Тіл – менің мәңгілік тақырыбым

OrazgulЕлордадағы еңселі үйге ел «мұңымызды мұңдап, жоғымызды жоқтайды» деп сенген депутаттардың жаңа легі келді. Үш партиядан жасақталған жаңа Мәжіліс жұмысын бастағалы да көп бола қойған жоқ. Енді халық қалаулылары қауырт қызметке кірісер алдында айтар ойларын салмақтап, тақырыптарын іштей таразылаған шығар. Ал бізде сол баяғы – «бұл жолғы депутаттар назарынан тіл тақырыбы тыс қалмаса екен» деген үміт. Өйткені өткен кезеңдегі депутаттар қатарында қазақ тілінде «әліпті таяқ» деп танымайтындардың көп болғанын, сол себепті де бес жыл бойы тіл тақырыбын айналып өткендерін білеміз. Ал бұл жолғы Мәжілістен күтер үміт мол. Тағы бір көңілге демеу болғаны – осыған дейін мемлекеттік тіл мүддесі жайын­да ойларын батыл айтып, талай мемлекеттік тілге мұрын шүйіргендердің мысын басқан, ана тілінде тіл сындырмағандарды «сойып» салған тіл жанашыры, бұрынғы Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы ханымның депутаттар қатарынан көрінгені. Жаңа қызметке кірісер алдында Оразгүл апайға телефон шалып, бір ауыз сөзге тартқан едік.

– Оразгүл апай, сәлеметсіз бе? Қызметіңіз құтты болсын! Сіздің депуттаттық мандатқа ие болғаныңызды біліп «тілдің мұңын айтатын жан табылды-ау» деп қуанып жатырмыз (осы арада Оразгүл апай күліп алды). Бұған дейін мемлекеттік тіл туралы өткір айтып, тіл жанашыры ретінде танылып келе жатқан жансыз. Енді Мәжілісте тіл мәселесін бірінші көтеретін сіз болатын шығар деген үміттеміз. Бұған не дейсіз?

Міндетті түрде! (сөзін нығырлай айтты – Д.І) Бірақ мен әзірге жаңа жұмысқа қатысты күндіз-түні талмай еңбектенудемін. Мәселен, әр қызметтің тиісті жауапкершілігі, қала берді, регламенті деген дүниелері бар. Солармен танысып, ойымды жинақтап, сөзімді екшеп, таразылауға тырысудамын. Ал түп­теп келгенде менің мәңгілік тақырыбым – тіл тақырыбы.

– Құдай қаласа, осы тіл мәселесіне түптеп кірісем де, бірінші депуттаттық са­уалым тіл тақырыбы болмақ дейсіз ғой…

Ол бірінші бола ма, кейінгі бола ма – білмеймін. Маған Тіл басқармасының жұмысы жүктелген кезде де мен бара сала «үйтемін-бүйтемін» деген жоқпын. Алдымен тілге қатысты қаулы-қарарлардың, заңдардың барлығымен танысып, аталған мекеменің қолынан не келетініне көз жеткізген соң ғана алдыма жоспар қойып жұмыс істедім. Мен кезінде Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болғанмын. Ал мынау жаңа тәуелсіз ел Парламентінің депутаты деген – басқа. Депутаттың құқы деген болады. Басқасы бар. Дәл қазір сол шаруалармен шұғылданудамын. Ал, жалпы, қазақ тілі заң шығарушы органның, биліктің тіліне айналмайынша, тіл мәселесі менің күн тәртібінен түспейтін тақырыбым болмақ. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Бұған қам жемеңдер. Депутат болып, сөзінен тайқып кететін мен емес. Бұл туралы мен саған кейін міндетті түрде сұхбат беремін.

–Рақмет, апай! Жұмысыңыз табысты болсын!

Д.СЕРІКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.