• Әдебиет
  • 18 Қазан, 2012

Тонның ішкі бауындай

 

Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері, оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция жұмысына Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Германия, Франция, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының басшылары мен делегаттары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов қатысты. Мерейлі күні елімізге алыс-жақын шетелдерден арнайы шақыртумен келген 150-ге тарта қандастарымыз табан тіреді. Алқалы жиынның алдында қонақтар Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мұражайын аралап, мерекелік кітап көрмесін тамашалады. Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­­ның 20 жылы дегенде, мына бір жағ­дай еріксіз ойға оралады. 1992 жылы өт­кізілген Әлем қазақтарының тұңғыш құ­рылтайында Түркиядан келген Дәлелхан қажы Жанымханұлы Жаналтай көзіне жас алып: «Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім. Құдайға шүкір, өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!» деп ағынан жарылған болатын. Сол жиында сөй­леген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдырымыздың қалай өрлейтінін талқылау. Қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды таңғалдыратын құбы­лыс. Әрбір үш адамның біреуі – атамекеннен жырақта жүрген басқа халықты атау қиын шығар» деген болатын. Иә, ол кезде Қазақ елі өзінің қандастарымен табысып, сағыныса қауышқан болатын. Содан бері 20 жыл уақыт өте шығыпты. Осы 20 жыл ішінде 1 миллионға жуық отандасымыз елге оралды. Жырақта жүргендері қаншама. Соңғы мәліметтер бойынша Өзбекстанда 1,5 миллион, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 млн.-ға жуық, Түркіменстанда 80 мың, Моңғолияда 140 мың, Қырғызстанда 45 мың қазақ бар екен. Қазақтар топтасып отырған мұндай жерлер Ауғанстан, Иран, Түркия сияқты елдерден бастап Еуропаның Германия, Франция, Швеция, Дания сияқты алыс мемлекеттеріне дейін созылып жатыр. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев: «Біздің байқауымыз бойынша, ше­телдердегі отандастарымыз қай жерде өмір сүрсе де, олардың өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалуға, басқа ұлтпен тату-тәтті өмір сүруге деген ұмтылысы, тарихи отандары – Қазақстанмен нығайтуы оларға тән ерекше қасиет.Қауымдастықтың шетелдегі қандастарымыздың көмегімен Венгриядағы қыпшақтар қоғамы, Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығы, Моңғолиядағы Достық қоғамымен байланыс орнатуы кездейсоқтық емес. Міне, 10 жылдан бері Қазақстанның шекаралас облыс­тарында қауымдастықтың тоғыз бөлімшесі қызмет етіп келеді» деді. Бұдан әрі ол сырттағы қандастарымызбен тонның ішкі бауындай байланыс жасап келе жатқан қауымдастықтың атқарып отырған қызметіне жан-жақты тоқталды. – Тұңғыш Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Бұдан кейін де, Елбасының тікелей қамқорлығымен, әлемнің 35 елінен келген қандастарымыз қатынас­қан үш Құрылтай – Түркістанда және Астанада болып өтті. Төрт құрылтайда да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Біздің ұжым республикамыздың мемлекеттік органдарымен, ғалымдарымен, қазақстандық және шетелдік педагогтармен бірлесе отырып жұмыс жүргізуді көздейді. Бүгінгі күнде шетелдердегі диаспорамен мәдени, ағартушылық, рухани, ақпараттық байланыстарды орнатуда жаңа әдістер керек. Қазақстан жоғары мектебі арқылы диаспораның ұлттық зиялы қауымын қалыптастыру, оларды қолдау саясатын жүргізу қажет. Өйткені заман талабы солай. Бұл орайда алдағы жоспарымыз бұдан да күрделене түспек» деді. Талғат Асылұлы­ның айтуынша, шетелдегі қазақ диаспорасының біртұтастығы мақсатында, олардың қызметінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған қазақтардың кіші құрылтайлары Моңғолияның Ұланбатыр