«АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА…»

Ұлытау өңіріндегі бітім-тұлғасымен де, көркемдігімен де ерекшеленіп тұратын еңселі ескерткіштердің бірі әрі бірегейі – Алаша хан мазары.
Біз қазір өсіп, өркендеген кезеңде өмір сүріп жатырмыз дейміз. Ғарышқа барып қайту арман болмай қалды. Техника, технология көз ілеспес жылдамдықпен даму үстінде. Компьютерсіз, ғаламторсыз, ұялы телефонсыз іс бітпейтін болды.
Ал енді осыдан мың жылдай бұрын, жоғарыда тілге тиек еткен «кереметтердің» бірі де жоқ заманда осындай көз тартарлық, таңдай қақтырарлық ескерткішті тұрғызу расын айтқанда ғажап қой! Сеніңкіремейтіндей-ақ көрініс. Алайда қалай сенбессің? «Мені көрдің бе?» дегендей көз алдыңда қасқайып тұр емес пе.
Бағзы заманнан бүгінге жетіп отырған архитектуралық мұра несімен таңдандырады, несімен қызықтырады? Енді осыған оралайық.
Ғалымдар ескерткішті Қарахан дәуіріне, оғыз-қыпшақ кезеңіндегі (Х-ХІІІ ғ) сәулет өнеріне жатқызады. Аумағы 9,73 х11,9, биіктігі 10 метр.
Мазардың кіреберісі де көз тартады. Жоғарғы жағы күмбез пішіндес. Екі жағында екі колонна. Оларда аңның ізіне ұқсас таңбалар бар.
Ішке енгенде екі адамның мүрдесі барын аңғарасыз. Сағаналар осыны айғақтайды. Төбеге көз салсаңыз дөңгелек ойық. Дәл ортада орын тепкен. Төңірек шеңберлене кірпішпен қаланған. Айналадан ағаштардың ұштары байқалады. Бұл ағаштар не мақсатпен қойылған? Құрлыс кезінде қолданылған саты ағаштар болды ма екен? Мүмкін басқа мақсатта пайдаланылған болар.

