Сазды сапар. Сазгер Самат Мәдиевтің өнері туралы үзік сыр

d181d0b0d0bcd0b0d182Құлаққа жағымды қоңыр үн тымық күнгі теңіз толқынындай баяу тербеліп тыңдармандарын ынтызар етіп, еліктіре түскендей. Тасыр-тұсырдан ада тәтті ырғақ. Небір өнерлі өрендерден құралған оркестр орташа жылдамдықта бабымен орындағанда күй құлпырып, шалқып, жоғары әуелеп, шарықтап барады, өзіне ынтықтыруын үдетті. Арқауында жайбарақат, байсал мінез бар, әлсін-әлсін «тыныштық-тыныштық» деген бипаз дыбыс қайталана беретін саз адамды өзіне сиқырдай тартып, бұйдалап алғандай. Күй мәресіне жеткенде кешті жүргізуші: «Сахнаға осы «Бейбітшілік» атты тамаша туындының төл иесі, авторы Самат Мәдиевті шақырамыз», – дегенде кең залдың ең алдыңғы қатарында отырған ақ шашты азамат «бұл қалай болды» дегендей екі жағына кезек қарап алып, орнынан тұрды. Аяғын еппен басып, кербез қозғалды. Сахнаға көтеріліп, халыққа басын иіп амандасты да, кері бұрылып, әлгіде өзінің жүрегінен жарып шыққан шығармасын нақышына келтіре орындаған Атырау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Қуаныш Қипиев пен алдыңғы қатарда отырған домбырашылар Шәрипа Жәменованың, Құттыгерей Дүйсеевтің қолдарын қысып, ризашылықтарын білдірді. Залдағылар тікелерінен тік тұрып, дуылдата қол соқты. Самат Сұлтанбекұлының аққұба жүзіне қан жүгірді. Кең маңдайынан тер тамшылары қылаң етті. Кісіге мейірлене қарап, әр кез күлімдеп тұратын мойылдай қара көзін оңды-солды төңкеріп, қолын жүрегіне қойып, көпшілікке ізет көрсетті.
Иә, бұл – Саматтың терең тебіренісінен, шамырқанған шабытынан туған, атын облыс­тан асырып, республикаға, жалпақ жұртқа жайған сырбаз күй. Бейбітшілік – оның мұраты. Осы күй арқылы баршаны дөңгелен­ген дүниеде бейбітшіліктің салтанат құруына үндеуді мақсат тұтқан еді. Дегеніне жетке­ндей. Саматтың өзі өмірге тыныштықтың берекесі қашқан кезеңде келді. Кеңес еліне қара ниетті неміс басқыншыларының тұтқиылдан шабуыл бастаған күннен кейін бір ай бес тәулік өткенде қазіргі Исатай ауданына қарасты Нарын құмы аумағындағы Тұщықұдық ауылында кіндігі кесілді. Әрине, сәбидің балаң шағы соғыс зобалаңы туындатқан қатпар-қатпар қиыншылықтардан тысқары қалмады. Әкесі Сұлтанбек пен анасы Мүзлипа азық тапшы, киім жоқ заман орнап, өздері жоқшылық тауқыметін тартса да, балаларын аш-жалаңаш халге түсірмеу үшін тырысып бақты. Сөйтсе де, Саматтың денсаулығына ақау түсті. Әйтеуір, түптеп келгенде, басы аман. Осының бәрін соғыстың лаңы мен одан кейінгі елдің мүшкіл тұрмысын көзбен көріп, көңілге тоқыған сезімтал бала бейбіт шақтың қаймағының бұзылмауын, зұлмат дәуірдің ауыртпалықтарының қайталанбауын тілеп өсті. Жүрегіне саз әуендері қонақтай бастағаннан кейін осы бір тыныштық, еркін өмір, халықтар арасындағы тату қатынас тақырыбы ойдан кетпей, көкейде өз өрнектерін құрды. Міне, «Бейбітшілік» күйінің шығу төркіні осында жатыр еді.
