Талхиз… Сосын Талғар

d182d0b0d0bbd0b3d0b0d180-3Іле Алатауынан бастау алатын Талғар өзенінің және Талғар шыңы баурайында орналасқан Талғар қаласы 1858 жылы тау етегіндегі құнарлы жерлердің игерілуіне байланысты қаланды. Алғашында «Софийск станциясы» деп аталыпты. Алайда, әкімшілік-аумақтық бөлініс болып, 1928 жылы құрылған . Жер аумағы 3,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Халқы – 135,4 мың адам. Алматы қаласынан 25 шақырым жерді мекен еткен Талғарда бүгінгі таңда кірпіш зауыты, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын көптеген ЖШС-лары, жеке шаруашылық қожалықтары, «Талғар-спирт», «Барон», «Тас-Құм», «Интеллсервиз», «ТекстиМаркет» сияқты шағын бизнес нысандары, сондай-ақ, қызмет көрсету орындары жұмыс істеуде.

Талғар эксперименттік құю механи­ка­лық зауыты соңғы кезде су жүретін әртүрлі құбырлар, бетона­раластырғыш­тар, ауылшаруа­шылық техникаларын, спорт тауарларын шығарумен және ауылшаруашылық тракторларын күрделі жөндеумен айналысады. Талғарда жалпы білім беретін 9 орта және музыка, спорт, кәсіптік техникалық мектептер, Д.А.Қонаев атындағы университеттің колледжі, М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжі, медицина колледжі, кинотеатрлар, орталық аурухана, балалар және тіс емханалары, туберкулезге қарсы диспансер, санитарлық-эпидемиологиялық станциялар, орталық кітапхана, мәдениет сарайы, демалыс саябақтары халыққа қызмет етеді.
Талғар арқылы республикалық маңы­зы бар Алматы – Талғар – Есік – Түрген – Маловодное – Шелек – Жаркент – Қорғас халықаралық автомобиль жолдары өтеді.
Жерінің 25 пайызын тау-құздар алып жатқандықтан да, фарфорлы тас, гранит, құм, қиыршық тас, сазбалшық, т.б. құры­лыс материалдары өндіріліп, өңделеді.
Талғардан белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов, ұлттық театр және кино өнерінің жұлдызы Ыдырыс Ноғайбаев, саясаттану ғылымдарының докторы, демограф Мақаш Тәтімов, техника ғылымдарының докторы Ренат Тәукелеев, педагогика ғылымдарының докторлары Сәуле және Қайрат Адамбековтер, велосипед спортының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Третьяков, футболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Хапсалис, еркін күрестен КСРО спорт шебері Асқарбек Иманқұлов, экономика ғылымдарының докторы Ержан Жатқанбаев, т.б. еліміздің көркеюі жолында еңбек еткен азаматтар шыққан.
VIII-IX ғасырлардың жазба дерек­терінде Талхиз деген атпен белгілі бүгінгі Талғар қаласының маңайына жасалған археологиялық зерттеулер шаһардың өте көне мекен екенін дәлелдеп отыр. Жоңғар-қалмақтарына қарсы күрескен Аңырақай шайқасына қатысты мәліметтер де көптеп табылған екен. Мәселен, қазба кезінде қаланың ішкі жағындағы қабірге жерленген мәйіттің қолының сұқ саусағынан қоладан жасалған мөр-сақина табылды. Мөрдің бетіндегі таңбалар ХІ ғасырға тән сына жазуы екендігі анықталды. Одан «Тізеңді бүгіп, тағзым ет, қорқақ!» деген дуалы сөзді оқуға болатын көрінеді.
Алғаш рет 982 жылы Худуд әл-Әлем­нің «Әлем шекарасы» трактатында Талхиз атауы қолданылған. Автор бұл қала түркілердің чигил мен қарлұқтың шекарасында орналасқанын жазған. «Талхиз» деген атауды зерттеген ғалымдар бұл атау көне түркінің «донгар» сөзінен алынға­нын, мағынасы «Жоғары мұзды тау» деген ұғымды білдіретіндігін анықтады.
