Түмендік қазақтар

d182d183d0bcd0b5d0bdТәуелсіз мемлекеттер – Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясының достық һәм тату көршілік қатынастары көңілге әркез жылылық ұялатады. Ежелден қоңсы қонған елдердің арғы-бергі тарихында да көптеген байланысты жайттар бар. Ресейдің бір қуатты аймағы – Түмен топырағында бүгінгі таңда 20 мың шамасында қандастарымыз ақ адал еңбек етіп, бақуатты өмір сүруде. Осы өңірге ат басын тіреп, аз күн сапарда болған маңғыстаулық БАҚ өкілдері (республикалық «Қазақстан», «Хабар», «Астана» телеарналарының және облыстық, қалалық мерзімдік басылымдардың тілшілері бар) «РФ Тюмень (Түмен) қазақтары ұлттық-мәдени автономиясындағы» ағайындарымызға қауышқанда өз ауылымызға келгендей бір серпіліп қалдық.Түмендік бауырлар қазақ­стандық делегацияны қасиетті домбырадан төгілген қоңыр саз, әсем әнмен дуыл­дата қарсы алды. Қызылкүрең бауырсақтан ауыз тиіп, ағайындардың қонысына көз салдық. Төргі бөлмеде қазақтың қолдан тоқылған тұс­киіз, текемет, көрпе-жастығы, жер үстелі орналасыпты. Бұл осы өлкедегі ақсақалдар мен ұйым басшыларының алқалы жиын құрып, салиқалы елдік әңгіме өрбітер орны екендігі айтылды. Одан бергі негізгі бөлме қазақтың даңқты тұлғаларының портреттері, ұлттық бұйымдар, ана тіліміздегі Қазақстанға қатысты кітаптар, басқа да керек-жарақтармен әрленіпті. Қаракөз бауырлармен әңгіме тиегі ағытылып жүре берді. Бұл жерде осы жолдардың авторы Түменге бармастан әлдеқайда бұрын өзі оқыған деректі әдебиеттерден көңілге түйген жайттарын баян етті. Орайы келгенде қытай, араб, парсы жұрттарының жазба деректеріне, түрік, моңғол шежіре жылнамаларына сүйене отырып жазылған, 1987 жылы «Шынжаң халық баспасынан» жарық көрген Нығмет Мыңжанның 1994 жылы «Жалын» баспасынан қайта басылған «Қазақтың көне тарихы» атты кітабының 11-бетінен басталатын бірер парағында айшықталған нақты жазба деректі оқырман назарына ұсына кетуді жөн көрдік. Бұл тақырып «Батыс Түрік қағандығы» деп аталады.
«…Түріктер турасындағы ал­ғаш­­­­қы дерек 542-жылдан бастап Жұңғо­ның жазба деректерінде кездеседі. Түріктер 6-ғасырда Алтай тауының күн бетін мекендеген көшпелі тайпалар еді. Олар бұл кезде Моңғолиядағы жожан (авар) хандығына бағынып, алым-салық төлеп, темірден қару-жарақ жасап беріп отырған. Бұл мезгілде Орта Азия өңірін мекен еткен теле (тірек) тайпалары жожан хандығына қарсы аттанады. Бұл хабарды естіген түріктердің ашина тайпасының бастығы Түмен (Бұмын) теле тайпаларына тұтқиылдан шабуыл жасап, елу мың үйлік телені өзіне бағындырып алады. Оларды өзінің тіректі әскері етіп, күшейе түскен Түмен жожан қағаны Анағайдың қызын айттыруға кісі салады. Бұған шамданған Анағай қаған Түменге елші жіберіп: «Сен менің темірімді соғатын құлымсың, бұл талапты қоюға қалай батылың барады» дейді. Сонымен бұлардың арасында соғыс басталады. 551-жылы түріктердің басшысы Түмен жожан қағаны Анағайға қарсы жорық жасап, жожан хандығының әскерлерін талқандайды, жеңі­ліске ұшыраған Анағай өзін өлтіреді. 552-жылы Түмен өзін «ел қаған» деп жариялайды. Түрік қағандығының іргесін қалап, шаңырағын көтереді.
