Ұлтымен рухтас ұл

Білімдар ғалым, абыз ақсақал дәрежесіне жеткенде өмірден озған Тұрсынбек Кәкішұлы: «Бір шаруа ­жасаса «Мен істедім» деп даурықпай, әрбір істің орайын келтіріп, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп жүретіні – ата қанымен, ана сүтімен бойына сіңген қасиет екендігінде дау жоқ… Қарияны қадірлеу халқымыздың қанына біткен дәстүрі десек, кейінгі жастар мұны да ескермей жүрген сияқты көрінеді. Ал Серік інім мұны өзінің берік ұстанымына айналдырған» деп, алға тартады. Ғалымның Серік деп үкілеп отырғаны – Серік Үмбетов…

Серік Әбікенұлымен Қарқара көтерілі­сінің 90 жылдығына арналған, Ереуіл­төбеде өткен жиында кездестік. Қарақұрым халық арыстарды еске түсірді. Ол кезде Үмбетов Алматы облысының әкімі болатын. Мен басшы, сендер қосшы деп, ол төрге ұмтылмады, тікесінен тік тұрып, аталық жолы бар үлкендерді, алыс­тан келген қонақтарды өрге ­оздырды. Өзі жақтау орынға жайғасты. Қасында келісті ақсақал отырды. Жұрт жайғасып болған соң бата сұрап, Құран бағыштатты. Дастарқан тізгінін өзі ұстап, басалқы кейіпте қонаққа қызмет ету міндет екенін тілге тиек етіп, салиқалы сөз қозғап, білетіндерді таныстырып, біле қоймайтындарына өздерін таныс­тыруларына мүмкіндік берді. Кезегіміз келгенде Сөгетіден (Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданы) екенімізді ести сала: «Ә, Сәкеңнің аулынан болдың ғой. Сәкең деп отырғаным, біздің облыстағы ел ұйытқысына айналған, кезінде тыңнан шаруашылық құрып, оны құтты қонысқа айналдырған Сағыныш Есбергенов ағай ғой. Мен облысқа әкім болып келгеннен кейін аз күн өте салып ақ тілегін жеткізу үшін Іленің арғы бетіндегі Талдықорған қаласына ат ізін салды. Ағалы-інілі болып әңгімелестік. Бұйымтайын сұрағанымда: «Қара басымның қамы емес, Серік інім, ұрпаққа қажет бір мәселе бар еді» деді. «Іркілмей айтыңыз, аға!» деп едім: «Кеңшарымыз дүркіреп тұрғанда 1176 балаға арнап білім ұясын салған едік. Енді бітіре бергенде, аумалы-төкпелі ­заман киіп кетіп, аяғына шығара алмадық. Оқушыларға арналған су бассейні бітпей шала қалды. Соған бір көмек берсеңіз» деді. «Ел деген аға сөзін қалай ескерусіз қалдырарсың» деп бір түйіп тастап, дастарқанның қорытынды сөзін Тараздан арнайы келген Жамбыл облысының әкімі Б.Жексембинге беріп, одан соң «Бата жасаңыз» деген емеурінмен қасындағы қарияға қарады. Ол кісі: «Иә, менің жасым үлкен болғанмен, осы жолғы батаны жасы кіші болса да жолы үлкен азаматқа жүктесем деймін» дей бергенде, Серік Әбікенұлы: «Дария қасынан құдық қазбайды. Бізге бата беру уақыты келеді» деп, ұлттық салт-сана ешкімнің бет-беделіне, жас шамасына қарамайтынын көңілге тимейтіндей етіп жеткізгенде, қария ағыл-тегіл бата жасап, азаматтарға бақ тіледі.
