Судың сырын білеміз бе?

d0b2d0bed0bbd0bdd0b0

Су адамның өмір сүруіндегі негізгі атрибуттың бірі. Сусыз өмір жоқ. Өйткені адам өмірін қамтамасыз етудің бүкіл жүйесі суды пайдаланатын технологияларға негізделген. Атамыз қазақ «судың да сұрауы бар» деп жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде дүниежүзінде екі миллиард адам су тапшылығынан зардап шегеді. Көптеген ғалымдар суды зерттей келе ол тек тіршілік көзі ғана емес, сондай-ақ оның өзіндік құпия сыры бар екенін айтуда. Ендеше мөлдір судың мөлтек сырын ашып көрелік.
Әлқисса, ғаламдағы негізгі қажеттілік­тердің ішінде судың алар орны ерекше екені белгілі. Судың пайда болу тарихына көз салсақ, осыдан миллиард жыл бұрын суық газ-тозаң бұлтынан жер түзілсе, ал мұз-тозаң түрінен су пайда болды. Бұл ғаламның сырын зерттеушілердің зерттеп тапқан нәтижесі. Академик В.И.Вернадский былай деп жазады: «Негізгі күшті геологиялық процестерге әсер етуі бойынша сумен салыстыруға келетін қосылыстар жоқ. Тірі ағзалар мен минералдар, тіпті жердегі барлық заттардың құрамында суы жоғы болмайды». Рас, мына біздің тұла бойымыздың тоқсан пайызынан астамы судан тұратыны белгілі. Мұны неге айтып отыр десеніз, суға қатысты төмендегі жаңалыққа назар аударыңыз.
Ғасыр жаңалығы

1956 жыл. Оңтүстік-Шы­ғыс Азиядағы жаппай қырып жою қа­руын жобалау мен жасау әскери институтының жабық зертханасы. Жаңа замандағы бактериялық қару туралы бірнеше сағаттық ғалымдар отырысы басталады. Кенеттен отырыс тоқтатылып, ғалымдар тамақтан улану белгісімен ауруханаға әкетіледі. Уланудың себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ғалымдар­дың ортақ ішкен асы отырыстағы үстел үстіндегі қарапайым ауызсу ғана болатын. Суды улауы мүмкін деген оймен судың құрамына сараптамалық зерттеу жүргізіледі. Бір қызығы, тексеру нәти­жесі көрсеткендей оның құрамында Н2О-дан басқа молекулалық қосынды табылмайды. Бірақ судан басқа себебі анықталмаған қорытынды сараптамаға улану «ауыз судан» деп жазылды. Дәл осы жағдай орын алғаннаннан соң 20 жыл кейін ғалымдар ғажайып болжам ұсынды. Ол болжам бойынша «судың есте сақтау қабілеті бар» делінді. Судың жаңа ашылған осы қабілеті судың тұңғиық сырларына жетелей түсері анық. «Неліктен?» деген сауалға жау­ап іздеуші ғалымдар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Ресейдегі Мәскеу Мемлекеттік университетінің биология факультетінің профессоры, ғылым докто­ры Владимир Воейков осыған қатысты былай дейді: «Міне, біз жаңа ғана ғылымда орасан батыл қадам жасадық. Біз шындығында суды білеміз деп жүріп, ол туралы түк білмейтіндігімізді түсіндік. Иә, осыны мойындаудың өзі үлкен ерлік, өйткені бұдан кейін адам бойында білуге деген құштарлық пайда болады». Бүгінде өркениет деп аталатын, бірақ адам баласының ақыл-ойын тар шеңберге шырмап тастаған үрдіс негізінде дүниенің көзге көрінетін және көрінбейтін сырларын тану көкжиегіміз қандай деңгейде екенін бағамдай беріңіз. Орыс ғалымы А.Одоевский «Европа рационализмі бізді ақиқаттың қақпасына ғана алып келді, бірақ ол қақпаны ашуға қауқары жоқ екенін көрсетті» деген тұщымды пікір айтқаны бар. Қазіргі таңда адам баласы әлемді танудың жаңа заңдылықтары табалдырығында тұр, бұл үрдіс жаңа әдістемелерге жол ашып отыр. Оған дәлел жақында жарық көрген «Судың ұлы құпиялары» аталатын қайталанбас тележоба. Жобаның мақсаты – жалпы физикалық заңдылықтардың шегіне сыймайтын су көрсетіп отырған құбылыстардың тылсым қасиеттеріне ену. Фильмге ғалымдармен бірге әртүрлі елдің теолог ғалымдары да қатысқан. Фильмді дайындаушылар: «Фильм дәлелдемейді, ол нақты айғақтарды ұсынады. Сену немесе сенбеу – әркімнің ісі. Ең бастысы осы жайында ойлануға және ойды өрбітуге мүмкіндік туғызу ғана» деп мәлімдейді. Негізгі идея – суға бағдарлама беру мүмкіндігі арқылы ауыр сырқаттарды сумен емдеу, ауа-райын басқару, адамтанудың жаңа сатысын игеру. Фильмнің басы судың төңірегіндегі толассыз жиналған сұрақтардан басталады. Одан әрі оған ғылымнан жауап іздейді.