Түмен қағанның кіші інісі Мұқан қаған билік жүргізген кезде түрік қағандығы мейлінше күшейеді. Олар жожандардың (аварлардың) хандығын біржола жойып, шығыста кедендерді, солтүстікте қырғыздарды өзіне бағындырады. Батыста ефталиттерді (ақ һүндерді) тал­қандап, Орта Азия өңіріндегі елдерді қоластына қаратады. Сөйтіп, Шығыста Лиаухай теңізінің батыс жағалауынан бастап, батыста Каспий теңізіне дейінгі 10 мың шақырымдық өңір, солтүстікте Гоби шөлінің солтүстігінен бастап, солтүстікте Байкал көліне дейінгі 5-6 мың шақырымдық жерлер түгелімен Түрік қағандығына бағынады. Түрік қағандығының ордасы Орхон өзенінің басына көшіп орналасады. Моңғолия мен Орта Азияны мекендеген түркітілдес тайпалар мен ұлыстар Түрік қағандығына бағынады. Алтай тауынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпалары да Түрік қағандығының қоластына қарайды». Одан кейін Бұмынның (Түменнің) тағы бір інісі, атақты Естеми көптеген елдерді бағындырып, ұлы қағандардың көшін жалғайды…
Біз бұл әңгімелерді баһадүр бабаларымыздың рухы ұрпақ жадында жаңғыру үшін айтып отырмыз. Түмен өңіріндегі тарихи жер, су атауларының тегіс түркі тілінде болуы да көнеден сыр тартады. Түмендік ағайындармен етене әңгімелесу барысында олардың ата-аналарының, негізінен, сонау 1928-30 жылдардағы Қазақстанда Ф.Голощекиннің қаныпезерлікпен жүргізген «кіші Октябрі» кезінде Ресеймен көршілес Солтүстік Қазақстан, Петропавл, Қостанай облыстарынан қоныс аударғанын білдік. Бастапқыда көшіп келген бір қауым ел өз алдына бір колхозда тұрып, шаруашылықпен айналысады. Ресей Журналистер одағының мүшесі, Тюмень мұсылмандарының мәдени-ағартушылық «Муслим-Инфо» газе­тінің редакторы, «Ислам-Ньюс» ақпа­раттық агенттігінің меншікті тілшісі Қалил Қабділвахитов осынау қилы кезеңдерде Түмен өңіріне келіп, халық шаруашылығы салаларында еңбек еткен, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер әкелер, ағалар және олардың бүгінгі ұрпақтары туралы «Откочевники» атты кітап шығарыпты. Біздің бұл ағайындар Түмен облысында Нижнетавдинск ауданының қиыршығыстық Қызыл Әскер атындағы колхозында елеулі еңбек сіңіріп, өнегелі із қалдырған екен. Түмен қазақтарының негізін осы солтүстік өңірді мекендеген керей, қыпшақ, найман, арғын тайпаларының өкілдері құрайды. Облыстағы қазақтардың ұлттық-мәдени қауымдастығын басқаратын Есенғали Қамзеұлы Ибраевты әуелгіде Түмен облыстық мемлекеттік Думасы жанынан кездейсоқ кездестіріп, сөзге тарттық. Сөйтсек, осынау ұзын бойлы, отты жанарлы ініміз Думаның депутаты В.С.Тимченко деген азаматтың көмекшісі болып қызмет жасайды екен. Түмендік қазақтардың аймақта мемлекеттік қызметте, жеке кәсіпкерлікте, фермерлік қызметте жүргендері аз емес болып шықты. Түмен қазақтары автономиясында қазақ тілінің оқытушысы болып қызмет жасайтын Зүбәйра Абайқызы Қалиеваның әңгімесі үмітімізді ұштай түсті. Оның айтуынша, өзі Солтүстік Қазақстанда университет бітірген, филолог. Түменге көшіп келгеніне 15 жыл болыпты. Зүбәйра қазіргі кезде мұндағы ағайынның ана тілін білуге деген құштарлығы артып келе жатқандығын, оларды тіл білу деңгейіне қарай үш топқа бөліп оқытатындығын, әсіресе, жет­кіншек балалар, студенттер «қазақ тілін білгіміз келеді» деп осында жиі келетінін айтты. Бүгінгі таңда 100 шақты бала ана тілін меңгеруге талаптанып жүр екен. Оқулықтар жағынан әлі де көмек қажет екендігі айқын. Әрине, тілді үйрену бір күннің ісі емес екендігін, қалың орыстың ортасында жұтылып кетпеу үшін, қалай болғанда да, бұл мәселеге терең мән беру керектігін, Қазақстан жағынан бұл ретте көмек бола беретініне сенім білдірді. Егемен еліміз үшін тек іштегі ғана емес, сырттағы қазақтың да мықты болғаны елдігімізге тірек болатынын біз де айта түстік. Мұндағы қандастарымыздың барлығы бірін-бірі біледі, қолдап жүреді, той-сада­қаларынан қалмайды екен, Наурыз бен Айтты атап өтетін көрінеді. Мә­селен, биылғы Наурыз мерекесінде ұлт­тық-мәдени орталықтардың «Строи­тель» мәдениет үйінде «Қыз сынын» өткізген. Бізбен бірге осында келген Түмен облысы үкіметінің ұлттар ісі жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы Анастасия Блябликова жұмыс істейтін комитетте бұл мәселе бойын­ша 16 адам еңбек ететінін, өңірде 150 этнос, 18 конфессия бар екендігін, орыстардан бөлек татарлар, украиндар, басқа да ұлттар (соның ішінде қазақтар да бар) бар екендігін баян етті. Қазақ автономиясына қазіргі ғимараты 2008 жылы қайтарымсыз біржолата беріліпті. Түмен аймағында ұлтаралық және діни келісімге айрықша мән берілетіндігі аңғарылды.