Ұлтым бар, халқым нар деп жүретін Серік Әбікенұлы үш рет облыс әкімі, Ауыл шаруашылығы министрі қызмет­терін мінсіз атқарса, бұл күндері Парламент Мәжілісінің депутаты. Оған сеніп тапсы­рылған барлық сала жұмысы жүйелі жүрумен қатар, тың ізденістерге бару қадамы да жалғасып отырған. Қазір Алматы, Жамбыл облыстарына барсаң «Үмбетов­тен қалған үлгі» деген риза сөздерді естігенде,«Бәрекелді, азаматтың ісі мен сөзі бір жерден шыққан екен» дейсің. Оны санап көрсең он саусағыңды үш еселеуің керек. Елбасы тапсырған құрылыс саласы, газ мәселесі, ­ауылды көркейту, ауылшаруашылығын жетілдіру, атаулы күндерді естен шығармау, рухани жаңғыруды түлетіп отыру, ел ардақтыларына құрмет көрсету ісін назардан шығармау, тұрғызылған ескерткіштерді күтіп-баптау, имандылыққа иба, тілге, өнерге, әдебиетке – олардың өкілдеріне көрсетілетін ізет пен инабат – осылай жалғасып кете береді.
«Атаның баласы болма, адамның ­баласы бол» деген дана Абайдың дара сөзін әркез ойына түйіп, көңіліне орнықтырған Секең туралы үлкен-кішінің сүйсіне айтқандары аз емес. Тілеуқабыл Төребеков: «Серік Әбікенұлы Жамбыл ­облысын көтеріп кетті. Облысымыздың экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы айтарлықтай өсті. Ол – ұлтымыздың ұлы, ата-тегіміздің, ұлттық қасиеттеріміздің көзі, ­тарихта көрнекті орын алатын тұлға. Оның болмысын, әсіресе оның адамгершілік қасиеті, жолдастық қасиеті, азаматтық ісі жаңа заманда өсіп келе жатқан кадрларға, жас ұрпаққа үлкен үлгі» десе, Уәтәй Әлімқожаев: «Ол кісінің және бір ерекшелігі, ақсақалдарды қатты сыйлайтыны. Қариялармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отыратын. Көне қалада «Жастар сарайы», «Баласағұн» мәдениет орталығы, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана, облыстық театр, орталық стадион, тағы басқа ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді» дейді де, бұдан өзге де өңірде қырыққа жуық ескерткіштің бой көтергенін, оның көш басында арғы ғасырдағы Бәйдібек баба тұрғанын тілге тиек етіп, саптағы сарбаздай еңселі ескерткіштерді кешегі нағыз халық батыры Бауыржан Момышұлы түйіндеп тұрғанын дәйекке келтіреді.
Биік мансап, биік жартастың көлеңкесінде қалып қоймай, қарапайым халықтың қатарынан табылып, қайырым жасауды парыз деп ұққан адам парасат мәртебесінен көрінбей қоймайды. Бұл тұрғыдан келгенде, азаматтың азаматтық ісі жетіп артылады. Оған дәйек болар мысалдар да баршылық. Мәселен, Қазипа Шыныбекова деген кейуана тумысынан мүгедек, 17 жастағы Мәлік атты немересі компьютер болса қарап отыра бермей, тапсырыс алып, табыс табуға ниет етеді. Ата-анасының да, әжесінің де бұған қолы қысқа еді. Қысқа жіп күрмеуге келмейтіні және бар. Бір саналы азаматша баланың талабын тасқа ұра бермей, облыс әкімі Үмбетовке өтініш хат жіберу керектігін айтады. Әжесі оны бұлжытпай орындайды. Апталар өтеді. Бір күні аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі келіп, «Әкімге жазған хатыңызды алдық» дейді. Ана: «Сендерге емес, Үмбетовке жазып едім ғой» ­дегенде, өкіл: «Иә, сіздің мүгедек балаңызға компьютер әпере алмаймыз. Оған бюджеттен қаржы қарастырылмаған» депті. Салы суға кеткен ана «Бәрінің тілі бір болды-ау!» деп, отырып қалады. Өзіне-өзі келген соң, шешінген судан ­тайынбас деп, «Тікелей Үмбетовке» ­деген белгімен екінші рет хат жолдайды. Бір күні жүздері жылы, ­жайдары екі жігіт келеді. Аты-жөнін сұрайды, «Мәлік қайда?» дейді. Іштей күбірлеп: «Е, сендер де бір сылтауды көлденең тартқалы тұрсыңдар-ау» деп, сәл ыңғай бермей, артынан «Қазипа мен боламын» дейді. Әлгілер «Біз ­облыс әкімшілігінен келіп тұрмыз. Сіздің хатыңызға орай Үмбетов мырза Мәлікке компьютер сыйлап отыр. Қосымша жағдай ­жасауды аудан әкіміне ­тапсырды» дегенде, әженің көзі жасқа толып, «Немеремді шаттандырған шапағатына мың алғыс!» деп, аналық алғысын білдіреді. Көп кешікпей мамандықтарына орай ­баласы мен келіні де жұмысқа тұрады. Бұл мыңнан бір ­мысал.