Су кереметі

Әлем бойынша «Судың жады» тақырыбындағы тұңғыш диссертацияны Ресейлік ғалым С.В.Зенин қорғады. Осы уақытқа дейін судың ұзақ уа­қыт бойы бір құ­рылымды түзуі мүмкін емес деген ұста­ным үстем болып келгенді. Бірақ та есеп­теулер көрсеткендей, су дұрыс құры­лымды көлемдік формаға ие, оның негізінде 57 молекуладан құралған кристалл тәрізді су кванты жататыны анықталды. Бұл құрылым энергетикалық тиімді және спирт пен сол тәрізді еріткіштердің жоғарғы концентрациясында бос молекулалар босауымен бұзылады.
Ең алдымен, осы уақытқа дейін суды біртекті деп келсек, оның әртекті екені анықталды. Ол ромб тәрізді көпбұрыш түрдегі микроскопиялық кристалдардан құралған, яғни кубты қарама-қарсы екі төбесінен созудан туындайды. Көпбұрыштың өлшемі – 20*20*30 ангстрем (бір ангс­трем миллиметрдің он миллионнан бір бөлігіне тең) қарапайым сұйық жағдайда – 0°С-ден 100°С-ге дейін су осындай құрылымдық элементтерден құралып, әрқайсысында 912 молекуладан орналасқан.
Судың бір ұяшығында 44 000 – «мәліметтік тақтасы» болады. Әрбір осындай тақталар өзінше тірі жасушадағы рецептор сияқты орналастырылған, сыртқы әсерлерді сезеді. Суға қандайда бір әсер беріп, «мәліметтік тақтаның» белгілі бөлігін ғана қозғаймыз. Басқа сыртқы әсерлер тіпті басқа тақталардың әсерін туғызады. Сонымен бірге әртүрлі тақталар өзара әсерлесуін бастайды да, судың жаңа күйіне әкеледі.
Зениннің зертханасында судың қасиетіне адамның ойларының немесе сезімдерінің әсер етуі анықталды. Бұл әсердің өте күштілігі сондай, сынақтық микроағзалар тек қозғалысын тоқтатып қоймай, тіпті өліп қалады немесе онда еріп кетеді. Сонымен бірге судың электрөткізгіштігі өзгереді, суға салынған қарапайым организмдер өліп қалып немесе активтілігі артып отырады.
Су кристалдарында үздіксіз қозғалыс болып жатады. Су толық қатпаған кезде жіңішке «құбырларда» өсімдік сабағы немесе тірі ағзалардағыдай циркуляция орнығады. Әрбір кристалдың өмірі ұзарған сайын, адамның «өмір шырыны» мен жақындығы артады. Адам ағзасына ең пайдалы су – осы. Зерттеулер көрсеткендей жас сәбилер мен жануарлар төлдерінің жасушаларындағы судың құрылымы тіпті ерекше. Егер де 20 мың есе ұлғайтатын микрос­коппен қарасақ, қар ұлпасына ұқсас құрылымды көруге болады. Бұл – «су кластері» деп аталады. Ол өте күшті емдік қасиетке ие; жасушалардан токсиндерді шығарады, қартаюды тежейді, т.б.
