НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА немесе «Домбыра» ұлттық телеарнасы хақында

Қазақтың қуанса, көңілін бөлісетін, қайғырса, қайғысын азайтуға септігін тигізетін қоңыр үнді домбыра аспабынан шыққан күмбір күй мен домбыраға қосыла әуелете салар әуезді ән рухымызбен үндес, тарихымызбен сабақтас екені ықылым заманнан аян.  Кезінде классик ақынымыз Қадыр Мырза-Әлі: «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлағанындай, домбыра қазақтың қаны, қазақтың жаны. «Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда» деп балалар әнге қосқандай, домбыра халқымызбен біте қайнасқан құдірет, домбыраны қазақтан бөліп ала алмайтындай ерекше қасиетті аспап. 

Өзіміз ес білгелі Қазақ радиосынан күмбірлеген күй мен әсем әнді тыңдап өстік. Зердемізге тоқыдық. Әнші болуды армандадық. Қолымызға еріксіз домбыра ұстап, бір-бірлеп шертіп отырып әнге қостық. Отбасымыз өнерлі болды. Ес білгелі қолымнан домбыра түскен жоқ. Қуансам да, мұңайсам да домбыраны тарта отырып, көңіл-күйімді реттей білдім. Соның әсері – Жүсіпбек Елебековтей дарынды әншінің алдынан дәріс алып, өнерімді шыңдадым. Домбыраның арқасында өмір бойғы рухани азықты өнерден таптым әрі өмір бойы ұлттық өнерді дәріптеп, зерттей білген өнер зерттеушісіне айналдым.
2018 жылдың 1 шілдесінде Елбасымыз домбыра күнін белгілеп, үлкен оркестрлер Астана төрінде өнер көрсеттті. Бүгінгі перзидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы оқу жылында мектеп бағдар­ламасына домбыра сабағын қосқызып отыр. Домбыраға құрмет болмады деу – артығырақ.
Бірақ соңғы жиырма жылдың көле­мінде эстрадаға көбірек көңіл бөліп, домбыра мен қобыздың жетім баланың күйін кешкені жасырын емес. Өзім Қазақ радиосының Музыка редакциясында көп жыл еңбек еткен кезімде халық музыкасын азырақ, эстрадалық әндерді көбірек насихаттаған уақыттың куәгері болдым. Бұл шешім жоғарыдан келген­діктен, редакторлар тек орындаушы міндетін атқардық. Телеарналардың барлығында эстрадамен ән айтқандардың күні туды да халықтық дәстүрлі өнер кенжелеп қалды. Бірақ мамандар дайындауда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі, Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясындағы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы халық кафедраларынан, сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіндегі дәстүрлі өнерді насихаттайтын бөлімдерден жылма жыл түлектерін ұшырып отырады. Дәстүрлі әншілердің көбі домбырамен көпшілік қабылдамайды деген оймен эстрадаға ауысып жатады. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейін дәстүрлі өнерді насихаттаушы өнер иелеріне қамқорлық тым аз болды.
Бір кезде «Мәдениет» телеарнасы дәстүрлі өнер бағытында жемісті еңбек етсе, кейін жабылып қалып, «Мәдениет және білім» телеарнасы біраз жұмыс істеп, ол да жабылып қалды. Ал енді осындай шырғалаң уақытта халық өнеріне кім қамқор болады, қай телеарна атсалысар екен деп жүргенде «Домбыра» ұлттық телеарнасы ашылып, қолына домбыра ұстаған өнер иелері бөріктерін аспанға атып, қуанды. Бұл 2019 жылдың наурыз айы болатын. Бүгінде ID-TV – кабелдік желісі арқылы, сондай-ақ YouTube арқылы таратылып отырған бұл телеарна тәулігіне 24 сағат бойы ән-күй, жыр-терме, шығармашылық концерттерді насихаттап отыр. Эстрададан әбден шаршаған қазақ халқына бұл үлкен сый емес пе?! Бір жылдың ішінде мыңнан астам ән-күй, жыр-терме, жүзден астам сүбелі хабарлар көгілдір экраннан көрсетіліпті.
«Домбыра» ұлттық арнасының директоры Қанат Ержігіттің айтуынша, алға қойған мақсат айқын, жоспар мағыналы:
«Халықтың ұлттық өнері мен дәстүрін насихаттайтын әр саладағы көрсетілімімізге жоспарымыз дайын. Атап айтсақ,
1. «Ұлы дала әуендері» жобасы. Қазақ даласындағы барлық әнші-күйшіні қамтып, эфирге шығару.