Әуелі Нарын құмындағы М.Горький, одан соң кеңшар орталығындағы Амангелді атындағы мектептерде оқыған жылдарында-ақ Самат музыкаға бейімділігімен ауызға ілік­ті. Ағалары Ғайнеден, Ғинаят пен Зинеденнің домбыра тарту шеберлігіне әуестігі бертін келе кәдімгі құмарлыққа ауысты. Күй мен әнге осылайша ынтық болып ер жеткен ол 1959 жылы орта білім алған бойда ойланбастан-ақ облыс кіндігіндегі музыка училищесінің қазақ ұлт аспаптары бөлімінің домбыра-прима сыныбына келіп, бағын сынап, оқуға түсті. Талант иесіне жол ашылды. Сабағын жақсы оқуымен қатар ән-күй шығарумен айналысу дағдысына енді. Оның тырнақалды тұңғыш туындысы – «Жарыс» атты күй. Балаң шығарма аға буын музыканттардың назарын өзіне бірден бұрғызды. Саматтан үлкен үміт күтіп, ағалық ақыл-кеңесін беруден танбаған ұстазы, облыстың ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, күйші, сазгер Боздақ Рзаханов оған:
– Мына күйінді жай күй деуге болмайды. Екінің бірі шығара алмайтын өміршең, сәтті дүние. Сенің қолыңнан көп нәрсе келетінін аңғартатын шығарма. Ізден, еңбектен. Осы бағытыңнан тайма, – деп қолын қысып, арқасынан қақты.
Жылы лебіз кімге қанат бітірмейді?! Саматтың шабытына шабыт қосылды. Күй артынан күй шықты. Өмірге ән әуендерін әкелді. Ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов өзінің республикалық «Лениншіл жас» газетінің 1962 жылғы сәуірдің 3-індегі санында жарияланған «Ән құмар қауым неге ділгәр?» атты мақаласында «Музыкалық сауат ала жүріп, ән шығарумен айналысатын оқушылардың барлығына қуанасың. Оларға тек қамқорлық керек. Солардың бірі гурьевтік Самат Мәдиевті алуға болады. Оның «Туған жер», «Адам» атты әндерін аздап үшкірлесе әп-әсем дүние болғалы тұр» деуі де керемет жоралғы болғандай. Сол алпысыншы жылдардың басының өзінде «қазақ вальсінің королі» атанып үлгерген саз сүлейінің пәтуалы пікірі оған сәт сапар айтып, сара жолға сілтегендей әсер етті. Оған қоса араға бір жыл салғанда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының композиторлар даярлайтын бөлімінің доценті, композитор, қазақ ән-күйлерін зерттеуші Василий Великанов: «Сенің домбыраға арналған аспаптық пьесаларың қызықты да сәтті шыққан. Олар белгілі дәрежеде көркем бейнелер құрайды, түрі мен ырғағы жағынан да тартымды», – деп сипаттап, Саматқа хат жолдауы да жас талапкерге қолдау болып, делебесін қоздырды. Оның қиялы қияға сам­ғады. Кәсіби білікті маман ағалардың қолтықтан демеулері кешегі қарапайым домбырашы ұландағы талант отын маздатқандай. Осы тұста «Бейбітшілік» атты күйі облыстық халық шығармашылығы үйінің репертуарлық жинағына еніп, көпшілік еншісіне айналды. Нотасы жария болған бойда оны іліп алып, Маңғыстау өңірінің, Балықшы, Новобогат (қазіргі Исатай) аудандарының ұлт аспаптар оркестрлері өз репертуарларына қосты. Содан кейін басқа да аймақтарға тарады. Шалқи тартылатын кең тынысты күй осы күнге дейін сахнадан түскен жоқ. Өрісі байтақ туынды екенін әбден танытты.
Ғұлама композитор, академик Ахмет Жұбановтың «халық басынан қандай күн кешсе де қазақтар оны айна-қатесіз күй тіліне түсіре білген» дегеніндей, Самат та замана көшінен қалып көрген емес. Әндері мен күйлерінің тақырыбы сан алуан. Еңбек, туған жер, өскен өңір, тәуелсіздік, жастық, махаббат, ана, қазыналы өлке… тағы басқалар. Ол өз анасы Мүзлипадан тым ерте көз үзді де, әжесі Нәзипаның бауырында өсті, өмірден озған туған шешесінің орнын басқан Ағибаның тәрбиесінде болды. Демек, «Ана» күйінің тууы, оны тартқанда домбыра пернесін басқан сайын өрімінде еміреністің, тебіреністің, буырқаныстың, сағыныштың кезектесе үн қатуы орынды еді. Кеңшарда мал дәрігері болып қызмет істеген әкесі Сұлтанбектің бала тәрбиесіне мойын бұруға шамасы жетпеді де Самат көбіне ағасы Ғайнеденнің қамқорында болды. Ең бастысы, күй өнеріне баулыған тұңғыш ұстазы. Сондықтан оған арналған «Аға толғауы» күйінің де жүректі жарып шығуы заңды еді. Бір ғажабы, тым кішіпейіл мінезді, қайың қаптал бітімді Саматтың тұла бойы тұнған өнер. Музыка маманы, аспаптың түр-түрінде ойнайды, жанынан ән де, күй де шығаратын сазгер. Тәрбиелік, тағылымдық мән-мағынасы зор орамды, ойлы тәмсіл құрас­тырушы. Кәдуілгі мақал-мәтел, нақыл­дардың өзіндік нұсқасы. Өлең жазатын ақындығы тағы бар. Ұстаз, дирижер, ұйым­дастырушы…. Жасы жетпіспен жүздес­кенде, шығармашылық сапарына елу жыл толғанда басқа ұрып санап қарасақ, ол 150-ге тарта ән мен күйдің авторы екен.
