Жалқы есімдер жат сөздер емес

Қазақ тілі – кейбіреулер ойлап жүргеніндей, жұтаң немесе кенжелеп қалған тіл емес, керісінше, жақсы дамыған, жан-жақты жетілген тіл. Қазақ халқының дау туғызбас мақалдары мен мәтелдері, шешендік сөздері, мағынасы діттеген жеріне дөп тиіп, айтылар ойдың мағынасын айшықтап беретін тұрақты сөз тіркестері – осы сөзіміздің толық дәлелі.
Ендеше, өзіңді қазақпын деп санап, ұлтыңды қадірлейтін болсаң, ана сүтімен бойыңа дарыған тіліңді құрып кетуден, жоғалудан сақтағың келсе, оған қатысты салт-сананы, әдет-ғұрыпты сақтай білу жолында күрескен жөн. Не нәрсеге де салғырт, немқұрайды қарайтын болсақ ол жоғалмай тұрмайды. Әсіресе жастар қазақ тілін жете бағаламай, толық игере алмай жүр. Олай деуіміздің себебі «отырмыз» деудің орнына «отырық», тұрмыз деудің орнына «тұрық», «жүрдік» деудің орнына «жүрік», «күлкілі» деген сөзді «күлкінішті» деп сөйлеу жастардың тілдік мәнеріне еніп кетті. Бұл үрдіс – жаңадан сөз жасау емес, керісінше, қолда барымыздан айыруға бастайтын тілбұзарлық. Оларға үлгі болатын аға-апаларымыз кезінде орысша оқып, өзге тілде сөйлеуге машықтанғандықтан өз тілінде сөйлеуге, үйренуге құлықты емес.

Қазақ сөйлемін өзге тілдің мәнерімен құратын таптаурын болған сүрлеуден шықса, қайтадан жол таба алмайтындай көріп жүр. Қазақ тілін үйренуге енжарлық танытатын оларда қазақтық намыс, тілге деген жанашырлық жетіспейді. Әйтпесе өзге ұлт өкілдері үйреніп жатқан тілімізді үйрену қанында бар адамға қиынға түспесе керек. Намыс дегеннен шығады, қазақтың даңқты ұлдарының бірі, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров тоқсаныншы жылдардың басында депутаттыққа үміткер болып, ауыл жұртшылығымен кездескенде қазақшаға шорқақтау болатұғын. Әрине, өзге ұлт тілінде оқыған, өзге ұлт өкілдерімен қызметтес болған генералдың мұнысын ешкім сөкет көрмеген. Дегенмен оның қазір ана тілінде жатық сөйлеп жүргені, үйренгені осы намыстылығынан, өз халқын қадірлегендігінен деп білеміз.
Жастардың жоғарыдағыдай мәнермен сөйлеуіне өз тілімізді қадір тұтпайтын, менсінбейтін алдыңғы толқынның салқыны тиіп жүргенін жасырмайық. Жақында бір әнші өз сұхбатында «жеткен жетістігі» деген сөздің орнына бірнеше қайтара «жеткен жетісі», «жетісін сұрады» деген мәнермен сөйледі. «Жетісі» деген сөздің бірнеше ұғымы бар, сондықтан оны «жетістік» сөзінің орнына қолдану дұрыс емес. Мұның қауіптілігі – осындай сөздерді кейінгілер қабылдап алып, тілдік қорына енгізіп алатындығында. Жоғарыда айтылған «жүрік», «тұрық» сөздері де осындай жолдармен үлгі болған. Академик жазушы Ғ.Мүсірепов мұндай орашолақтық туралы: «Сөз сөзге жарығын түсіріп тұ­ратын сөздерден құралған сөйлем айта­йын деген ойыңды оқушыға дәл жеткізеді… Біріне-бірі көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып, ауытқып шығады», – деп ескерткен болатын. Кейінгі жастардың дені қазақ сөйлемдерінің байланысу тәсілдерін, тілдік мағыналарын бұзып сөйлеуі, жазуы тіліміздің дүмбілез, піспеген, шикі көрінуіне себепші болуда.
Ең берісі, ауылда тұратын кей ақсақал­дарымыздың өзі қолдарына ұстап отырған төрт түлік малдарының жалпы атауын білгенімен, жалқы атауларын шатыстыруды шығарды. Мәселен, «қашар» деп айтудың орнына «екі жастағы құнажын қашар» деп қосақтап айтатынына қалай қынжылмассың. Қазақтың мал атауларында «қашар» мен «құнажын» деген екі мал атауы бар. Төрт түлік малдың қазақ тіліндегі атауларында «еркек мал, ұрғашы мал» деп аталмайды, өйткені жынысы мен жасына қарай әрқайсысының өз атауы бар. Ірі қара малдарын жасы мен жынысына қарай: бұзау, тана, баспақ, тайөгіз, қашар, құнажын, дөнежін, бұқа, өгіз, құнан өгіз, дөнен өгіз деп атайды. Мысал үшін айтар болсақ, мұндағы «тайөгіз» бен «қашар» деп екі жасар ірі қара малдың жынысы мен жасына орай аталса, «дөнежін», «дөнен өгіз» дегені ретіне қарай төрт жасар ірі қара малды білдіреді.
