Жолаушының жолы

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сәндік қолөнер кафедрасының профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Республикалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» байқауының Гран-При сыйлығының жеңімпазы, арнайы тағайындалған «Алтын домбыра» және «Алтын қобыз» сыйлығының иегері, халықаралық конкурстардың жүлдегері, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденді Жолаушы ТҰРДЫҒҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Сіз 2000-нан аса домбыра, 100-ге жуық қылқобыз, 20-дан аса жетіген және басқа ұлттық аспаптарды жасапсыз…
– Өз басым домбыра жасаумен айналысқаныма жарты ғасыр. Домбыра ғана емес, ұлттық музыкалық аспаптардың бәрін жасадым. Көп нәрсені өз бетімше үйреніп, бір жерден оқып алсам, бір жерден қарап зерттедім, ескі аспаптарды жөндеп көрдім. Соның арқасында біраз жетістікке жеттім, шәкірт те тәрбиелеп жүрмін. Өзім бітірген оқу орнындағы кафедрада ағашты көркемдеу, өңдеу деген пән бойынша дәріс беремін. Кафедра еліміздегі қолөнер шеберлерін дайындайтын бірден-бір орын, жылына 4-5 маман түлеп ұшады. Оның себебі, қолөнер саласына жастар аз келеді, бізде талап та қаталдау. Өз басым 50-60-тай шәкірт тәрбиелесем, олардың 20 шақтысы үлкен шебер атанды. Солардың ішінде Дәулетжан Үсенов, Ердос Рақымбеков, Алмас Мұстафаев, Талғат Жанасылов, Ғани Жұмабаев сияқты шәкірттерім елімізге танымал.
Музыкалық аспап жасап жүріп, талай мықты шеберлермен қарым-қатынаста болдым. Атадан балаға кәсіп болған ұсталық, зерігерлік өнер бізге де жақын болғандықтан, қазыналы халықтың мұрасын тереңірек білсем деген ізденісім мұратыма айналды. Кезінде аспап жасауды кәсіп етсем, кейін оны шынайы өнер деп ұғып, қолөнерінің алуан сырын меңгеруге ұмтылдым. Шетелдің қолөнер шеберлеріне жете мән беріп, ХVІІ ғасырда Италияда өмір сүрген атақты скрипка жасаушы Николо Амати, оның шәкірттері Антонио Страдивари және Андреа Гварнеридің өнер жолымен жақынырақ таныстым. Страдивари 60 жасқа дейін аспап жасауды, үйренуді, талмай ізденуді өзіне мақсат етіп, 90 жасында «Ұлы шебер» деген атаққа ие болғанына да таңғалдым. Ал біз қазақтың домбырасын жасаушы шеберлерді біле бермейміз. Оған бір мысал, атақты «Қыз Жібек» фильміндегі «Аққу» күйін Нұрғиса Тілендиев Ахмет Жұбанов сыйлаған домбырасымен орындағанда аққулардың су бетінде билеуін баға жетпес жауһар үннің құдіреті деп бағалауға болады. Ол ғажап үнді дүниеге әкелген Эммануиль Романенко деген шебердің жасаған домбырасы екенін біреу білсе, біреу білмес. Сол домбыраның керемет үні біздер үшін жұмбақ болып қалды. Сырын әлі ешкім ашқан жоқ. Мен де сондай домбыра жасасам деп ойлаймын. 100-ден аса қылқобыз және де 20-дан аса жетіген жасадым. Оның ішінде еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа төрт домбыра, ал Ресей президенті В.Путинге қылқобыз жасағаным бар.
– Сіз жасаған домбыралар атақты әнші-күйшілердің қолында деп естиміз. Рас па?