Атырау қаласының Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Саматтың шығармашылық кеші арада бірнеше жыл өтсе де жүректе ұмтылмастай жатталып қалыпты. Залда ине шаншар орын жоқ, халыққа лық толы. Күмбірлеген күй, қалықтаған ән сахнаның шырайын шығарды. Композитордың «Ақ сәуле» деген жинағы шыққан еді. Кезек осы аттас әнді орындауға тигенде көрермендер дүр сілкінді. Олар:
– Тамаша ән!
– Сөзі – айтулы ғалым, ақын Қабидолла Сыдиықовтікі.
– Нағыз ойнақы лирика!
– Кім орындайды екен?
– Колледждің аға оқытушы, әнші Ақжонас Сарбалинаны білетін бе едіңіз, сол орындайды.
– Иә, ол – күшті әнші, – деп бірінің ауызындағы сөздерін екіншісі, үшіншісі… іліп әкетіп мақұлдасып, бас изесіп жатты.
Ақжонас айтса, айтқандай-ақ, бабында көрінеді.
Тырналар шұбап, қаз қайтып,
Барады назын жазға айтып.
Аққулар көшінен,
Ақ бұлттар төсінен,
Өзіңді көре жаздаймын… – деп шыр­қатқанда үні сыңғыр-сыңғыр етеді. Ән мен әнші үйлесім тапқан. Сезім қылын шертудей-ақ шертеді. Мұндай жаныңды жадыратар әндер, шүкір, Саматтың саз-қоржынын сықап тұр. Оның Биғолла Қайыржановтың сөзіне жазылған «Көктем келді қырыма», Абдолла Қожиевтің өлеңіне негізделген «Балықшы әні», Медет Дүйсеновтің жыр шумақтарына әр берген «Атырау мұнайшылары» және өзге де әндері еңбек, табиғат тақырыптарына арналса, «Аппағым» (сөзі Берқайыр Аманшиндікі), «Ауылдың ерке қыздары» (сөзі Марат Отара­лиевтікі), «Арман-ай» (сөзі Әнуарбек Қо­санұлынікі) және басқа да бір тобы – лирикаға құрылған көңілді, шалтты әуендер. Маңғыстау мұнайын алғаш игерушілердің жетістіктеріне сүйсініп шығарған «Қаһармандар» (сөзі Қабидолла Сыдиықовтікі) атты әні Саматқа облыстық конкурста үшінші орын әперсе, Исатай Тайманұлының туға­нына екі ғасыр толуына арналған бай­рақты бәсекеде «Қайран батыр бабалар» (сөзі Күзембай Әміровтікі) әні екінші жүлдені қанжығаға байлатты. Ақын Сағынғали Сейітовтің өлеңіне жазылған «Егіз ер» әні «Жаңа ғасырға – жаңа ән» конкурсының дипломы мен ақшалай сыйлығын тағы қолға ұстатты. Бұлардан басқа да талай өнер додаларына әндері мен күйлерін қосып, жеңімпаз да атанды, нешеме екінші, үшінші жүлделі сатылардан да көрінді. Әйтеуір, дүбірлі жарыстарда асығы алшысынан түспеген кезі кемде-кем.