Қазақтың жақсы көретін малы жылқыға қатысты атаулары: құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, бесті, байтал, бие, айғыр, ат болып әрқайсысы жас ерекшеліктеріне, жынысына қатысты нақты атауларымен ерекшеленген. Оның бер жағында құлындамағанын «бедеу», алғаш құлындағанын «қулық», құлындаудан тоқтаған биені «қысырақ» деп атайтындығы мәлім. Қой малында жасы мен жынысына қарай қозы, тұсақ, тоқты, саулық, қошқар, ісек деп бөліп атайды. Жоғарыда келтірілген мал атауларына назар салар болсақ, төрт түліктің қай-қайсы түрінде болсын күйекке түспеген малды жынысына қарай бөліп немесе бір жаста, екі жаста деп атамағанын аңғарамыз, есесіне, күйекке түскеннен кейін барып «бұқа», «айғыр», «қошқар», «теке» деп айырған. Рас, қой малына қатысты «марқа қозы», «арамза», «көрпеш», «көбдік» деген қосалқы атаулар да әде­биеттерде кездеседі. Тіпті, төрт түлік малды түстеп атауда да қазақ тілі кенже қалмайды және бірін-бірі қайталамайды. Мәселен, жылқыға қатысты «баран», «қылаң», «боз», «құла», «күрең», «жирен», «кер», «торы», «шабдар» атаулары басқа жануарларға қатысты қолданылмайды. Атақты Ақан серінің Құлагерін жоқтаған өлеңін­де «алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды-ау, Құлагер жығылмаса қайда деймін» деген жолдарды жылқының түсіне қатысты алған. Халық аузында кездесетін «Болмайды сиыр жирен, жылқы тарғыл» деген өлең жолдары – жоғарыдағы айтқандарымыздың тағы бір дәлелі.
Мақаламызды мал атауларына бұруымыз­дың бірнеше себебі бар. Біріншіден, мал шаруашылығымен сонау көшпенді кезінен айналысқан қазақ халқының тіл байлығының молдығын аңғарту. Бұл – бір. Екінші себебі – қазақ халқы – көз ашқалы малдан ажырамаған халық, енді оның атауларын білмеуі немесе түсініксіз, қойыртпақ атауларға ауыстыруы тілден бірте-бірте ажырауы болып табылатынына ой жіберу, көз жеткізу.
Үшіншіден, «біз қазір ісқағаздарын қазақ­­шаға көшірдік, пәлен пайызға жеткіздік» деп айтып жүрміз. Ірі-ірі сөй­леуге шеберміз, ұсақ-түйек­терді елегіміз келмейді. Бірақ бұдан не ұтамыз? Ұсақ-түйегімізді дұрыстамасақ, ірілерін қайдан тәртіпке келтіреміз?! Тілдің ай­наласында шығарылған заңдар орындалып жатыр ма, қол жеткізген нәтиже қандай? Шын­дығын­да, ісқағаздарын қандай тілмен көші­ріп жатырмыз, оған назар салып жүрміз бе?
Мәселен, статистикалық мәліметтерде, ісқағаздарында төрт түлікке қатысты сауалдар да жалпы атаулары бар, жалқы атаулары жоқ. Мысалы, қой малына қатысты сауалдарында «бір жастан үлкен ұрғашы тоқтылар» деген атаулар кездеседі. Бұл жандықтардың қандай мал екеніне ешкім жауап бере алмайды. Тоқты деген – қозыдан үлкен еркек мал. Оның жасындағы ұрғашы малды «тұсақ» деп атайды. Сондай-ақ «бір жастан үлкен ешкілер» деген атауда қазаққа тән емес. Ешкінің лақтан үлкені – «туша», одан үлкені «шыбыш» деп аталады. Ұшқалақ адамға қатысты айтылатын «шыбышша шыбжыңдап» деген тұрақты сөз тіркесі осы малдың мінезіне орайлас айтылған. Шыбышқа теңдес еркегі теке аталса, одан үлкенін(ақталғаны) серке деп атайды. Ал жылқыға байланысты «1 жастан 3 жасқа дейінгі дөнендер» дегендеріне жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Жоғарыдағы айтқа­­ны­мызды тағы бір қайталауға тура келеді, дөнен деп жылқының төрт жасар тұқымын атайды. Бір жаста дөнен болмайды, тай болады.