– Өтініш айтып, «маған осындай домбыра керек еді» деп келгендердің көңілін қайтарған емеспін. Бекболат Тілеуханов, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қайрат Байбосынов, Алтынбек Қоразбаев, Абдулхамит Райымбергенов, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Айгүл Қосанова, Айтжан Тоқтағанов, Ержан Әлімбетов, Тұяқберді Шамелов, Асылбек Еңсеповтерге және де басқа өнер иелеріне домбыра жасағаным рас. 2001 жылы Голливудта өткен халықаралық өнер фестивалінде домбырамен күй шертіп, «Алтын жұлдыз» жүлдесін иеленген жас күйші Мұрагер Сауранбаевтың аспабы менікі. Сол Голливудтағы өнер байқауына қатысқан «Ұлытау» тобындағы домбыраны да жасаған едім. Олар байқауда «Гран-при» жеңіп алды. Аты әлемге әйгілі Құрманғазы атындағы ұлттық академиялық оркестрдегі 20 домбыраны қайта жасадым. Сондай-ақ Қарағандыдағы «Тәттімбет», Атырау қаласындағы «Дина» оркестрлеріне көмегім тиді. Бұдан басқа «Ұлытау», «Отырар», «Тұран» және «МузАрт», «Қоңыр» сияқты топтардың аспаптары менің қолымнан шыққан, не болмаса шәкірттерімдікі.
– Қобыз жасаумен де айналысып, құрметке бөленген екенсіз.
– Негізінде қазақтың бренді – домбыра, қобыз және сыбызғы. Бұл аспаптар арқылы қазақты әлем таниды. Домбыраға қарағанда қобыз жасау күрделі, әрі қиын. Себебі қобыздың үні мен дыбысы домбыраға қарағанда өзгеше. Бұл аспапты жасауда кездесетін қиыншылық – біріншіден, дұрыс қалыбын жасау, екіншіден, ішкі іргесін түзеу, қабырғаларындағы біркелкілікті сақтау, дыбыс күйіне келтірудің өзі оңай нәрсе емес. Осыны ескергенде ғана жақсы қобыз шығары анық. Бізге дейін қобыздың жасалу техникасы әртүрлі болып келді. Қазір ол бірқалыпқа түсті. Алматы қаласында тұңғыш рет қобыз сыныбын ашқан, белгілі педагог-қобызшы ұстаз Әбдіманап Жұмабековпен ақылдаса отырып, аспапты бір жүйеге түсірдік. Белгілі қобызшы Сматай Үмбетбаев қобыз аспабын жетілдіруде көп еңбек сіңірді. Бұрынғы қобыздардың жасалу пішіні әртүрлі болған еді. Бірінің мойын ұзын, бірі қысқа жасалғандықтан дыбысы бір қалыпты шықпайтын. Қобыздың бетіндегі терілері де көп шыдас бермейтін. Оны біз зерттеп түзедік. Ертедегі жыр-дастандардағы қобыз қарағайдан, немесе үйеңкіден жасалса, шанағы нар терісінен, тиегі ортекенің мүйізінен, қыл ішегі бесті айғырдың құйрығының қылынан. Осы бағыттағы ізденіспен 2006 жылғы бірінші республикалық «Дана қобыз» байқауына қатысып, бағымды сынаған едім. Сыннан сүрінбей өтіп, байқаудың бас жүлдесін және арнайы дайындалған «Алтын қобыз» сыйлығын иелендім.
– Дәулескер күйші Секен Тұрысбеков: «Бір қызығы, домбыра жасайтын шеберлер жасаған домбырасын шерте білмейді. Мен ондай домбыраның дыбысын ажырата білмеген адамнан керемет шебер шығады деп ойламаймын. Ал Жолаушы ән десең әнді, күй десең күйді керемет орындай алады. Оның ең ұтатын жағы да – осы» депті. Бұл не жағдайда айтылған пікір?
– Домбыра жасаумен шектелмей, күй шертіп, ән де саламын, актер болып та ойнағанмын. Шебердің белгілі дәрежеде музыкалық білімі, не қабілеті болғаны абзал. Ән салсаң, аспап үнімен сенің дауысың үндесуі қажет.
