Сот қазақша сөйлей бастады

Мемлекеттік мұрағат деректеріне қарағанда, 1925 жылдарға дейін сот үкімдері мен шешімдері ішінара орысша, басым бөлігі араб қарпіне негізделген қазақ әліпбиімен жазылып, беріліп тұрғандығын байқаймыз. Кейін, жыл өткен сайын, сот ісінде орысша мәтіндер көбейе түскен. Әсіресе, жоғары жақтан нұсқаулар тек орысша келе бастайды. Әуел баста губерниялық болып, сосын Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында округтік сотқа айналған Оралдағы сот мекемесінде округтік сот ішіндегі болыстардан қатынас құжаттары мен есептер, баяндамалар араб қарпімен қазақ тілінде келіп тұрған. Құжаттар қолмен де, араб қарпіндегі жазба машинкасымен де жазылған.

1928 жылдан бастап қазақ алфа­витін латын қарпіне көшіруге дайын­дық жұмыстарының жүргізілуіне байланысты округтік сот жанынан латын әліпбиін үйрету курсы ашылып, судьялар мен сот қызметкерлері латын қарпіне дағдылана, үйрене бастайды. Іс-қағаздарын жүргізудегі бұл қауырт өзгерістер сот қызметкерлерінің жұмыс сапасына қолайсыз әсерін тигізгенге ұқсайды. Кадр алмасулары жиілеген. Округтік сот тұсында сот ісі біркелкі латын әліпбиіне көшіріліп, іс-қағаздары орысша-латынша қаріп­термен қазақша қатар жүргізіле бастайды.
Жалпы, жиырмасыншы жылдар бедерінде қазақ тілінде іс жүргізетін мамандарға мемлекеттік ауқымда мән берілген. 1934 жылы желтоқсан айын­да өзінен бұрынғы сот төрағасы Шевкоплястың орнын алмастырған Баймұхамедов сотқа төрағалық еткен алғашқы күннен бастап-ақ бұйрықтар­ды латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі бойынша қазақша жазған. Сот төрағасының орынбасары Жұмағалиев те бұйрықтарды қазақша бере бас­тайды. 1935 жылы ақпан айынан бас­тап бұйрықтар бірде латын қарпімен қазақша берілсе, бірде орысша жазылып, сәуір айынан бастап бірыңғай орысшаға көшкен.
Жалпы, отызыншы жылдары сот­тың іс-қағаздары, негізінен алған­да, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі бойынша жүргізілген. Мемлекеттік органдар жазба машин­каларымен біркел­кі қамтамасыз етілгенге ұқсайды. Меке­меаралық хат-хабар алмасуларға орыс­ша, көпшілік жағдайда қазақша (латын) жазба машинкалары қолданылған. Басқару аппаратын қазақшаға көшіріп, ұлт кадрларын түбегейлі жасақтау бел­сенді қолға алынғанына қарамастан, осы мақсаттағы нұсқаулардың тиісті дәрежеде орындалмауы жұмысты іркіліске ұшыратқандығы сот мекеме­сінің әділет органдарына беріп тұрған ақпараттарының мазмұнынан анық аңғарылады.
Қазақ КСР Әділет Халық Комисссарларының 1940 жылғы 20 шілдедегі өкіміне байланысты облыс­тық соттың төрағасы болып жергілікті сот кадры Демеуғали Демесінов таға­йындалды.
Оның бұйрықтарының мағынасына қарағанда, қырқыншы жылдары сот ісін қазақша жүргізудің проблемасы өткірлене түскен. 1940 жылғы №97 бұйрықта облыстық сот хатшылығының меңгерушісі Симонованың қазақ тілін білмеуіне байланысты жұмыс ауқымын игере алмағаны, сондықтан, істі екі тіл­де жүргізу үшін бұл қызметке орыс тілін білетін жергілікті негізгі ұлт өкілінің (қазақтың) қажеттілігін ескере отырып, ұйымдық шаралар алса, 1940 жылғы 19 қазандағы №127 бұйрықта облыстық соттың мүшесі П.М.Юшковтың қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқа­сының 9 айлық жұмысы туралы баяндамасын – өзіне бекітілген істі тек орыс тілінде жүргізетін сот учаскелеріндегі істер бойынша жасап, екі қазақ ауданындағы істер бойынша кассациялық алқаның тәжірибесі мүлде қамтылмай қалғанды­ғы атап көрсетіліп, жекелеген қылмыс­тар санаттары бо­йынша кассациялық сот тәжірибесін белгіленген жоспарға сәйкес етіп жасап, қорытындылауы қайтадан міндеттелген.
1940 жылғы 4 желтоқсандағы №150 бұйрықта жаңа алфавитке көшуге (кириллица – орыс қарпіне негізделген қазақ әліпбиі) дайындық жұмыстарына байланысты Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитетінің жанынан ашылған 10 күндік курсқа екінші сатыдағы қылмыстық істер жөніндегі тергеу алқасының хатшысы өндірістен қол үзіп оқуға жіберілген.
