Замана көшіп барады…

Дүниеден филология ғылы­мы­ның докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов өтті. Айықпас дертке шал­дыққанын білуші едік. Кешегі 31 мамырда – жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде көппен бірге қазақ ғылымының жарық жұлдызы, әкесі Құдайберген Қуанұ­лына да дұға бағышталды, Асе­кеңнің де аты аталып, әкеге деген сартап сағынышы мен шексіз құрметі көпке үлгі тұты­лып, өшпес өнеге ретінде бағаланды…
Алапат аштық, қуғын-сүргін зұлматы, қанқасап соғыс зардабы жүрегін жараламаған қазақ отбасы, саналы Алаш баласы бар ма екен, сірә, бұ дүниеде?!. Ал Асекеңнің қилы, қиын тағдыры біз үшін сол бір қоламтасы қоздаған зобалаң жылдардың символы, қара таңбасындай еді. 1937 жылдың 17 қарашасында әлі аты да қойылып үлгермеген шақалағын ­бауырына қысып, босағадан аттаған Раушан анамыз отбасының ойранына тап болды. Тіміскі тінту… Ғалымның шаңырағында сірескен кітаптар мен қобыраған қолжазба қағаздан басқа не ­болушы еді, түсі суық жендеттер түп көтеріп бәрін «қара қарғаға» тиеді. Қол-аяғын матап, қазақтың бағына біткен жалғыз тілші-профессорын да келмес сапарға алып кетті. Алты баламен анамыз аңырап қала берді. Арада үш ай өткенде таңға таман ақырын-ақырын терезе қағылды. Жан алғыш НКВД-ның жүрегінде қазақтығы өшпеген бір міскіні болса керек, құмыққан, жарықшақ даусы ғана естіледі: «Қазір жиналып, Алматыдан кетіңіз… Ертең сізді де тұтқындайды. Балаларыңыз детдомға жөнелтіледі…». Міне, содан 1955 жылға дейін анамыз бен алты бала бас сауғалап, Алматыдан жырақта көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды…
Университет бітіріп, Ғылым академиясы­ның Тіл білімі институтына қызметке орна­ластық. Алғашқы тапсырмамыз Қ.Жұбановтың ­мерейтойына дайындық, кітаптарын қайталап бастыру болды. Алғашқы іссапарымыз – Жем бойына, Ақтөбе – Темір – Орқаш совхозына дейін той қамымен барып қайту. Бізге көне заманнан аты жеткен аңыздай болып елестейтін ғалым атамыз сонда тірі болса 80-ге толмақшы екен… Алаш арысының былтырғы 120 жылдығына дейін әрбір бес-он жыл сайын мерейтойы аталмай қалмады, дүбірлеген конференция-жиындар өтіп жатты. Осы жылдар белестерінде «Әліппе» оқулығының авторы Мүслима Құдайбергенқызымен, ­талай жыл Алматы суретшілер училищесін басқарған Ақырап ағамен, біртуар ғалым-азамат, филология ғылымының докторы, профессор Есет аға-досымызбен таныс-туыс, оларға қолқанат бола білгеніміздің өзі, еске алсақ, бір дәуренді дәуір…
Ал Асқар ағамыздың ­ма­­ман­дығы физик-математик, Ауыл­шаруашылығы институтында оқытушы болып жүреді. Ол жылдары ұзақ уақыт Тіл білімі институтын ғұлама ғалым, өзі де кезінде қуғын-сүргінді көп көрген академик Ісмет Кеңесбаев басқаратын (өкінішке қарай, қазақ зиялыларының жікшіл тобы ол кісіні бертінде ағаш атқа теріс мінгізіп, орынсыз күстәналады). Заманының жаңашыл, озық ойлы директоры сонау 1970 жылдары Мәскеу мен Киевтен кейін үшінші болып, Қазақстанда алғашқы экспериментальды фонетикалық лаборатория ашты. 20-дан астам түркі тілінің ­мамандары Одақтың әр қиырынан келіп, мұнда тәжірибе-зерттеу жүргізіп, диссертацияларын қорғады. Тек қана түркі тілдері фонетикасы ғана емес, түрлі-түрлі ғылымдар тоғысында пайда ­болып, әлеми ілім-білім дүниесінде енді-енді қолға алына бастаған математикалық-статистикалық ­лингвистика, тіл білімінде компьютерді (ол кезде ЭВМ) қолдану, машиналық аударма мәселелері сол І.Кеңесбаевтың, Қ.Бектаев сынды шынайы ғылым жанашырларының арқасында өркен жайды. Міне, осы тұста аталмыш лабораторияға Ісекең өзінің аяулы ұстазының сүткенжесі Асқарды жұмысқа шақырды. Ал Есет ағамыз ­талай жылдан осы Институттың білдей қызметкері. Сөйтіп, қос Жұбанов қазақ тіл білімінің қос бағытында – Есеағаң фольклор­танушы, қазақтың қара сөзінің қаймағын сапырған ақынжанды энциклопедист ғалым, ал Асекең қазақ математикалық лингвистикасының негізін қалаушылардың бірі – көшбасшы болумен бірге бар күш-жігерлерін жұбановтануға, әке аруағына қызмет етуге арнады.
Бүгінде аты аталған ғалым-азаматтардың баршасы бақилық болды. «Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» демекші, замана көшіп ­барады… Бабалардың көзіндей Ана тіліміз, дүниенің кілті – төл ғылымымыз, ағалар уығын биіктеткен Тіл білімі көші тоқталмас, байсалды жол-жоба ғұмырлы болар деген үмітіміз зор.

Профессор
Ғарифолла ӘНЕС

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.