Мазардың сол жағында баспалдақты тар қуыс бар. Сонымен жоғары көтеріліп, екінші қабатқа шығуға болады. Екінші қабаттың әр жерінде отыруға ыңғайлы жерлер бар. Осы көріністердің барлығы әртүрлі ойға жетелейді. Бір қарағанда екінші қабат күзетшілерге арналғандай. Төңіректі шолып отыруға ыңғайлы. Әлгі орындар ара-арасында тізе бүгіп, демалу үшін жасалғандай.
Екінші қабаттан жоғары көтеріліп мазардың үстіне шыға аласыз. Осы жерден айнала тегіс көрінеді. Жалпы мазар биік жотаның үстінде орын тепкен. Соған қарағанда мазар орналасқан жер жайдан-жай таңдалмаған. Әбден зерттеліп, ойластырылып барып нақты шешім қабылданған.
Бір ғажабы мазардың сыртындағы белгілер кәдімгі алашаның өрнектеріне өте ұқсас. Бұл өрнектер кірпіштерді қиюластырып қалау арқылы жасалған. Құрлыстың осылай бейнеленуі мазар иесінің атына сай келетіндей.
Ескерткіштің нақты қашан пайда болғаны әзірге белгісіз. Кейбір ғалымдар монғолға дейінгі кезеңге, яғни ХІ ғасырға жатқызса, кейбіреулері Хақназар ханмен байланыстырады. Бұл кезең Қазақ хандығының құрылған уақыты. Әлкей Марғұлан ХІІІ ғасырды меңзейді. «Осы уақытта солтүстік және оңтүстік облыстармен Мәуереннахр арасындағы керуен жолдары мен сауда қатынастары қалпына келтірілді. Алаша ханның кесенесін салу кезінде осы облыстардың мәдениеті арасындағы қарым-қатынастың туындауымен Қарахан заманы ескерткіштері — Айша-Бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелерінің мотивтері қолданылды» дейді академик. Ескерткіштің көнелігі жөнінде пайдаланылған кірпіштердің көлемі 28х28х6,0 см және 32х32х6,5 см болғандығы да көлденең тартылады. Мұндай кірпіштер кейінгі құры­лыстарда қолданылмаған көрінеді.
Алаша хан мазары жайында алғаш мағлұмат берген адам ретінде кезінде Кенесары қолында тұтқында болған ғалым-офицер П.К.Услардың есімі аталады. Мұнан кейін Шоқан Уәлихановты айтуға болар. Ол тұңғыш зерттеуші ғалым. Мазар туралы қалам тартқандар қатарында орыс армиясының подполковнигі Ю.А.Шмидт бар. Бұл екеуі де мазарды көзбе-көз көріп, соңдарына құнды деректер қалдырды.
1964 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының қатысушылары Ә.Марғұланның жетекшілігімен алғаш қазба жұмыстарын жүргізген. Сол кезде мазардағы сағана астынан мәйіттің сүйектерін тапқан. Сағананың солтүстік – батыс бұрышында тағы екі адам сүйектерінің қалдықтары жатқан.
Ең бастысы жұртшылықты қызықтыратыны мазарда кімнің жерленгені, кімге арнап салынғаны. Мынандай зәулім әрі көрікті құрлысқа қарап бұл жерде жай адамның жатпағанын бірден аңғаруға болады. Ол кім болды екен?
Жезқазған-Ұлытау өңірінің өткенінен жан-жақты хабардар жергілікті өлкетанушы Кенжал Балкенов жеке ойын былайша білдірді: «Шыңғыс хан жерленген» деген жиі ауызға алынады. «Бұл жерде Хақназар хан жерленген» деген де сөз бар. Осылай екеуі айтылады. Бұдан кейін тағы бір зерттеушілер Қасым ханды да тілге тиек етеді. «Осы үшеуінің қайсысы» деген сұраққа жауап беру өте қиын.
Бірінші, Шыңғыс хан туралы. Шыңғыс ханның 1227 жылы дүниеден өткені белгілі. Қытай жаққа, таңғұттарға аттанып бара жатқанда жолда қайтыс болған. Қытай қайда? Ұлытау қайда? Қытайда көз жұмған Шыңғыс ханды осы жерге әкеліп, жерлеудің өзі қиын ғой. «Бұл жерде Шыңғыс хан жерленген секілді» деп былайша айтылғанымен бұл сөз расталған жоқ. Сондықтан «Жоқ, олай емес» деп шешім қабылдау қиын.
Екінші, Хақназар хан. Хақназар ханның 1580 жылы ажал құшқаны анық. Оның оңтүстік жақта қырық сұлтанмен бірге қаза тапқаны, оны өлтірген Ташкентті билеуші Баба сұлтан екені белгілі.
Хақназар ханның Созақтағы тама Қарабураның жанында жерленгені жазылып жүр. Сол жерде ханның күм­безді бейіті тұр. Бұл тарихтан белгілі.