Бір жылдары маған белгілі күйші Секен Тұрысбеков қазақ аспабын жасауда көп еңбек сіңірген белгілі шебер, «қазақтың Страдивариі» атанған Эммануиль Романенконың домбырасын әкелді. «Жүке, мынаның мойынын, қақпағын көрсеңіз» дегені. Домбыраны қолыма алып, күйшінің айтқан жерін қолымнан келгенше өңдедім. Бұдан кейін тағы бір домбырасын көрсетті. Оны да жөндедім. Осыдан кейін екеуміз жақсы сыйласып кеттік. Енді бір жолы өзінің ең жақсы көретін сары домбырасын әкелді. Әдемі де шебер жасалған аспаптың қақпағы тозып тесілген екен. Қақпақты қайта алып, қалпына келтіргенімде, Секеннің қатты риза болып, домбырасының қайта тірілгеніне қуанғанын көрдім.
– Күміс көмей әнші Қайрат Байбосынов та өзіңіз жөнінде айтыпты. «Керек десеңіз ағашпен сөйлесіп, сырласады. Бір байқағаным, домбыра жасаушылардың ішінде ең сезімталы Жолаушы. Оның домбырасы кез келген сахнада сені жетектеп алып кетеді. Бейне бір астымдағы жүйрік атым сияқты, сондай құдіретті сенім пайда болады» десе, бұған Асылбек Еңсепов те қосылып: «Бүгінгі таңдағы шыққан биігім мен қол жеткізген табыстарыма Жолаушы ағамның қосқан үлесі көп» дейді. Осы айтылған жылы сөздердің сырына тереңірек үңілсек.
– Атамыз қазақта «Тоғай аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген мақал бекер айтылмаған. Көркіне көз тоймайтын Алтайдың Марқакөлінің тумасымын. Әке-шешем малшы болғандықтан жасыл қарағай жамылған орманда балалық шағым өтті. Бала күнімде қолымнан бәкі түспейтін. Мектепте жүргенімде он-он бес бәкіні жоғалттым-ау деймін. Ұйықтап жатсам да бәкімді сипалайтын әдетім бар еді. Қолыма ағаш түссе, оны жонуды жақсы көріп, әр нәрсе істеуге әрекет ететінмін. Есейе келе мылтық, автомат жасағаным да есімде. Өнерге жақын болуыма әкем де себепкер болды. Қамшы өретін, күнделікті тұрмыстағы керекті бұйымдарды өзі жасап алатын. Тәй-тәй басқанымда әке-шешем мен туыстарым қуанып, жерге түрлі заттар қойып, мені шақырса керек. Талпынып барып қамшыны ұстағаныма нағашы атам риза болып: «Осы жаман Жолаушымнан бірдеңе шығады» депті. Атам менің бес-алты жасымда дүние салды. Түрі, келбеті еміс-еміс есімде. Үйіне барғанда атқора жағында өзі жұмыс істейтін кішкене ғана орын болды. Келі-келсап шауып отыратын…
– Демек ағаштан түрлі бұйымдар жасау бала кезден басталыпты. Ал домбыра жасауды қалай үйрендіңіз?
– 1969 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Уссурийск қаласына түстім. Түскен ортамның көбі қырғыздар мен қазақтар. Бәріміз бір ауылдың баласындай қатты сыйластық. Бір кездері арамызға Алматы облысынан Қожақан Рсымбетов деген жігіт келді. Өзі әнді де жақсы айтып, домбыра шертеді екен. Екеуміз жақсы сыйласып, балалық бал дәуреннің әңгімесін көп айтып, сырласатынбыз. Қожақан «шіркін, домбыра болса ғой, осындайда күй шертіп, ән салатын» деген сөзді жиі айтатын. Ағашқа жақын болғанымды және нағашы атамның қолынан шоты мен құрал-саймандары түспей ағаштан келі-келсап жасағанын, шешемнің әкесінің жақындары ақ патша заманында бір себептермен итжеккенге айдалып, жазасын өтеп жүргенде елге деген сағынышын ағаштан ортеке мен аю жасап, билетіп еске алғанын айтқанымда, «қаныңда ағашқа жақын нәрсе бар екен, домбыра жасайық» дегені. Осы сөз маған түрткі болды. Екеуміз бір кепкен ағаш тауып, балталап, асхананың пышағымен домбыра жасауды қолға алдық. Қожақан кеңесші, мен домбыра жасаушы болып, жұлмалаған ісіміз бір айда аяқталды. Қожақан қуанып, домбыраның пернесі мен ішегін тағып, төгілтіп ән салғанда казарма қазақ әнімен тербелгендей әсер қалдырды. Сол домбырамен қазақ пен қырғыз жігіттері ән салып, күй шертіп, бір рахаттанып қалатын. Қырғыз жігіті Жұмақан өздерінің «Суретіңе», «Фрунземе», «Долон», «Жал-жалым» әндерін домбырамен айтқанда есімізге ауыл түсетін еді. Осыдан кейін домбыра шертуді үйреніп, ән салуды да оңай меңгердім. Борышымды өтеп, елге қайтарымда домбыраны Қожақанға қалдырдым. Кейін ол әскерден келгенде өзінің үйіндегі ата-бабадан қалған домбырасын маған сыйлады. Ол менде сақтаулы тұр.
