Ер Қосай

d0b5d180-d0bad0bed181d0b0d0b9Бұл эпос Қалқай молданың қолжазбалары арасынан табылды. Оның кімнен, қашан жазып алғаны белгісіз. Эпосты 1940 жылы Асайып Хангелдин тапсырған. Бұрынғы ноғайлының заманында Ер Бөкше, Нар Бөкше, Әділ Бөкше, Асқар Бөкше… ағайынды ерлер болыпты. Алтауы қалмақтың Тақтаболат-Тасболат деген жауының қолынан өлген көрінеді. Ең кішісі Ер Бөкше жалғыз қалыпты, жасы алпысқа келгенде әйелі жүкті болып, бала табады. Ат шаптырып, той жасап, баланың атын Қосай қояды. Ер Бөкше ноғайлылардан бес мың қол алып, тобылғы меңді торы атты ерттеп жатқан кезде Қосай алты жасқа толған кез екен. 
Әркімдер мінеді бір атты,
Ат деген ерге қанат-ты.
Атадан жақсы ұл туса,
Қылар болар ер бапты.
Жасы 60-қа келгенде,
Әкем қайда лақты?
Лаққаның ұят-ты,
Өзіме бер тор атты,
Мен қылайын қайратты, – деп әкесінің жаумен шайқасуға баратынын біліп, Қосай әкесінің артынан жылап жүріп алады.
Әкесі алты жасар жалғызына тоқтау айтады. Бірақ Қосай әкесінің артынан қуып, жүгіре береді.
Жүр деп еді, жүрмеді,
Кемпірге теңдік бермеді.
Алпамсадай кемпірді,
Арқалап ала жөнелді.
Тамақ құрлы көрмеді.
Тіптен шешесі ұстап алмақ болып қасына келгенде өмірде айрықша жаратылған ұл ерекше қайрат көрсетеді.
Ер Бөкше ақыры жауға аттанып кетеді. Қосай әкесінің жолын қараумен жүреді. Арада екі жыл уақыт өтеді. Бірде қырық баламен асық ойнап жүргенде Ер Бөкшенің 5 мың қолынан 100 кісі қайтып келе жатқанын көреді. Ол кісілер: «Әкең артта келеді», – деп алдарқатады. Бірақ көптен бері түсініксіз түс көріп, беймаза күй кешіп жүрген Қосай олардың сөздеріне сенбейді.
– Сенің атаң 7 қабыланның бірі еді, енді малдың билігін саған бердім, – дейді шешесі. Қосайдың шешесі Қодар деген құлын шақырып алып, Ақсарыбайдың қызы Алаукешті Қосайға айттырып кел деп жұмсайды. Алайда Сарыбай қызын Қосайға бергісі жоқ. Осыдан соң Қодар Қосайды арқалап алып, байдың тасқұдығының басына апарып тастайды. Байдың екі келіні құдыққа суға келген кезде, Қосайдың нұрлы жүзі аспанға шалынып отырғанын байқайды.
Ей, замандас, замандас,
Бір сөзім бар, зейініңді аш.
Атамды құртқан қызылбас,
Не болғанын білмеймін,
Арқалап келді Қодар нас.
Жата алмаймын мен қу бас.
Әке-шешем зар қылып,
Тілеп алған Құдайдан.
Әкем түзде көмусіз,
Үмітім жоқ шырайдан, – деп Қосай сөйлей береді. Жеті атасының аты Тасбұлақтың маңайын мекен етіп жүреді екен. Нар Бөкшенің сары атына тіл бітеді. 40 жігітті ертіп, қалмақтың ханы Тақтаболат-Тасболаттың еліне жеті атасының кегін қайтару үшін бару керектігін Қосайдың есіне салады.
Астымдағы сарғыш ат,
Бір жаратқан Құдайға,
Кеуде жаным аманат.
Сен қашпасаң, мен қашпан.
Сонша жерден мені іздеп,
Саған келдім, Тасболат.
Дұрыстап айт сөзіңді,
Алыстан келген бұл жетім,
Ояр екі көзіңді.
Екеуі найзаласады,
Ол да найза салады,
Бұл да найза салады.
Екеуінің найзасы,
Қармақ болып қалады.
Найза қанға майысты,
Қылыш қанға қайысты.
Ол да салды шеңгелді,
Бұл да салды шеңгелді.
Екеуінің қайраты,
Бір-біріне тең келді.
Екеуі киген ақ сауыт,
Байрақтай дыр-дыр жыртылды,
Қалмақты аттан төндірді,
Шұбар аттың үстінен,
Сауырына міндірді.
Сегіз жасар ер Қосай,
Балықтай түйреп түсірді.
Қодар жаудан сескеніп, тосылып қалған жағдайда да Қосай қаймықпай алға ұмтылады.
Айқай сүрен салады,
Айқайлаған дауысы,
Айшылық жерді алады.
Күркіреген дауысы,
Күншілік жолды алады.
Қолымдағы зұлфұқар,
Қарыс қара жеріңде,
Қырық мың ердің құны бар.
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе,
Қырық қара нар майына,
Алып едім суарып.
Не жайсаңы кәпірдің,
Қылышы тимей бел шешті,
Кәпірдің аққан қанынан,
Астындағы сарғыш ат,
Үзеңгіден қан кешті.