Ал Қасым ханның Сарайшықта, ұлы хандардың қасында мәңгілік тыныс тапқаны тарихта айтылады. Мазарда жерленген осы үшеуінің біреуі ме? Оның шешуін тарихшылардың өзіне қалдырайық».
Сонда Алаша хан деп отырғанымыз кім? Бұған жауап беру үшін аңызға жүгінбесек тағы болмайды. Өйткені ұлы даланың тарихы аңыз, болжам арқылы жеткені белгілі.
Аңыз дегенде баршамызға белгілі, тарихта аттары қалған ұлыларымыздың айтқандарына жүгінетініміз анық.
«Ерте ертеде, Тұранда Абдулла есімді хан болыпты, басқа бір аңыздарда оны Абдул-Әзиз хан деседі, осы ханның алапес ауруына шалдыққан Алаша есімді ұлы болыпты. Осы жұқпалы аурумен ауырғандардың барлығын елден аластататын көнеден келе жатқан салтты орындай отырып, әкесі алапес баласын елден аластайды. Сол заманда, Абдулла ханның асқан қаталдығына төзбеген ашыққан адамдар Сыр өзенінің солтүстігіндегі далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына кетіп, қазақылық жасай бастады. Олардан шыққан батыл да ержүрек батырлардың саны үш жүзге жетіп, тез арада қуатымен және байлығымен танымал болды. Бірнеше жылдар өтіп, күйзеліс басталады: қазақтардың қонысы көршілермен ұдайы болған соғыстарда жеңіліс табады. Даланың еркін елі аштықты сезініп, ағайын арасында бассыздық пен алауыздық оларды ыдыратып, өзара соғысқа алып келеді. Ыңғайлы уақытты пайдаланып Абдулланың өзі бейбақтықты соңына жеткізудің жолын қарастырды, оларды біржола құрып кетуден көрегендіктің күші ғана құтқарды. Осындай қиын-қыстау жағдайда екі жүздіктің ішінен Алаш (жат жұрттық) деген дана қарт шығып, соншалық көңілге қонарлық сенімді, ақылды сөз айтқаны сондай, қазақтар оны өздерінің рубасы, қазысы етіп сайлайды және оның ақыл-кеңесімен Абдулла ханның елден аласталған алапес ұлы Алашты шақырып хан сайлайды. Осылайша, даланың кезбе қазақтары енді салауатты қоғам мен ұлтқа (егер көшпелілерді осы сөзбен атауға лайық болса) айналады, өздерінің жеке тәуелсіздігі құрметіне өздерінің ханы Алаш пен рубасы әрі қазысы Алаштың есімдеріне естелік үшін Алаш немесе жүздіктің санына (үш жүз) қарай Үш Алаш атанады (Алаштардың тым шебер қосылуы). Бірақ олардың сырттай қайта құрылуына қарамастан, көршілері мен Абдулланың өзі де әлі де болса оларға кезбе қарақшылар сияқты қарады. Алаш, Алаштың ұлы, тұтастай үш жүз барлығы Абдулла еліндегі аштық пен ауруды пайдаланып, өздерінің тәуелсіздігін жазбаша мойындатқан уақыттан қазақ деген олардың атауы қалған. Осылайша, Алаш ел болды, Алаша сол елдің ханы болды».
Бұл мәтін Ш.Уәлихановтың еңбегінен келтірілді. Ғалым осы жазбасында «Алаша хан туралы аңыз кейінірек пайда болса керек, қатты өзгеріске ұшыраған» деген ескертпесін келтіреді.
Алаша хан туралы аңыз атақты ғұлама Мәшһүр-Жүсіптің еңбек­терінде де кездеседі. Аңыз бір рет емес, екі жерде сөз болады. Реті келіп тұрғанда соның бірін қалың қауым назарына ұсынғанды жөн көрдік.
«Қазақ хандары» атты 29-мәтінде төмендегідей баяндалады:
«Алаша хан әңгімесі. Қырық сан Қырым, отыз сан (нышан) Рум, он сан Оймауыт, тогыз сан Тор[ғауыт], он сан Ноғай бүлгенде, Ормамбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді» – делінген сөз сонан қалыпты. Сол заманда Қондыкер, Құбан, Құтан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір. Түп атасы – Майқы би, – деген болыпты, – Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі», – дейді.
Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада тұрып, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның ала[сындай] ала туып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын [іштарлық] қылып, күндеп:
– Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, «ала тайдай» бүлдіред[і]! – деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі (ары) өткізіп қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін! – деп, жер аударыпты, – Зынаһар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! – деп.
Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күнелтіпті. Бала өз асын [өзі] ішерлік болған соң, ешкімін [жақтырмай…] дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы [Үйсінге] оқтай ұшырап кез болып, бір ауыз тіл катпапты. Бала қала беріпті. Үйсін үйіне [барға]н соң, Майқы биге сөйлепті:
– Бір ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. «Ай дейін десем, ауызы бар. Күн дейін десем, көзі бар». Көрген кісі қызығып, «бір қасық жұтып жіберерлік». Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен! – депті.
Майқы би өзі ақсақ: өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайды, жаяу кісіге тартқызады екен:
– Мені арбамен алып барыңдар, көрейін! – деп, барыпты. Бала Майқы биді көргеннен ұшып тұра келіп:
– Ассалаумалейкум, хан біткеннің қазығы, Бұқара жұрттың азығы! – деп, сәлем беріпті.
– Әлейкімүссалам, әмісе аман бол, балам! Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып, қайырып салушының жоғынан тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! – деп, арбасына мінгізіп, үйіне [алып кел]іп:
Төрткүл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырды,
[Тө]менгі елді шақырды.
Жорға бие сойдырды,
Жоғарғы елді шақырды.
Ала бие сойдырды,
Аймақ елді жи! – деді.
«Ердің ері, егеудің сынығы», – деп, баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді:
– Қаратаудан әрмен (арман) қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. [Қ]аракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жер болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! Хан әділ болса, басынан бағы таймайды. Қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді!» – деген – [деп, батасын беріп жөнелтті] жіберді дейді.
[Бұл жорықшылар Қаратау]дан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, [Май]қы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып қыз алды. Көш елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады! Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді, Құтан, Қоғам, Қондыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:
– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені – не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп берсін, менен қалағанын алсын! – деп.
Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жіберді жүз жігітпен: «Сендер барып, шақырып келіңдер!» – деп. Бұлар келген соң, бұларға еріп қайтуды керек қылмады. Өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді:
– Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, көгелден басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз? – деп.
Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жіберді:
– Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер! – деп.
Олар да қайта алмады:
– Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен! – деп.
Ішкені – жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені – қазы-қарта, жал-жая, жылқының сүр еті. Құдайдың құтты күні құшқаны – сұлу қыз, келіншек. Бұлар да орнығып тұрып алды.
– [Біз] енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт [көзіне түсірейік!] – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған «Алаша [хан» деп] ат қойды.
Әуелгі келген жүз жігітті, оның бастығы – Үйсін: «Ұлы жүз Үйсін» ат қойды. Ортаншы келген жүз жігіт, оның бастығы Болат, оған «Ақжол» деп ат қойып, «Орта жүз Ақжол» ат қойды. Ең соңғы келген жүз жігіт, оның бастығы – Алшын, «Кіші жүз Алшын», деп ат қойды.
