Тәуелсіздік толғауы

Хамитбек МҰСАБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері

Ел болып шырқар – басты әнім,
Ел болып жырлар – дастаным.
Бір өзің десем, артық па?
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМ!

Толғанда өзің әр жасқа,
Әрине, жасар той басқа.
Артық па, шапсақ тәубелеп,
Әдейі арнап бозқасқа.

Тағдырдың бұл да бергені,
Көз жасымызды игені.
Көрген жоқ қазақ мұндай той,
Бұл дүниеге келгелі!

Қайран да қалдық… Таңғалдық,
Содан соң барып аңғардық.
Осынау күнге жеткенше,
Аз шалдық па екен, құрбандық?!

Мұхиттай болып мұң-шерлер,
Аз төгілді ме, қан-селдер?!
Азаттық үшін алысып,
Еңіреп кетті қанша ерлер…

Асылдың анық – азбасы,
Тектінің анық – тозбасы.
Жеткізген бізді бұл күнге,
Солардың қаны… Көз жасы!

Олар кім десең:
Алаулар!
Көгінде елдің – Жалаулар,
Хандардың ханы – Абылай мен,
Данышпан Бұхар жыраулар!

Олар кім десең:
Жебелер!
Ақылға – ойға кемел ер.
Алаштың айтқан билігін,
Әйтеке, Қазыбек, Төлелер!

Олар кім десең:
Қырандай –
Ерлігі болған ұрандай!
Қанжығалы қарт Бөгенбай!
Қаракерей Қабанбай!

Олар кім десең :
Туы көк,
Жүрегі – жалын, мұңы – кек!
Төрт тіректің біреуі –
Марғасқа Шақшақ Жәнібек!

Олар кім десең:
Жалбыздай…
Өте алмас аттап дәм-тұздай.
Исатай, Сырым, Махамбет,
Кенесары мен Наурызбай!

Олар кім десең:
Имандар…
Елі үшін жанын қиғандар!
Кенесарымен бір барып,
«Кекіліктауда» қалғандар!

Олар кім десең:
Шоқандар!
Әйгілі Ахаң, Жақаңдар!
Алаштың туын көтерген,
Әлихан сынды атандар!

Олар кім десең – ардақтар…
«Желтоқсандағы» аруақтар!
Азаппен өлген аңырап –
Рысқұлбеков Қайраттар!

Ел болған тұста айбынды,
Қайтейін айтып қайғымды.
Осынша құрбандықтармен,
Сыйлады тағдыр бұл күнді.

Бақыт қой – бұл бір бет түзер,
Жүректі елең еткізер!
Бұл күнді берген құдірет,
Арманға бізді жеткізер!

Алатау – Алтай арасы…
Атырау – Арқа даласы…
Бәрі де енді – өз еншің,
Қазақтың қара баласы!

Қызғанбаса екен – дұшпаным,
Бұлттанбаса екен – аспаным.
Жар болсын, жаһан өзіңе,
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМ!

Тағдырың оңай демеймін,
Ойласам… Мен де жүдеймін.
Әрі азат, әрі тар жолда,
Тек қана Жеңіс тілеймін!

Міндетім – елге аңдату…
Сен кешкен селді… Ойлату!
Тәуелсіздікті алғаннан,
Қиын боп шықты орнату!

Әйтсе де, әлем мойындап –
Тұрғанда танып, пайымдап !
Сенемін шырқап шығасың,
Қайтемін жасып, уайымдап!

Аян боп жаһан – жұрттарға,
Түзеліп көшің тартты алға !
Қайысатұғын сен емес –
Уақытша қиындықтарға!

Ел болып шырқар – басты әнім,
Ел болып жырлар – дастаным.
Сен самға енді, аяулым –
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Қостанай облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.