етпей, бір әйелге ғана арнағанда қаламдарынан нәзік жандылардың қайталанбас ­образдары тумауы да ықтимал емес пе? Бальзактың әйгілі романдарының бірінде «ұлылық – қауіпті дерт» екенін айта келіп, «адам дертті жеңе ме, әлде дерт адамды жеңе ме?» деп, өнердің жанды арбап алатын сиқырынан қауіптенетін тұстары да бар. Тургенев пен Флобердің жағдайында өнердің дерті адамды жеңді. Әйтпесе, адам ­баласы үшін сүйген жаныңмен фәниді бірге өткізіп, перзент сүйгеннен артық қандай ғанибет болуы мүмкін. Айтыңызшы, қандай?
Әйткенмен, нәзік жандылардың ­шынайы бейнелерін сомдау үшін тағдырын талақ етіп, әйел көрсе ақыл-есінен айырылып, жан денесін бергенше байыз таппаған Тургенев пен Флобердің өмірде ғашық болған аруларының мінездері де, табиғаты да, моральдық көзқарастары да бір-біріне ұқсамайды. Тургенев жаны кіршіксіз таза, сүйген жанына деген сезімі адал, ішкі мәдениеті биік әйелдерді жан-тәнімен сүйіп, махаббаттың ғаламаттығын ­жырлады. Флобердің, керісінше, өмір бойы, байдан байға тиіп жүрген, сезімі тұрақсыз, мәдениеті төмен, мінездері жеңіл, тоғышар қатындарға қарай көңілі магниттей тартылып тұрды. Француз классигінің Элиза Шлезенжер мен ­Элали Фукодан кейінгі, сүйген дегеннен гөрі, келешекте дүниеге келетін туындысына керек шығармашылық материал ретінде зерттеген әйелі – Луиза Коле болды.

***

Луиза Колемен екеуінің арасындағы махаббат драмасын әңгімелемес бұрын, ұмытпай тұрғанымда Флобердің тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберіп, жазушылық жолға түсірген бір маңызды оқиғаның тарихына қысқаша тоқтала кетейін.
1844 жылы ағасымен бірге Руанға келе жатқан түнде Гюстав кенеттен ­талып, құлап қалады. Сүт пісірім уақыттан кейін есін жиып, көзін ашып қараса үсті-басының бәрі қызылжоса қан. Бауырын үйге кіргізгеннен кейін дәрігер ағасының жаны қалмай, қолынан келген ем-домын істейді. ­Шарап ішуге, темекі шегуге, еті бар тамақ жеуіне тыйым салады. Соған қарамастан ұстамалы ауруы бірнеше мәрте қозып, бауырының жаны қатты күйзеліп кетті.
Кездейсоқта тап болып, елді аң-таң қылған белгісіз дерттің шын себебін ешкім анықтай алмай қойды. Бұл не ауру өзі? Неге бұрын-соңды сырқат белгілері байқалмаған сап-сау жігіттің денсаулығы кенеттен сыр берді? Әлде бұл жан тыныштығын ойламай, салы суға кетіп, сарыуайымға салына бергендіктің нәтижесі ме? Мүмкін бақыт құсын қолына қондыра алмағандықтың залалы шығар? Материалдық игілікке аса қатты алаңдамайтын және қызықпайтын, бір басына жетерлік дәулеті бар жігіттің жүйкесін жұқартып, жанын кемірген не қайғы? Шынында да адам түсінбейтін ақылға сыймайтын – қызық жағдай.
Дәрігерлер түрлі болжам жасап, сан алуан қырынан талқыласа да қауіпті дерттің нағыз себебін анықтай алмады. Көптің ішінде «бәлкім қояншық ауруы шығар» деп ойлағандар да жоқ емес.
Әдетте, мұндай жағдайда суреткердің туған-туыстарының айтқанына жүгінуге тура келеді. Неге екені белгісіз, Гюставтың немере қарындасы өз естеліктерінде бұл тақырыпты ­айналып өтіп, науқас ағасының дерті жөнінде бір сөз айтпапты. Әлде әлем мойындаған бауырының абырой-беделіне нұқсан келетінінен қауіптеніп, әдейі үндемеді ме? Француз классигінің о дүниеге өзімен бірге алып кеткен, анық-қанығына көзіміз жетпей тұрған ұстара сауалымыздың бірі осы.
Әрине, ұлы суреткер жөнінде жазылған мақалалардың, зерттеулердің, кітаптардың бәрін оқып тауысу әсте мүмкін емес. Күні бүгінге дейін француз классигінің шығармашылығын шемішкеше шағып, өмірбаянымен егжей-тегжейлі таныстырған еңбек­тердің есебі жоқ. Алайда мамандығы дәрігер болғандықтан жазушы жөнінде жазылған телегей-теңіз дүниелердің ішінен Рене Дюменильдің кітабына ерекше назарымыз ауды. Оның ­айтуынша, Флобер бала күнінен долылықты қоздыратын қояншық дертіне шалдыққан.
«Дерт – көп, денсаулық – біреу». Бір басына жазушылықтың азабы аз уайым әкелгендей, енді оған денсаулықтың дерті қосылды. Дәрі-дәрмекке тәуелді болып, оны уыстап ішемін деген ой Флобердің өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін. Амал нешік, басқа түскеннен кейін пешенеңе жазылған тағдырыңның әміріне көнбеске айлаң кәне?