«Жауға шапқанда, «Алаш» десіп шабайық! – деп, «Алаш» деп ұран шақырды. Кеше: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз – ағаш, ұранымыз «Алаш» болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» – деп айтылған сөз сонан қалды».
Алаша ханға қатысты жоғарыда­ғыдай аңыз Ә.Марғұланның да еңбегінде ұшырасатынын айта кеткеніміз жөн. Әңгімеміздің барысында сөз болғандай «Алаша хан деп отырғанымыз Шыңғыс хан болуы мүмкін» деушілер де кездеседі. Қаныш Сәтбаев та бір мақаласында осындай ой айтады. Бұл туралы К.Балкенов өз ойын былайша білдіреді : «Алаша хан (Шыңғыс хан). Шыңғыс хан жақшаның ішінде. Мұны «Дала уаляты газетінде» («Киргизская степная газета») жарияланған Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» деген материалдан алуы мүмкін. Қаныш осылай дегенде 27 жастағы жігіт кезі. Ал кейінгі 1940 жылдары жазған мақаласында тек Алаша хан деп жазады. Жақшаның ішіндегі Шыңғыс хан дегенді алып тастап отыр. Ол кісі кейін Шоқанның жазғанын да, Мәшһүр-Жүсіптің жазғанын да оқыған болуы керек.
1921 жылы Баянауылда Қазақ автономиясының құрылуының тойы болған. Соны басқаруға Қаныш Сәтбаевты бекітеді. Осы тойға қатысып, риза болған Мәшһүр-Жүсіп Қанышты шақырып, батасын берген. Сол кездесуде Алаша хан жөнінде де сөз болды ма екен деген ой келеді».
Белгілі қаламгер – этнограф Ақселеу Сейдімбеков те Ұлытау туралы жазбасында Алаша хан Шыңғыс хан болуы мүмкін дегн ой ұшқынын аңғартады: «Бүгінге дейін аңыздарда да, бұрынғы жазылған аңыздарда Алаша хан Шыңғыс ханмен атастыра айтылады. Мәселен, «Киргизская степная газетада» жарық көрген «Алаша хан мен оның ұлы Жошы хан туралы аңыз» атты материалда Жошы хан Алашаның ұлы ретінде баяндалады. Егер Жошының Алашадан туғаны рас болса, онда әрине, Алаша деп отырғаны Шыңғыс хан болып шығады. Жалпы осы аңыздағы Жошының өлімі, Алашаның суық хабарды естігісі келмей, қаһар төгуі, содан ұлы жыршы Кетбұғының естіртуі Шыңғыс хан туралы айтылатын белгілі аңызды еске түсіреді.
Жалғыз бұл емес, «Киргизская степная газетада» Алаша хан туралы тағы да екі аңыз басылған. Мұның бірінде Алаша Бұқар әмірінің алапес ұлы екені айтылса, екіншісінде тағы да Жошы ханмен, Домбауылмен қатар айтылады.
Жалпы тарихи деректер бір ойға қалдырады. Көпшілікке белгілі, Жошы хан өлген соң арада төрт-бес ай өткенде Шыңғыс хан да дүние салған ғой. Жошының денесінің Ұлытау іргесіне жерленгені тарихи шындық. Ал Жошы өлгенде Шыңғыс ханның сол өңірді жайлап отырғаны да күмән тудырмайды. Ендеше Шыңғыс ханның сүйегін мыңдаған шақырым жердегі Қарақорымнан немесе Қытай жерінен іздеудің қисыны қалай деген ой келеді. Ал монғол хандары міндетті түрде Қарақорымға жерленеді деудің қисыны тағы да жоқ. Бұл орайда Жошының Ұлытауға, Батудың Сарайшыққа жерленгенін айтса да болады».
Ұлытау – Жезқазған өңірінің тарихын зерттеуге көп көңіл бөлген Қуаныш Ахметовтің мына пікірі де назар аударарлық: «Алаш» сөзі империя ұғымын беретін болса онда Алаша хан император (қаған – хандардың ханы) деген мағынаға ие екендігі айтпасақ та түсінікті. Монғол империясын басқарғандардың (1206 жылдан 1294 жылға дейін өмір сүрді) Шыңғыс қағаннан өзгелерінің (Өгедей, Күйік, Мөңке, Құбылай) барлығының бақида жамбастары тиген жерлері белгілі. Екіншіден, Шыңғыстан басқалары Ұлытау аймағынан алшақта өмір сүрді, билік жүргізді. Сондықтан қисынға келсек, Алаша хан мазары тек қана Шыңғыс хандікі болуға тиіс. Бұл болжамды маған дейін де айтқандар бар».
Осы айтылғандарға керісінше атақты Қожаберген жыраудың жыр-толғауынан үзінді келтірейік:
… Қазақ деген атауға,
Ілескен үш жүз есімі.
Бір жұрттың екі аты боп,
Тағдыры ерте шешілді.

