Ұстаз

Мен Алматыға оқу іздеп келгенде, ҚазМУ-дың филология факультетіне түскен болатынмын. Журналистика факультетінің студенттерімен жақсы қарым-қатынаста болдық. Ұмытпасам, екінші курста ғой деймін қоғамдық-саяси дайындық (орысшасы ОПП) деген қосымша мамандық беретін факультативті сабақ оқитын болдық. Әркім бір қосымша мамандық таңдап, сол бойынша белгілі маманның дәрісін тыңдап, білімін кеңейтеді екен. Мен журналистиканы таңдадым. Бізге сабақ жүргізуге журфактан Тауман Амандосов бекіпті. Әрине, ондай қосымша мамандық сабағы негізгі оқудан тыс уақытта өтетіні белгілі. Белгіленген күні дәрісханаға Тауман Салықбайұлы келгенде, бәріміз таңдана қарап қалдық. Көркіне көз тойғандай көрікті кісі екен. Бозалаң тарта бастаған шашы, кішкенелеу келгенімен, жалт-жұлт етіп тұратын өткір жанары, ұшы жіңішкелеу келген қыр мұрыны, әдемі біткен сүйір иек бәрі-бәрі бірін-бірі толықтырып, мәрмәрдан қашап жасағандай, бет-жүзі өзіне ерекше көрік береді екен. Сылтып басатын аяғы жағындағы оң қолына ұстаған сәнді таяғы да өзіне жарасып тұр. Шәкірт деген ұстазға сыншы ғой, Тауман ағай бізге ә, дегенде-ақ ұнады. Қытымыр қатал да, жайма көңіл жұмсақ та емес, әр әрекеті, әр ісі, әр сөзі орнықты, не нәрсені сөз қылса да біліп айтатын біліктілігі көзге ұрып тұратын зиялы да зияткер жан екен. Бүкіл болмыс-бітімі тәртіптің де, тәлімнің де кісісі екенін танытқандай.Алғашқы сабақтан-ақ, біздерді бірден өз мамандығының қыр-сырына қанықтырып, қызықтыра жөнелді. Бұл сабақтың бір ерекшелігі қатып қалған қасаң тәртіппен емес, кең көлемдегі пікір алысу, яғни ұстаз бен шәкірт арасындағы шынайы қарым-қатынасқа құрылатындығында болып шықты.
Ептеп тіл бар, оқыған-тоқыған бар, ұстаз көңілінен шығар сұрақ бар, кейде ұнап қалар жауап бар, не керек, сол бір семестрдің төңірегінде Тауман ұстаздың назарына ілігіп қалдық. Ұстаз бен шәкірт арасында сырт көзге байқала бермес бір жылылық орнады.
Сонымен, әлгі екі аптада бір болатын факультативті сабақ та өте шықты. Біз үшінші курсқа көштік. Тауман ағаймен кездесе қалсақ, сәлем бергенімізде (ол кезде қазіргідей қолды ала жүгіру жоқ) назар аударып, бас изеп өтетіндей «таныс» болып қалдық.
Үшінші курсты бітірген жылы мен МГУ-дің журналистика факультетіне ауысып кеттім. Сөйтіп, журфак түгілі өзіміздің филфактың оқытушыларымен де ара-қатынас үзіліп қалды. Алайда менің Тауман Салықбайұлымен нағыз таныстығым сол Мәскеуде басталды.
Сонымен, бір күні жеке шаруаммен журналистика факультетінің деканы Ясен Николаевич Засурскийдің қабылдауына бардым. Дәл қазір есімде жоқ, аптаның бір күні түстен кейін қабылдау уақыты болатын. Қабылдау бөлмесіне кірсем, сонда Тауман Салықбайұлы отыр. Көзіме оттай басылды. Бірден бұрынғы ауыз жыбырлатып сәлемдескенді қойып, жүгіріп барып қол беріп сәлемдестім. Шырамытып, қасынан орын ұсынды. Қайдан жүргенімді сұрады. Осында оқуға келгенімді айтып едім, «Ә, дұрыс болған екен мамандығың басқа болғанымен, жалпы Мәскеу білімнің кені ғой, көп нәрсе үйренесің» деп қоштап қойды. Сөйткенше ішкі жақтан Засурский шықты.