Әскерден келген соң Марқакөл ауданындағы Мәдениет үйіне суретші-жарнамашы болып орналастым. Клубта неше түрлі кештер өтіп, арты концертке ұласатын. Ұлт аспаптар оркестрін басқаратын Қаракөз Болатова деген апайымыз домбырашыларға неше түрлі күйді тартқызып, үйретіп жататын. Бірде «сен де домбырашылар қатарын көбейтіп, артқы орында отыр. Көрермендерге қарамыз көп болып көрінсін» дегені. Содан кейін домбыраға шын көңілім кетіп, алты айдың ішінде оркестр ойнайтын күйлерді меңгеріп, солист домбырашы болдым. Түркештің «Көңіл ашар», Дәулеткерейдің «Құдаша» және А. Жұбановтың «Би күйін» жеке орындап, ән салу дәрежесіне жеттім. 1980 жылы Жеңістің 35 жылдық тойына 1- Бүкілодақтық патриоттық әндер фестивалына қатысып, Р. Елеубековтің «Жас қазақ» әнін домбырада орындап лауреат атандым.
– Жас кезіңізде сурет салуға да бейім болыпсыз.
– Дүниеге келгенімде кіндігімді тоқымашы Тоқан апайға кестіріпті. Апай ою-өрнегін тоқымасына салатын ісмер екен. Содан болар, суретке икемім бала кезімде қалыптасты. Мектепке бармай тұрып, сурет салғанды жақсы көрдім. 5-сыныпта А.Сачков деген ұстазымыз құлаған ескі қойманың суретін салуды тапсырды. Шамам келгенше салдым. Суретімді көрген ұстазымның: «Сенде ерекше қабілет бар екен. Әрі қарай дамыту қажет» деген жылы сөзі есімде. Бірде әкем екеуміз жайлаудағы Тоғыз жайлау, Қарамола деген жерлердің биік жоталарына шығып, төмен түстік. Көл жағасындағы Матабай ауылына бардық. Онда Ақылбек деген жігіттің үйіне түскенде қолдан салынған керемет ақ қайыңдардың суреттерін көріп таңғалдым. Сол бір әсер мені суретші болуыма итермеледі. Арманым орындалды. Қазіргі өзім шәкірт тәрбиелеп жүрген оқу орынның көркемсурет-графика факультетін бітіріп, жұмыс істеуім де сондықтан.
– Алғашқы жасаған домбыраңыздың жайын білдік. Одан кейінгі аспаптар қалай жасалды?
– 1974 жылы аудандағы мәдениет басқармасы жұмысымды жоғары бағалап, Алматыға Н.Гоголь атындағы көркем-сурет училищесіне оқуға жіберді. Төрт жылдық оқуды үш жылда үздік дипломмен бітіріп, театр декорациялаушысы деген мамандық алдым да, ауылға қайттым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтадым. Бірақ бала күндегі ағаш жону, бір нәрсе жасау ойымнан кетпей, шеберхана ашу ниеті туды. Оны да іске асырдым. Мәдениет үйіндегі домбырашылардың сынған домбырасын және басқа аспаптарды жөндеу жұмыстарымен де айналыстым. Сонда бір байқағаным фабриканың жасаған домбыралары көпке ұнай бермейді екен. Жұмысымды, жүріп тұрған шеберхананы тастап, 1985 жылы Алматыға көштім. Қалаға келген соң Қазреставрация бірлестігі ішіндегі «Қазмұражайының» шеберханасына музыкалық аспаптарды қайта жасаушы ретінде жұмысқа тұрдым.