Мінсіз таза су табиғатта жоқ. Тіптен зертханалық жағдайдың өзінде ешкімге де оны бөліп алудың сәті түспеген. Ресей ғалымдары тек диаметрі 2,5 см болатын жоғары таза су бағанын алды. Нәтижелері таңдай қақтырды. Мұндағы молекулаларды ажырату үшін, осы бағанға 900 кг күш қажет екен. Міне, суы осындай көлдің бетімен емін-еркін жүруге болады. Иисус Христостың су бетінде жүре беретіндігі ойдан шығарылған аңыз емес, оның рухани күші судың қасиетін арттырып, адам көтере алатын қабілетке жеткізген. Сондықтан болашақта Киелі кітаптардағы Мұса пайғамбардың теңіз суын екіге айырып, ортасынан жол ашуын ғылыми негіздеп беруіміз мүмкін, – дейді Ресей ғалымдары.
Осы салада ашылған таңғаларлық жаңалықтар жайында Ресей, Қазақстан, Израиль, АҚШ, Англия, Австрия, Жапон, Қытай, Тибет ғалымдары таныстырды. Жапон ғалымы Эмото Масару судың сезгіштік қабілетін суретке түсірді.
Барлық ғалымдардан алынған ортақ нәтижені келтірейік. Судың құрылымы – оның ұйымдасқан молекулалары. Су молекулаларының топтарға қалай бірігетінін көруге болады. Бұл – «топтар кластер» деп аталады. Ғалымдар кластерлер ғана өзіндік ерекшеліктері бар жады болып табылады деп ұйғарысты, бұл бойынша су магнитофон таспасы сияқты нені көрсе, көзден таса қылмай соның бәрін жазып алып отырады. Естиді, түйсінеді.
Бұл құрылым суға әртүрлі әдіспен химиялық, электромагниттік, механика­лық мәліметтік түрде әсер еткенде өзгереді. Осындай әсерден кейін оның молекулалары қайта құрылуға қабілетті және кез келген мәліметті сақтауға мүмкіндігі бар. Құрылымдық жады өзіне сақтау және қоршаған ортамен мәлімет алмастыруға қабілетті, онда жарық, ой, ән, дұға сақталуы мүмкін. Сол сияқты әрбір тірі клетка өзіне барлық тірі ағза туралы мәліметті сақтайды, әрбір ұяшықтары ғалам жүйесі туралы дерек бере алады.
Биология ғылымдарының докторы, Ресейдің денсаулық сақтау министрлі­гі жанындағы проблемалық зертхана меңгерушісі Станислав Зениннің есептеулері бойынша, судың дифферен­цион-фазалық жағдай деп аталатын күйі таңғаларлықтай қалыпта. Судың дәл осы жағдайы судың ондағы мәліметтерді компьютер сияқты шапшаң өңдей алатындығын көрсетеді. Негізінен адам судан тұрады, сондықтан адам әрекеті суға бағдарланатын жүйені береді; кез келген сыртқы факторлар, оның ішінде адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, ағзадағы сұйық орта құрылымының биохимиялық және құрылымдық өзгеруіне әкеледі. Бұл өзгеріс жасуша деңгейінде жүреді, тіпті ДНК-ның молекулалары бұзылуы да осыған байланысты. Бұл дегеніміз – кез келген ағзадағы судың молекулалық деңгейінде сақталған жеке бағдарламаның бұзылуы– болашақтағы барлық аурулардың көзі және шығуының нақты себебі. Біз сулы орта арқылы бір-бірімізге оймен, сөзбен, сезіммен әсер ете аламыз. Біз өзімізді және қоршаған ортаны бағдарлауға қабілеттіміз. Ғалымдар мұны дәлелдермен бекітіп те берген.