Қырқыншы жылдар бедерінде қа­зақ жазуының орыс қарпіне түпкілік­ті көшірілуі кеңес қоғамындағы қазақ тілінің де алдағы тағдырын айқын­дады. Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған жылдарда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттік органдарда қолданысқа енгізу мәселесі мүлде ескерусіз қалдырылды.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе­сін орнықтыру тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана қайтадан қолға алынды.
1999 жылдың қаңтар айынан бас­тап облыстық сотта іс-қағаздарын жүргізуді мақсатты түрде мемлекеттік тілге көшіру басталды. Соттың төралқа мәжілістерінде, істердің қажеттілігіне қарай, қазақ және орыс тілдерінде, ал маңызды басқосулар, жалпы және ұйымдастыру сипатындағы төрал­қа, алқа мәжілістері, жұмыс қоры­тындылары бойынша өткізілетін жиындар мемлекеттік тілде жүргізіле бастады.
Облыс соттарындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің жай-күйіне талдау жасалынып отырылды. Сот жүйесі мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен бастапқы жылдары жергілікті ұлт өкіл­дері тығыз орналасқан Жаңақала, Орда, Жәнібек, Казталовка, Қаратөбе, Жымпиты, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарында сот ісі негізінен мемлекет­тік тілде жүргізілсе, Тасқала, Теректі аудандарында қазақ тілі мен орыс тілдерінде аралас, ал Бөрілі, Зеленов, Приурал аудандары мен Орал қаласында сот ісі орыс тілінде басымырақ жүргізілді. Облыстық сотта мемлекеттік тілді меңгеру курсы жұмыс жасады.
Мемлекеттік тілді дамытудың бағ­дарламаларына байланысты бүгінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы – ұдайы назарда. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланып, табанды түрде жүргізіліп отыр.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2009 жылғы 27 ақпандағы №36 өкіміне сәйкес, рес­публика соттарындағы іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру барысы тиісті бағамдар бойынша қадағаланып келеді.
Атап айтқанда, соттардағы кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат айна­лымындағы мемлекеттік тілдің, сот­тардағы қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы кес­те бойынша қадағаланып отыр. Барлық соттарда сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелер, топтар мен комиссиялар, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты тұлғалар белгіленіп, мемлекеттік тілді дамыту бағытында белгіленген іс-шаралардың мақсатты түрде жүзеге асуына басшылық жасауда.
Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­метшілерге қазақ тілін оқыту курстарының барысы, ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен орган қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үсте­ме­ақылар белгілеу ережесі негізінде қызмет атқару кезінде мемлекеттік тілді қолданғаны үшін қызметкерлерді көтермелеу фактілері, мемлекеттік тілді қолдану және дамыту мәселелеріне арналған кеңестер, мәжілістер, отырыс­тар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, лекциялар, т.б. шаралар туралы, сот жүйесінде қазақ тілін қолдануды насихаттауға, оның қолданылу аясын кеңейтуге қатысты басқа да шаралар (судьялардың, сот қызметкерлерінің БАҚ-тағы мақалалары, әзірлеген көмекші құралдары, сөздіктері және т.б.) жаппай өткізіліп, сараланып отыр.
Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді. ҚР Жоғарғы Сотының талдауы көрсетіп отырғандай, республика соттарының жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының үлесі 2011 жылдың қорытындысы бойынша 62,6 пайызға жетіп, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 4,2 пайызға артса, Батыс Қазақстан облыстық сотында бұл көрсеткіш 77 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда, 6 пайыз дерлік ілгеріледі.
Облыстың сот жүйесінде мемлекет­тік тілде іс жүргізуге толық мүмкіндік бар. Облыс соттарындағы 93 судьяның 12-сі, облыстық соттағы 21 судьяның төртеуі ғана мемлекеттік тілде іс жүргізе алмайды. Ал облыстың сот жүйесіндегі 274 мемлекеттік қызметшінің 17-сі ғана қазақ тілін меңгермеген.
Негізгі ұлт өкілдері қоныстанған байырғы қазақ аудандарында, атап айт­қан­да, №2 Ақжайық (бұрынғы Тайпақ), Жаңақала, Казталовка, №2 Казталовка (бұрынғы Жалпақтал), Қаратөбе, Сырым, №2 Теректі (бұрынғы Ақжайық) аудандық соттарында істердің 90 па­йыздан астамы қазақ тілінде қаралып жатыр. Ал ұлттық құрамы мен тілдік ахуалы өзгешелеу Орал қаласындағы екі сотта, Орал қаласындағы және Бөрілі ауданындағы мамандандырылған әкімшілік соттарында, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, БҚО мамандандырылған аудан­аралық экономикалық сотында, Бөрілі, Зеленов, №2 Зеленов, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы соттарда істер мем­лекеттік тілде аз қаралады. Облыстық сотта ұлт тілінде қаралып жатқан істер барлық қаралып жатқан істердің шамамен 8 пайызы төңірегінде ғана.
