Ұстаз өнегесі

d183d181d182d0b0d185Белгілі ұстаз Қабділрашид Қайым 80 жасқа толды. Бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, ұрпақ жүрегіне ізгілік ұялата білген ол әр шәкіртінің бойына ұлттық қасиет, адамгершілік, ар-ұят, ақыл, парасат құдіретінің дәнін себуге барын салды. Тәрбие ең алдымен табиғи жаратылыстан, отбасындағы тәлім мен мектептегі ұстаз ұлағатынан келетінін айтып жүрген де осы кісі. Зейнеткерлік жасында да тыным таппай, білімнен қол үзбей жүрген Республикалық-педагогикалық «Ұстаз шығармашылығы – Творчество педагога» журналының бас редакторы Қабділрашид Қайым ағамыз сексеннің сеңгіріне шықтым деп қол қусырып отырған жоқ. 
Қабділрашид Қайым еңбек жолын туған жерінде ұстаздықтан бастады. Туған ауылына ең алғаш мектеп директоры болып барған жылы 56 күннің ішінде тақыр жерге мектеп тұрғызып, өзінің құрылысшылық қырын да танытқанын сол ауылдың адамдары әлі күнге айтып отырады. Туған жерінде ұстаздық жолын бастаған Қ.Қайым Ғани Мұратбаев атындағы сегізжылдық білім беретін оқу орнын орта мектеп деңгейіне дейін жеткізді. Мектеп Ғани Мұратбаев атында болғандықтан, Ғани туралы дерек жинаудан жалыққан жоқ. Айыр қалпақты көршілеріміз қоныстанған қырғыз жеріне дейін барып, мұрағат ақтарды. Ол үміті де ақталды. Мектептің қабырғасында білім алатын шәкірттеріне Ғани Мұратбаевты дәріптеуден жалыққан жоқ.
22 жыл бойы мұғалім, мектеп директоры болған Қабділрашид ағамыз тек қана ұстаз емес. Қаламы мен домбырасын қос қанатындай серік еткен аға «Біз Ғани ұрпақтарымыз» деп аталатын тамаша әннің авторы да. Әннің өлеңін жазған сол мектептің ұстазы, Қабділрашид ағадан білім алған шәкірті – Амантай Жүнісов. Қазір мектептің шәкірттері әр білім күнін сол әнмен бастайды. Мектептің әнұранына айналдырып алған. Ғани атындағы мектептің намысшыл, өршіл түлектерінің өнегелі азамат болып, білікті маманға айналғаны да осы әннің әсерінен болса керек. Ұстаздық еткен ағамыз осылайша сазгерлігін де қатар алып жүрді. Ұлы Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» атты өлеңіне де ән жазды. Қазір қалың тыңдарманның сүйікті әуеніне айналған туындыны белгілі дәстүрлі әнші Жоламан Құжыманов орындап жүр.
Қабділрашид аға «Мектеп» баспасында көп жыл еңбек етті. Бірнеше ғылыми еңбек­тер жазды, аударма саласынан да қол үзген жоқ. Білікті баспагер әрі редактор болуына да осы баспаның ықпалы мол болды. Өзіне ұнаған туындыларын оқып бітпесе шаруасынан қалғандай асығатыны да сондықтан шығар. Тіпті, елде жоқ шығармаларды шет ел асып, Болгариядан да алып келген кезі болған. Сырт көзге шет мемлекеттен кітап әкелу әбестік көрінуі мүмкін. Бірақ, ол кітаптарды өзінің келешек ғылыми мақалалары мен зерттеулеріне пайдалана білді. Ағаның неліктен білім саласының өсімдіктану, жануартану деген тармағын таңдағаны мүлдем қызық. Бұл туралы Қабділрашид ағаның өзіндей жеткізіп айтатын ешкім жоқ.
– Көпір жасалса, оның арғы тегі өрмек­шіден, – дейді ол. – Қарап отырсаңыз, еш­қандай тірексіз бір жағадан екінші жағаға адам түгілі, көлік өткізіп жатқан көпірлер бар ғой қазір. Семейде салынды. Түркияда бар сондай көпірлер. Күнделікті іс-әрекетті өрмекші өз түйсігімен-ақ жасайды. Араның ұясы, мысалы, көп аумақты алмайтын жер. Әсіресе, олардың тәсілдері қалалы жерге көп қабатты үйлер салғанға өте пайдалы.
Дүниеде тіршілік иесінің ең ақылдысы да, ең саналысы да адамдар деп жатамыз. Ал мен биолог ретінде басқаша пікірдемін. «Біздің тарақан құрлы миымыз жұмыс істемейді» депті Оспанхан Әубәкіров. Расында, тарақан өзіне қолайлы жер тауып, сол жерде ғана тіршілік етеді. Тіршілік етудің жолдарын қарастырады.
Ағамыз ұқыптылықты да осы жануарлар әлемінен үйрену керек деген пікірде. Бе­рілген істі бастап, артынша тастап кет­пей, соны ақырына жеткізетін адамдарды жа­қсы көретіні де, жұмыстан кешіккендерді онша ұнатпайтыны да сондықтан. Бір қызығы, қанша жыл қызметте жүрсе де бірде-бір рет жұмыстан қалып немесе кешігіп көрмепті. «Ұстазын үлгі тұтатын ұрпаққа мұғалімінің жауапсыздығын көру – ұстаздыққа жағыл­ған қара сиямен тең» деп отыратыны да осыдан. Ұрпақ тәрбиесіне шынайы берілген ағамыз қазіргі жастардың теріс әрекеттері­не қарнының ашатынын жиі айтып қалып отырды. Мәселен, жеті атасына жетпей қыз алыспаған қазақ халқының қазіргі бозбаласы мен бойжеткенінің әлдебіреулердің ұлты мен нәсіліне қарамай, отау құрып жатқанына жаны қиналады.
Жастардың аралас некеден аулақ болуын, олардың халық санын көбейтіп, білім сапасын жетілдіріп, «Қазақстанның атын шығарса екен» деп армандайтын ұстаз ағамыз жас ұрпақтың ағылшын тілі мен орыс тіліне жетік болуымен қатар ана тілді – қазақ тілін ұмытып кетпеулерін қалайды.
Ол кісінің алаңдайтыны ұрпағы мен шәкірттерінің ғана болашағы емес. Әріп­тестерінің де қамы. Бүгіндері ұстаздар қауымына айтылып жатқан сын көп. Алайда, мұғалімдер қауымының әлеуметтік жағдайына кім көңіл бөліп жатыр? Олардың жалақысы көбейсе, базар бағасы екі есеге өседі. Қысқасы, «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кебін киіп жүрген мұғалімдер «ертеңгі ұлт болашағы – балаларды тәрбиелеу ісіне салғырт қарап кетеді ме?» деп алаңдайды қазыналы қарт ұстаз. Жапонияда ең жоғары жалақы алатындар мұғалімдер екенін, сондықтан да олардың ғылымы мен техникасы қарыш­тап дамып жатқанын билік тізгінін ұстап отырған азаматтар ескерсе деп тілейді. Зиялылардың, ғалым мен кәсіпкердің, қарапайым жұмысшы мен зор мансап иесі болып жүрген басшылардың да ұстаз алдынан шыққанын ұмытпай жүргенін қалайды Қабділрашид аға.

Мирас МҰҚАШЕВ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.