Толағаймен тағдырлас ақын

Атыраудың Индерінде дүниеге келген Аяшұлы Табылды бабадан мұра болған жыраулық поэзияны батыстың бардтық өнерімен үндестіріп, ұлт жырының әлем поэ­зиясынан артық болмаса кем түспес темірдей тегеурінін танытып, мына жаңа заман көрігінде қорытып, жұртына жарқыратып ұсына білді. Қазақтың өлеңіне батыстың гитарасын жұп етіп, кешегі жырау ұстаған қобыз бен домбыра шанағында толқыған «тұманың тұнық суындай» мөлдір жырды гитара әуенімен тыңдарман жүрегіне сіңірген Табыл ақынның соңындағы көлемі жағынан аз болғанымен көркемдік қуаты жағынан салмақты мұрасы ұлттық өнеріміздің қазынасына айналары сөзсіз.

Жыраулық поэзияның өзегінде жатқан қаһармандық рух, ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілік, көкейдегі арманды кесек сөзбен толғай жеткізу – Табыл өлеңдеріне тән басты ерекшелік. Сөздің тек асылын теріп, алмастай өткірін саралай білген талғамы биік, кесек бітімді ақынның кіндік кескен жұрты – ауылын қимай, буырқанған бұла шағының куәсі Алматыны сағынған, мына фәни жалғанның көлеңкесінен қашқан жан драмасы шынайы да, әсерлі, сананы селт еткізер өткір өлеңге айналып, оқырманын елең еткізеді. Туған жерден кете алмай, Алматыға жете алмай торыққан ақын көңілінің іздегені не сонда? Жалғыздықта қажыған, дүбір іздеген жанына керегі – сыры мен мұңын ұғар орта еді ғой…
Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн
(Көкірегіне қалдырыпты мәңгі атын)
Мұңданады туған жерден кете алмай,
Тұлданады жетеріне жете алмай,
Шырмалады жер-шідерге сорлы ақын.
Иә, Алматыны бәріміз сағынғанбыз. Сол сағыныш шырт ұйқыдан оятқан сәттер көп болған. «Жастықтың жазғы жұрты» (Светқали Нұржан) болған ҚазМУ қала­шығы түсімізге талай кірген. Сол бір армандай қалашықта алаңсыз жас күніміз әлі жүргендей, бара қалсақ сол күндермен қауыша қалатындай бір сезімде болатынбыз. Сол сезімді, сол халді Табыл осы өлеңімен қапысыз жеткізген. Жалғандығы жоқ, ішкі қуаты мол, тек шынайы сезімнен өрілген жырдың ғана қадірі бар. Табыл өлеңі осындай. Жасандылық, жалғандық атаулыдан ада өлең. Сонысымен де құнды, сонысымен де жүрекке жол тауып, жадыңда жатталып қалады.
Жүректе – қайғы, баста – мұң,
көңілде – қырау,
Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы
ауыртқасын.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан
айналып басым?!

Жанардан ұштың,
жасын күн – базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап
шақырмайды алдан?
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді
атылмай қалған.
Қырық күн сынбас шөлмектің бір сынары хақ, ажалды пенденің пешенесіне де сол жазылған. Ақын бұл трагедияны сыршыл сазға бөлей отырып жеткізеді. Бірақ оның мұңына бордай езілу, жасып егілу тән емес. Фәни мен бақиға бодан адам баласының таусылмас арманы ақынның жырында, күйшінің күйінде қалды. Табылды сәттік тірліктің жалт етіп жоқ боларын қимас қымбаттарына сыр етіп шертеді. Асылы, ақынға Алла ерекше сезгіш түйсік дарытқан. Тау тұлғалы замандастың өзі тірліктегі демінің қалай таусыларын айна-қатесіз өлеңмен хабар еткен екен:
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау» деші күлімдеп
Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай,
мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні,
оянбай қалам…
«Тағдырды Тәңірі жасар, адам бала­сының бәрі өлгелі жаралған» деген жолдар қашалған Орхон өзені бойындағы көк тасқа. «Ер Мамайдың алдында шаһит кештім, өкінбен» дейді Доспамбет жырау. «Бұрынғылар түскен жүрі жол // Бұрылып оңға түсті дегейсіз!..» дейді тағы бұрынғының жырауы. Ал бүгінгінің бард-жырауы былайша толғайды:
Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,
Мен кепіл мәңгі бақи тұрмасына.
Бір күні құдайыңнан хабар келсе,
Шығасың сен де, құрбым, қыр басына.