Талғардың оңтүстігінде VII-VIII ғасыр­ларда Қарлұқ мемлекетінің орталығы болған «Талхиз» қаласының орны сақталған.
Ірі әкімшілік, саяси, сауда орны ретін­де жазба деректерде Х ғасырда атауы кездеседі, сөйтіп, қала VIII ғасырдан XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. Соңғы 30 жылда тарих ғылымдарының докторы, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология инс­ти­ту­тының бас ғылыми қызметкері Т.В. Са­­вельеваның жетекшілік етуімен жүр­гізіліп жатқан далалық зерттеулер орта­ғасырлық қала құрылысы (тас қалан­ған магистральды және квартал аралық жолдар, магистральды жолдардың жиегін­де тротуарлардың болуы), усадьбалық құрылыстар (тұрғын және шаруа­шы­лық жайлардың кешені, ауланың болуы), сауда, қолөнер және абаттандырылудың дамуы (дамыған су жүргізу жүйесі, жекелеген санитарлық құрылымдар – септиктер, бірнеше түрлі ошақтар мен түтін өткізгіш каналдар – кандар түріндегі жылу жүйесі­нің болуы) бойынша ерекше материалдар берді. Шебер-зергерлер қолынан шыққан керамикалық және әйнек ыдыстардың коллекциясы, мыс және қола құйма бұйымдары, мүйіз бен сүйек бұйымдар зерттелінді, темір өңдеу өндірісінің қару-жарақ, ауыл шаруашылығы құралдары, әртүрлі қолөнер өндірісінің қолданатын құрал-жабдықтары түріндегі бай қоры жинақталды. Темір өңдеу өндірісінің технологиясын зерттеу нәтижесі жергілікті өндіріске спецификалық ерекшеліктер тән екенін көрсетіп берді. Әлемдік мәні бар жаңалық: жергілікті қолөнершілер жоғарғы сутекті болат өндіруді білген және оны күнделікті қолданылатын берік қолөнер құрал-жабдықтарын жасау үшін пайдаланған. Жергілікті отырықшы халық мал өсіруді ғана кәсіп етпей, түсті және асыл металдарды да өңдей білген. Талғар­дың Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болғандығын импортты тауар­лардың табылуы да дәлелдейді. Олар – Иранның ыдыстары мен шамшырағы, алтын жазулы жапон кеселері, қытай бұйым­дары мен Кореяның фарфор ыдыс­тары, Будданың сүйектен жасалған тұлғасы, қола айналар, тамақ ішуге арналған таяқшалар, тіс щеткалары, шашқа арналған сүйек қысқыштар.
Қарлұқ қағандығының құрамында болған Талхиз қаласының орнын қазған археологтар көптеген құнды деректерді анықтап, қағаз бетіне түсірген еді. Соның бірі – піл сүйегінен жасалған алты шахмат мүсіндерінің табылуы. Осындай елең етерлік жаңалықтың өзінен-ақ біздің ата-бабаларымыз шахмат ойынына бейжай қарамағанын білуге болады. Сонымен, ІІ ғасырдан ХVІ ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды алдыңғы қатарлы елдермен байланыстырған Ұлы Жібек жолы саудасының керуені Талхизге де тоқтағанына деректер табылуда.
Қала байланыстырушы аймақта ор­на­ласқан, бұл жерде көшпелілік пен отырықшы өмір салты тоғысып отырған. Мал шаруашылығы дамығандығын аулаларда орналасқан мал қамайтын ал­барлардың болуы дәлелдейді, сонымен қатар, егін шаруашылығы мен бақша өсіру ісі де өркендепті. Тұрғындар табиғи суарумен қатар жасанды ирригацияны да пайдаланған. Жер қабаттары арасынан күріш күрмектері, мәдени қабаттар арасынан алма дәндері, жүзім мен өрік сүйектері де табылды.
Осындай бай шежіресі бар Талғар қа­ласы 1959 жылы қала мәртебесін иеленіп, күн санап көркейіп келеді.

Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Думан

    Талхиз қалашығы туралы деректерді қай жерден алдыныз? тізімін бере аласызба?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.