Шыңғыс ханнан көп бұрын,
Қазақ пен үш жүз бар атау.
Сөзіме нан, жамағат,
Болмасын көңіл еш жадау.

Шыңғыс ханнан көп бұрын,
Алаша деген хан өткен.
Алашаның тұсында,
Дұшпанын түрік тітіреткен.

Алаша хан көсем боп,
Тұранның жұртын көгерткен.
Барша қауым есен боп,
Түріктің елін гүлдеткен.

Алашаның даңқына,
Шыңғыс та тең келмеген.
Алаша ханның қорымына,
Жошыны Шыңғыс жерлеген.

Алаша ханға табынып,
Аруағына бас иген.
Қанішер Шыңғыс жұмсарып,
Кесегін оның үш сүйген.

Кей шежіреші жазыпты,
Алаша ханды Алаш деп.
Бұл екеуі жайында,
Жүйріктерде талас көп.

Түріктің ханы Алаша,
Шыңғыстан бұрын өткені.
Ол туралы шежіре,
Белгілі жұртқа жеткені.

Алаша ханның бейітін,
Әмір Темір жаңғыртқан.
Кесегі тозған жерлерін,
Қайтадан қалап, салдыртқан.

Тұран шыққан түріктен,
Тұраннан дұшпан үріккен.
Заманында тұрандар,
Қорғаған жерін ерлікпен…
Ал бұған не айтуға болады? «Шыңғыстың өзі Алаша ханға табынып, аруағына бас иген, кесегін оның сүйген» дейді жырау.
Сонымен әзірге бәрі болжам болып тұр. Басқасын айтпағанда, кірпіштердің құрамын зерттеу арқылы олардың қай кезеңде жасалғанын анықтауға болар деп ойлаймыз. Осы анықталса мазардың кімге арнап салынғанын білу де еш қиындық туғызбас.
Сұлулыққа, әсемдікке кім қы­зықпас. Алаша хан мазарына ұқсатып кесене салуды бай-манаптардың көбісі армандайды. Солардың бірі туралы сөз ете кетейік. Мұны Сабыр Шәріповтың бір еңбегінен кездестіреміз.
Алаша хан мазарын көрген Жаналы Сандыбай немересі «Әкем Дүзенге осындай мазар салып беретін болса, дүниенің малын берер едім» деп жұртқа жар салыпты. Елде бір пысық Сералы дейтін қожа мен Абзи ноғай екеуі «Мен салам, мен саламын» таласып келіпті. «Кесене салуда қожа шебер еді ғой» деп жұмыс Сералыға тапсырылады. Сералы қырық жігіт пен бір жүз мың кірпіш құяды. Алайда күзгі жаңбырда әлгі кірпіштері ағып кетеді. Сөйтіп шығынға шыққан 72 жылқы «желге ұшады». Жаналы мазарды қалайда салдыруға бекініп, 22 қос ат мінгізіп, жанына он жігіт қосып, қожаны Түркістанға жібереді. Сералы қыстай Түркістанда кірпіш құйдырады. Оны қалауды үйренеді. Жаз шығысымен кейін қайтып, 60 жігіт жалдап, 1863 жылы мазардың алғашқы кірпішін қалайды. Үш жыл дегенде, 1866 жылы салып бітіреді. Бір жаз алпыс түйемен Атбасардан бор тартқызған. Сонда шығыны былай болыпты: 72 жылқы бір қызмет ақысына, алпыс жігіттің үш жылдық ақысына 180 жылқы тамаққа 50 жылқы және 1500 қой.
Алаша хан мазары сонымен қатар Қайып ата, Талмас ана, Жұбан ана, Болған ана, Ерден, Айранбай, Бұзау, Шегір және басқа да мазарларға үлгі болған.
… Бәрін айт та, бірін айт, мазардың Алаша хан аталуының өзі біз үшін үлкен мерей. Бұл жерде халқымыз үшін ең қымбат, қасиетті адам жерленген. Олай болса сан ғасырды артқа тстап, оның үстіне табиғаттың төзгісіз құбылыстарын – дүлей дауыл мен бет қаратпас боранды, өңменнен өтер желді, қақаған аязды, денеңді сорып алар суықты, төпелеген нөсерді бастан өткеріп, бүгінгі күнмен қауышқан асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпақтың қолына тапсырып отыру адамгершілік парызымыз. Ең алдымен мемлекеттің жанашырлығы қажет. Өйткені жер бетінде мұндай архитектуралық бітім-сипатымен ерекшеленетін ескерткіштер сирек. Осыны жадымызда ұстағанымыз абзал.

Нұрперзент ДОМБАЙ,
«Ana tili»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.