Бұлаңдап өскен Бұлғын қыз

Ел арасында кең тараған «Бұлғын-Сусар» туралы аңызды жырға кім айналдырғаны белгісіз. Дастанның мәтінін Алтай аймағы, Шіңгіл ауданының тұрғыны, «Астық» мекемесінің қызметкері Қабыл Шәмілұлының айтуынан жазып алып, реттеп, баспаға әзірлеген – сол ауданда тұратын Мәдениет үйінің қызметкері, белгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғалиұлы екен.
Оқиға байлыққа көзі тоймаған Бірбай қарттың Суырбай деген байдың ұлына Бұлғын атты сұлу қызын бермек болған ниетімен бас­талады. Бұлғын-Сусар әлеуметтік-тұрмыстық дастан. Қазақтың көптеген сұлу қыздары күштілердің құрған тұзағында еріксіз құрбан болғаны белгілі. Ал Бұлғын өз бақыты үшін күресуге қабілетті.
Жырдың көрсетіп отырған мә­селесі сол дәуірдің шындығы, негіз­гі нысанасы – адамның бас бостанды­ғы, әйелдің тең құқықтылығы. Дастан­ның композициясы барынша қарапайым. Барлық оқиға Бұлғын мен Сусардың тағдырына қатысты өрбиді. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері нанымды.
Қызды мұң буды-дағы алып ұрды,
Кешегі еркіндігі сағынулы.
«Бектасқа барсам егер, шыныменен,
Дүние қидым, – деді, – жарлығыңды».
«Осы ма, менің теңім?» деп өкінді,
Ол бәрін ойдағыдай көретін-ді.
Мінекей, жүз байталға басын сатып,
Әкесі «ақылға кел» деп өтінді.
Жас қыздың сүймеген адамына айттырылуы осылайша жырдың оқиғалық желісін құрайды. Бұлғын түнімен дөңбекшіп, жастыққа көз жасын төгіп, тығырықтан шығудың жолын іздеп аласұрған сәттері өте шынайы баяндалады. – Бүйтіп сүймеген адамыма қосылып өмір сүргенше, асылып өлейін, – деп таң атқан соң тоғай аралап жүре береді. Бір еменнің көлденең бұтағына ақторғын орамалын байлайды. Сөйтіп, өмірмен қоштасуға ыңғайланған сәтте елікті қуып келе жатқан бір адамды көреді.
Қалуға жасырынып үлгермеді,
Таң атпай елік қуған бұл кім еді?
Ұялып қыз желегін тістей берді,
Жігіт те түсінгендей іштей мұны.
Осыдан соң, қыздың қасына келген жігіт амандасып, бұтаққа байлаған Бұлғынның орамалын шешіп алып береді. Жас аңшыға Бұлғын барлық сырын ақтарады, емін-еркін сырласады.
Жел желпіп, орман толқып екеуінің,
Үкілі сияқтанды шымылдығы.
Қайыңдар келіншектей би биледі,
Махаббат әуені ынтық күйдің лебі.
Кеудеде тілсіз жүрек діріл қағып,
Біреуін біреуі алғаш «сүйдім» деді.
Сөйтіп, Бұлғын бейтаныс жігітті қатты ұнатып қалады.
– Мен қайтем, – деді Бұлғын
жайдары, аппақ
Артымнан жүрмесін ел,
бай далақтап.
Қолыңыз тисе егер, осы кеште,
Кетіңіз біздің үйге жай қонақтап.
Бұндай ұсынысты, әрине, Сусар мақұл көреді. Сондықтан да әбден әзірленіп, қатерге белін буып, екінді кезінде ел кезген сыбызғышы бейнесіне еніп Бұлғынның үйіне келеді. Өнерлі ұлан тартқан әсем әуендер жүректерді тербей жөнеледі. – Мал сойыңдар, бұл балаға, көңілашар қонақ келді, – дейді қыздың әкесі масаттанып.
Аздан соң білмегенсіп қыз да келді,
