Тәуелсіздік туралы жыр

Темірхан Медетбек,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Отаршылдық
Құлдықтың қамытын
Мойныма кигізіп,
Тіземді бүктіріп,
Басымды игізіп,
Ми батпақ
Сорға көмді.
…Тәуелсіздігім –
Бұлттардың өзі
Бір шеті мен
Бір шетіне,
Апталап зорға жететін
Алып еліме,
Шаршап-шалдығып,
Зорға келді.

Арса-арса боп,
Борбай еті борша боп,
Жеткен оны
Еңіреп-егіліп,
Күтіп алдық.
Сындырмай, бүлдірмей,
Семдірмей, сөктірмей,
Құйылған шойындай
Тұп-тұтас
Бүтін алдық.

Айым оңынан туды!
Бір жағыма
Алтын қанатты –
Бақ қонып,
Бір жағымнан,
Күміс табақты –
Құт келді.
Кеше ғана
Иілген басым,
Бүгілген тізем
Тіктелді.

Азаматтарым,
Аспаннан жұлдыз қағып,
Қазанаттарым
Жер тарпып
Тебініп тұр.
Көңілім
Сарыарқадай жайылып,
Көкірегім
Алатаудай керіліп тұр.

Тәуелсіздігім!
Енді сенің
Шөл мен шөлейт,
Қара тастарыңа дейін
Көктесін!
Арманды халқыңның
Ойынан – суат
Бойынан – қуат
Мәңгілік кетпесін!

Әумин!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.