Шайқас кезінде Қосайға аруақтың қолы сабалап, не оқ дарытпайды, біресе мылтықты жолатпайды. Қалмақ патшасының құлағына бір адам «Бұл – Құдай баққан адам» деп сыбырлағандай болады. Сөйтіп, Қосай патшаны өлтіреді, ағаш арбасын, жорға атын, ақша салған дорбасын, бұзау-баспақ, танасын, қатынын, баласын – бәрін-бәрін алдына салып айдайды. Қалмақтар салған қаланы Қосай мен Қодар быт-шыт қылып құлатады.
Бір-бір сұлу жар алды,
Елу жеті қала алды.
Біріне-бірін байлатып,
Өзіне-өзін айдатып,
Елге қарай бет алды.
Қосай мен Қодар қалмақтың бар малын, адамдарын айдап бара жатса, арттарынан айқайлаған дауыс естілді. Қалмақтың батыры Қараман отыз ауыл Орақты, алпыс ауыл Мамайды шауып алып келе жатыр екен. Қосай барғанда Қараман ауылында жоқ еді. Қараман бес жүз кісімен Қосайды қуып кеп береді.
Сары аттың шабысын жыршы Қобыландының Тайбурылы секілді өте әсерлі суреттейді.
Астындағы сары аттың,
Көкте екенін білмеді,
Жерде екенін білмеді.
Баяғы шабыс қалады,
Тер бойына тарады.
Сөйткен сары ат әркез сөйлей де, ақыл-кеңес айта да біледі. «Қосай, мен сені алты айшылық жолдан бір-ақ күнде әкеліп тұрмын. Сен қызды көрейін деп келе жатырсың. Қызды мен де көрейін. Мен бір қотыр тай болып, батпаққа батып жатайын. Сен бір тазша бала болып, Ақсарыбайды тоғыз ұлымен бірге алып кел. Байдың тоғыз баласы келіп тартса да мен тұрмайын. Ал Алаукеш қыз келіп жалымнан сипаса болды, мен ұшып тұра келейін», – дейді сары ат.
Қалмақ ханы Қараманмен шай­қасқан кезде сарғыш ат зырқырап атыл­ған оқты қағып жібереді. Сон­дай-ақ абайсызда Қараманның қо­лына түсіп қалғанда, Қосайға Алла Та­ғала құтқаруға жіберген пірлер көмектеседі.
«Ер Қосай» жырын оқып отырғанда батырдың ерлік істеріне ғана қанығып қоймаймыз, осыған қоса бүгінгі күні көнерген сөздер (архаизм) деп аталатын небір қару түрлерімен де таныс боламыз. Олармен хас батыр жауымен айқасқа шығар алдында кәдімгідей сөйлеседі екен.
Алты атқа алған адырна,
Ата алмасам – маған серт.
Шым жібектен ескен кірісі,
Үзіліп кетсем – саған серт.
Он атқа алған бұхаржа,
Кірістен кетсең – саған серт, – дейтін жыр-шумақтарынан көп жайды аңғарамыз. Адырна – дөңес болып иіліп, ағаштан жасалған жақтың басты бөлігі. Ату құралы – жақ (яғни садақ) деп аталыпты. Қазақ батырлары кейде жақты Бұхарадан сатып алған. Бұхарада жасалған жақтарды қазақтар осыған орай «бұхаржа», «бұхаржай» деп те атаған көрінеді.
Былғары садақ, бұхаржай
Бұлғап тартты Ер Қосай,
Шанышқанға шыдамай,
Ұңғыдан кетсең – саған серт.
Осы жолдардан соң жебенің сапқа орнатылған бөлігін «ұңғысы» дейтінін ұғып алғандай болдық.
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жерің қу төбе.
Кесіп алған жеріңде,
Қырық ай жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына,
Алып едім суарып.
Қазақтар әлімсақтан қырық санын киелі санағаны белгілі. Халқымыздың ауыз әдебиетінде қылышты, жебені қы­рық ай бойы қырық нар майымен сылау, қырық шілтенге сиыну, қасына қырық нөкер ертіп жүру, соғыс­та қолданатын қару-жарақтарын арнайы өзіне арнап қырық ұстаға соқ­тыру, қырық күн кептіру, қырық түрлі сұйыққа суару сияқты жайлардың аста­рында үлкен шындық жатқаны анық. Осындай бапталған құрал-сай­ман­дарының көмегімен және өзі­нің қа­һармандық іс-әрекеттерінің арқа­сын­да Ер Қосай Қасаболат батырды қы­лышпен шауып өлтіреді. Өзі Алау­кеш­пен қосылып, бақытты өмір сүреді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Төлепберген

    Манас жырында Ер Косай Найман қолын басқарып Көкетайдың асыны келеді.Найман баба тарих сахнасына 6 ғасырдың соңы, 7 ғасырдың басында өмір сүген, оның 6 баласы болган атап айтқанда Ақсауыт Найман,Көшеуит Найман, Төре Найман ,Дүрмен Найман,Барлас Найман,Қанлы Найман, Керей Найман,Бетке( Бөкше,Бетеге)Найман немесе Уақ Найман. Найман бабаңың үрпақтары өсіп,өніп 11 ғасырдың соңы 12 ғасырдың басында хандық қүрады , бастарынан неше түрлі заман өтіп үрпақтары Барлас,Дүрмен өзбек халқының қурамында, Қанлы үлы жуз, Керей ,Уақ ортажуз қүрамында дербес тайпа болып қалыптасады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.