• Әдебиет
  • 29 Қараша, 2012

Оның есімі ұмытылмайды

Қазақ киносының тарихына екі сериялы «АЛЖИР. Біз куәміз» деректі-публицистикалық және «Жансебіл» көркем фильмімен бірге «Бәйтерек», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Шанин», «Толғау», т.б. деректі киноленталары арқылы енген кинорежиссер Аяған Қуандықұлы Шәжімбай арамызда жүргенде алпыс жасқа толар еді...

Халқымызда «Іздеген жетер мұратқа» деген аталы сөз бар. Ізден, еңбектен дейді. Бойыңда өршіл талап, қайтпас қайсар мінез, тауы шағылмайтын табандылық болсын дейді. Аяғанда осы қасиеттер бар еді. Қашанда білуге ұмтылды. Білмегенін сұрады. Әйтпесе, киностудияға сырттан келіп қосылды емес пе. Аяған қай кезде де жұрттың жақсылығын ғана көруге тырысты. Жақсыларға жанаса жүрді. Сөйтіп, өміріне үлгі-өнеге тұтқан, ағалық сөздеріне көбірек құлақ асқан сырлас кісілерінің бірі Болат аға Шәріпов болатын. Сырттай қараған адамдар оларды інілі-ағалы жандардай көруші еді. Бір-бірлеріне деген ықыласы ерен. Айтатындары көбіне киноның төңірегіндегі әңгімелер. Негізінен орысша сөйлеседі. – Менің ұлы ұстазым – Абдолла аға! – дейтін еді. Осы сөзінен бір танбай кетті. Ол кісіге дейтін ықыласы, сыйластық сезімі таңғаларлықтай ғажап болатын. Екі сөзінің бірі – Қарсақбаев. Сөйлеген сөзін, ұшқыр ойын, тапқырлығын тілге тиек етеді. Әрине, кино­студияда режиссермін деп жүргендер көп, солармен салыстырады, қазақы қасие­тін ауызға алады. Жай айтып қана қой­майды, экрандаған дүниелерін мысалға кел­тіреді. «Ойпырмай, Абдолла аға «Тревожное утро» фильмін қалай түсірді екен?!» дейді. Сондағы ойларына таңдай қағып тамсанады. Өзі білімдар азамат айналасынан ойын байытатын кісілерді іздейтін әдеті емес пе. Осы ретте айрықша құрметтеген бір ағасы – Кененбай аға Қожабеков болды. Ол кісі де Аяғанды іздейді. «Тегі жоғалып кеттің ғой, бір келіп кетсеңші, айтатын әңгімелер жиналып қалды» дейді. Әлгі сөзінен кейін, көп ұзатпай, сол кісінің үйіне қарай құстай ұшатын. Бір жолы Кенекең ағамыз Бауыржанға алып баршы деп шақырыпты. Баукең атамыздың өмірінің ақырғы күндері екен бұл. Ауруханада жатқан. Кененбай ағаны машинасына мінгізіп, Батыр атамыздың палатасына бірге барады. Сонда ол кісі өзі ерекше құрметтейтін Кененбай ағаны күтіп жатқан сияқты, артынша көз алдында бақилық боп кете барыпты. Аяған үйге келгеннен кейін, көпке дейін басыла алмады. – Ой, Алма, ұлы адамдардың ақырғы демін алып, өмірмен қоштасуының өзі де өзгеше болады екен, – деді қайта-қайта. Осыны үйге келген талайларға айтты. Аяған аяғынан тұра алмай, арбаға таңылып қалған Кененбай ағаның сырлас інісі бола білді. Енді көмектесіп, машинасына мінгізіп, түсіретін басқа да кісілер болған шығар, алайда, барлық уақытта олар жанынан табыла бере ме? Міне, сондайда ол кісі Аяғанға телефон шалатын. Ондай өтініштен кейін ол бар шаруасын былай ысырып, жанынан табылушы еді. Барғаннан кейін арбасына мінгізіп сыртқа шығарады, ауладағы машинасының рөліне отырғызады. Кейде түсіру алаңына апаруға тура келеді. Атқа мінетін кезінде Аяғанға «Лақтыр мына аяқты!» дейді екен. Екі аяғы да еркіне бағынбайды, бұлғаң-бұлғаң етеді, бос... Ерге отырғызғаннан кейін, екі аяғын екі жаққа салбыратып байлап тас­тайтын көрінеді. Міне, Кененбай ағаның жанкештілігі дегенге нақты мысал. Ол кісі сондай жағдайда жүріп-ақ өлмейтін, өшпейтін образдар жасады. Киностудияда жүргенде ол киноның талай саңлақтарымен жүздесті, бірге жүрді. Фильм бір сәтте ғана түсірілетін, сонымен біте қалатын дүние емес. Қайталап түсіретін кадрлар болады, әлденеше күн, тіпті апталап, айлап жүретін түсірілімдерге қатысады. Актерлер Ленинградтан, Мәскеуден шақыртылады. Оларды қарсы алып, шығарып салу керек. Бір жылы Армен Джигарханянды шығарып саламын деп, күні бойы әуежайда болғаны бар. Сол күні ауа райына байланысты қаншама рейсті ұшырмай ұстағанын айтатын еді. Міне, сондай киноның корифейлерімен кездескендегі әңгімелерімді уақыты келгенде естелік қып жазамын деуші еді, әттең, сол мақсатына да жете алмай, арманда