Қазақы шапан киініп…

d0b0d0b4d0b5d182d182d0b8d0bdҮнемі «Атыңнан айналайын Қарқара­лыыы…» деп әндетіп жүретін бүгінгі кейіпкеріміздің елден ерекше һәм үлгілі қасиеті бар. Өзін «Мәдидің елі – Қарқаралының қазағымын» деп таныстыратын Тақыров Жәкен-Әли ағамызға оның ағайын-тумасынан бастап, алғаш көрген жанның бәрі қызыға әрі сүйсіне қарайды. Жылдың төрт мезгілінде басынан бақайшағына дейін ұлттық үлгіде киінетін, тіпті көлігіне дейін оюмен көмкеріп, үйін, ауласын да көздің жауын алатындай қазақы стильде безендірген Жәкен-Әлиге кез келген жанның таңданары анық. «Қазіргі таңда ұлттық нақышта бояуы қанық ұлттық киімдерімізді, дүниелеріміз бен түрлі бұйымдарымызды тек Наурыз секілді мерекелік іс-шараларда ғана көзіміз шалады. Яғни ұлттық киім кисек, «концерт болғалы жатыр ма?» деп сұрайтын жағдайға жеттік. Ұлттық киім – науқандық немесе сахналық кос­тюм секілді. Ал өзге ұлт өкілдерін алалық, ол өзбек, қырғыз, түрік, тағы басқа да ағайындарымыз болсын, өздерінің ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген киімдерін күнделікті тұрмыста киіп жүреді, ұлттық нақыштағы жиһаздары мен бұйымдарын қазір де қолданыстан шығарған емес. Мысалы, қырғыздар өздерінің айыр қалпақтарымен ерекше назар аудартса, өзбек ағайындарымыз ала шапандарын тастаған емес. Ал біз ше? Бізде мүлде керісінше. Бізде еуропалық һәм батыстық стильге еліктеушілік басым болып тұр» деп қынжылады кейіпкеріміз.
«Кім не десе о десін, мен бүгіннен бастап, өз ұлтымның киімін киемін, әйтпесе қазақтығым қайсы?» деген шешімге келдім бір күні» дейді Жәкен-Әли.
Жәкен-Әли ағамыз жастайынан орысша білім алып, тәрбиеленсе де өз қазағы, елі десе жаны бөлек. Міне, оның ұлттық нақышта әдіптелген киімдерді киіп, дүниелерді қолданып келе жатқанына бүгінде алты жылдың жүзі болыпты. Бүгінде көзі үйренген көп адам таңырқамайды. Әйтсе де «әлі күнге алғаш көрген адамдар бұрылып қарап, таңырқап жатады. Ерсі көріп, миығынан күлетіндер де бар. Ал мен несіне ұялуым керек? Ондай сәттерде Сұлтанмахмұт ағамыздың:
Мен қазақ, қазақпын деп
мақтанамын.
Ұранға “ Алаш “ деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан
сақтанамын?!»
деген өлеңі есіме оралып, керісінше, рухтанып қаламын» дейді кейіп­керіміз.
Жәкен-Әли – ұлтжанды азамат қана емес, елінің нағыз патриоты. Мұны сөйлеген сөзінен ғана емес, ісінен де аңғаруға болады. Қазақ елінің мүддесіне қызмет ететін кез келген істің жанашыры десе болады. Тіпті өзі тапсырыс­пен тіккізетін киімдерінде де ою-өрнекпен қатар, қазақтың туындағы қыран, күн бейнесі қатар жүреді. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген киімдерінің ішінде, әсіресе, ерекше көзге түсетіні – аяқ киімдерінің әдіптелуі. Саптама етіктерінің сүйкімді тігілгені сонша, барлық қазақтың жігіттері осындай етік кисе айбаттанып кетердей әсер қалдырады. “Омыраулары ашық, жалаңбас, кіндікті ашып жүру секілді жағымсыз қасиеттерді бойымызға тез жинап алып жатқан жайымыз бар. Содан мейлінше сақтанғанымыз абзал. Мен өзім киімдерімді төрт мезгілге сай етіп тапсырыспен тіккізем. Аяқ киімдеріме дейін солай. Киімдерімді Күләнда Тоқтағанқызы деген шебер тігеді”.
«Дегенмен сізді ұлтыңызды мұншалық сүюге әлдене итермелеген сияқты…» деген сауалымызға: «Осыдан алты жыл бұрын қасиетті Қарқаралының тумасы, дүлдүл өнерпаз Мәди атындағы қор ашқанмын. Сол қордың өзім төрағасы болдым. Жалпы, Мәди бабамыздың сал-серілігін айтпағанның өзінде, заманына сай әрі өте-өте сұлу киінген жан ғой. Мәдиге қатысты тарихты зерттей жүріп, «неге қазіргі қазақтар да осындай бай әрі бекзат киінбеске?» деген ой келеді екен. Бүгінде мен ән салып, елді әуенде тербемегеніммен, өзімді сол кісінің ізін жалғап жүргендей сезінемін», – дейді ағамыз.
Бүгінде кейіпкеріміз – халық­аралық Қажылар қауым­дастығының мүшесі, “Мәди” қорының төрағасы. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. “Ақ жолмен жүр, өзгенің ала жібін аттама!” деген өмірлік қағида­ны ұстанған ол – асқар таудай әке, ардақты жар, еліне үлгі болар азамат.
Көлігі де ою-өрнекпен, мем­лекеттік рәміздермен көмке­рілгендіктен, бір қарағанда керемет күйме көргендей әсер қалдырады. Үйі­не жақындай қалсаң, ауласының өзін­де қазақтың кең жазира даласы кө­сіліп жатқандай. Қырдың қызыл қыз­ғалдақтары алдыңыздан шы­ғады. Қа­зақы шапан киініп, белін бе­­­кем бу­ынып, саптама етігімен алшаң­­дай басып кетіп бара жатқан ал­памсадай қазақ көрсеңіз, ол Жәкен-Әли дей беріңіз. Ендеше, неге жақсыдан үйренбеске?!.

Аида ҚОЖАҚОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.