Түмен облыстық «Достық» қазақ қоғамын бұған дейін Қалихан Қасымханұлы Серғазинов деген азамат басқарыпты. Ол белгілі кәсіпкер екен. Негізгі ісі – ағаш өндірісі, метиз саудасы, электр зауыты, т.б. екен. «Біз Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданынанбыз. «Атымжан ауылы» деп те аталады. Керейдің «Көшөбөсіміз». Атақты жазушы Сәбит Мұқанов та осы ауылдан, атамыздың үйінде талай қонақ болыпты. Атам қажы болғандықтан дінге қарсы шыққан 30-жыл­дардың ойранында осылай қарай ауып кеткен. Құдайға шүкір, Гүлнар деген қызым тұрмысқа шықты, Алматыда тұрады, ұлым Жәнібек осында бір фирманың директоры» дейді ол.
Қазақстаннан келген журналистер қауымын қарсы алу сәтінде өрелі әңгіме өрбітіп бастаған бауырымыз Есімхан Жантасов (әріптесіміз Арманжан Байтасовтың тумаласы екен) Түмен облысы қазақтары автономиясы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып қоғамдық қызмет атқарады. Ол маңғыстаулық журналистерді келесі күні өзі тұратын ауыл мен өзі басқаратын шаруашылыққа қонаққа шақырды.
Бұмын қолбасшы бастаған бабаларымыздың тұлпар тұяғының ізі қалған Түмен даласындағы қазақ ауылына да келіп жеттік. Есімхан бауырымыз әуелі өзінің үлкен мал фермасымен таныстырды. Мұнда 17 адам еңбек етеді, құрылғылар толық автоматтандырылған. Бағымдағы 300-ге тарта мүйізді ірі қараның еті, сүті ауыз толтырып айтарлықтай өнім береді. Күніне 1,5 мың литр сүт сауылып, сүт зауыттарына жөнелтіледі. Бір литр сүтке мемлекет тарапынан 3 рубль субсидия төленеді екен. Сонымен қатар Есекең АҚШ-қа арнайы барып, көкөніс шаруашылығының технологиясын алып келгенін, осында сәбіз, қызылша, қырыққабат, жуа, картоп өсірілетінінен де хабардар етті.
Оған қоса Есімхан Ысқақұлы жүздеген тұлпар баптайды. Оларды әр жерден, әртүрлі елдерден сатып әкеледі екен. Жыл­қы көрсе нағыз қазақы қаны ойнайтын Есімхан­ның тұл­­парлары талай бәйгелерде топ жарып жүр. Наурыз то­йын атап өткенде киіз үйлер тіккізіп, ұлттық киімдер кие­ді, ат жарысын ұйымдастырып, оған өзі демеушілік жасайтын көрінеді. Қазақтардың да ұлан-байтақ Ресей жерінде жоғары деңгейде өмір сүріп, кәсіпкерлікпен, сондай-ақ атакәсіппен айналысқанын, өзін лайықты ұстай біліп, өзгеден кем болмағанын алға мақсат етіп қояды. «Елге қарай көш түземейсіздер ме?» деген сұраққа Есімхан бауырымыз: «1990 жылдары біздің адамдар Қазақстанға барған, бірақ ол жақта жөнді қабылдай алмады, мүмкін ол кезде жағдай болмаған да шығар. Ал Қазақстанның қазіргі жағдайы жақсы, ел дәулеті артып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы көрегендік танытуда. Ендігі мақсат – немерелерді бағып-қағып, үлкен азамат етіп өсіру. Балаларым менің жолымды қумады, сондықтан үш жасар немеремді ертерек атқа мінуге, жылқы мінездес халқымыздың қадір-қасиетін қанына сіңіруге үйретпекпін. Сосын осы ауылдан мешіт салсам деген ойым бар» дейді ол. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аманкелді Айтқұловтың да осында болып кеткенін айтып, сәті түссе киелі өңірімізге де, жалпы атамекенге, қазақтар құрылтайына түмендік қандастардың барып-келіп, жиі араласып тұруға, іскерлік байланыстарға әзір екендігіне назар аударды.
Есекеңнің кең жайылған мол дастарқанының басында алқақотан отырып, емен-жарқын әңгімелесіп, шер тарқатыстық. Алыстан келген қонақтарға қойдың басы, соғым-сүрден сыбаға ұсынылды, ізгі тілектер ақтарылып, өлең-жыр оқылды. Облыс әкімінің атынан аздаған сыйлығымызды және өзімнің соңғы шыққан бірнеше кітаптарымды тарту еттім. Түмендік бауырларға «Қазақ болу» атты толғауымнан оқылған үзінді қатты әсер еткен тәрізді…
Одан кейін Есімхан жиналған меймандарды көңілді демалысқа шақырды. Аз күн алыста жүріп ауылды сағынған біздердің көңіліміз бір көтеріліп қалды-ау… Түмендік қазақтармен, олардың даладай дарқан көңілдерімен сусындап, мерейіміз өсіп, кетерде қимай қоштастық. «Тау таумен кездеспесе де, адам адаммен кездеседі ғой. Әлі талай кездесерміз, Түмен тарпаңдары!» дестік қол бұлғап.

Ғалым ӘРІП
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.