«Тотықұстай сыланған…»

«Құлқаныс-Зеберше» дастанының алты нұсқасы белгілі. Бұл дастанда Құбыл деген шаһардың патшасы Өтен мен Ордалы дейтін шаһардың падишасы Әппақтың достығы сипатталады. Екеуі де әділетті патша болып саналады. Құдай тілектерін беріп, жастары 50-ден асқанда ғана екеуінің де әйелдері жүкті болады. Әппақшаның әйелі ұл табады, атын Зеберше деп қояды. 
Қыз болыпты туғаны,
Өзгеше сұлу жамалы.
Осылайша, тамаша көркемдеулерде қыздың нәзік жаны, әуезді үні жан-жақты сипатталады, яғни Өтеннің қызы Құлқаныстың дидары дүниеге келген күннен бастап-ақ елдің бірден назарын аударады.
Бір күндері Әппақша,
Өтенге жаушы салады.
Қызына құда болғалы,
Өтенге бұл да ұнады.
Жайсаң дейтін шаһардың падишасы Қауас өте мақтаншақ адам еді, оның Төлен дейтін жалғыз ұлы бар екен. Өтен мен Әппақ патшаның жайын естіп, қызғаныштан іші күйеді. Ақыры араға адам салып осы ойын жүзеге асырады.
Ашылған гүлдей жайнаған,
Көргеннің ауды құмары.
Оймақ ауыз, күлім көз,
Нәзік белді, шырын сөз.
Пісте мұрын, қалам қас,
Ақтамақ балғын, сүмбіл шаш,
Тоты құстай сыланған,
Қылығына жан тоймас.
Қазақтың халық өлеңдеріндегі бейнелі сөздер, теңеулер мен салыстырулар Құлқаныстың ажарын бейнелеуде де молынан кездеседі. Бойжетіп келе жатқан қыздың көркін, бет-әлпет пішінін жасай отырып, жырау нақты портретті көз алдымызға келтіре қояды. Қыздың жасы он үшке толған кезде оған ғашық болған жігіттер көбейе түседі. Қауас келіп көріп, Өтенмен құда болуға бел буады.
Табиғаты мейірімді және ізгілікке құштар қыз Қауас ханның айла-шарғысын, сатқындық әрекетін тани біледі. Ондай адамның ұлы Төленге сондықтан да іші жылымайды, қалайда оған қосылмауды мақсат етеді. Сондықтан да әуел баста өзін айттырған Әппақ ханның ұлы Зеберді көруге пейілі ауады. Барлық істің алдын-артын алдын ала ақыл таразысына тартқан Құлқаныс нөкерін, яғни 40 қызды ерлерше киіндіреді. Зебер туралы білдіртпей мәлімет жинауға кіріспекші болады. Қырық қызға тұлпардан ат таңдап мінгізіп, аңға шығуды сылтауратып, ұзақ уақыт жол жүріп, Әппақтың Киікті деген көліне келіп жетеді. Осы кезде қырық нөкер еріткен Әппақтың уәзірі Кәміл мен Зебер де сол маңайда серуендеп жүрген болатын.
Қыздары Дәшті даланың,
Өнері тіптен көп еді.
Аңғырттар сөзге ереді, – дейтін Кәмілдің сөзі құпияға толы.
Қыз бен жігіт таныса келе бір-біріне ғашық болып қалады.
Табады Меккені де іздей берген,
Зәрурат бір жұмыспен шығып едім.
Ерігіп жүргенім жоқ құрып серуен,
Күңдерше бұта түбі сөйлеспеймін.
Құлменен кездескендей тезек терген,
Ордама іздеп бар да, сонда сөйлес.
Шынымен, шаһзат болсаң, үлгі көрген, – деп Құлқаныс өзінің арнайы іздеп келгенін жасырып, қулыққа басады. Құлқаныстар кетіп қалған соң Зебершенің ішіне ғашық­тықтың оты түсіп, қатты мазасызданады.
Ақыры Зеберше мен Кәміл күн-түн қа­тып, жол азабын тартады. Көп бейнет көріп, Құбыл шаһарына келеді. Қалайда Құл­қаныспен жолығудың амалын қарастырады.
Бірде алты ділдә және асыл бұйымдар беріп, үйдің иесі кемпірді олар Құлқанысқа жұмсайды.
