Қазақстан – бар қазақтың құтты қарашаңырағы

15151555551

Кеше еліміздің саяси-қоғамдық өмірінде маңызды оқиға саналатын Дүниежүзі қазақтары IV Құрылтайының ашылу салтанаты өтті. Бес жылда бір рет өткізіліп тұратын әлем қазақтарының биылғы басқосуы еліміз Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келді. Бар қазақтың басын бір жерге тоғыстырған осынау алқалы жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасы туған жердің төсінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттарға ыстық ықыласын, меймандостық пейілін білдірді.

«Баршаңызды қасиетті қазақ жерінде қарсы алып отырғаныма зор қуаныштымын. Еуразия төріндегі ұланғайыр атажұртқа сіздер әлемнің 35 елінен келіп отырсыздар. Туған топыраққа сағыныштарыңызды арқалап жеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Қасиетті қазақ жеріне, жерұйық мекен – Астанаға келген қадамдарыңыз құтты болсын, ағайын!» деген Президент одан арғы сөзінде құрылтай тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатын жиын екенін қаперге салды. Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа кезеңге қадам басар тұста құрылтай шақырып, кеңес құрғандығын сөзіне арқау етіп, сол игі дәстүрдің жалғасын та­уып отырғандығын айтты. Мемлекет басшысы тағдыр-талайымен тарыдай шашырап кеткен ағайынның атамекенде басқосуын бәрімізге ортақ зор қуанышқа балап, биылғы құрылтайдың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша екенін тілге тиек етті. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің жиыр­ма жылдығы тұсында әлем қазақтары құрылтайының «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік сарайында өтуінің үлкен мәнге ие екеніне назар аударды. Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз қашанда «Ел» деген ұлы ұғымды Құранындай қастерлеп, ұранындай ұстанып келгендігін, бостан күндер бас­тан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта да үміт үзбегендігін сөзіне арқау етті. Сөз орайы келгенде, әлемде өмір сүріп жатқан мыңдаған ұлттардың бәріне бірдей өзінің тәуелсіз мемлекетін құру бұйырмағандығын айтып, басы­мызға қонған бақты бағалай білуге шақырды.
– Естеріңізде болса, 1992 жылғы тұңғыш құрылтайда: «Құрылтайға қатысқан қонақтар Қазақстанның гүл­деніп-көркейгеніне таяу жылдарда куә болар» деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге танылған айдынды ел болды. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнықтырды. Бүгінде бізді бүкіл әлем сыйлайды, бүтін дүние санасады. Өйткені Қазақ елі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барып, атом қаруынан өз еркімен бас тартты. Ядросыз әлем құру бастамасы арқылы Жер жүзіне ізгіліктің өнегесін көрсетті. Біз мемлекетіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Аз жылдың аясында Арқа төсінде, мынау өздеріңіз көріп отырған, ғасырдың ғажайыбы атанған арайлы елордамыз, асқақ Астананы тұрғыздық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Қазақстанда татулықтың туын тігіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұтатын айшықты мысалына айналып отырғанын атап өтті. Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дарқандығын көрсете білді. Осы жылдар ішінде еліміз жаһандық ауқымдағы 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 700 доллардан болса, бүгін ол жан басына 9 мың доллардан келіп отыр.
– Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіз­дігінің 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізіп көрмеген екен. Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерін озып, халықаралық рейтингте 50-ші орынға ие болдық. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарында. Ұлттық қорды қосқанда, біздің 73 миллиард доллар қаражатымыз бар. Дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген елдерінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы қысқар­тылып жатты. Ал біз, керісінше, бұл көрсеткіштерді жылдан-жылға өсіріп отырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуда екенін атап өтті. Қазақстанда өткен бір жылдың өзінде 800-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылды. Таяудағы бірнеше жылда құны 8 триллионнан астам теңге болатын 300-ден астам жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында тағы да 200 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ел дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары жасалды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның табыстары әлемдік саясатта да үлкен табыстарға жеткенін атап өтті. Мысалы, еліміз ТМД және Азия елдері арасында алғаш рет Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Беделді ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы алқалы Саммиті Астанада өтті. Биыл Қазақстан 57 мұсылман елін біріктіріп отырған Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Саммиттен кейінгі тағы бір орасан оқиғаның бірі – Қысқы Азия ойындары болды.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілі осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан астам бала қазақ ті­лінде білім алады. Қазір мемлекеттік ор­гандарда іс жүргізу негізінен қазақ тіліне көшірілді. Мен биылғы Жолдауым­да 2020 жылға қарай қазақ тілін бі­летіндердің саны кемінде 95 пайызды құ­рауы тиіс екенін айттым» деп атап өтті.
«Аталарымыздың сан ғасырлық аңсары болған Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет. Еліміздің арғы-бергі тарихында елдің еңсеріле көшулері де аз болмады. «Қайран да менің Еділім» деп ел айырылған зарлы көші өшпес із қалдырды. Ұлы дала – Қаратаудың басынан құлаған қаралы көштің де куәсі болды. Одан бері де тағдыр-талайымен шетел асқан шерлі көшті де бастан кешірді. Ал тәуелсіз мемлекет құрып, жа­сампаз өмірге бет бұрған бүгінгі көш­тің жөні бөлек» деп атап өтті Елбасы.
