ЕҢ КЕРЕГІ – ЕЛДІҢ АМАНДЫҒЫ

Аягүл МИРАЗОВА,
ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері:

Ел мен жердің жағдайы осы күні кім-кімді де алаңдататыны сөзсіз. Еліміздің мерзімді басылымдарын оқып отырып, өмірден қайтқандардың қаралы хабарына көзім түскенде жүрек сыздайды. Қандай асыл азаматтар, тұлғалар өтті өмірден. Біз танитын, танымайтын қаншама адам көз жұмды. Қаншама сансыз сырқат дерттің ауыртпалығын тартып жүр. Шүкір, жазылып жатқандар да бар. Барлығына көңілің алаңдайды, барлығы үшін уайымдап, тілек тілейміз.
Тәуелсіздік алғанымызға енді ғана отыз жыл толғалы отыр. Жеріміз кең, еліміз жас елміз. Жан-жағымыздан індет анталап тұр. «Жыртық үйдің құдайы бар» дейді қазақ. Сол құдайдан күніге амандығымызды тілеп оянамыз. Құдай да іс-әрекетімізге, ниетімізге, пиғылымызға орай беретін шығар. Сондықтан ниет түзу болсын, пейіл ақ болсын! Ең бастысы, індеттен сақтану шараларын қатаң сақтайық. Біздегі ел мен жердің тұтқасы болып отырған азаматтарымыздың сөзіне құлақ қоялық.
Иә, бірлігі бекем, тарихы терең ұлтпыз. Өзіміздің әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз бар. Бірақ салтымыз, дәстүріміз деп, дәл қазіргі қиын жағдайда той тойлау мен ас-садақаға баруды саябырсытсақ екен. Деннің саулығы, бастың амандығы болмаса әдет-ғұрып та, тойдың сән-салтанаты да азайып, бояуы да солғындамай ма? Осының бәрін біле тұрып індетке немқұрайды қарайтынымызға жаның ауырады. Кейібір адамдарға бетперде тағудың өзі қиын болып тұр. Көшеде топталған жастарды көргенде қатты алаңдаймын. Ана ретінде, ұстаз ретінде сөзімді жастарға арнағым келеді.
Айналайын, келешек. Ел ертеңі сендердің қолдарыңда. Бүгін өзіңе істеген жақсылығың ертеңгі еліңе істер жақсылығың болатынын, бүгін өзіңді қорғауың, ертеңгі елді қорғауың екенін ұмытпашы! Біздің амандығымызды сақтауға үкімет немесе дәрігер қауымы ғана жауапты емес. Жауапкершілік жүгі бәріміздің мойынымызда бар. Біреуді кінәлаудан бұрын өзіміздің кінәні көре білейікші.
Тағы бір сөзімді айлап, апталап үй көрмей, күндіз-түні жұмысында жүріп, аурумен күрескен қадірлі дәрігер қауымына арнағым келеді. Біз сіздерге шексіз разымыз. Біз сіздермен біргеміз. Біздің жүректегі тілегімізде сіздер де барсыздар.
Осындай қиын-қыстау шақта дәрі-дәрмекті, бетпердені жымқыру ешқандай да адамдыққа, отансүйгіштікке жатпайды. Мұндай жат мінездер елдің бүтіндігіне сын. Жан-жақтан жеткен дәрі-дәрмектің жеткізілмей тұрғаны жайлы хабарды естіп, көңіл алаңдап еді. Шүкір, оның барлығы да реттеліп жатқанын Мемлекет басшысының өз аузынан естіп, біліп отырмыз. Сондықтан сабыр сақтайық. Індетпен күреске бөлінген қаржы да, әлеуметтік көмек те, дәрі-дәрмек те шын мұқтаж жандарға жететініне сенейік. Елімізді сақтаудың жолы – адалдық, жауапкершілік. Осы мінездер бәріміздің бойымыздан табылуға тиіс. Сонда ел де аман, жұрт та тыныш болады деп ойлаймын. Әрбір қазақстандық індетпен күресте жұдырықтай жұмыла білейік.
Сізбен сөйлесердің алдында ғана халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдіжәміл Нұрпейісовпен тілдестім. Ол кісі де індеттің беті қатты екенін, бетпердені тағып, арақашықтықты сақтап жүруіміз керек екенін айтып, сақтыққа шақырып отыр. Сөз соңында «Аман болыңыз, аға» деп едім, «Жалғыз менің амандығым маңызды ма, ел аман болсын, ел аман болсын» дейді. Елдің амандығын тілеген осындай азаматтарымыздың қатары көбейсе, қандай індетті де жеңіп шығатынымызға сенемін.
Ел аман болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.