ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ елі менің кіндік қаным тамған Отаным. Ұлтым орыс болса да жүрегім қазақ деп соғып, ел болашағы үшін қызмет етіп жатырмын. Еліме аз да болса пайдам тигені үшін өзімді бақытты сезінемін. Себебі, мен қанша қыруар жұмыс атқарсам да қазақ халқының бізге жасаған жақсылығының өтеуін қайтара алмайтыным анық.

Мен өзім теміржол саласында машинист қызметін атқарамын. Бұл қызмет маған қатты ұнайды. Мен күнде туған еліме, өскен ортама алғыс айтудан таңымды атырамын. Неге десеңіз, біз осы жерде туылып, білім алдық, болашағымызды бағдарладық. Менің әкем де, әжем де «Қазақ бізді ешқашан өзектен теуіп өгейсіткен жоқ. Бауырына басты. Бар жағдайымызды жасады. Ешкімнен кем болмай еңбекке араласып, сендерді өсірдік. Бұның барлығы қазақтың бауырмалдығын көрсетеді» деп үнемі айтып отырады. Біз отбасымызбен қазақша сөйлесіп, қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Қаймағы бұзылмаған қазақ топырағы, халқы менің туған бауырымдай. Ал, тегіміз орыс болғанымен қазақ елін өз жұртым деп санаймыз.
Қазақ халқы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп босқа айтпаған. Расымен де, елімізде береке бар, бірлік бар, ынтымақ бар. Нәтижесінде бірлігіміз жарасып тірлік кешіп жатырмыз. қазір теледидардан, ғаламтор желісінен түрлі жаңалық көріп, жүрегімізге салмақ түсіріп жатамыз. Бір мемлекетті білеміз, арайлап атқан таңның сұлулығын көрмейді. Көзін ашса айғай-шу, соғыс, ұрыс даласы. Қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар. Ал біздің көріністі қараңызшы? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп біздің кейіпті айтуға болады. Бірақ дәл қазір тоқмейілсейтін уақыт емес екендігін де ұмытпау кеерк.
Бүгінгі күн сөзді емес істі ұнатады. Егер нақты істің адамы болмасаң, өз тірлігіңмен отбасыңды асырамасаң мемлекетке ешқандай да пайда келтіріп жатпағаныңды түсіну керек. Егер біз мемлекетімізге кереметтей пайдамызды тигізе алмасақ ең болмаса зиянымызды тигізбегеніміз дұрыс. Сол үшін, қазақтың қасиетті даласын да, қаласын да сақтау – сіз бен біздің басты мақсатымыз.

Александр СТОММА,
белорусь ұлтының өкілі

Талғар қаласы
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.