мен Баян-Өлгий аймақтарында, Түркияның Ыстамбұл қаласында, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайы Тәжікстанның астанасы – Душанбеде, сондай-ақ Мәскеу, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Түмен, Челябі, Қорған, Алтай Республикасы қазақтарының мәжілісі мен құрылтайы өткізілді. Еуропа қазақтарының жыл сайынғы кіші құрылтайын өткізу де дәстүрге айналған. Қауымдастық Германия, Франция, Норвегия, Ұлыбритания, Австрия, Швецияда өткен кіші құрылтай делегацияларын бастап барды. Жиында айтылған өзекті мәселелердің бірі – ол қазақ халқының рухани мұрасын жинақтау және кеңінен насихаттау. Бұл туралы Талғат Мамашев былай деді: «Атажұрт» баспа орталығынан Қауымдас­­тық таңбасымен Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Иран, Ресей және Бельгиядағы қазақ ғалымдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлерінің 64 аталыммен кітаптары жарық көрді. Олардың ішінде моңғол, қытай зерттеушілерінің қазақ халқының тарихына қатысты еңбектері аударылып басылды. Қазақ авторлардың қатарында Жаналтай Дәлелхан, Алтай Халифа, Жанболат Сұлтан, Сәмитұлы Жақсылық, Шабданұлы Қажығұмар, Қызырханқызы Нұрила, Қинаятұлы Зардыхан, Жеменей Ислам және басқалар бар». Бір атап өтерлігі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атқарып отырған шаруаларының ішінде қазақ жастарының білім алу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, 1993 жылдан бері Қауымдастық Қазақстанның жоғары оқу орындарының дайындық курстарына шетелдегі қазақ жастарының арасынан тыңдаушылар қатарын қалыптастыруға қатысып келеді. Жыл сайын балаларға арналған «Балдәурен» сауықтыру орталығына шетелден 20-25 қазақ балаларының келіп демалып қайтуын ұйымдастырып отырады. Тіл комитетінің тапсырмасы бойынша «Ресейдегі қазақ диаспорасы: ана тілінің қазіргі ахуалы және келешегі, әлеуметтік зерттеу» деген айдармен зерттеу жүргізіліп, «Шетелдегі қазақ диаспорасы және ана тілді сақтау мәселелері» атты халықаралық конференция өткізілді. Жиында сөз алған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уалихан Қалижанов «Шетел қазақтарының әдебиеті мен өнері» тақырыбында баяндама жасады. Уалихан Қалижанұлы отандық ғалымдардың шетелдерге жасаған ғылыми экспедицияларына тоқталып, зерттеу жұмыстарының қалай жүргізілгенін, оның қандай нәтиже бергеніне тоқталды. – ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдарға жоспарланған «Шет елдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» атты бағдарлама дайындады. Оның басты мақсаты – отандастарымыз тығыз қоныстанған көрші елдердегі қазақ әдебиеті мен өнерінің бір жарым ғасырлық тарихына терең барлау жасап, дүниежүзі қазақтары әдебиеті мен өнерінің негізгі даму бағыттары мен мақсат-міндеттерін айқындау барысында шығармашылық үндестік, сабақтастық принциптерін негізге ала отырып іргелі ғылыми еңбек жазу» деп атап өткен У.Қалижанов шетелдерде тұратын қазақтардың мәдени дамуына байланысты бірнеше өзекті мәселелер бар екендігін айтты. Мәселен, Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақ мектептеріндегі оқу-әдістемелік құралдарының жеткіліксіздігі, Ресейде қазақ мектептерінің аздығы, Моңғолияның қазақтар ғана тұратын Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласындағы кітапхана қоры соңғы 20 жылда қазақ тілінде шыққан кітаптармен толықтырылмағаны және өзге де мәселелер айтылды. Белгілі ғалым Ислам Жеменей Иран елінде тұрып жатқан қазақтардың жағдайын сөз етті. Оның айтуынша, ол жақтағы қазақтар өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалуға тырысқанымен, ұлттық ерекшеліктер жөнінде әлі де ойласатын мәселелер жетерлік. Атап айтқанда балаларға қазақша ат қою мәселесі. Бүгінде оларға парсы есімдері көптеп беріліп жатыр. Оның себебін Ислам Жеменей былай түсіндірді: – Бұның себебі, қазақ есімдерін парсы тілінде айтылуы да, жазылуы да қиын болғандықтан, екіншіден, қазақ есімдерінің кейбірі парсы тілінде жағымсыз мағынаны білдіретін болғандықтан, үшіншіден, Иранда сәбилердің аттары мемлекет тарапанын бекітілген арнайы «Иран есімдері кітабынан» таңдалып қоюға мәжбүр болғандықтан, қазақтар ұлттық аттарынан күн өткен сайын қол үзіп барады. Бүгінгі иран қазақтары Шадкам, Мәниже, Мүжган, Жале, Фрамәрз, Ферейдун, Шәһрам сынды есімдерде де рухы бізден алыстап бара жатқандай болып көрінеді, – деді И.