Ал жастайынан жалындап шығып, өсе келе шаруашылық басқарып, ­талайды тамсандырған Еңбек Ері, қазақтың қайсар қызы Зылиха Тамшыбаева: «Көп жерде үмітімді жандырған Үмбетовтің жүзіне алғаш рет қарағаным есімде. Орта бойлы, түсі жылы, жанары өткір, уытты екен. Кере қарыс маңдайы да келісті екен. Халқымызда обал, сауап, борыш деген иманды сөздер бар. Оған екінің бірі иба жасамайтыны да мәлім. Әлгі үш ауыз сөз Секеңнің жүрегіне алтын әріппен жазылған. Ол ешкімге обал жаса­майды, тек сауабын тигізеді, борышын адал атқарады. Маған тұлға сөзі ұнайды. Тұлғаның өлшемі ізгілік пен парасат дейді екен ғалымдар. Мен Серікті тұлға деп білемін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарих бізден бастал­ма­ған, бізбен аяқталмайды да. Өкше­леп өсіп келе жатқан ұрпақтарға бізден де үлгі-өнеге, ұлттық тағылым, кісілік, иман­дылық мұра болып қалуы тиіс. Міне, осындай ұрпақтар алдындағы жауап­кер­шілікті Үмбетов жақсы түсінеді. Түсініп қана қоймай, ізгілігін өрелі ісімен де ұш­тас­тырып жүреді. Ізгілік те, кісілік те адам­заттың мәңгілік құнды қасиеттері» депті.
Тағы бір ұлт өнерінің жарық жұлдызы Мақпал Жүнісова Серік Әбікенұлы мен жары Ермекгүл туралы: «Ол кісілер Зәкең­нің көзі тірісінде біздің үйімізге қонақ болып, бір кесе шай ішкен адам емес. Қоян-қолтық араласқан жоқпыз. Сонда да «Айналайын Мақпал, жағдайың қалай болып жатыр, көмек керек пе?» деп хабар­ласады. Одан ол кісілер кішірейіп қалған жоқ» дейді.
«Жасыңнан жаным сүйген Серігім ең, Жүремін мақтан етіп сені кілең» деп жыр тұлпары Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев айтпақшы, Серік Әбікенұлы жайлы асыл аға саналатын үлкендер шоғыры, мақтан етіп жүретін тұстастары, ізетті інілері, қалың қауым аз емес екеніне «Ел Серігі» атты кітапты парақтап отырғанда көз жетті. Ғасыр жасаған абыз қария, батагөй жан, ауыл шаруашылығының айтулы өкілі, Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев «Жолың ақ болсын, Басыңа бақ қонсын, Мұратың асыл, Ниетің қабыл болсын» деп бата берсе, қазақ ғылымының қазіргі ­айтулы өкілі, академик Серік Қирабаев ағынан жарылып: «Серік Әбікенұлының бойында қиындыққа қасқайып қарсы тұрарлық махамбеттік өрлік пен кенесарылық жан пидалық бар екенін бәріміз білеміз. Бүгінгі қалың әкімдердің арасында Алаш тарихын ардақтап, өткенге салауат айту да Серіктей іс тындырған әкімді әлі де кездестірген жоқпын» дейді. «Қой бақсақ та ой түйіп жүреміз» деген атақты шопан Еңбек Ері Жолсейіт ­Молдасанов «Мен «тегіне тартқан текті ұл» деген қазақы даналыққа бар ойымды сыйғызғым келеді» депті.
«Адал еміп ақ сүтін арлы ананың, Сардары боп жетілдің сар даланың» деп, кейде бас асауы бар арқалы ақын Рафаэль Ниязбек арғы-бергі кезеңдерді өлең өрімімен өрнектесе, қарт ақын Мыңбай Рәш: «Майда қоңыр мінезі, Сырдың тұнық суындай» депті. Белгілі қаламгер Жүрсін Ерман Серік замандасына «Өнерге, тіл, дәстүрге дос Үмбетов» деп басталатын жырын арнапты. Хан Тәңірдің бір қыраны Еркін Ібітанов үлкен сенім артып: «Өзіңмен бірге жанам, бірге сөнем! Сондықтан да былайша тілдесер ем: Мен Серікке сенемін, өз інім ғой, Өз ініме сенбесем, кімге сенем!?» деп алып, артынан: «Мың алғыс саған бүгін, Серік інім, Ұшырдың көкке қарай мені бүгін. Өйткені Еркін атты пақыр ағаң, Шалқайып ішінде отыр көлігіңнің» деп, өлеңді қарша бұратыпты.
Қырық жеті жасында қызметтен кетіп, біраз тауқымет тартқан қоғам қайраткері, парасатты кісі Кеңес Аухадиев: «Үмбетов менің уақытымда үлкен қызметке өспесе де, «Сіздің тәрбиеңізді көрдік» деп үнемі ай­тып жүреді. Міне, адамгершіліктің ас­қақ үлгісі» деп, ағалық ілтипатын білдіріпті.
…Жан дүниесін ұқсаң, әке қазына, қамқоршы, қарауылдай әр қадамыңды бақылап отырады. Жақсыңа сүйінеді, жаман қылық көрсетсең кейде ашық айтып, кейде іштей күйінеді. Аққайнар ауылындағы Үмбет әулетінің құт мекенін, қара шаңырағын қалыбында ұстаған жаны жайсаң жақсы, жүрегі жұмсақ Әбікен, бір жылы, наурыз айы туғанда, жары Көкенге: «Тәубе, мен майданнан аман оралдым, он баланың әкесі атандым, сен он баланың анасысың. Алланың нұры жауса, он бала он шаңырақ ­болады. Әулетіміздің күре жолы ұзарады. Мен балаларға естелік болсын деген ниетпен сүмбі талдан он шыбық ексем деп отырмын» дегенде, Көкен: «Ауламызда ағаш аз бе еді?» деп қалады. Ері айтқанынан қайтпайды. Үйінің шығыс жағына түп-түзу өскен он шыбықты отырғызады. Еңбектен кейінгі бар тірлігі сол он шыбықты күтіп, баптауға арналады. Кейін он шыбықтан он мәуелі бәйтерек өсіп, көш жерден көрініп, енді бар ұрпағының саясына айналған.
