Елдегі он миллион қазақ ана тілінде сөйлесе…

  Кеңестік тәрбиеден өткен аға буын қанша социализмді мансұқтаса да маркстік-лениндік идеологияның жақсы қырларын айтып отырады. Ол кезде адам бір идея негізінде тәрбиеленуі үшін түрлі кезеңнен өтетін. Қоғамдық өмірге алғаш қадам басқан балабақшадағы күндері сәбиге «Ленин ата, біз – ұлан, Сенен туған шат көңіл. Сенің нұрлы шұғылаң, Бізге әперді жақсы өмір» деп күн көсемге арнап тақылдатып тақпақ жаттатқызатын. Мектеп табалдырығын аттағанда кеудеге жас Володяның бейнесі бар қызыл жұлдызды қадап, оны қастерлеп ұстауды, аяқасты қылмауды үйрететін. Пионер қатарына қабылдағанда мой­ныңа қызыл галстукты шандып байлап жатып, лениндік жолға әрқашан да дайын болуды тапсырады. Пионерлік өмір басталып, саған кішілерге қамқор болуға, үлкендерге, сүйенері жоқ адамдарға көмектесуге қатысты алғашқы тапсырмаларды береді. Пионер болған екенсің, түрлі үйірмелерге қатысуға міндеттісің. «Мызғымас Одақ» туралы өлең, жыр жаттау, көркем шығармалар оқу, оны өзгеге насихаттау күн тәртібінен еш түспейді. Үлгілі, тәрбиелі, сабағын жақсы оқитын пионерлер өзінен төменгі сыныптарға «пионер вожатый» болып тәрбиешілікке тағайындалатын.
Комсомол болу үшін КПСС-тің тарихы мен барлық сьездерінде қабылданған қаулыларын жатқа білуің міндет. Міне, сонда ғана сенен коммунистік идеяға адал болуға ант қабылдайды. Мұғалімдер, комсомолдар, пионерлер кеңестік идея үшін әрбір адаммен жұмыс жасайтын. Теріс іс-әрекеті, жат қылықтары байқалса бәрі бірігіп оны тәрбиелеуге тырысатын.
Қазір ше? Қазір мүлде басқаша. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Тоқсаныншы жылдары батыстың «демократия» атты ұранымен қоса жабайы да анайы, зұлымдыққа толы мәдениеті елімізге жымысқылана енді. Шетелдің атыс-шабысқа толы фильмдері кө­гілдір экраннан көзін алмайтын тұтастай бір буынды адастырып жіберді. Жалаңаштанған киноға, әлем-жәлем газет-журналға еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін үздіге қарады.
Дінге бостандық беріліп, әркім өз сенгеніне құлшылық етті. Әрине, дінде зорлық жоқ. Дегенмен де, кейбір пысықай көз бояушылар дінді ақша табу жолына айналдырды. Қазақстанда қазақ бұрын атын естімеген діндер мен ағымдар пайда болды. Халифатшыл топтар мен дүниені тәрік етуші сопылар ислам дінін жаңаша түсіндіруге кірісті. Мұхит асып келген иеговашылдар түрлі-түсті кітапшаларын уағыздап көше кезді. Буддаға табынушылар қазақтың шұрайлы жеріне таласып, бүкіл әлем назарын өздеріне аударуға тырысты. Ислам атын жамылып, еліміздегі қабірлерді түгендеп жүрген әруақшылдардың саны қанша екені бір Құдайға аян. Олар Сайрамдағы сансыз бап пен Түркістандағы түмен бапқа Жетісудан бірнеше ата қабірін қосты. Ел аузындағысы бесеу.
Осындай үгіт-насихаттың кесірінен көптеген қандасымыз соқыр нанымның жетегінде кетіп дәстүрлі сенімінен жұрдай болды. Нәтижесі жоқ емес, ағайын арасы алаланды. Баласы әкесіне ақыл үйретті, қызы шешесінің тілін алмады. Тіпті сыртқы күштердің көмегімен Қазақстанда тұратын этностар арасына іріткі салуды көздегендер де болды.