2. «Өнер мектебі». Республи­ка­мыздағы өнер ошақтарындағы жас дарындар жайлы хабар ұйымдастыру, жеке-жеке өнерлерін жазып алу.
3. «Асыл мұра». Өмірден өткен сахна саңлақтары жайлы, өнер зерттеушілер, композитор, орындаушылар жайлы хабар әзірлеу.
4. «Салт-дәстүр». Халқымыздың салт-дәстүрін көрсете отырып, жастарды тәрбиелеу.
5. «Ата кәсіп». Қолөнер шеберлерінің еңбегін насихаттау, өзара тәжірибе алмастыру сынды мәселелерді көтеру.
6. «Жеті қазына» Қазақ халқындағы жеті қазынаға жататын дүниелерге байланысты хабар түсіру. (Жүйрік ат. Қыран бүркіт, Құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік туралы бағдарламалар).
7. «Ақсақалдар алқасы». Қариялардың ақыл-кеңесі, ақ батасы туралы хабарлар көрсету.
8. «Асыл ана». Баланы ұлттық рухта тәрбиелеу туралы отбасылық хабар жасау.
9. «Домбыра үйренейік». Балаларға, үлкендерге телеарна арқылы домбыра үйрететін хабар дайындау.
10. «Айтыс». Әр жастағы (үлкен, орта буын, жастар) және мектепаралық айтыс ұйымдастыру.
11. Шығармашылық кештерді түсіріп, насихаттау.
12. «Маусымашар». Облыстық филар­мо­ниялардың өнерін жазып алып насихаттау.
13. Фольклорлық экспедиция жасап, ел ішіндегі, сирек орындалатын шығар­маларды жазып алу.
Міне, осындай мақсатымыз бар» дейді телеарна басшысы.
Осы жоспарды орындау үшін, біріншіден, министрліктен, екіншіден, қалталы меценаттардан қолдау, көмек қажет. Ғимаратты жалдау ақысы, эфирдің абоненттік төлемі, VPN optica, видеоинженер, редактор, операторға төлейтін қаражат жетіспеудің кесірінен көп мехнат көріп отырған телеарна бастаған істі тастай салуға, телеарнаны жаба салуға обалсынып отыр. Бұл қазақ халқының рухани орталығы, рухани байлық сыйлайтын қайталанбас телеарна. Осыны бағалай білсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Арнайы концерт, айтыстарды түсіретін үлкен павильон мен әнші-күйшіні, жыршы-термешіні түсіретін кішірек павильон жұмыс істеп тұр. Әнші-күйшілер киінетін, бетін әрлейтін бөлме де бөлек бар. Бүгінде түсіру павильонына киіз үй, көрпешелер, кілем, ұлттық дәстүрдегі бұйымдар аса қажет.
Бір «Алма ТВ»-дің желісіне, кабельдік жүйеге қосылуға 3 миллион 400 мың теңге қаржы керек. «Отау ТВ»-ның төлемі үшін 2 миллион 500 мың теңге қажет екен.
Телеарна басшысы Қанат Ержігіт тиісті министрлікке «Отау ТВ» желісіне шығаруға өтініш жасағанымен, «Домбыра» телеарнасында ақпараттық-танымдық хабар мен ретрансляция қосу жүйесі» жоқ деп, эфирге қосуға асықпай отыр. Халықтық мүддені қолдап, келешек ұрпағымыздың ұлттық санасының оянуына, ұлттық дәстүрді біліп, ұлттық өнерімізбен тәрбиеленуіне бірден бір ұйытқы боларлық «Домбыра» ұлттық арнасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі немесе ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қарамағына алып, қамқорлық танытса, халық үшін де, арна үшін де үлкен көмек болар еді. «Жалғыздың үні шықпастың» керін көріп отырған бұл ұжым қамқорлыққа аса зәру.
«Осы уақыт аралығында Елбасыға, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Парламент төрағасы Н.Нығматул­линге, депутаттар Бекболат Тілеухановқа, Қуаныш Сұлтановқа, Сауытбек Әбдірахмановқа, Нұртай Сәбиляновқа өнер адамдарының үндеуін жеткізген телеарна басшысы Қанат Ержігіт жаңа министр Аида Балаеваға үлкен үміт артатынын баса айтты.
Бүгінгі күні бар шаруа қаржыға келіп тіреліп, тығырықтан шыға алмай тұрған «Домбыра» телеарнасына халық болып қолдау көрсетпесек, мақсаты айқын ұжымның жабылып қалу қаупі басым болып тұр. «Көп түкірсе – көл» дегендей, көмекке аса зәру «Домбыра» ұлттық телеарнасының өркендеп дамуына атсалысайық! Келешек ұрпағымыз ұлттық өнеріміздің қасиетін бойына дарытқанда ғана отанын, елін, жерін, ұлттық дәстүрін сүйген тамаша ұрпақ қалыптасады. Осы жолда бәріміз атсалысайық! Ұлттық өнеріміз өркендесін, Отанымыз аман, ел іргесі тыныш болсын!

Алтын Иманбаева,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.