Жеменей. Конференцияда, сондай-ақ шетелден келген қандастарымыз да сөз алды. Олардың арасында белгілі ғалымдар, саясаттанушылар мен мәдениеттанушылар, тарихшылар аз емес. Солардың бірі саясаттану ғылымдарының докторы, «Еуропа Қазақ қоғамдары» федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижи. Ол Еуропадағы қазақ диаспорасының тарихы, қазіргі хал жағдайы мен келешегі жөнінде баяндама жасай келе, мұндағы қазақтардың алдында тұрған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Соның бірі – Еуропадағы жаңа буын жастарының ассимилияцияға ұшырау қаупі бар екенін атап өтті. – Айталық, Еуропада жастардың көпшілігі болашақта не ата-аналары келген Түркия және түрік мәдениеті салтымен өмірлерін жалғастыратын болады, немесе тұрған елдерінің мәдениетін және салт-дәстүрлерін қабылдап, оларға сіңісіп кетеді. Сондықтан, Еуропа елдеріндегі ата-аналарға жүктелетін міндет өте көп. Бірақ, өздері шетелдерде туып өскен осы ата-аналарға Қазақстандағы тиісті орындардың рухани қолдаулары қажет, – деді А.Кесижи. Жиын барысында біз Әлем қазақтарының алғашқы құрылтайына қатысқан Абдолла Шағатайды әңгімеге тартқан едік. Абдолла ақсақал қазір Швеция елінде тұрып жатыр екен. «Жағдайымыз жаман емес. Швецияда қазақтардан елу отбасы тұрамыз. Өзіміздің салдырған мешітіміз бар. Салт-дәстүрімізді барынша сақтап, ана тілімізде сөйлеп жүруге тырысамыз. Өз басым Қазақстанға тұңғыш рет 1978 жылы келгем. Біздің ата-бабаларымыз Қазақстанның Шығысындағы Күршім жерінен. Өзім Шыңжаңда дүниеге келген екенмін. Швецияға біз Түркиядан 1966 жылы қоныс аудардық. Содан бері сол жақта өмір сүріп келе жатырмыз. Үш балам, бес немерем бар. Атамекенге жиі келіп тұрамыз» дейді Абдолла Шағатай. 1992 жылдағы Құрылтайда елге оралам деп уәде берген, сол азаматтық сөзін іске асырған Қайнолла Қасеновпен де тілдесудің сәті түсті. Ол Отанға көршілес Ресей елінің Түмен жерінен 1993 жылы қоныс аударыпты. Қазір еліміздің мұнай саласында қызметте. «Мен өзім де, әке-шешем де Түменде туып өскен азаматтармыз. Бірінші құрылтайдан кейін елге оралған алғашқы қазақтың бірімін» – дейді Қайнолла. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған конференция жұмысы табысты аяқталды. Бұл күні Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетел қазақтары мәдени орталықтарының басшыларымен Елбасының Алматыдағы резиденциясында арнайы кездесу өткізді. Мәртебелі жиының екінші күні М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Атамекен және шетелдегі қазақ жастары» атты өнер фестивалі өтіп, ақындар мен термешілердің, қолөнер шеберлерінің байқауы болды. Шара соңы салтанатты концертке ұласты. Дәуіржан Төлебаев

22517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6271

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5741

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3481

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2863

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2825

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2804

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2534

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2519

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы