Ұлттық санамыз сергек болсын

Әлібек  Оразбеков, «Сас-төбе  Цемент»
ЖШС-ның учаскелік бастығы
– Сіз қандай газеттерді оқисыз? Әңгімемізді алдымен осыдан бастасақ.
– Мен, шынымды айтайын, орыстілді газеттерден «Время», «Страна и мир» басылымдарын, ал қазақ газеттерінен «Ана тілі» және «Түркістан» газеттерін оқимын.
– Қазақтілді газеттер талға­мыңыздан шыға ма? Шықса, қандай артықшылықтары бар, яки қандай кемшін тұстары бар?
– Салыстырмалы түрде айтайын, қазақ газеттері дәстүрлік бағытта десем артық емес. Жаңалықтан гөрі өткенге үңілуге әуес. Тарихи тақырыптарға көп барады. Бұл дұрыс та шығар. Өткеніңді білмей, болашағыңды кемел ете алмайсың. Ал орыс газеттерін оқитыным, ең алдымен, жаңалыққа деген құштарлығымды қанағаттандыру. Бірақ олар да «сенсация қуамыз» деп жеңілдікке бой алдырып алады.
– «Ана тілі» газетіне қатысты не айта аласыз?
– «Ана тілі» еліміздегі тіл мәсе­лесін көтереді. Бұл газеттің аты айтып тұрғандай, бағдары да емес пе?! Қазір мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде айтыс-тартыс көп. Сондықтан оған арналған газеттің болуы орынды. Мен көбіне «Ана тілінен» тілге қатысты жаңалықтарды және еліміздің рухани өміріндегі оқиғаларды біліп отырамын. Тарих таразысын да жақсы бересіздер. Мысалы, «Ана тілінің» алдыңғы сандарында «Бұл айтылғандар ертегі емес» деген тақырыпта Смағұл Сәдуақасовтың 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына шыққан мақаласы беріліпті. Мұндайды қай газеттен оқуға болады?! Мақаланы төте жазудан аударып бергенсіздер. Осындай материалдармен тек қана ұтатындарыңыз анық.
– «Құрылысшылар – өмірге деген белсенді көзқарастағы жандар». Мұны ел ағаларының бірі мәтелге де айналдырып жіберді. Құрылысшы ретінде біздің газеттен қандай тақырыптарды көргіңіз келеді?
– Сіздерде «Қазақия қалалары» деген мықты айдар бар. Арагідік шы­ғып тұратынын білемін. Сонда республика қалаларының сәулет үлгілері беріліп отырады. Жалпы, құрылысшы болған соң өзімізге жақын мәсе­лелердің көбірек көтерілгенін қалай­мыз ғой. «Елдегі сәулетшілердің ахуалы, сәулет түйткілдері кеңінен жазылса» деген бір ниет. Бүгінде қазақ жастарына кәсіби құрылысшы, сәулетші болуды армандайтын кез келді. Айталық, тәуелсіздік жыл­да­рын­да еліміздің ғажайып ғимараттарында қолтаңбасын қал­дыруға жастарды шақыру керек. Осы кәсіптің романтикалық жағын аша түссеңіздер. Құрылысшылардың күні тек 9 тамыз ғана еместігін дәлелдеп отырсаңыздар…
– Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен дарындылықтарыңыздың арқа­сын­да жаңа үйлер, мектептер, ауруха­налар, жолдар салынып жатыр. Елге сіңіп жатқан еңбектеріңіз елеулі. Азаматтықтарыңыз да белгілі. Өзіңіздің қазақ газеттеріне жазылатыныңызға дау жоқ. Ал өзгелерді газетке жазылуға үндей аласыз ба? Осы жолғы жазылуға қанша кісіні тарта аласыз?
– Бұл әркімнің еркі ғой. Біздің ұжымға «Ана тілін» насихаттап кө­ремін. Туған-туыстарды да осыған ша­қырамын. Мен қандастарымды 200 данаға жазғызудан үміт­тімін. Қазақ га­зеттеріне біз қолдау көрсетпегенде, кім қолдау көрсетеді? Қазақ газет­теріне жазылу ұлттық сананың сергек болуынан деп ойлаймын.

Абылайхан ҚАЛНАЗАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.