Қайғырып досың түгіл бақталасың,
Кеудеңде сағат-ғұмыр тоқтағасын,
Қалдырып мынау жалған дүниені,
Келмеске мәңгі бақи аттанасың.

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар.
Шығыс поэзиясындағы тағылым бе­рер­лік нақыл мен дидактикалық сарынды, ұлттық сөз өнеріндегі философиялық-элегиялық толғанысты еске түсірер бұл жолдардың поэтикалық бітімі сыршыл да нәзік, асқақ та нық тіркестермен ерек­шеленеді.
Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмедім о дүниенің халі қалай?!
Табылдың бір кездегі әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай.
Менің туған жерім таулы өлке. Сон­дықтан болар, әуелі Табылдың «Биіктік» өлеңін оқығанда перзенттік арманын, тау мен биіктік турасындағы астарлы поэтикалық түсінігін жаныма жақын қабыл­дадым. Әрі өлеңде айтылатын Толағай тауын да бала кезімнен көріп өскенмін. Тау көтерген Толағай бала туралы аңыз да бала күннен құлағымызға сіңген. Бұл аңызда Толағай тауы жоқ туған өлкесін құрғақшылықтан құтқармақ болып, сапарға шығады. Үлкендердің айтуынша жаңбырдың жаумау себебі – бұлт үйіріліп тоқтар, болмаса сәл аялдап өтер тау түгіл төбе жоқ бұл маңда. Бала Толағай сөйтіп баба тау – Алатауға барады. Баба таудың рұқсатымен бір оқшау тауды алып, туған жеріне жеткізе бергенде, аяғы тайып кетіп, мерт болады. Табылдының тағды­ры мен аңыз оқиғасының үндесер тұсы бар сияқты.
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды…
Осылай басталған өлең әу дегеннен-ақ туған жерін рухани қазынасы санаған перзенттің сол жұртқа деген кіршіксіз сезімін, жылтырақ жалған сөзден аулақ шынайы құрметін паш еткен. Ақындық таным мен талғам өн бойынан қапысыз көрініп, кең тыныс пен терең түсінік үйлесім тапқан өлеңнің әр шумағы қорғасын құйған құлжаның сақасындай салмақты:
Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны – адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел.
Табылдының «Сөз соңы» деген өлеңі бар.
Үтірмен Сені бітірдім,
Бітірмей, жырым, нүктемен.
Бергі жағында үтірдің,
Өлең-өмір тұр бітпеген.

…Тылсым жыр атты орманда,
Ойлы өлеңдерге шеп құрып.
Асқақ Алатау арманға,
Алқынбай жету – тектілік!

– Осылай деуді құп көрдім,
Оқырман, сен қой нүктесін.
Адамдық ғұмыр біткен күн,
Ақындық ғұмыр бітпесін!
Ақынның өзі айтқандай, адамдық ғұ­мыры тәмам болғанмен, ақындық, өнер­паздық ғұмыры біткен жоқ. Сол ғұмыры баянды да мәңгілік боларына сенейік.
Жастықтың жайсаң күндерін ҚазМУ қалашығында аз да болса бір уақытта кештік. Бір кезеңде студент болдық. Жырдың, бүгінгі жыраулық өнердің Толағайы болып Атырау топырағында дүниеге келіп, сол топырақтан «күңіреніп, күн түбіне жортып кеткен» аяулы замандас, өзің туралы, ақындық өнерің туралы айтылған аз сөзіме разы бол!
Сенің Толағаймен тағдырластығың – арғы бабалар тұтынған жыраулық, одан бергі сал-серілік дәстүр жүгін өркениет заманында арқалауға талап қылған тау тұлғалы оғланның бірі екендігіңде еді.
Нұрың пейіште шалқысын!

Жанат Әскербекқызы,
ақын, филология ғылымдарының
докторы, Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.