– Кемпірді ұстап алып дарбазаның қасына байлап тастаңдар! – Құлқаныстың бұйрығын естіген соң, қырық қыз оны қуа жөнеледі. Кемпір әзер дегенде сытылып қашып құтылады.
Жағдайды айтып келгенде бұл жұмбақты Кәміл шешіп отырады.
– Қыз сені бүгін түнде дарбазаның қасында күтеді, – деп Зеберді аттандырады. Алайда түн­нің бір уақытына дейін күте-күте Зебер жалығып, көзі ілініп кетеді. Сол кезде Құлқаныс келіп жігітті оятуға дәті жетпей, бетінен сүйеді де, кетіп қалады. «Әппақтың саудагерлері әкелген інжу-маржан, асыл заттарды көруге келіңдер», – деп шақыра барған кемпірді бірде – раушан гүлінің қасында, тағы бірде – бақша ішіндегі хауыздың жанына байлап тастауға Құлқаныс өз нөкерлеріне тапсырма береді. Осылайша, кемпір үш рет ордаға арнайы тапсырмамен келеді, бірақ қыздың жарлығынан қорқып, қашып кете барады. Осының өзінен-ақ Құлқаныстың өте зерек, ақылды жан екені аңғарылмай ма? Ой-өрі­сінің кеңдігінің арқасында тұспалдай сөйлеп, белгі бере алады. Әрі «нөкерлерім ештеңе сезбесін» деген оймен сақтана да алады. Бұл жерде жігіт осалдық танытады, яғни шыдамсыздыққа салынып, ұйқы – дұшпанға бой алдырып қояды. Мәселен, үшінші сынақ кезінде Кәміл жігітке ілесіп барады.
Ол қыздың артық амалы,
Сынайтын сені шамалы, – деп Кәміл ұйқысыз отырады. Бір кезде алыстан қарауы­тып келе жатқан бір адамды байқайды. Жалма-жан Зеберді оятады. Өзі алысқа барып қадаға­лап тұрмақшы болады. Ұйқыдан оянған Зебер келе жатқан адамды ұры-қары деп ойлап, жан амандығын көздейді де, көңіліне күдік алып, қаша жөнеледі.
Ал, кез келген мәселені жан-жақты ой елегінен өткізіп барып, нақты шешім шығаратын Құлқаныс дыбыс беріп, өзі туралы сыр ағытады.
Тоқтағын сабыр қылып, саспа, мырза,
Көргеннен жан сауғалап қашпа, мырза.
Сақтанып қызды көрсең қаймыққандай,
Маңдайың тиіп пе еді тасқа, мырза?
Төрт бөліп түн ұйқымды бір сен үшін,
Құдайдан не тілесем сен деп едім.
Осыдан соң Құлқаныс үшінші рет кездесуге келгенін, соның бәрінде де Зебердің маубастығының салдарынан жолығудың сәті түспегенін айтып береді. Осыдан соң екі ғашық табысып, ұзақ сырласады. Назды қылығымен, майда тілімен Құлқаныс жігітті баурап алады.
Бір кездерде Өтеннен бұрын болған Қасым деген ханның Кәлен деген балуаны Құл­қанысқа ашық болып, бес рет жаушы салған еді. Өтеннің әскер басы сардары болып қызмет істейтін Кәлен сол күні қаланы күзететін кезекшілігінде жүреді де, ғашықтардың үстінен түседі. Бұрынырақта Құлқаныстың көңілі қаламағандығына ызалы болып жүрген Кәлен енді олардың қол-аяқтарын байлап, нөкерлеріне зынданға тастауға әмір етті. Өзі ертесінде Өтен ханға жағдайды баяндайды. Бұл жағдайды Қауас ханның баласы Төлен де естиді. Жүрегі ұнатпаған жігіттерден қалайда өсекке ілінбей, аман қалудың жолын Құлқаныс таба біледі. Әрине, осындай қиын-қыстау кезде уәзір Кәмілдің парасаттылығы, аңғарымпаздығы көп көмегін тигізеді. Өздеріне қарата алмағанына кектенген Төлен мен Кәлен амалдары таусылып, ақырында қыздың еліне шабуыл жасауды ұйғарады.
