ТУҒАН ТІЛІН ТУ ЕТКЕН

Ана тілін анасындай ардақтайтын, туған тілін бабасындай құрметтейтін, көп тілдің ішінен көк туындай көтеріп, көкке өрлететін, оны жаным деп, нәрім, сәнім, әнім деп тебіренетін бір адам болса, ол – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиал төрағасы Сәдуақас Аңсат деп білер едім.
Иә ол осындай адам. Өйткені ол төл тіліміздің тұғырлы, ғұмырлы болуы жолында жанкешті еңбек етіп жүрген жанашыры. Филиал төрағалығын бұған дейін де облысымызбен бірге республикамызға танымал бірқатар ақын-жазушы, журналист ағаларымыз басқарды. Уақыт салдарына сай адым аштырмайтын, ойлағаныңа қол жеткізбейтін қиын күндердің кедергілері де көп болған шығар, бірақ Сәкең сол қиындықтарды жеңе біліп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қара шаңырағын жаңғырта қайта тіктеді.

Ол осы қиындығы мен құрметі қатар жүретін қоғамдық жұмысқа бірден келе қойған жоқ. 1997 жылы «Харрикеин Құмкөл Мұнай» акционерлік қоғамында ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасы бастығының орынбасары қызметінде жүрген кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына қарасты осы компанияның 5000-дай мүшесі бар бастауыш ұйымдарын біріктірген комитет төрағасы қызметін қоғамдық негізде 3 жыл атқарған болатын. Осы компанияда басталған төл тілімізге деген жанашырлық сезім оны араға он жыл салып, 2010 жылы тікелей тіл тағдырымен айналысатын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы төрағасы қызметіне алып келді.
Бұл кезде облыстың барлық аудандары мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларында «Қазақ тілі» қоғамының филалдары құрылып өз шама-шарқынша жұмыс істеп жатқан болатын. Бірақ олардың қызметі жаңа төраға Сәдуақас Аңсаттың көңілінен, талап деңгейінен шықпады. Сондықтан ол қызметін алдымен осы филиалдың жұмысын жетілдіруден бастады. Облыстық филиалдың жылдық жұмыс жоспарын жасап, сол бойынша жыл сайын екі, үш ауданда мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге арналған облыстық семинар-кеңес өткізуді тұрақты жолға қойды. Оған аудандардағы филиалдардың, сонымен бірге сол аудандағы бастауыш ұйым төрағалары, белсенді тіл жанашырлары қатыстырылып, өзекті ой-пікірлер ортаға салынды. Бұл бастама ана тілімізге деген жанашырларының, жоқтаушылары мен қолдаушыларының көп екеніне халықтың көзін жеткізіп, аудандарда кең қолдау тапты.
Облыстық филиалдың өзінде де үлкен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ 2011 жылы 18 наурызда облыстық филиалдың кеңейтілген пленумы болып, онда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жұмысын жандандыру және мемлекеттік тілдің мәртебесі мен рөлін арттырудың кезек күттірмейтін міндеттері туралы» мәселе қаралып, нақты бағдарламалар жасалынды. Соның бір айғағы Қызылорда қаласындағы түрлі салалар мен қоғамдық ұйымдарындағы тіл жанашырлары облыстың барлық мекеме, кәсіпорын басшылары мен азаматтарына үндеу қабылдап, барлық еңбек ұжымдарында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдарын құруға, іс-қағаздарын толықтай қазақ тіліне көшіруге, тіл тазалығы мен мәдениетін көтеруге, халықты ана тілінің тағдыры үшін намысшыл, ұйымшыл болуға шақырды.
С.Аңсаттың бастамасымен 2012 жылдың наурыз айында заңғар жазушымыз М.О.Әуезовтың туғанына 115 жыл толуына орай Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Болашақ университеті және облыстық білім, мәдениет басқармаларымен бірлесіп өткізген «М.О.Әуезов шығармалары – қазақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өмірінің энциклопедиясы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияға сонау Абай елінен, Семейдегі филология ғылымының докторы, профессор А.Еспембетов, филология ғылымының кандидаты, доцент Ж.Әубәкіров сынды абайтанушы, мұхтартанушы ғұлама ғалымдардың шақырылып, баяндама жасауы маңызды шараның ауқымын кеңейте түсті.
Әсіресе облыстық «Қазақ тілі» қоғамы­ның ұйымдастыруымен Қызылорда қаласын­да өткен «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен беделін арттырудағы «Қазақ тілі» қоғамы жергілікті ұйымда­рының орны мен міндеттері» тақырыбын­дағы Республикалық семинар-кеңестің маңыздылығы ерекше болды. Оған еліміздің көптеген облыстары мен қалаларынан қоғам төрағалары қатысты.
Төраға қызметіне осы екі жылдың ішінде осыншама жұмыс атқарып, филиалды республика облыстары арасында алдыңғы қатарға шығаруы және іскерлік тәжірибелерін ел өңірлеріндегі филиалдарға үлгі ретінде танытып, дәріптей білуі Сәдуақас Әбдіқадірұлының туған тілімізге деген жанашырлығын, қабілет-қарымы мен бедел-бейнесін айқын көрсетіп берді.
Туған тілімізді төрге оздыру, мемле­кеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, насихаттауда, тек семинар-кеңестермен, кездесу, басқосулармен шектеліп қалуға болмайды. Ол үшін филиалдың мыңдаған тіл жанашырларымен үнемі байланыста болып, бірге іс-қимыл жасауға үндейтін өз мінбері, өз басылымы болуға тиіс. Осыны берік ұстанған Сәкең филиалдың өз газетін өмірге әкелді. Мемлекетімізде қоғам­дық тәртіптің өз сақшысы болса, төл тілі­міздің де тазалығына, мемлекеттік тіл туралы заң талаптарының орындалуына ұдайы бақылау жасап, насихаттайтын тіліміз­дің де қырағы сақшысы болуы керек деп бір тоқтамға келген Сәдуақас Аңсат жаңа газеттің атын «Тіл сақшысы» деп қойды. Облыс көлеміне тарайтын бұл басылым айына екі рет шығатын болып белгіленді.
Алғашқы жылдары үш-төрт мың данамен жарық көрген басылым бас аяғы бес жылдың ішінде таралымын 10 000 данаға көтерді. Сонымен бірге еліміздің түкпір-түпкіріне тарайтын «Тіл сақшысы» республикалық газет дәрежесіне жетті. Ал 2020 жылдың І жартысында таралымы 11 750 данаға көтерілген бұл газет облыстық басылымдардың арасында таралымы жағынан екінші орынға шығып, беделді ақпарат құралына айналып отыр. Бұл жұмыстар да Сәкеңнің үлкен ұйымдастырушылық, іскерлік жауапкершілігінің жемісі деуге болады.
Мұның бәрі Сәдуақас Әбдіқадірұлы­ның сыртқы жұмыстары. Ал жанына жақындай білсең ол аудандардағы филиал төрағалары, біздің өзімізден де әруақытта таза сөйлеуді талап ететін.
Менің Арал аудандық филиалына төраға болып сайланғаныма көп уақыт бола қоймаған. Сәкеңнің сырына да онша қанық емеспін. Бірде облыстық филиалға жиналысқа келіп, іс-сапар куәлігіме белгі соқтырайын деп Сәкеңе кірдім. Ойымда ештеңе жоқ, кәдімгідей:
– Сәке, мынаған печать басып беріңізші, – дедім.
Ол бетіме бажырайып қарады да:
– Бізде печать жоқ қой, – деді.
Мен аң таңмын.
– Сәке, печать деген барлық мекемеде болады емес пе, мүмкін бухгалтеріңізде бар шығар, содан алып бастырайын, – деп ежіктеп жатырмын.
– Айттым ғой саған, бізде печать деген болмайды деп, бізде мөр деген бар…
– Иә, сол ғой, – дей бергенімде жарты бет қағазыма мөрін сарт еткізіп, қол қойып бетіме қарады.
Сол сәтте әлгі мөр қолымдағы куәлігімнің бетіне емес, менің бетіме сарт етіп басылғандай қып-қызыл болып кеттім.
Жыл сайын жоспар бойынша екі-үш ауданда облыстық семинар-кеңес өткізетін дәстүріміз бар. Сондай семинардың кезегі Арал ауданында өткізу, маған да келіп, Сәкең бастаған делегацияны ертеңгі пойыздан вокзалда күтіп алдық. Семинар таңертеңгі сағат 11-де басталады. Оған дейін қаланың көрікті жерлері мен іргелі мекемелердегі «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының жұмысымен танысу белгіленген. Алғашқы баратынымыз қала орталығындағы бұрынғы теңіз айлағының ұлтанына орналасқан «Балықшылар» мұражайы. Сәкеңді бір-екі адамымен аудандық мәслихат хатшысы Көлбай Данабай жеңіл көлігіне мінгізіп, бірінші болып жүріп кетті. Мен кешеуілдеп арттарынан ердім. Оның үстіне қайт-қайта қызыл шамға тап болдық. Келсем Сәкең шыдамсыздана күтіп тұр екен.
– Неге кешіктіңдер соншама? – деді.
– Қызыл светофорға тап болып, кідіріп қалдық, – деймін ақталып.
– Неғылдейді? – дейді бетіме күле қарап. – Сендерде светофор бар ма?