– Жаңа жұмыс орнындағы үлкен мақсат қалай басталды?
– Ауылда жүргенде домбыраның сыртын жөндеп жүрсем, мұнда аспаптың ішін ашып құрауды, оған қажетті материалды таңдауды үйрендім. Бұл істі маған өзімнен көп жас кіші Асқар Аджиев деген ұйғыр жігіті үйретті. Асқар аспап жасаудың шебері екен. Құрамымызда тоғыз адам бір айда 30-40 домбыра жасаймыз. Кейін кәсібіміз шынайы өнерге жалғасты. Сан емес, сапаға көшіп, айына 10-15 домбыра жасап жүрдік. Домбыраның шанағынан бастап, мойыны, тиегі, бір сөзбен айтқанда жалпы құрылымын байланыстырып жасауға көштік. Мұны мен тез меңгердім. Ұстазым болған Асқар менен үйрене бастады. Көңілімде жүрген көп ойымды іске асыруға белсене кірістім. Талай шеберлермен танысып, олардың аспаптарын да көрдім. Қазақтың алғашқы ұлттық аспаптар оркестрін құрған көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың және музыка зерттеушісі Болат Сарыбаевтың ұлттық саз аспаптарын жаңғыртуға еңбегі ұшан-теңіз болғаны маған мектеп те болды. Одан көп нәрсе үйрендім. Сондай-ақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы Қамар Қасымов пен Эммануиль Романенколардың жасаған аспаптарына да қатты қызықтым. А.Ермеков, Қ.Оңалбаев және де О.Бейсембаев, А.Аухадиев, А.Першиндың жұмыстары аспап жасаудағы ізденісімді жетілдіре түсті.
– Домбыра жасаудың қыры мен сырын тереңірек білуге әлде-кімдердің ықпалы болған шығар?
– Әрине болды. Алматыға келгенде белгілі шеберлермен қарым-қатынасым жақсы болды. Ұлттық саз аспаптарын қалай жасаудың қыры мен сырын өзіме алғаш ұстаз болған Асқар Аджиевтен үйрендім, 78 жастағы атақты шебер Алексей Першинмен де тәжірибе алмастым. Бұрын аспаптарды бүтіндей шауып жасасам, кейін сүйектеп жасау әдісін меңгердім. Әр шебердің құпиясына назар аудардым. Мысалы, қазақтың тұңғыш органологы, ұлттық музыкалық аспаптарының атасы атанған Қамар Қасымов шеберлігі бөлек мектеп. Шебердің музыкалық аспаптары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы мен Семейдің мұражайында сақталыпты. Қазақтың саз аспаптарының 16 түрін қалпына келтіріп, алғашқы ұлт аспаптар оркестрін құруға атсалысқан. 1957 жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Қытайда өнер көрсеткенде концертке мемлекет басшысы Мао Цзэ Дун келіп тамашалған сәтте оркестрдің жетекшісі, дирижер Шамғон Қажығалиев Қамар Қасымовтың жасаған қобызын Қазақстан атынан сыйға тартқан. Моңғолияда да жұмыс істеп, үкіметтің ең жоғары «Алтын гадс» орденімен де марапаталып, Баян-Өлгей аймағының құрметі азаматы атануы да мықты шебер болғанын білдірсе керек. Елімізде ұлттық аспаптардың дамуына үлес қосқан Э.Романенко, А.Ермеков, Қ.Оңалбаев, О.Бейсембаев, А.Аухадиевтардың тәжірибесі маған бағдар, бағыт берді.