Елбасы әлемде өз қандастарын атамекенге оралтып жатқан үш мемлекеттің бірі екенімізді мақтан етіп, шеттегі бауыр­ларымыз қай қиырда жүрсе де өзінің атамекені – Қазақстанды жүрегінің түкпі­рінде сақтауы тиістігін еске салды. Айтып өткен жөн, бүгінде елімізде сыртта жүрген ағайынды елге оралту мақсатында арнайы квоталар бөлініп, оның мөлшері ұлғайтылды.
Мемлекет басшысы биыл тәуелсіз­дікпен бірге атамекенге ат басын бұрған ұлы көшке де 20 жыл толатынын атап өтті. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Президенттің Жарлығымен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы көшіп келу квотасы 20 мың отбасыға өсті. Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Оны ойдағыдай іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді.
Расында да, «Нұрлы көш» бағдар­ламасының аясында тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында оралмандар ауылы өмірге келді. Шеттегі ағайынның елге келуіне бар­лық жағдайлар жасалып, жұмысқа орна­ласып кетулері үшін арнайы бейімдеу орталықтары ашылды. Қандас­тарымызға қолдау көрсетіп, қам­қорлық жасаудың нақты жолдары айқындалып, белгіленген. Осы істерді ары қарай жандандырып, алдағы кезеңде қандастарымызға барынша қолдау көрсету мақсатында Парламент пен министрліктерге арнайы тапсырмалар міндеттелді. Біріншіден, Парламентте қаралып жатқан «Көші-қон туралы» заң оңтайлы шешімін тауып, оралман ағайындардың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиістігі нақтыланды. Және туған елге ораламын деушілерге Қазақстанның есігі қашанда ашық екені еске салынды. Қандастарымызды Отанға оралту жұмысын жүйелей түсу үшін «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңінің жобасы қолға алынбақ. Бұл кезеңде қандастарымызды жаңа өндіріске, өңірлер мен ауыл шаруашылығына кеңінен тартудың жолдары сараланады. Ол үшін шеттен келген мамандарды қайта даярлау курстарынан өткізетін болады. Мемлекет басшысы сондай-ақ құрылтайға қатысып жатқан жастарды елімізде білім алуға, қазақ елінде тұрып, қызмет етуге шақырды. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігіне гранттың квотасын нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Шет­елдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялдық өндіріске жұмысқа тарту қажеттігі нығыздалды. Егер қажет болған жағдайда оларға әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар шеттегі бауырларымыздың Қазақстаннан хабар алып тұруына жан-жақты көмектесу жүйелі жолға қойылатын болды. Ол үшін Байланыс және ақпарат министрлігіне «Каспионет» халықаралық арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз ету, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру тапсырылды. Оған қоса әр министрлікке дүниежүзіндегі қазақ жастарымен байланысты нығайту үшін арнайы вебпортал ашу міндеттелді. Алдағы кезеңде қазақ ұлты шоғырланған елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуға жағдай жасалынады. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне ұлтымыздың шетелдерде сақталған аса құнды мұраларын жинақтау үшін экспедициялар ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ шетелдерде өткізілетін әлем қазақтарының кіші құрылтайларына «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болды.
Осындай жүгі ауыр міндеттерді нақтылаған Елбасы сөзінің соңында «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы. Қазақстан – әлемдегі бар қазақтың құтты қарашаңырағы. Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз ешуақытта да ұмытпауымыз керек. Қазақтың абыройын асырған, мерейін тасытқан ол – ел Тәуелсіздігі болып табылады. Сондықтан біздің басымызға бақ болып қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жарылған бұл той біздің ұлан-асыр ұлы тойымыз болып табылады. Тойымыз тарқамасын, құрметті ағайын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп қорытындылады.
Одан кейін құрылтай жұмысы жарыссөзге ұласты. Жарыссөз кезеңінде Еуропа қазақтарының федералдық мәдени орталығының жетекшісі Әбду­қайым Кессежи, Ресей Федерациясы, Алтай өлкесі, Құлынды ауданындағы қазақ мектебінің директоры, Оқу-ағарту үсінің үздігі Нұрғайша Ғайсақызы, Қытай Халық Республикасынан келген қазақ делегациясының басшысы Тілепалды Әб­дірашит, жас оралман ақын Бауыр­жан Қарағызұлы, танымал жазушы Смағұл Елубай тебірене, толғана сөз сөйледі.
Айта кету керек, Құрылтайдың алдыңғы үш құрылтайға қарағанда бір ерекшелігі, биыл Қазақстандағы және шетелдердегі жастар мен жас­тар ұйымдарының, студенттер бірлес­тік­терінің көшбасшылары көп шақырылған. Сонымен қатар әлемнің 35 елінен қандас бауырларымыз туған жерге табан тіреді. Олардың арасында шығармашылық, ғылыми, педагогикалық зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдері бар. Халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін, тілін дамытып, насихаттап жүрген шеттегі ағайындардың арасында Чехияның экс-министрі Жамила Стехликова, Чувашияның экономикалық дамуы экс-министрі, Чебоксар жоғары оқу орнының доценті Гүлмира Тағайқызы Акимова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Күләнда Чоной, Өзбекстанның Халық Қаһарманы Ағытай Адылов, Түмен мемлекеттік Думасы іс басқармасы бастығының орынбасары, әлеуметтік ғылым өкілі Кенесары Қойше секілді қандастарымыз бар.
Түстен кейін делегация мүшелері Конгресс-Холл сарайында «Қыз Жібек» операсының қойылымын тамашалап, кешкісін Президенттің салтанатты қабылдауында болды. Ал бүгін құрылтай қонақтары министрліктерде өтетін дөңгелек үстелдерге қатысады.

Бейбітгүл  Әбдіғаппарқызы
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.