Айып салу ма, асыра сілтеу ме?

Жуықта телеарналардан көше тәртібін бұзғандарға айып салынатыны туралы хабарлар көрсетілді. Қазір жаяу жүргіншілердің көше тәртібін бұзуы салдарынан апаттардың болуы жиілеп барады. Сондықтан көше тәртібін бұзғандарға айып салу шарасы қолданылғанын құптауға болады. Алайда айып мөлшері 8 мың теңге болуы асыра сілтеу екенін жұртшылық ренішпен айта бастады. Мәселен, МАИ қызметкерлері күніне көше тәртібін бұзған 30-40 адамға 8 мың теңгеден айып салыпты. Сондайлардың көбі студент жастар екен.8 мың теңге деген студенттер мен жұмыссыз жүрген жастар үшін он шақты күнге тамағына жететіндей қаражат емес пе?
Демек, мұндай айып мөлшері 8 мың теңге емес, 80 теңге болса да ешкім екінші рет көше тәртібін бұза қоймайтыны анық. Бұл арада, ең бастысы, адамдарға есінен кетпестей ескерту жасау емес пе?! Кеңес заманында мұндай айып мөлшері 1 сом болған. Зерт­теу бо­йын­ша соның өзінде адам­дар екін­ші рет көше тәртібін бұз­ба­ған. Ал айып төлегісі келмейтіндерді жұ­мыс орнына хабарла­ған. Мұндай­да тәртіп бұзғаны жиналыста қаралатын. Жазаның ең ауыры да осы еді.
Ал қазіргі заң бойынша, тіпті, бас бостандығынан айырып түрмеге қамайды екен. Адамдардың бәрін түрмеге тоғыта беру де оңтайлы тәсіл емес екенін өмірдің өзі көрсетті емес пе?! Қазір, тіпті, ауыр қылмыс жасағандар да түрмеге қамалмай ақталатын шаралар жүргізіліп жатыр ғой. Демек, түрмеге қамау да асыра сілтеу емес пе?! Бұлай дейтініміз, қала көшелерінің бәрі шахмат тақтасындай біркелкі емес. Көптеген көше қиылысында бағдаршам бола бермейді. Тіпті кейбір ірі даңғылдарда да, базарлар мен ірі дүкендер тұсында да бағдаршам қойылмайды. Мәселен, Алматыдағы Рысқұлов даңғылындағы «Береке» базарлар кешенінің тұсында бағдаршам болған емес. Өйткені бұл жерде көше қиылысы жоқ. Адамдар ағылып жатқан мәшинелердің арасынан көшені кесіп өтуге мәжбүр. Сондай-ақ Сейфуллин даңғылы мен Райымбек даңғылы қиылысында бағдаршам жоқ, жер­асты жолы да салынбаған. Сейфул­лин көшесінің бір жағында – «Абди» деген кеңсе тауарлар дүке­ні болса, екінші жағына Ресейдің «Вираж» автодүкені орналасқан. Екі дүкеннің алдында да аялдама бар. Ал Сейфуллин даңғылы – 1-ші Алматы мен қала орта­лығын байланыстыратын негізгі күре­тамыр, яғни мұнда мәшине­лер тасқын судай толассыз ағылып жатады. Даңғылдың бір жағынан екінші жақтағы аялдамаға өтуі үшін адамдар ағылған мәшинелердің арасымен жүреді. Себебі жақын маңда бағдаршам да, жерасты жолы да жоқ. Базарлар мен супермаркеттер, яғни ірі дүкендер маңайы да осы секілді. МАИ қызметкерлері осындай жерге тұрып алып көшелерді қиып өткен қаптаған адамдарды шетінен ұстап тәртіп бұзғандарының әрқайсысынан 8 мың теңге айып өндіре берсе, күніне 40-50 емес, жүздеген адамнан жүз мыңдаған теңге жинар еді. Бұл не сонда?
Айып мөлшерін 8 мың теңге деп шектен тыс белгілеу – ақша жинау амалы емес пе екен?! Тіпті, мұндайда МАИ қызметкерлері айып мөлшерін азайтып, көше тәртібін бұзғандардан 4-5 мың теңге алып, қалтасына баса беруі де әбден мүмкін. Осындай жолмен де МАИ қызметкерлері көлденең пайдаға белшеден батар еді.

Қ.Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.