Туған-туыстары жанын күтпейтін, шығармашылықтан басқа ештеңені де ойламайтын Флобердің қиын жағдайға ұшырауы мүмкін екенін іштерінен сезіп жүрген-тұғын. Мопассанның айтуына қарағанда, бала кезінен-ақ Флобердің денсаулығы аса жақсы болмаған. Ұлының өміріне алаңдаған әкесі жаны сергіп қайту үшін, қасына дәрігер қосып, оны саяхаттап қайтуға жібергені белгілі. Дәулеті тасып бара жатса да шет аймақта өмір сүретін байлардың бәрі де шетінен тиын-тебен санап қалған сараңдар. Сондықтан да емтиханды жақсы тапсырғаны үшін ғана әкесінің жүрегі елжіреп, ұлын ел көріп, жер көріп, көңілін сергітіп қайтуға жібергеніне сену қиын.
Ұмытпасаңыз, жастық шағында француз классигінің көңіл күйі болмай, сарыуайымға жиі салына беретін жігіт ­болып өскенін бұдан бұрын айтқанбыз. Гюставтың жаны жабырқап, көңілі құлазып, жиі-жиі торыға беруінің басты себебі денсаулығына ­байланысты еді.
Түндегі оқиғадан кейін қауіпті дертінің асқынып кеткеніне көзі жеткен ­Флобер жақсы табыс әкелгенімен, денсаулығы көтермейтін заң саласындағы жұмысын біржола тастап, енді тек жазушылықпен ғана айналысуға белін бекем буды. Бірақ сөз өнерінің азабы мен дертінің қаншалықты ауыр болып, қалай қиналатынын ол білген жоқ. Дертінің қаншалықты қауіпті екеніне көзі жеткен ол үйленбеуді ұйғарып, көзі жұмылғанша өнерге адал қызмет етуге серт берді. Дүниенің басқа ләззаты оны қызықтырған жоқ.
1845 жылы Гюставтың әкесі өмірден өтті. Дүние саларының алдында ол Сена жағалауынан үлкен үй сатып алған еді. Болашақ жазушының ендігі қалған өмірінің бәрі осы жерде өтті. Үйдің бірінші қабатында Флобердің шығармашылықпен айналысатын ат шаптырым бөлмесі болды. Жаңа қонысқа көшіп келе салысымен ­«талант дегеніміздің төзімділік пен табандылық» екеніне мойынсұнған ол бойын да, ойын да, жүріс-тұрысын да қатаң тәртіпке бағындырды.
Тәртіп жоқ жерде шығармашылықта береке болмайды. Өнерде шабыттың құдіретіне ғана сену барып тұрған ақымақтық. Ұлы дүние туғызу үшін мұрныңнан қан кеткенше тыным таппай еңбектену керек.
Таңертең тұра салысымен ­Флобер түске дейін кітап оқыды. Сағат бірден бастап шығармасын жазуға отырып, түн ортасына шейін орындықтан құйрығын көтермей, күніне 12-14 сағаттан тапжылмай жұмыс істеді. Шығармашылықтың қызығына қатты берілген уақытта оның ешкімді көруге зауқы соқпады.
Әкесінің өлімі аздай, бірнеше айдан кейін жалғыз қарындасы ­Каролина да кенеттен көз жұмды. Өнерден басқа құндылықты мойындамаған және сүймеген, жан-тәнімен оған берілген Флобердің тасжүректігі таңғалдырады. Қарындасы қайтыс болғанда бір туындысын бастап қойып, шығармашылық дерттің сиқыры оның бүкіл ерік-жігерін, ақыл-ойын билеп, сезімін жаулап алған-тұғын. Каролинаның қазасы туралы естелігінде, ол сол күні оны бір ойлардың жанына тыныштық бермей қайта-қайта мазалап қоштасу мен жерлеу рәсімінің аяқталып, жазу үстеліне тезірек жетуге асыққанын айтады.
Флобердің аса көп досы да болған жоқ. Өмірде араласқан ат төбеліндей азғантай достарын да ол өз мақсатына тиімді пайдалануға ­тырысып, қаламының сиясы әлі кеппеген жаңа шығармасын олармен бірге талқылауды үйреншікті әдетіне ­айналдырды. Пікірлеріне құлақ асып, шынайылығына күмән келтірсе шығармасын жыртып тастап, оны қайтадан жазып шығудан ерінбеді.
Негізінен, оның жақсы араласқан үш досы болды. Біріншісі – Альфред Лепутавеннің жасы жазушыдан біраз үлкен, екіншісі – Максим дю Канмен ол жоғары оқу орнында жүргенде ­танысты. Үшіншісі – Луи Буйле латын және француз тілдерінен сабақ беріп, нәпақасын тауып жүрген мұғалім. Үшеуі де әдебиетті жақсы көретін, ал Луи Буйле кейде өлең де шығаратын.
Каролина қайтыс болғаннан кейін қарындасының мүсінін жасатуға тапсырыс беру үшін белгілі мүсінші Прадьеге жолығуға Флобер Парижге аттанды. Тағдыр дегенді қарасайшы. Атақты мүсіншінің шеберханасында ол Луиза Колемен танысып, уақыт өте келе ол әйел де жазушының шығармашылық қиялына шабыт берген музасына айналды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.