Әке туралы сөз болғанда Секең толқи отырып, әңгіме тиегін ағытады. Сөз ұстап, өлең де жазғанын еске түсіріп: «Қатарым бүгін менің қартаң тартқан, Жетпіс бес, сексен жасқа иек артқан. Жырымды қабыл алғын жас ұрпағым, Естелік болып қалсын, мендей қарттан» деген төрт жол өлеңді тамылжытып жатқа оқыды. Одан кейін әкесі туралы төмендегі естелікті алға тартты: ­«Балам, – дейтін әкем, – мынаны есіңе ұста. «Бір қозы туса, бір тал жусан артық шығады. Тар болма, қазақтың жері кең ғой, кең бол. Сендерге арнап он шыбық егіп едім, мәуелі он бәйтерек болды» ­дегенде: «Біз де сізге ғажайып ескерткіш қоятын ­боламыз» деп едім, әкем сәл тыныстап алып: «Қолыңнан келіп жатса қазақтың жерін жаудан қорғаған Бәйдібек бабаға, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, ­Шапырашты Наурызбай, Райымбек, өзге де батыр-бағландардың атын жаңғыртып, кейінгіге үлгі боларлық белгі қой» деді.
Иә, әке сөзін қалт жібермей орындау бала үшін парыз, әрі қарыз. Серік Әбікенұлы жүрген жерде жақсылардың аты асқақ естілсе, оған ол ұйытқы болса, әкенің аманатын ақтағаны деп біліңіз. Мына бір оқиға ой салады: Әбікен қария өмірден аттануға бет бұрып, әл үстінде жатқанда бір құс ол жатқан бөлменің терезесін қос қанатымен сабалапты. Сол сәтте терезе ашылып кетіп, Әбікеннің бас жағында отырған ақ қанатты құс сыртқа шығып, серігімен бірге тұңғиыққа сіңіп кетіпті… «Сол күндері «Серік келсін» деп әкем сәлем айтыпты. Қауырт жұмыстан шығып, мен жеткенде түн ортасы ауып кеткен. «Талқаным таусылайын деді-ау, еліме де, бәріңе де ризамын. Алланың аманатын тапсыру да парыз. Саған ақыл емес, өсиет айтайын, ақылың жетеді. Алай-бұлай болсам, мені ауыл адамдары жатқан төбеге жерле. Елден ерекше белгі қоямын деп әуреленбе, оны қаламаймын. Пенденің бір-бірінен артықшылығы жоқ, Алланың берген нәсібі мен өзінің ниеті ғана басқа. Тағы бір айтарым, алдыңа келген адамға қайырымды бол. Жарлы-жақыбай, кем-кетікке бірінші қамқорлық жаса. Жұдырық жұмылса бітпейтін не бар. Ел адамы, жұрт кісісінің өмірі ұзақ болады, ұрпағы оны ұмытпайды. Осыны да есіңде ұста» дегенде: «Олай демеңіз, бұл сырқаттан жазыласыз» деп едім, жауап қатпады. Сөйтіп, ардақтым 1996 жылы 73 жасында фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете барды. Мен бүгін де әке бейнесін көз алдыма келтіргенде айтқан сөзі көкейімде қоңыраудай сыңғырлай жөнеледі. Тілегін орындап жүрмін бе деген сұрақ ет жүрегімді тайдай тулататын кез де аз болмайды» деген Серік Әбікенұлы ішкі сырын бүкпесіз ақтарып, Мұқағали ақынның: «Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел ­менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын» деп келетін төрт жол өлеңмен ойын тұжырды.