Ол кісі қабылдауында отырған кісілермен амандасып, келген мәселесінің жайын сұрап, жауабын бірден беріп, шешетін істі сол жерде реттеп тастайды екен. Таукеңе келгенде, «Сіз отыра беріңіз. Сізбен артынан жеке сөйлесеміз» деді. Мен «Сізде жеке айтатын шаруам бар еді» дедім. «Онда күте тұрыңыз» деп, ары қарай басқаларды сұрастыра бастады. Отырғандардың 95 пайызының шаруасын шешіп, сонан соң маған бұрылып, «Сіз жүріңіз» деп, мені кабинетіне ертіп алып кетті. Мен өз жағдайымды айтқаннан кейін, шаруамды тез арада шешіп берді. Мұндай қуанбаспын, кабинетінен қалай шыққанымды білмеймін. Ясен Николаевич менімен ере шығып, Таукеңді өзі қолтығынан ұстап, кабинетіне қарай алып кетті. Таукең маған сен күте тұр дегендей, иек қақты. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз бен менен басқа жан адам қалған жоқ. Олар өте ұзақ отырды, хатшы қыз кофе апарып берді. Одан сұрап едім, әлі шыға қоймайды дегенді айтты. Мен сол жердегі газет-журналдарды қарап, Таукеңді күтіп отыра бердім.
Әңгімемізге қайта оралсақ, бір сағаттан аса уақыттан кейін іштен Таукең шықты. Жүзі нұрланып тұр екен, шаруасы дұрыс бағытта шешілген-ау деймін, көңілді. «Жүр, бала» деп соңынан ертті. Екінші қабаттан түсіп, сыртқа шықсақ, қараңғы түсіп қалыпты. «Бала, мен Қазақстанның постпредствосында жатыр едім, жа­қын жерде тамақтанатын тәуір орын бар ма?» деді. «Мына жерде Азия, Африка институ­ты­ның жақсы асханасы бар еді, жабылып қал­ған шығар» дедім. Таукең менің шалалығыма мырс еткендей болды да, жымиып: «Мен саған тәуірі дедім ғой, ресторан, кафе деген болмаушы ма еді» деді. Журфактың корпусы Қызыл алаңның қасы ғой, жақындау біреуін атап едім, «баста онда» деп, солай қарай бет алдық. Екі сағаттай отырып, әңгіме-дүкен құрдық. Әрине, әңгімені өрбітуші де, сұрақ қоюшы да Тауман аға. Менікі ол кісінің сұрағына жауап қайтару, айтқан әңгімесін тыңдау ғана. Таукең менің жайымды көп сұрады. Өз жайынан да біраз мәлімет берді. Мәскеуде докторлығының мәселесімен жүр екен. Я.Н. Засурскийге соған орай жолыққан болып шықты. Келер жылы Тауман Салықбайұлы Ясен Николаевичтің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және өзекті проблемалары» тақырыптағы докторлық диссертациясын қорғады.
Тауман аға маған адамды ел-жұртқа қарай бөлмейтін, жанға жатырқамай қарайтын азамат болып көрінді. Өйткені жөн сұраса келгенде, ол кісі екеуіміздің еліміз де, жеріміз де келмейтін болып шықты. Соған қарамастан Тауман аға көп ақыл айтып, ақ жарыла сыр шертті. Әлде алыста оқып жүрген қарапайым қазақ баласы болған соң ба, сондай бір жақын тартып сөйлесті.
Мәскеудің де оқуын тауыстық. Елге келдік. Жезқазған кеттік. Алматыға оралдық. Жұмыс іздедік. Табыла қоймады. Камал Смаиловқа (Телерадио комитеттің төрағасының телевидение жөніндегі орынбасары) жол тауып, сол кісінің жолдамасымен Қазақ теледидарының Сұлтан Оразалин басқаратын әдеби-драмалық хабарлар редакциясына орналасып, қызметке енді-енді кірісе бастаған тұста, журналистика факультеті ассистентік орынға конкурс жариялап жатыр деп, Рахманқұл Бердібаев ұстазым факультет деканы Темірбек Қожакеевке ертіп барды. Сөйтіп, Рахманқұл аға сынды ұстаздықтан басқа еш жақындығы жоқ ұстаздың көмегімен конкурсқа құжат тапсырдым.
Көп нәрсенің жайын біле бермейміз ғой, сөйтсем, конкурсты Тауман Салықбайұлы басқаратын «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасы жариялапты. Мен тапсырған құжатқа конкурсқа жіберілсін деп бірнеше адам қол қояды екен. Соның бірі Амандосов болып шықты.