Дегенмен, еліміздің ұстанған саясаты арқасында көп жетістіктерге жеткенімізді де айта кеткеніміз жөн. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығы Қазақстан экономикасының даму кезеңі болды. Елдегі экономикалық және саяси тұрақтылық қалыптаса бастады. Мемлекетіміздегі этностар арасын арандатуды көздеген жымысқы әрекеттердің жолы кесілді. Қазақстан халқы өз татулығын сақтап қалды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа ар­наған Жолдаулары мен жұртшылық алдында және үлкен салиқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде Қазақ­стандағы ұйыстырушы ұлт пен түрлі халықтар өкілдерінің татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқандығы баса айтылып келеді. Мәселен, былтырғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІI сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанды, қазақ халқын достықтың киелі шаңырағына, түрлі этностарды оның алтын арайлы уықтарына теңеп, байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін шежірелі тарихымыз, мәдени мұрамыз және қазығы берік мемлекеттік тіліміз барлығын қадап айтқан болатын. Өз сөзінде Елбасы: «Біз Отанның толерантты патриоттарының болашақ буынын тәрбиелеу үшін одан әрі жұмыс жүргізетін боламыз. Бұл біздің ортақ міндетіміз… Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі. Бұл идеология бүкіл мемлекеттік органдардың, үлкен және кіші Ассамблеяның, этно-мәдени орталықтардың белсенді, ырғақты жұмысы­на арқа сүйеуі тиіс… Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың барлық қырларын зерттеудің қуатты орталығын құру қажет. Бұл – ғылым және өте салмақты ғылым. Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға тырысады, әркім осы мәселе бойынша пікір айтқысы келеді… Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өте нәзік материя, оның үстіне әңгіме этносаралық, дінаралық қарым-қатынас болған кезде… Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды ғылыми зерттеу саласы аса үлкен назар аударуды талап етеді» деп Білім және ғылым министріне осы мәселені жеке бақылауына алуды тапсырды. Сондай-ақ Қазақстанға деген отансүйгіштік өндірістік және шығармашылық еңбектерде көрініс табу керектігін ескертті. Жастарға арнап халықтар достығы мен бірлігін насихаттайтын фильмдер түсіруді, көркем шығармалар жазуды, халықтар театрының фестивалін ұйымдастыруды, әсіресе, мемлекеттік тілді өзге этностар арасында насихаттауда басымдылық көрсетуді қадап айтты.
Елбасының сөйлеген сөзінен туындайтын бүгінгі күн талаптарын негізге ала отырып М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдар аралығында «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеті және өнері» атты бағдарлама аясында еліміздегі этностардың фольклорлық мұраларын, әдеби шығармаларын, өнер туын­дыларын зерттеуді қолға алды. Жоба бойынша халық тұтастығы мен ел бірлігі идея­сы және бір мемлекет құрудағы халықтар ынтымақтастығының әдебиет пен өнердегі көрінісі жан-жақты қарастырылады. Бұл мәселеде тарихи-мәдени үдерістің, соның ішінде халықтар әдебиеті мен өнерінің белгілі бір даму кезеңін алып, қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің жай-күйімен тығыз байланыста қарастыру қажет. Бұл өз кезегінде ұлттық идеология ұстанымдарын қалыптастыруға өз септігін тигізері сөзсіз.
Сонымен қатар Институт Елбасының Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында: «Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын білеміз. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын» деп айтқан сөзін негізге ала отырып, 2012-2014 жылдарға арнап «Шетел қазақтарының фольклоры, әдебиеті және өнері» атты ғылыми-зерттеу бағдарламасын жасады. Мақсат – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шоғырланған қазақ диаспорасының фольклорлық мұраларын, әдеби шығармаларын, өнер туындыларын қарастыру. Бағдарлама бойынша алғашқы ғылыми экспедициялар көрші Ресей мен Өзбекстан мемлекеттеріне жасалып, фольклорлық, әдеби мұралар мен өнер туындыларына қатысты мол материалдар жиналды. Монғолияға білікті ғылыми қызметкерлерден жасақталған топ экспедицияға жіберілді.
Жиналған материалдар мен деректер негізінде қазақ халқының мол мұрасын жастарға насихаттау және болашақ ұрпаққа жеткізу – ұлттық борышымыз. Себебі жастар мәдени құндылықтарымыз арқылы отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиеленері сөзсіз.
Әрине, Қазақстан атты үлкен үйде қаншама этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанымен шаңырақтың иесі, этностардың басын ұйыстырушы қазақ халқы екенін ұмытпағанымыз жөн. Президент биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында «Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамның біріктіруші ядросы» деп атап көрсеткен болатын. Орыс және ағылшын тілдерін білу заман талабы болып отыр. ТМД мемлекеттерімен байланыс орнату бұрынғыша орыс тілі арқылы жүзеге асу­да. Тіпті түбі бір туысқан түркі мемлекеттерінің өзімен түрлі саладағы келісімшарт, қарым-қатынас, мәдени-ғылыми байланыс орыс тілі бойынша жүргізіледі. Демек, Елбасы атап көрсеткендей, бұл – біздің жоғалтуға болмайтын ортақ байлығымыз.