– Осы салада біраз биікті бағынды­рыпсыз…
– Әріптестерім, марқұм Жанат Байжігітов, Асқар Аджиев, Мараш Кениева, Құдайберген Жұмабаев, Сатыбалды Кенжеғараев, Құлмановтар, Айтмұхамбет Тежекенов, Әсемхан Ниязбеков, Ханкелді Жакупов және басқалармен жақсы байланыс орнаттым. 1990-2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық тұңғыш «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, жеңімпаздарды анықтады. Алғашқы байқауда үшінші орынды иелендім. Сайыстың бас бәйгесін Жақсылық Оспанов жеңіп алса, келесі жылғы сайыста Сұлтан Мұсаев иеленді. Бұдан кейін мен жеңімпаз атандым. Менен кейін Нарбек Оқановтың мерейі үстем болды. 1996 жылы үшінші республикалық «Үкілі домбыра» байқауында бас жүлде иеленіп, арнайы тағайындалған «Алтын домбыра» сыйлығына ие болдым. 2006 жылы қылқобыз жасаушылардың үздік шеберін анықтауға арналған «Дана қобыз» республикалық байқау-бәйгесінде бас жүлдесін және «Алтын қобыз» арнайы сыйлығының тұңғыш иегері атандым.
Қолымнан шыққан аспаптарым Германия, Жапония, Қытай, Моңғолия және ТМД елдеріне кетті. Америкада ашылған әлем музыка аспаптары музейінде екі домбырам қойылған. 1998 жылы Австрияның Мольн қаласында өткен варган музыкасының ІІІ халықаралық конгресіне қатысып, әлемнің 22 елінен 70 музыканттар арасында лауреат аттаным. Мен жасаған нарқобызым жоғары бағаланды. 2009 жылы Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында «Әлем жауһарлары» атты ғылыми шығармашылық фестивалінің лауреаты атандым. Сондай-ақ Малайзия, Үндістан, Әзербайжан, Түрікменстанда өткен көрмелерге қатыстым, Парижде және Кореяның Тэгу қаласында болдым.
– Скрипка жасауға да талпынған екенсіз, бірақ ол өз ойыңыздан шықпай жатқан тәрізді.
– Скрипка жасау менің үлкен арманым десем артық емес. Оны қолыма ала алмай жүрмін. Халықаралық аспапты жасау да оңай емес. Егер жасасам, аспап материалына түбегейлі өзгеріс енгізгім келеді. Мәскеуде 2-3 жыл сайын скрипка жасаушы шеберлердің байқауы өтіп тұрғанымен, аспаптың дыбысын тыңдамастан бұрын материалына қарайды. Ең бастысы аспап дыбысының сапасы екенін ұмытпағаныз абзал.
– Қандай шебер болсын оның қолынан шыққан туындысы бағасымен өлшенеді. Бұған қалай қарайсыз?
– Өз қолымнан шыққан аспаптарды тек тапсырыс бойынша жасаймын. Кәсіпқой музыканттарға арналған концерттік аспаптар. Аспаптарға жоғары талаптар қойылады. Бір домбыраны жасауға екі апта, кейде жарты жылдай уақыт кетеді. Шетелден алдыртатын қызыл ағаш, палисандр және өзіміздің үйеңкі, қайың, қарағай және басқа ағаштарды пайдаланамын. Дегенмен, аспаптың дыбысы мен материалына, жасаған шеберге көп дүние байланысты.
– Екі ішекті, үш ішекті және қос шанақты домбыра жасауда үлкен құрметке ие болғаныңыз бар. Осы дәстүрді жалғастырған балаларыңыз бар ма?
– Негізінде біз өнерлі отбасымыз. Зайыбым Зоя өзім істейтін жоғары оқу орнында кескіндемеден дәріс беретін ұстаз. Үлкен және кіші қызым өнерге жақын. Ал Ераслан деген ұлым жоғары білімі бар болғанымен өз мамандығын тастап, қасымда жұмыс істеп, танымал болды. Өйткені менен көп нәрсені үйренуге құштарлығы басым, ізденіс бар. Қазіргі күнде қолынан бәрі келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Жексен АЛПАРТЕГІ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.