Суға қатысты нақты ғылыми мәлімет­тер оның адамның жан сезіміне ықпал етуін көрсетеді. Сонымен күрт шаршау, себепсіз ашулану, бұзылған көңіл күй, тіпті көптеген аурулар кері энергиялық-ақпараттық әсер береді. Бұл ғылыми тілде психология тәрбиелемекші болып жүрген жанның ауруы. Күні-түні тыным таппай ізденіп, су молекулаларының тылсым құпияларын ашқан ғалымдар қалтқысыз мойындаған шындық осы болды. Ал кез келген адамның көңіл күйіндегі өзгерістерді тамыршыдай тап басып айтатын, рухани кемелдікке жеткен тұлғалар үшін бұл таңсық емес.
Адам қоғамының әкелгені сол, жұқпалы аурулардың 80 пайызының туу себебі судан деп есептеледі. Өкініштісі, біз табиғаттың тегін тарту етіп жатқан байлығына немқұрайлы қараймыз. Жалпы энергиялық-ақпараттық ортаның ластануы су құрылымын өзгертетіндіктен, біздің өмірімізге теріс әсер етеді. Бірде әлем­де дүрліктірген мынадай оқиға болды, теңіздердегі киттер мен дельфиндер жағаға шығып қалады, су ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Ақыры барлық іс мынаған келіп тірелді: қандай да бір сыртқы факторлар әсерінен судың құрамы өзгермесе де, құрылымы өзгереді. Суды ластау үшін міндетті түрде химиялық қоспалардың төгілуі қажет емес. Судағы ағзалардың тіршілігін күрт өзгерту үшін оның құрылымына әсер ету жетіп жатыр. Адам өзінің бұзық ойлары, сөздері және іс-әрекеттерімен өзін ғана емес, өте аз суы бар қоршаған ортаны да улай алады. Бұлардың барлығы планеталар масштабында қандай өлшемге келеді?
Судың құрылымына биоөріс мат­рицасы арқылы әсер ету тіркелді және одан алынған нәтиже барынша дәл болды. Ой бағыты өзгерген сайын судың жағдайы да өзгеріп отырады. Ол ағзаға аз не көп мөлшерде жақсы әсер ету өзіңіздің ойыңызға тәуелді. Зорлық-зомбылық, қылмыстық іс-әрекеттер, әскери шиеленіс­тер сияқты келеңсіз жайттар жалпы ортаның энергиялық-ақпаратын улап отыр. Ал мұның бәрі судың жадысына сақталып жатыр. Тіпті кинодан көріп отырған көрініске дейін сулы ортаның энергиялық-ақпараты сақталып қалады. Бұл дегеніміз – олар бізде сақталып, өмірімізге, рухымызға әсерін беретін болады деген сөз. Мінеки, дәл осы мәліметтік ластану басқалармен салыстырғанда ең қауіптісі болады.
Дүниежүзінде соңғы 30 жылда алапат дауылдар саны 2 есе артқан. 1973-1982 жылдар арасында 1500 су тасқыны болса, 1983-1992 жылдарда 3500-ге жеткен. Ал 1993-2002 жылдардағы су тасқыны 6000-ге жетті. 2004 жылдың желтоқсан айында болған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы су тасқынының салдарынан 220 мың адам із-түссіз жоғалды. 2005 жылдың қазан айындағы Европадағы су көтерілуінен 200 мың адам қаза болды. Соңғы 30 жылда табиғи су апатынан 4 млн. адам өлсе, 4 млрд. адам зардап шеккен. Осыған ғылыми түсініктеме жасаған ғалымдар ортаның энергиялық-ақпараттың ластануына судың жауап қайтаруы дейді. Яғни су өзінің жер бетіндегі адамнан көрген зорлық-зомбылығын қайтарып беріп жатыр дейді ғалымдар.