Облыстың сот жүйесінде өткен жы­лы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты 83 іс-шара, нақтылып айтқан­да, 32 семинар, 41 «Дөңгелек үстел», 10 басқалай шаралар (конференция, лекция, байқау және т.б) өткізілді.
Мемлекеттік және құқық қорғау ор­ган­дары басшыларының және жұрт­шы­лықтың қатысуымен сотта мем­лекеттік тілде іс жүргізудің өзекті мә­се­­лелеріне арналған Дөңгелек үс­тел­дер өткізіліп, осындай шараның қорытындылары бойынша судьялар мен сот қызметкерлерінің 62 мақаласы жергілікті және республикалық басылымдарда жарияланды.
«Заң» газетінде облыстық соттың мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бас маманы А.Шахиннің мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі келелі мәселелерін көтерген «Жүзбе жүз дидарласудан ақи­қат туады», «Тіл заңын қадағалаушы мекемелер құзіретін күшейту керек», сондай-ақ, осы басылымда Батыс Қазақстан облыстық мамандандырыл­ған ауданаралық экономикалық соты­ның судьясы Л.Ұстағалиеваның «Істерді қарауда тіл қолданысына аса мән берген жөн», №2 Орал қалалық сотының кеңсе меңгерушісі Э.Темірниязованың «Қазақша дауласып, орысша соттасады» тақырыбындағы мақалалары жарияланды.
Батыс Қазақстан облыстық сотында облыстық ішкі істер, экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес департаменттері, облыс әкім­шілігі мен облыстық әділет бас­қармасының, облыстық адвокаттар алқасының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен облыстық және қалалық соттардың судьялары, сот мамандарының қатысуымен «Сотта мемлекеттік тілде іс қарау мен қазақ тілінде іс жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында Дөңгелек үстел өтіп, оның қорытындылары бойынша 19 тармақтан тұратын ұсыныстар жобасы Жоғарғы Сотқа жолданды. Өткен жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Б.Бекназаров облыстық соттың бұл бағыттағы жұмысына алғысын білдірді.
Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшірілді. Сондықтан, мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымдары (нормативтік актілерден басқа) 2010 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мемлекеттік тілде жүріп жатыр. Құжаттың орысша нұсқасы қажет болған жағдайда ғана (заңды және жеке тұлғалардан жазбаша өтініш білдірілген жағдайда) қоса жолдануы мүмкін. Онда да гербтік (фирмалық) бланкіге мәтіннің мемлекеттік нұсқасы басылуы міндет. Сот кеңселері қазіргі кезде осы талаптар аясында жұмыс жасап отыр.
Аталған талаптар орындалмаса, мем­лекеттік органдардан ресми тілде ғана келген құжаттарды қабылдамауға немесе кері қайтарып жіберуге заң нормалары кедергі келтірмейді.
Мемлекеттік органдар арасындағы хат алмасу, жиналыстарды өткізу, жиналыс хаттамаларын жүргізу тілі Қазақ­стан Республикасы Консти­туциясының 7-бабының 1-тармағы мен тіл туралы заңның 4-бабына сәйкес, мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Ал істерді қа­ра­­ғанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 30-бабы мен Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 14-бабына, жеке және заңды тұлғалардың өті­ніш­терін қарауда «Қазақстан Рес­публикасындағы тілдер туралы» заң­ның 11-бабының талаптарына сай қай тілде түссе, сол тілде қарала береді. Осы заң қағидаларын бұлжытпай қолдану арқылы соттарда іс-қағаздарын жүр­гізу мен сот төрелігін атқару ел аза­маттарының заңды мүдделеріне сай атқарылып отыр. Елдігіміз нығайып, ұлттық келбетіміз ажарланған са­йын мемлекеттік мәрте­бесі жоқ қоса­л­­қы ресми тіл өзі-ақ бір­тіндеп тұр­мыстық қарым-қатынас ая­сы­на, сыртқы саясат, халықаралық қаты­настар көкжиегіне қарай ысырылып, ығысып бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұдан Тәуелсіздік жылдарын­да саяси және құқықтық деңгейі же­ті­ле түскен Қазақстан халқының мемлекет құрау­шы ұлттың тілі мен діліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне анағұрлым ден қойғандығынан да байқауға болады. Елімізде қазақ ұлтының айқын басымдылыққа ие болып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, арнаулы және жоғары оқу орындарының қаулай өсіп, қажеттілікке айналуы, қа­зақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметке кіруге, бұрыннан орны барлары тұрақтанып қалуға тал­пынып, мемлекеттік тілді жаппай мең­геріп жатқандығы – осының айғағы.

Қамбар НҰРЫШЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.