Тіл саясаты жөніндегі қоғамдық кеңес құрылмақ

Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға бағытталған бағдарламасына сәйкес ҚР Мәдениет министрлігінде дайын­далып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының» жобасының бір нұсқасы ғаламтордағы сайттардың бірінде қоғам талқысына түсіп, түрлі әңгімелер туындаған еді. Жақында Мәдениет министрлігінде осы мәселенің ақ-қарасын ажыратуға бағытталған жиын өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева ең алдымен тіл мәселесіне қатысты аса маңызды құжаттардың қабылданғанынан құлағдар етті. Атап айтсақ, маусым айында Елбасы Н.Назарбаев «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына» қол қойса, шілде айында Үкімет басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға негізделген іс-шаралар жоспарын бекітіпті. Осы маңызды құжаттар аясында Мәдениет министрлігі бірқатар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде тілдерді дамыту туралы заңды қолданысқа енгізу, ономастика, терминология саласындағы жұмыстарды реттеу және мемлекеттік тілді оқытудың ортақ стандарт технологиясын жасап, қолданысқа енгізу секіл­ді маңызды жұмыстарды атқару міндеті көзделген. Жауапты хатшының айтуын­ша, бүгінгі таңда республикадағы барлық 101 мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында ортақ әдістемелік оқулық жоқ. Әрқайсысы өзінің жеке әдістемелігін пайдаланады. Сондықтан қазір Тіл комитеті мен «Қазтест» орталығының арасында мемлекеттік тілді оқытудың ортақ стандарт технологиясын жасап шығаруға келісімшарт жасалыпты. Ол халықаралық деңгейге сай келетін алты деңгейден тұрады. «Қоғамның санасында мемлекеттік тілдің оң имиджін қалыптастыру ең басты міндетіміз болмақ. Қарапайым сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілдің беделін көтеруіміз керек» дейді Жанна Дулатқызы. Осы мақсатта бүгінгі таңда екі ауқымды жоба әзірленіп жатыр. Оның алғашқысы телеарналардың біріне арналған реалити-шоу, екіншісі мемлекеттік тілді үйретудің телевизиялық бағдарламасы. Мұнан бөлек, миллион таралыммен білім, денсаулық, мәдениет, спорт секілді он салаға бағытталған орысша-қазақша тілашарлар жарыққа шығарылған. Бұйырса, алдағы уақытта бұл тілашар­лар республикадағы барлық мем­лекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге тегін таратылатын болады.
Ал ғаламтордағы сайттардың бірінде сілтеме жасалып, көпшіліктің талқысына түскен құжат мәселесіне тоқталған жауапты хатшы, ол Үкімет пен Парламенттің қарауына ұсынылатын заңнаманың соңғы нұсқасы емес екендігін кесіп айтты. «Бұл барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарға бірлесіп, қоғамдық сараптамадан өткізу үшін жіберілген қарапайым жұмыс мәтіні. Ол мәтін әлі Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясынан да өткен жоқ». Жауап­ты хатшының айтуын­ша, жұмыс тобының құрастырған бұл құжаты тек барлық мемлекеттік мекемелер пысықтап алғаннан кейін Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясының қарауынан өтеді. Ал жұмыс тобында депутаттық корпустан, қоғамдық ұйымдардан, эксперттік құрылымдардан жиналған 40-қа жуық кісі бар. Мәдениет министрлігі заң жобасын әзірлеуші орган ретінде осы жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі қолдаған пікірмен келіспей тұра алмайды.
– Осы тұрғыдан келгенде қоғамда пікірталас тудырған мәселелер де заң жобасынан көрініс табатын болады. Атап айтқанда, Тілдер туралы қолданыстағы заңнаманың 23-бабында міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі талап етілетін қызметтер, санаттар мен мамандықтар тізбесіне қатысты айтыстар өрбігені бар. Мұнда негізінен азаматтарға қызмет көрсе-ту үшін бекітілген мамандықтар бойын­ша мемлекеттік тілді ең төменгі, қажетті деңгейде игеру туралы мәселе көтеріліп отыр. Әзірше, ондай талап үш санатқа қатысты қарастырылады. Бұлар: мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания қызметкерлері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот прис­тавтары секілді санатқа жататындар. Яғни, бұлар негізінен өз жұмыстары барысында күнделікті азаматтармен байланысып тұратын санаттағы топтар болып табылады, – деп мәлімдеді Жанна Құрманғалиева.
Айта кету керек, 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңға сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түр­де білуі талап етілетін қызметкерлер тізбесін бекіту жұмысы 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қамтылған болатын. 2002 жылы мұндай тізбе анық жазылуы тиіс еді. Алайда ол нақты нәтиже бере алмаған. Сол кездегі тілдік ахуал­ды, объективті жағдайды ескере келе, бұл норманы енгізу кейінге шегерілген.«Конституция нормаларына сәйкес, мемлекеттік органдарда, жергілікті басқару органдарында мемлекеттік тілмен тең дәрежеде орыс тілі қолданылады. Яғни тең деңгейде, теңдей ауқымда деген сөз. Бұл ретте «тең дәрежеде» деген мәселе тек қана мемлекеттік органдарға қатысты екендігін еске салғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкер ретінде азаматтар тарапынан сұрау салынған тілде жауап беруге тиіспіз. Ал жеке ұйымдар бұл мәселені өздері шешеді, деген жауапты хатшы, елімізде әлі де болса орыс тілінің дәурені асып тұрғанын жасырмады. Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік органдарда орыс тілін қолдану деңгейі қазақ тілін қолдануға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мониторингке сүйенсек, мемлекеттік органдарда орыс тілінің қолданылуы 80-90 пайыз болса, мемлекеттік тілдің қолдану аясы 10-20 пайызды ғана құрайды. «Егер Конституцияда көрсетілгендей, орыс тілі тең дәрежеде қолданылса, оның жағдайы шынымен қиын болар еді» деді.
Осы отырыста Мәдениет минис­трлігі тарапынан 2011 – 2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес құру бас­тамасы көтерілді. Кеңес ең алдымен тіл мәселесіндегі диалогтық алаң ретінде қалыптасатын болады. Қоғамдық кеңеске мүше болу барынша ашық түрде жүргізіледі. Кез келген азамат, кез келген ұйым өздерінің қоғамдық кеңес жұмысына қатысу ниеттерін til@mki.kz электронды поштасына жолдай алады. Сосын ұйымдастырушылар Алматыдағы топ үшін Достық үйін, Астанада Ұлттық кітапхананы пікірталас алаңы ретінде ұсынып, емен-жарқын пікір алмасуға жағдай жасайды. Қоғамдық кеңестің басты міндеттерінің бірі тіл заңнамасын жетілдірумен қатар, тіл төңірегіндегі түгел бағыттарға ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Тілдерді оқыту әдістемелеріне, инновациялық жобаларға халықтық сараптама да жүргізеді. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту үшін қандай әдістеме дұрыс, қайсы жұмыс жетілді-руді қажет етеді – осының бәрі Кеңесте талқыланады.Термин жасау терми-нологияны біріздендіру, ономастиканы реттеу мәселесіне де араласа алады. Тілді байытуға үлес қосады. Сондай-ақ, енді құрылатын Қоғамдық кеңестің мемлекеттік тіл саясатына жұмсалып жатқан қаржыны қадағалау мәртебесі де болатын сияқты. Белгілі болғандай, келесі жылдан бастап Тіл комитеті енді құрылатын Қоғамдық кеңес алдында есеп беріп, бюджеттен жұмсалатын әрбір тиынның қайда кеткеніне Кеңес алдында жауап беретін болады.
Дайындалып жатқан заң жобасына келер болсақ, вице-министр Ғазиз Телебаев Заңның міндетті түр­де қабылданатынына сенімді. Әлі толық жетілмеген нұсқаның тігісі жатқызылып, кемшін жерлері толықтырылады. Бірақ концепциясы еш өзгеріссіз қалады.«Мұнда ешқандай да жаңалық ашып отырғанымыз жоқ. Мемлекеттік қызметші үшін мемекеттік тілді білу міндетті түрде талап етілетін заң ТМД-ның барлық елінде бар. Ал Қазақстан қашанда теңгерімді тіл саясатын ұстанып келеді. Сондықтан да бүгінгі күні барлық мемлекеттік қызметшіге, азаматтық қызметшіге қатысты осы тіл талабын жүзеге асыратын уақыт жетті», – дейді вице-министр.

Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.

    Мынау өткен “Тәуелсіздіксымақтың” 20-жылынан, әуелі Үкіметтің өзі сабақ алғаны жөн. Жалпақтау мен Жалтақтаудың келтірген зыяндарынан құтылудың өзі “қияметтің қыл-көпірі” болмақ ! Қазақ халқы өзінің Елдігіне керек қажеттілігін айтса болды, анау қолдан жасалған “140-ұлт” Бөрінің артындай ұлып шыға келеді. Сондықтан, Қазақ халқына және мемлекетіне қарсы тұрғандарды “Экстремистер” ретінде заңды түрде жазалау керек. Мемлекеттік тілге қарсы болып жүргендер, бұлар Қазақстанның азаматы да отандандастар да емес! Бұлар — Қазақ халқының жауы !

  2. проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.

    Тіл үйренудегі тиімді тәсіл — үш түрлі! Бірінші — егер Қазақ мемлекетінің Басшысымын дейтіндер, тек Қазақша сөйлеулері керек! (дүниеде қазақтан басқа бөтен тілде сөйлейтін басшы бар ма?)Екінші — 2012 жылдан бастап іс
    қағаздары, тек мемлекеттік тілде жүрсін! Үшінші- Мемлекет қаржыландыратын
    мектептердің (орыс,ұйғыр,өзбек, т.б.) І-ші сыныбының негізгі пәндері, алдағы жылдан бастап, тек мемлекеттік тілде оқытылуы шарт! Міне, ең пәрменді де тиімді тәсіл осы !

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.