Музыкалық орта білімінен кейін сырттай оқып, институт бітіріп, тарихшы мамандығын алған Самат Мәдиев тарихи тақырыпты өзіне жақын тұтады, батыр бабалар ерліктерін әспеттеуді әсте ұмытпайды. Оның «Жалған дүние» (сөзі Махамбеттікі), атыраулық Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевқа арналған «Ер туралы жыр» (сөзі Абдолла Қожиевтікі) әндері мен «Арманда кеткен есіл ер», «Ұмытылмас жылдар», «Ұрпақтарға», «Зелімхан» күйлері – осының айғағы. Өзі балажан, жомарт жүректі композитордың балалар өмірін, олардың қызықты, қылықты дәуренін сәбилер мен жас ұландар ұғымына лайықтап саз тілінде сөйлетуді бастағаны қашан?! Естен шығармай оқта-текте оралып отыратын тақырыптарының бірі. «Жан бөбек», «Әлпеншек», «Біріншіге барамын», «Әке ақылы», «Немерем»… осы санаттағы үкілі әндер. Руы адай болғасын бүйрегі бұра ма ежелгі ата-баба қонысы Маңғыстау аймағының жақсылары мен жайсаңдарын, қасиетті орындарын өз шығармасына арқау етіп «Жасай бер мәңгі Маңғыстау», «Отпан тау басында», «Бекет ата», «Аруақты атам Ер Қосай»… күйлерін туындатты. Ал махаббат тақырыбындағы шоқтығы биік күйлерінің қатарында алдымен «Забихан қыз» аталады. Сонда Забихан кім? Ол – өзінің сүйікті жары. Екеуі 1968 жылы бас қосты. Бірі – адай руы­ның жігіті, бірі – шеркештің бойжеткені. Екеуінің де аналары Жайық Беріш руынан екен­ді­гін тұрмыс құрғаннан кейін білісіп «біздер бөле екенбіз ғой» деп мәз болысқан. Жұрт Зоя деп атап кеткен Забихан Нұрқашқызы кезінде мың бұралған биші болып сымбатымен қоса өнерімен көргендерді өзіне тәнті еткен. Солардың бірі – әрине, Самат сері. Забихан жұлдыздары жарасып, өмірлік қосағына айналған ерін әрдайым ардақ тұтып келеді. Құрметті демалыстағы Самат пен Забихан жеті немере, үш жиеннің балдай тәтті тілдері мен қылықтарын қызықтауға тойған емес. Өмірлеріне риза. Тегінде «қабілет – Құдайдан, бақ – жұбайдан» деген аталы сөз босқа айтылмаған. Забиханмен жұптасқалы оның қолдауымен өзі талай белесті бағындырды, талай марапаттарға ие болды. «Ақ сәуле» жинағынан кейін жиырма бірінші ғасырдың бастау жылында «Өлке» баспасынан «Нарын сазы» деген атпен әндер мен күйлер кітабын, оған ілесе, «Ақыл-нақыл сөздер» жинағын шығарды. 2007 жылы Кеңес Сахиевтың құрастыруымен «Самала саз – Самат сері» атты кітап тағы жарық көрді. Жасы жеті ондықты еңсерсе де, Самат шығармашылық тұғырынан түскен жоқ. Соңғы жылдарда ондаған ән мен күйді дүниеге әкелді. Өлең жолдарын да аз өрнектемейді. Әсіресе өз әндеріне мәтін жазуды өзгеге жүктемей, өзі келістіретін болып алды. Оның «Солмасын гүлдер» деген әніне өзі жазған сөзінің түпкі қазығы қандай мықты?!
Ұйқысын балғын бөбектің,
Бұзбасын үні соғыстың.
Бейбітшілік таң нұры,
Жайласын мәңгі жер үстін, – деген тоқтамы адамзатты жақсылыққа жетелейді. Сонау жылдары шыққан «Бейбітшілік» күйімен керемет үндес. Әрі композитор, әрі ақын Самат Мәдиевтің әр шығармасының өрімі осылайша өмірдің өзінен алынған, бірін-бірі толықтыра түсетін тұтас ансамбль тәріздес.
Құрманғазы атындағы қазақ мемле­кеттік консерваториясының профессо­ры, өнер зерттеуші Кәрима Сахарбае­ваның «…Самат Сұлтанбекұлы шығар­малары­ның тілінің түсініктілігі, лебінің жылылы­ғы, орта музыкалық білімі болса да күй­лері­нің түр жағынан жетілгендігі, қағысы, иірімдік, айшықтық табиғатының дәстүрлігі, әндерінің кең тынысты, классикалық ғаламға бой жазуы толғауды, арнауды, лириканы – әр бағытты өз бояуымен сөйлетуінде дер едім» («Самала саз – Самат сері», «Атырау-Ақпарат», 12-бет) деген кесімді байламы көп нәрсені аңғартқандай. Оған берілген әділ баға. Тәмсілдерінің бірінде «өнерді қусаң жалықпа, халқыңа тиер пайдасы» деп өзінің түйіндегені бар еді. Ол осы ұстанымына берік. Самат өнер жолында жалыққан емес.
Әлі де келер көктем, келер жылдар,
Бойымды билер шабыт мезеті көп.
Әнімді айтып жүрсе өнерпаздар,,
Дәулеттің басқа маған керегі жоқ, – деп ағынан жарыла сыр толғағанындай мақсаты – халқына бай рухани азық ұсыну, ән-күйлерін мәңгілік мұра ету. Осы бағытта сазды сапары ілгері жалғасып барады.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің доценті,
Қазақстанның құрметті журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.