Азиададан не түйдік?

Еліміздің халықаралық абыройын Һәм имиджін көтерген Ақ Азиаданың өткеніне, міне, 3 айдай уақыт болып отыр. VII Қысқы Азия ойындарының қазақ жерінде өткізілуі елімізге үлкен абырой болды. Дүбірлі дода халқымыздың қысқы спорт түрлеріне деген көзқарасын жақсарта түскені анық. Тіпті кейбір фристайл сияқты бізге таңсық қысқы спорт түрлерін танып алдық. Азиаданың дүрсілі алыс кеткенімен, дүбірі құлақтан кететін емес. Осы орайда өткен жарыстың елімізде спорт және туризм саласына қосқан үлесін аз-кем бағамдап көрелік.Ашылу салтанатындағы сахналық көріністің өзі «пай-пай, шіркін» деп, таңдай қағар тамашаның бірі болғаны хақ. «Астана-Арена» футбол стадионында өткен ашылу мерекесіне жиылған халық қа­зақтың мол рухани мұрасын тамашалап, төл тарихымызды парақтады. Әсіресе, тарих беттерінен сыр шерткен түрлі қойы­лымдар көрермен қауымға ерекше әсер қалдырғаны рас. Ашылу салтанатын ұйым­дастырған ресейлік Игорь Крутой ко­ман­дасы еңбегіне алған ақысын ақтаған секілді.
Сонымен Азия өңірінен 27 елдің спортшылары қатысқан Азиадада спорт­тың 11 түрінен жарыс өткен болатын. Еліміз Жапония, Қытай, Корея секілді аз­уын айға білеген ірі спорт державаларын артта қалдырып, 70 медальмен жалпы командалық бірінші орынды жеңіп алды. Жапонияның Саппора қаласында өткен 1986 жылғы І қысқы Азия ойындарында Жапония құрамасы 29 медальмен тұңғыш рет рекорд жаңалаған болатын. Міне, енді Қазақстан тіпті Жапонияның өзін соңына тастап, 32 алтын медальмен жаңа рекорд жасады.
Еліміз үшін ақ түйенің қарны жарыл­ған қуанышты күнде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мен қазақстандық споршылардың командалық есепте жеңіске жетіп, керемет нәтиже көрсеткендігіне ризамын» деп ағынан жарылғаны есімізде. Жарыс алаңдарында көптеген Азия рекордтары жаңартылып, көрермен халық бір апта бойы теледидардан тартысты бәсекелерді тамашалады.
Дегенмен жеңіп алған сол 32 алтын медальдің ішінен жекелей сында бір қазақ баласын көрмегеніміз жанға батқаны жасырын емес. Оған не себеп болды екен? Бәлкім, қазақ жастарын қысқы спорт түрлері онша қызықтырмайтын шығар. Бірақ Диас Кенешов, Жібек Арапбаева секілді талантты ұл-қыздарымыз аталмыш жарыста тамаша нәтиже көрсетіп, бірі алтын, бірі күміс жүлденің иегері атанды емес пе. Иә, біз қазақ спортшыларының шоғыры көп тоғысқан спорт түрі ол доп­ты хоккей (бенди) мен шорт-трек екенін көрдік. Осы спорт түрлерінде ғана қазақ жігіттері намысты қолдан бермеуге тырысты. Әсіресе, допты хоккейден мұз алаңында шебер ойындарымен көптің көңіліне жол таба білген қазақтың қайсар жігіттеріне көрермен айрықша қошамет көрсетті. Өкінішке қарай, ондай жастарымыз бірді-екілі қысқы спорт түрлерінде ғана болып отыр. «Біздің жастарымыздың жалпы қысқы спорт түрлеріне бармайтын себебі неде?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Біріншіден, жасыратыны жоқ, жалпы қазақ халқы қысқы спорт түрлерінен гөрі бокс, күрес, дзюдо және т.б. спорт түрлеріне әу бастан қызығатыны белгілі. Өз балаларын спорт секцияларына бергенде де аталған спорт түрлеріне беріп жатады. Дегенмен соңғы кездері көптеген жас қазақ отбасыларының өз балаларын хоккей, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлеріне баруын қалайтын үрдісі қалыптасып келеді. Азиада көптеген жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятты.
Екіншіден, бізде қысқы спорт түріндегі жаттықтырушы бапкерлердің көпшілігі орыс халқының өкілдері болып табылады. Бізге мәлімі, кейде аракідік бапкерлер­мен тәлім алушы жас өрендердің арасында психологиялық-моральдық қатынас нашарлап жатады. Өзге ұлт өкілдерінің жас өрендерімізге тосқауыл жасап жүрген кездерін де көрдік.
Қорыта айтқанда, 2014 жылы көршілес Ресейдің Сочи қаласында Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Сол байрақты жа­рысқа дейін өзіміздің қарадомалақ жас­тарымызды қысқы спорт түріне баулуды ерекше қамқорлыққа алған жөн. Әсіресе, Спорт министрлігінен тікелей тапсырмалар беріліп, талаптар қойылғанда ғана белгілі бір нәтиже болатынында күмән жоқ. Ол үшін лауазым тізгінін ұстаған жоғарыдағы ағаларымыз ұлтжандылық танытып, қаракөздердің қысқы спорт түрлеріне көптеп келуіне мүмкіндік ту­ғызуы керек. Сонда ғана намысты ұл-қыз­дарымыздың қатары көбейе түседі.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.