Сәл ғана ойланып, өз есімдерімізге үңілейікші. Мысалы, Мирхан, Мирамгүл, Мирболат, Мирбек, Ситжан, Гүлнар, Гүл­мирам, тағы осы секілді мағынасыз есім­дерді балаларымыздың құжатына кімге еліктеп жаздық. Бұрынғыларына салауат де­сек те, көп­теген құжаттар әлі күнге осылай толтырылып, сәбилеріне осы тектес есімдерді беріп жүргендер жетерлік. Шындығында, бұлар­дың дұрысы Мейірхан, Мейрамгүл, Мейірбо­лат, Мейірбек, Сейітжан, Гүлнәр, Гүлмайрам еді ғой. Құжатында жоғарыдағыдай есімдер жазулы тұрғандықтан қазіргі жастарымыз есімдерін қазақша қалай жазуды білмейді. Өйткені құжатындағы есімі оның санасында жатталып қалған. Олардың мағынасына да көз жүгірте алмайды. Біз осылай мағынасы әдемі де әсем есімдерді шұбарлап мағынасыз есімдер шығарып алдық. Біз қазақ тіліне өзге ұлт тілдерінен енген ныспылардың қалай бұрмаланып жүргенін сөз қылып отырған жоқпыз. Жоғарыдағылардың көбі – қазаққа түсінікті төл сөздерінен құралған есімдер. Есім­дерді талдаған бір кітапта «Мирболат – мир – бейбітшілік, болат – болады деген сөзден алынған» деп түсінік беріпті. Орыс сө­зімен қазақ сөзін қосақтап та есім жа­сауға бола ма? Дұрысында, бұл Мейірболат (мейірімді болсын деген ұғымнан шыққан) есімінің қате жазылған нұсқасы болса керек. Есім атаулының көпшілігі қосарланған сөздерден жасалатыны рас, бірақ екі түбірді екі ұлттың тілінен алып сәбиіне есім қой­ғандарды өз басым кезіктірмеппін. Бірін – бір тілден, екіншісін өзге тілден алатын болсақ, қойыртпақ есім шықпайды ма? Сонда мағына қайда қалады? Қандай ата-ана болса да бауыр еті баласына жақсы, көңілі қалаған, мағыналы ат береді. Рас, кейде ырымға байланысты (бала тоқтамағанда, қайғылы жағдайға тап болғанда, күткені болмағанда) қояды. Бірақ қазіргі таңда ондайлар өте сирек.
Тағы бір тоқталатын мәселе қазіргі жасөспірімдер баспасөзге назар сала ма?! Бұл да – біздің ойланатын мәселеміздің бірі. Қазір не көп, басылым көп, теледидар мен ин­тернетің тағы бар. Сөз бостандығы дегенді өзімізше түсініп, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп сүйкей беретін болдық. Басылым көп болғанымен таңдап, талғап оқымасаң оның да естісі мен есері бар. Табыс табу үшін барлы-жоқты, өтірік-шынды боратып жазатындары жетерлік. Ал «жастарымыз қандай газетті көбірек оқиды» дегенге келетін болсақ, көпшілігінің қолында арзанға түсетін «сары газеттерді» көресің. Аталған газеттер­ден (тәлім-тәрбиеден гөрі) зорлық-зомбы­лық, күйрету-қирату, анайылық, жабайылық, біреулердің бақытсыздығынан басқа ештеңе оқып жарытпайсыз.
Тағы бір айтпауға болмайтын мәселе – қазіргі баспасөзде (кітап, газет тағы басқа) қате дегенге мән берілмейтін болды, оның автордан кеткен қате ме, корректордан кеткен қате ме – тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, бүрі деудің орнына бірі, тесе деудің орнына тісі, кісе дегенді кісі деп жазып жіберсе де, кете береді. Кез келген заттың қорабының сыртынан, шай қорабы немесе ұн қапшықтарының анықтама қағазынан «жоғарғы сорт» деген жазуды жиі кездестіреміз. Енді осы сөзді орысшаға аударып көрелік: «верховный сорт». Осы тәсіл арқылы бір ғана әріптен кеткен қатенің қаншалықты бүлдіріп тұрғанын аңғару қиын емес. Демек бұл сөздің дұрыс жазылуы «жоғарғы» емес «жоғары» – «высший» болса керек. Қайталап айтамын, мұның барлығы біздің өз тілімізге жанашырлықпен қарамағандығымыздан, мән бермеуімізден туындап отыр. Бұл – тілге қатысты мәселенің басы, бетін қалқып қарағандағы жағдай. Тереңіне қарай барар болсақ, бұдан да зорына кездесуіміз мүмкін.
Әдебиетсүйер қауым М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов сынды алыптарымыз қазақ тілінің тазалығы туралы қадау-қадау зерттеулер мен сын мақалалар жазғанын жақсы біледі. Осылардан хабары бар адам тілімізге жанашырлықпен қарап, тіліміздің таза әрі түсінікті болуына мән берсе керек-ті.
Сөз соңында айтарымыз біз қазақша сөйлеуді ешкімге еліктемей, өзгелерден көшірмей, өзімізде бар нәрсені байыппен қарап, бәрін өзімізден бастауға міндеттіміз. Сонда ғана ата-бабамыздың салт-дәстүрін, бізге қалдырып кеткен мол мұрасын шашау шығармай кейінгі ұрпаққа ұсына аламыз.

Қонысбай Шалғынбайұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қарабұтақ ауылы,
Әйтеке би ауданы,
Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.