Әкеден дарыған қасиетті, анадан жұққан өнегені түсінген сәулесі бар ұл-қыздың жолы бұралаң ­болмайды. Күлмәрия, Серік, Мұхит, Ғабит, Гүлжанат, Гүлжауһар, Бақыт, Света секілді ұрпақтың анасы Көкен Ысқақбайқызы да: «Бақытты балаларымыздан таптық. Бәріне шүкіршілік жасаймыз. Қарапайым жұртпен қашанда біргеміз. Халқым аман, жұртым тыныш болсын» деп, Алласын аузынан тастамаған иманды жан екен. Осының өзінен-ақ қайраткер азаматтың ата-анасы халық ортасынан шыққан, мені кем, алды кең, көптің қатарынан табылғанын аңғарасың. Мұның бәрі тек тамырдағы кісіліктің белгісі екені сөзсіз. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жақ­сылықтың дәйегі екені анық. Көкен ананың жалғыз бауыры Нұрман ­Ысқақ­байұлы майданда Гастеллоның ерлігін қайталап, қыршын жасында мерт болыпты. Елге аман оралған Әбікен екеуі от жағып, отасады. Ерлі-зайыптылар тұңғыш қыздары Күлмәрия өмірге келіп, үш ай өткен соң, қыздың орнын қыз басты деп, ата-анасының бауырына ­салады. Ол ұлдың орнындағы ұл, қыздың орнындағы қыз болып, қос мұңлықтың түтінін күні бүгінге дейін түтетіп келеді. Көкен жалғыз бауырынан үмітін үзбейді, күні ертең келетіндей күтіп жүреді. Әжесінің аңсарын естіп өскен Дәурен Серікұлы нағашы ағасының жерленген жерін ақырындап іздестіре жүріп, ­Варшава қаласындағы бауырластар ­зиратынан табады. Сол боздақ жерленген жерден топырақ әкелу сапарына біз де куә болып едік. Орнында бар оңалар деп, сол жолы Дәуреннің зеректігіне, үлкендердің үлгісіне, ата, әке дәстүріне беріктігіне көңіл иланды.
Өзгеге үлгі болар Үмбетовтің тағы бір табысы рухани құндылығымызға зерделілігі дер едік. Халықтық салт-санаға беріктігі, сөз құдіретін түп ­тамырынан түсінетіні, бабалардан қалған жауһарларды саралай отырып, өзінің де аталы сөзге шеберлігі бірден байқалады. Ол үшін шаруашылық пен рухани құндылық қос қанаты секілді десек, қателеспейміз. «Ой иірімдері» деген кітабында дәстүр-салтымызды, ұлттық болмысымызды, рухани түп тамырымызды сақтап қалуды жан-жақты айтып, бұл әр қазақтың міндеті дегенді көлденең тартады. Сөз құдіретін тереңінен түсінетін Елбасының байламдарына да ой жіберіп, бақ пен байлық бірлікте дегеніне ден қояды. Еліміздегі киелі орындар туралы жазбаларында, елден естіген аңыз-әпсаналарды түртіп алып жүретінін ұқтық. Әсіресе, дара данышпандардың қанатты сөздерін, ұлтымыздың тілі мен ділін, өміршең өнерін, оның айтулы тұлғаларын, жалпы қазақтың жақсыларын әңгіме арасында келтіріп отыруы да Серік Әбікенұлының зерделілігін аңғартатындай. Мұның бәрі оның «Өмір өрнегі» деген кітабынан орын алған. Сөз түйінін, ұлт ұлына айналған азаматтың төмендегі терең ойымен қоры­туды жөн көрдік: «Ұлт мәдениеті дегеніміз тек қана ән салып, би билеп, ою ойып, кесте тігу ғана ма? Тіптен де олай емес. Әрбір халықтың ең алдымен төл мәдениеті болу керек. Тілі тірегіне айналуы тиіс. Ол сонда ғана өміршең, сонда ғана ғасырлар сынына төтеп беріп, болашағын жалғастыра ­алады. Рухы әлсіз, мәдениеті нәрсіз, тіліне ұқыпсыз қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылып кетті. Олардан қалған адамдар, мүмкін бар да шығар. Түр-түсі, бой-бітімі сол бұрынғы өз ұлты­ның тұрпатына ұқсайтын да болар. Бірақ бұрынғы бүтін ұлт жоқ. Құдайым бізді сон­дайдан сақтасын». Осындай ой айтқан ұлтымен рухтас ұлдың сан қыры мен бір сыры осы байламды сөзде жатыр деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.