Жүрегі келмес пе деп мұздап еді.
Қайғының қалың тоңы балқып, еріп,
Көңілден көшіп жатты ызғар енді.
Сыршыл жас сыбызғысымен безілдетіп бірнеше күйлерді бірінен соң бірін орындай бастайды. Түн ортасынан ауғанда Бұлғын құрбыларын ертіп, «Ақсүйек» ойнауға шығады.
Ақторғын қыз көйлегі судыр қағып,
Елгезек, ерке қимыл сыбдыр бағып.
Жақұты жарқылдаған кепешінің,
Үкісі бұлғақтайды бұлаң қағып.
Кеудеде шолақ қамзол оқа басқан,
Тірсектен қос бұрымы бой таласқан.
Қынай бел қандай нәзік қиылып тұр,
Көркіне пері қызы жетер ме асқан.
«Сүйекке» таласқан кезде Бұлғынның күлкісі көбейе береді, көңілденеді. Бір көмбенің тұсында жастар сырласып, сергектікпен қол алысып, серттеседі. Екеуінің арасында махаббат оты тұтанады. Кезбе қонақ Бұлғынның ақ жүзігін алып еліне қайтады. Осыдан кейінгі уақытта құдаласқан Суырбайдың адамдары келіп, Бұлғынды әкетуге ыңғайланады. Қыздың ұзатылғалы жатқанын ел аузынан естіген Сусар шұғыл әрекет жасауға бел буады. Жолшыбай той үстіне тап келгендей болып байдың үйіне әдейі ат басын тірейді. Бұлғынға «шық» деген белгі береді. Үш қыз шапан жамылып далаға қыдырыстап шығады. Сусар солардың ішінен Бұлғынды, әрине, бірден таниды. Сай-сала, тау мен тас, қыр кезіп, Сусардың күрең аты ғашықтарды мінгестіріп алып, зымырай жөнеледі.
Осылайша, қоғамның өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарға қарсылық көрсетіп, құда түсіп қойғанына қарамастан Бұлғын сүйген жігітімен қашып кетеді.
Ойда жоқ бұл ерекше жаңа іс еді,
Қол жеткен өмірінің табысы еді.
Құтқарған ғашықтарды күрең аттың,
Жаңағы жорғасы еді, шабысы еді.
Қуғыншылар қаншама тер төксе де, оларды қуып жете алмайды. Бір белестің басына барып күрең аттың айылын тартады. Сусар сол жерде отырып, күй шығарады. Бұлғынды алғаш қалай кездестіргенін, іңкәр сезімін, алып қашу кезіндегі толқынысын, бәрін-бәрін күйге айналдырады.
Құшады қуанышпен бірін-бірі,
Ақ алма бал-бұл жанып сұлу нұры.
Сусардың күй шығарғыш осы өнері,
Ол алғаш таңғажайып сырын білді.
Екеуі екі күнде кетті алысқа,
Жолшыбай күй тартылды
көп танысқа,
Осыдан «Бұлғын-Сусар» күйі тарап,
Біреуден біреу алып кетті алысқа.
Құдіретті әуен ғашықтардың хикаясын шертеді, ал ғашықтар туралы жыр бүгінгі күнге дейін аман келіп жетті. Ең бастысы, бірін-бірі сүйген адамдардың өз бақыты жолында күресе білетіндігімен, махаббат атты ұлы сезімді қадірлей, сақтай алатындығымен Сусар мен Бұлғын есімдері тарихта қалды емес пе?!

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. жанат

    Нұрлан ага, «Бабалар сөзі» жүзтомдығында жарияланған мәтіндер бойынша мақала жариялағанда неге сілтеме жасамайсыз? Дайын мәтінді оқып оны дайындаған жариялаған адамдардын еңбегін бағаламғаныңыз қалай? Журналистік жауапкершілік қайда? Әлде күнкөріс үшін, қаламақы үшін бе?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.