– Иә бар ғой. Ауданға жаңа әкім келіп, екі ай болды қаланың орталық көшелерінің бәріне светофор орнатып бергеніне, – деймін, ауданның жаңалығын мақтана, желпіне жеткізіп.
– Сол светофор бізде жоқ қой…
– Қойшы, Сәке, – деймін қызарақтап, – қалаға барып жүргенде көріп жүрміз ғой, баяғыдан бар емес пе, – дегенімде Сәкең бетіме тесіле қарап:
– Бізде светофор емес, бағдаршам бар, – деді.
Тағы да мүлт кеткенімді біліп, тілімді тістей қойдым.
Өткен жылы Арал ауданында «Тіліміздің тірегі – бастауыш ұйым­дарда» тақырыбында аудандық мәдениет үйінде облыстық семинар-кеңес болды. Сәдуақас Аңсаттың баяндамасынан соң пікір айтуға бірінші болып, 90-ның төріне шыққан құрметті еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Шәкірат Дәрмағамбетов мінбеге көтерілді.
– Мен Сәдуақасты жай мақтайын деп тұрғаным жоқ, ісімен мақтаймын. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жақсы жолға қойды. Оны мен «Тіл сақшысы» газетінен күнделікті оқып, біліп отырмын. Газеттің материалдары өте өткір, әрі өзекті. Облыста сын жазатын бірден-бір газет, осы «Тіл сақшысы». Қорықпай жазады және де оған жауап берілмей қалғаны жоқ, – деп тіл жанашырларына лық толы залды көзімен бір шолып өтіп, – сендер білесіңдер ме, білмейсіңдер ме, қазақта ақыраптың желі деген болады. Ол жел күзде, қазан айында соғады. Күзде балбырап піскен шөпті ақыраптың желі шайқап жаздайғы шаң-тозаңнан арылтады. Сол таза шөпті жеген мал күзде тез оңалып, қоңданады. Мұны мен неге айтып тұрмын. Мына Сәдуақас інімнің жұмысы да сол ақыраптың желіндей. Тілімізді шаң-тозаңнан арылтып, тазартып жүр. Осы бағыттан таймаңыздар, – деп ой түйіндеген еді.
Облыс журналистерінің көшбасшысы Шәкеңнің мысалмен айтқан мағыналы сөзі, парасатты пікірі Сәдуақас Аңсат басқаратын «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жұмысына берілген халықтың да, өзінің де әділ бағасы еді.
Халық осылай бағалаған, Сәдуақас Әбдіқадірұлы өмір жолында елге деген елеулі еңбегімен қоғамның да құрметіне бөленген азамат. Өз қатарлары сияқты Сәкең де орта мектепті бітірген соң Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына түсіп, құрылыс технологі инженері мамандығын алып шықты. Қатардағы құрылыс инженерінен аудандық архитектура бөлімінің, облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасының бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, аймақтың құрылыс саласын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Мұнан соң партиялық қызметке ауысып, Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалып, бұл жауапты жұмысты да абыройлы атқарды.
Бүгіндері оның Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының Құрметті азаматы атануы да Сәкеңнің өткен өмір жолы мен қоғамдағы орнын, бедел-бейнесін биіктетіп тұрғандай.
Сәкең жетпіс бестің биігіне шықса да әлі тың. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бір топ басқарма мүшелері мен аудандағы филиал төрағаларының басын қосып, өткен жылды қорытындылап, жаңа жылдың жаңа міндеттерін ортаға салды. Әсіресе биылғы жылы Сырдария ауданында «Бастауыш ұйымдардың жұмысын дамыту жолдары», Шиелі ауданында «Қоғамдық ұйымның баспасөзбен жұмыс істеу тәсілі», Жаңақорған ауданында «Балаларды ана тілінде тәрбиелеудегі мектеп пен ата-ананың рөлі» тақырыптарында облыстық семинар-кеңестің өтетініне ерекше тоқталды. Ал әр ауданның өзінде тіл мәселесіне байланысты алуан тақырыпта өтетін кеш, басқосу жиындары қаншама. Осының бәрі алып бәйтеректей бой көтерген ана тіліміздің тереңге тартқан қуатты қан тамырлары іспетті.
Туған тілін ту ғып көтерген, оның жолында жан аямай жұмыс жасап жүрген Сәдуақас Аңсаттай жанашыр азаматтар еліміздің әрбір өңірінде бой көтеріп көбейе берсе, ана тіліміздің әлем тілдері арасында, ақпараттар айдынында да алға озып, мәңгілік елдің мәңгілік тілі боп жасай берері сөзсіз.

Жұмабай ЖАҚЫП,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Арал аудандық филиалының төрағасы,
Қазақстанның құрметті журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.