Жапон ғалымы Эмото Масару суға классикалық музыка мен ауыр рокты қатар тыңдатып өзгеше тәжірибе жасаған. Содан кейін суды қатырып, кристалдарын суретке түсіреді. Нәтижесі таңдандырған үстіне таңдандыра түсті. Классикалық музыка «тыңдаған» судан алынған шытыралар керемет симметриялы, қайталанбас ғажап құрылымдар берді. Ауыр роктан алынған су шытырасы адам көргісіз «бұзық» формалар берді. Ресей медицина ғылымдарының докторы, профессор В. Звонников:«Осы уақытқа дейін классикалық музыка концертінен кейін бұзақылық фактілері тіркелмеген, ал керісінше, ауыр рок концертінің қырғын төбелессіз аяқталғанын көрмедім. Адамның жамандық жасауы еш кедергісіз жүреді. Бұл оның табиғи нәзіктігі мен жағымсызға тез берілуінен деп ойлаймын» дейді. Ғалымдар мұндай агрессия туғызатын бұзақылықтың атасы – болған ауыр рок пен мағынасыз, бос сөзден құралған әндер адамға зиян екенін дәлелдеп отыр.
Алтай политехникалық институ­тының профессоры Павл Госков зертханасында «киелі судың» физикалық және биологиялық сараптамасын жасады. Содан кейін бұл су қарапайым құбырдағы суға аса «сұйытылған» қатынаста – 10 миллиметр «киелі» 60 «құбыр» суына қосылды. Жаңа сараптамалар керемет нәтижелерді көрсетті; уақыт өте қарапайым су құрылымы биологиялық қасиеттері бойынша «киелі суға» айналып кетті. Бұл жердегі қарапайым суды киелі суға айналдырып отырған қазақша айтсақ, адамның пейілі.
Жапон ғалымы доктор Эмото Масару судың тамшыларын қатырып, фотокамералы өте күшті микроскоппен қарап, зерттеді. Оның жұмысы қоршаған ортамен әсерлескенде, су құрылымының өзгеретінін көрсетті. Бұл адамның энергетикалық виб­рациясы ой, сөз және ән оның молекулалық құрылымына әсер ету мүмкіндігін байқатты. Ғалым әлемдегі айтылатын жағымды және жағымсыз сөздердің суға әсерін зерттеп, ең керемет сөздерді анықтады. Эмото Масару сиқырлы сөздер «МАХАББАТ пен АЛҒЫС» екенін дәлелдеді. Қазақ атамыз мұның сырын ерте заманда-ақ түсінсе керек, «жақсы сөз жарым ырыс», «жаманның атын атама» – деп бала тәрбиесінің негізін берік қалаған еді. Ғалымдар осындай судың қайталанбас керемет қасиеттерін көргеннен кейін оны жансыз деуден қашықпыз дейді. Енді әлем ғалымдары мойындаған судың сырын Шәкәрім атамыз бір ғасыр бұрын айтып кеткен болатын.

Түйін:

Су ойлай алатын, барлық ғаламмен мәлімет алмасушы субстанция ретінде көрінеді және оның адамзат үшін маңызды жақтары көп. Эмото Масару жердің әртүрлі қайнарларынан алынған су кристалдарының құрылымы таңғаларлық өзгешеліктерге ие екенін анықтады. Ластанған су бұзылған және кездейсоқ құралған құрылым берді. Таулар ағыны мен бұлақтардан алынған сулар геометриялық керемет құрылған. Одан әрі ғалым судың құрылымына қалай әсер ететінін тексерді. Бұл айғақ атам қазақтың ұстанған салт-дәстүрінен байқалып отыратын, қарапайым күнделікті тіршілік болатын. Даланың өмірін кешегі күнге дейін қалаға ауыстырмаған қазақ үшін табиғат пен махаббат бір тұтас жүйе болды. «Обалы бар» деп көк шөбін жұлдырмай, суын былғамай келген аталарымыз табиғатқа деген құрмет ықылым заманнан бар болатын. Мәселен, қазақта киіз үйдің іргесіне шыққан көк майсаны «жаңа туған төлдің несібесі» деп мәпелеп өсірген. Қой-ешкіні бейсауат жолатпай, бала-шағасына бастырмаған. «Бір қозы туса, бір жусан артық өседі» деген халық даналығының түбінде осындай дәстүр жатқанын қалай аңғармассың.

«Судың ұлы сыры» деректі фильмі
бойынша дайындаған
Жігер Қайыржанов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.