Халқымыздың өткен өмірінде үлкенді-кішілі оқиғалар көп. Соның ішінде қыз үшін талас та біршама ғашықтық жырларға тән ғой. Төлен мен Кәлен өздері сүйген қызды қиянатқа қиюға әзір. Олардың көңіл күйлері, сезімдері жырда шынайы беріледі. Ал сүйген жігітімен дидарласқан, алдағы күндеріне жоспар құрған арманшыл, жайдарлы Құлқаныстың алдынан тағы бір тосқауыл күтіп тұрғанын ол кезде кім біліпті?
Жолығар дұшпан жолда деп,
Көңілінде қиял жоқ еді.
Құбылдан болар шыққалы,
4-5 күндей боп еді.
Түс мезгілі болғанда,
Жазыққа көзін салғанда,
Иесіз жапан далада,
Шұбырған шаңды көреді.
Зеректікпен Құлқаныс,
Жау екенін біледі.
Бұл жерге жау болмаса, ел келмейді,
Шақ болып шамалаңдар, әлдеріңді,
Адамның отбасында бәрі – батыр,
Сынаймыз осындайда ерлеріңді.
Құлқаныс қасындағы қосынға қарап тіл қа­тып, өз болжамын, толғанысын түгел жеткізеді.
Аққұс тұлпарға мінген Зебер ұрыс кезінде жауды шөптей жапырып, соңында жеңіске жеткен уақытында оның алдынан күндей жайнап күлімдеп шыққан Құлқаныс әзілді де шебер айта біледі.
Зерек екен пайымың,
Дұшпанның аштың айыбын,
Қолыңнан әр іс келерін.
Шамалап мен де айырдым.
Сансыз қолмен алысып,
Дұшпанның бетін қайырдың.
Басқа жерде мінің жоқ,
Ұйқың қатты – айыбың.
Қауас хан бес жүз әскер жиып, ғашықтар күндік жер жол жүрген кезде алдарынан және шыға келеді. Тіптен 124 мың әскер қолы бар ханның әскерін де Зебер мен Құлқаныс тас-талқан етеді. Екеуі жарасып, жұптасып әзер дегенде елге жетеді.
Арызымды тыңда, жан анам,
Күйіпті атам жалаға.
Атастырған жасымнан,
Қосылып ем, балаңа.
Олай болса, мен – Шолпан,
Мені де бөтен санама.
Кәлен деген – бір бұзық,
Әзәзіл бопты араға.
Өтеннің еліне шабуыл жасалғандығы туралы суыт хабарды сол жерде ести сала, Құл­қаныс енесімен қоштасып, қару-жарақ асынып, қайтадан жаумен шайқасуға аттанады.
Сыртқы кескін-келбеті тартымды Құл­қа­ныстың болып жатқан жайдың бағыт-бағ­дарын сезінуі, түйсінуі де керемет. Алғыр, зерек болғандықтан, ниеті бұзық адамдардың қа­рекетіне қарсы қасқайып тұруға қашанда әзір еді.
Еркек порма киініп,
Құлқаныс та кеп еді.
Қалыңға ол да кірді енді,
Кәміл мен Зебер білмеді.
Зеберден бұрын Құлқаныс,
Кәленге қылыш сермеді.
Заты әйел болса да,
Намысты қолдан бермеді.
Сөйтіп екі бөрі – Зебер мен Құлқаныс – қырғынды қатты салады. Қауастың адамдарын быт-шыт етіп қырады. Жауды жеңіп, тірісін қашырып, таудан асырып тастайды. Қауас ханның бүлігінен зардап шеккен халық бірауыздан Зеберді хан сайлайды. Әппақ, Өтен және Зебер үшеуі үш шаһарда патша болады. Құлқаныстың айласы мен ақылдылығының арқасында елде татулық орнайды. Әділдік үстемдік етеді. Мұраттарына жетеді. Тұтасқан жауды ғашықтардың жеңуі жүректерге жылылық орнатады.
Жырда төгілген келісті сөз орамдары Құлқаныстай қыздың адал жар, сүйікті келін ғана емес, ел басына қиын-қыстау күн туғанда жауын мұқата білетін, шайқаста қару-жарақтың қандай түрін де қолдана алатын ержүректігін сомдап, бүгінгі күнге жеткізді. Олай болса, Құлқаныстай қыздар Тәуелсіздігімізді қорғау, сақтау, нығайту үшін қазіргі кезде де аса қажет-ақ.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.