Дүйсенбі күні Тауман ағаның алдына бардым. Мені көргенде орнынан көтеріле сәлемімді алды. Амандық-саулықтан соң, қайдан жүргенімді сұрады. Мен бар жайды баяндадым. Сәл ойланып қалды да, «жарайды» деп қол қойып берді. Сонымен не керек КЗД-ның отырысы болды. Ағаның арқасында факультетке қызметке алындық. Замандасы Шериаздан Елеукеновтің Тауман Амандосов туралы: «Тәкең адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, оның ең бір жақсы қасиеті – ешкімді алаламайтын, жершіл емес еді. Тәкеңнен кейінгі ұрпаққа қалатын үлгі болса, міне, осы болуға тиіс» деген сөзі бүкпесі жоқ, шын мәніндегі шынайы берілген әділ баға.
Қызметтес болған жылдары да ол кісі ұстаз, біз шәкірт құсап жүрдік ғой. Бірақ жақсы қарым-қатынаста болдық. «Тонның ішкі ба­уындай болып» араласып кетпесек те, ағалы-інілі қалыпта сәлеміміз түзу, көңіліміз жақын еді. Кафедрасына сәлем бере барғанда, «О-оу, академик Әбдиманов, кел, кел» деп төрге шақырып алып, басқаларды шығарып жіберіп, жеке қалып әңгімелесетін. Ондай сәттердің болғанына Таукең кафедрасының әдіскер-лаборанты болған Гүлсім Жаңабекова (қазір шетел филологиясы кафедарсының доценті), оқытушы Бауыржан Жақып (қазір «Қазақ энцклопедиясының» бас директоры) куә бола алады.
Тауман Салықбайұлы Амандосов филология, журналистика факультеттерінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор еңбек сіңірді. Басшы ретінде оқу үдерісінің жолға қойылуына қызметтік тұрғыдан көп тер төксе, ұстаз-ғалым ретінде журналистика факультетіндегі теориялық ілімнің орнығуына аса зор еңбек сіңірді. 1946 жылдан 1991 жылға дейінгі Таукеңнің саналы ғұмыры университтетпен тығыз байланысты екен. Студенттен факультет басшысына дейінгі сатылардан өтіп, бір ұжымда тапжылмай 45 жыл қызмет істепті. Соның ішінде 9 жыл филология факультеті­нің деканы болса, кейіннен журналистика факультетінің жеке бөлініп шығуына зор еңбек сіңіріп, төл факультетін 6 жыл басқарыпты. 1969 жылы замана сұранысына сай жаңа телерадио кафедрасын ашып, оған өзі басшылық жасады. 1976 жылдан өмірінің соңына дейін «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Тауман Салықбайұлы – факультеттегі таза журналистикаға қатысты ғылыммен айналысқан, журналистика теориясы бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым. Өз өмірінде 100 баспа табақтан астам ғылыми еңбек жазған ұстаз 11 кітап шығарса, соның жетеуі монографиялық еңбек, үшеуі оқу құралы, біреуі оқулық екен. Солардың ішінде «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» оқулығының орны бөлек. Ең алдымен, ол – журналистика саласындағы теориялық мәселелерді арқау еткен қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық. Бұған дейін қазақ журналистикасына арналған оқулық шыққан емес. Оқытушылар қазақ аудиториясына көбіне-көп орыс тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарын пайдаланатын-ды. Тауман Салықбайұлы осы оқулығы арқылы журналистикадағы жүйелі теориялық білім беруді жолға салды десе де болады.
Т.Амандосов еңбегінің құндылығы өз заманының сұраныстарын қанағаттандырып ғана қоймай, талай толқын журналистік мамандық иелерін тәжірибелік тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да дайындауға жол ашқан еңбектер болғандығы. Өз еңбектерінде ғалым өзі өмір сүрген қоғам мен ол алға қойған мақсаттарды орындаудағы қазақ көсемсөзінің міндеттерін айқындап, оның мемлекеттік ұстанымдарды насихаттауға қосар үлесін пайымдады.
Иә, замана сұранысына сай журналистиканы зертеудің теориясы мен методологиясын қалыптастырған Тауман Салықбайұлы Амандосов есімі тарихтан еш өшпек емес. Еңбектері құбылмалы тарихтың қысасты тезінен еш кедергісіз өтеріне мен кәміл сенемін. Егеменді елдің тәуелсіз сана иегеріне айналған бүгінгі-ертеңгі ұрпақ Тауман Салықбайұлы еңбек­теріне әлі сан оралып, өз керегіне жаратарына сенім мол. Заман өзгереді, өзгергенді көз көреді, бірақ ғалымның өткен ғасыр асқарынан ұшырып, болашаққа жолдаған «хаты» еш жоғалмақ емес. Өлмес мұраның өміршеңдігі – келер ұрпаққа аманат.

Өмірхан Әбдиманұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы
кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.