Алыс шетелдермен байланыс орнату, әлемдік жаңа технологияларды меңгеру ағылшын тілінің көмегімен болатыны баршаға аян.
Дегенмен, еліміздің ұлттық идеологиясын қалыптастыруда мемлекеттік тілдің орны ерекше. Мемлекеттік тілі үстемдік құрмаған ел ешқашан толыққанды ұлттық идеология жасай алмайды. Мемлекеттік тіл –тәуелсіздігімізді бекіте түсер факторлардың бірі. Бұл мәселеде Президент халыққа арнаған Жолдаулары мен алқалы жиын­дарда сөйлеген сөздерінде әрдайым айтып келеді. Осы уақытқа дейін «Қазақ пен қазақ тек қазақша сөйлессін» деп ескерту жасаған Елбасы былтырғы Жолдауында «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп бүкіл Қазақстан азаматтарының алдына міндет қойған болатын. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында тіл туралы саяси шешім Конституция мен заңдар арқылы баяғыда қабылданғанын, оны саясиландырудың қажеттігі жоқтығын, ендігі кезекте қандастарымыздың өздері мемлекеттік тілді дамытуды іс жүзінде орындау керектігін алға тартты.
Бұл – қазақтардың көпшілігі от басы, ошақ қасында қазақша сөйлемейді деген сөз. Бұл – қазақтар бір-бірімен қазақ тілінде тілдеспейді деген сөз. Бұл – жоғарыдағы шенеуніктер қазақша іс-құжаттарын жүргізе алмайды, мемлекеттік тілде заң актілерін дайындай алмайды деген сөз. Бұл – халыққа қызмет көрсету орталықтары (әкімшілік, емхана, банк, т.б.) әлі де толықтай қазақшаланбаған деген сөз. Сол себептен де Президент «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек… Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді» деп халқымызға қарата нығырлап айтты.
Шындығында қазақ зиялыларының кейбірі ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл, рухани қазыналарымыз жайында мінберлерден ашына сөйлегенімен өзара немесе отбасында орыс тіліне жүгінетінін көзіміз көріп жүр. Отан отбасынан басталатынын ұмытпасақ, онда «қазақ пен қазақ тек қазақша сөйлессін» деген Елбасы ескертуі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сонда ғана мемлекеттік тілді дамытудың белгіленген межесіне нәтижелі жетуге болады.
Кейбір елдерде дінаралық қақтығыстың кесірінен жүздеген адамдардың өмірі құрбан болып жатқанын БАҚ арқылы естіп, көріп отырмыз. Діни алауыздық пен белгілі бір топтар арасындағы саяси қақтығыстар төңкеріске ұласып, сол мемлекеттің экономикасын 20-30 жылға құлдыратқанын интернет желілері жамыраса жазып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егеменді еліміздің есігін Абай атамыз айтқан өсиетке сай адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп, айқара ашып едік, керісінше, олар бізге адал ниетпен келмейтіні айқын болды. Ата дәстүрімізді мансұқтады, шұрайлы жерімізге көзін тікті. Ақшалы топтар мұнайлы өңірде шу шығарып, өздеріне қаратқысы келді, енді бірі билікке ұмтылып, діни бауырластарын қолдауға тырысты.
Үкімет кеш болса да діни алауыздықтың алдын алу мақсатында шешім шығарды, «Дін туралы» Заң қабылданды. Заңға бағынғысы келмегендер қоқан-лоқы жасады. Соқыр сенімге елтігендердің ісі ме, әлде тұрақтылықпен, бейбітшілікпен өмір сүріп жатқан елімізді көре алмаған сыртқы күштердің әрекеті ме, әйтеуір түрлі аймақта теракт жасалды.
Президент өз сөзінде ХХІ ғасырда мемлекет революциялық емес, эволюциялық жолмен даму керектігін айтқан болатын. Қазақстанның әрбір азаматы өз тілін оқып-үйренуге, дінін сақтауға, өз этносының дәстүрі мен мәдениетін дамытып, насихаттауға барлық жағдай жасалған. Сол себептен де бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, тәуелсіз шаңырағымызды келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың борышымыз. Дегенмен, шаңырақтың иесі – ҚАЗАҚ халқы. Сондықтан мемлекеттік тілімізді, мәдени құндылықтарымызды, дәстүрлі дінімізді, ұстанған саясатымызды негізге ала отырып ұлттық идеология жасау бүгінгі міндетіміз. Ол өз кезегінде өскелең ұрпақты, жалындаған жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, салауатты өмірге тәрбиелеп, әлеуметтік теріс әрекеттерден, радикалды діни топтардың жетегінде кетуден сақтайды деп сенеміз.

Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты директорының
орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.