кетті... *** Аяғанды ерекшелейтін бір қыры достыққа адалдығы болды. Сол адалды­ғының арқасында дос арттырды, жолдастарын көбейтті. Әрине, әрқайсысының орны бөлек. Осы орайда Ерсайын ағаны еріксіз есіме түсіремін. Тамаша кісі еді. Өзі Аяғанмен жерлес, рулас боп келетін. Бірақ елде емес, осында, киностудияда жүргенде танысады. Сұрастыра келсе, екеуі пәленбай атадан барып қосылады екен. Әкелері бір-бірлерін жақсы біледі. Әйгілі Мағжан ақынның туыстары болып келеді. Ерсайын Әбдірахманов мықты режиссер болатын. Балаларға арналған көптеген мультипликациялық фильмдердің авторы. Көбі жүлде алған, нағыз қазақы рухтағы дүниелер еді. Жалпы кино әлеміне келсек, онда жүр­гендердің дені – орыстілді ағайындар. Қа­зақтың тілін, салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін, мәдениетін білмегеннен кейін, олардың жасаған кинолары онша қабыса бермейтін. Ерсайын да, Аяған да қазақы топырақтан шыққан, сондай ортада білім алып, есейген, ұлтымызға дейтін жа­на­шырлық сезімдері, махаббаты шексіз кино мамандары болды. Сол себепті, олар түсір­ген фильмдер ұлтымызға етене жақын дү­ниелер болып шықты. Көрермендер де, кино зерттеуші мамандар да осы ерекшелігін дөп басты, жөнімен сөз етті, мақтады. Міне, сондай бергенінен берері көп кездерінде кетіп қалған екеуін бүгінде жұрт жоқтайды. Дәл менің әңгімем секілді әңгімені Ерсайын аға­ның үйіндегі жеңгеміз де айтып отырады. Қайтерсің, тағдыр дейтінге амалсыз көнесің, көндігесің. Азаматтарымыз жасамаған жасты балалары жасасын, көрмеген жақсылықтарын ұрпақтары көрсін дейміз де, өз-өзімізді сөйтіп жұбатамыз... Біздің отбасымызға енді бір жақын аза­мат – Сіләмбек Тәуекелов аға. Біз киностудияға келген кезде ол кісі директордың орынбасары екен. Аяған екеуі сұрасады, біліседі, қалай дегенде де жерлес аты бар емес пе. «Болмағанға болыспа» демекші, бірдеңе жасаймын, ұятқа қалдырмаймын деп құлшынып тұрған кім-кімге де қолұшын бергеннің несі айып? Аяған ағасына сондай қамқорлығын көрген аяулы іні бола білді. Қиналған кезімізде мүмкіндігінше септес­кен ағаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ол кісі кейін киностудияның директоры болды. Қолында бәрі тұрды. Аяғанға керегі – түсіретін киносы. Осы орайда Сіләмбек ағаның жәрдемі көп тигенін жасырмай айта кеткен жөн шығар. Сіләмбек ағаның өзі де көптеген көркем фильмдерге режиссерлік жасады. Оларын көрермендер жылы қабылдады. Ұлттық бояуы басым, халыққа жақын тақырыптарды қолға алды. Солардың арасынан Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы негізінде түсірілген осы аттас фильмін бөле-жара айтуға әбден болады. Ол кісі Махамбетті де түсірді. Енді әркім өзінше көріп, өзінше түсіреді. Бұл фильмін халықтың аңызға айналған батыры Махамбет Өтемісұлы туралы жасалған кинолентаның әуелгісі дер едім. Бұдан кейін де түсіремін деушілер табылады. Бірақ қай-қайсысы болса да Сіләмбек Тәуекелов батырды қай қырынан алды екен, үлгі алатын тұсы бар ма деген сияқты ойға берілері күмәнсіз. Адамдар жаратылысынан әрқилы болып келеді. Қасында жүргенде қимасындай көреді, жоқ болған кезінде мүлде ұмытатын кісілер де ұшырасады. Сіләмбек аға Аяған болғанда да, арамызда жоқ кезде де жанашырлық ықыласынан бір айнымады. Басымызға қайғы бұлты үйірілген тұста қасымыздан табылды. Үлкендігін көрсетті, көргенді басшының тірлігін жасады. Сондықтан ол кісіге «Өзі жоқтың – көзі жоқ» демей, адамгершілік жолынан айнымаған асыл қасиеті үшін де алғысымды айта кетейін. Басқа-басқа, өнер адамдарының өмірі өзгеше өріледі. Олар көзі тірісінде жасаған мұралары арқылы да жасай береді. Осы ойымның бір мысалы – Аяған. Егер Сіләмбек аға және басқа да жанашыр кісілер болмаса, қалай болар еді? – деймін кей-кейде. Шын сөзім, Аяғанды жоқ деуге аузым бармайды. Есімі ұмытылған жоқ. Газет-журналдарда жазылып жатады, теледидар киносын үзбей көрсетеді. Бір кездері балалық шағының куәсі болған, табан ізі қалған үлкен қалада көшенің аты берілген. Аудан орталығындағы мектептердің бірі Аяғанның атында. Кіре беріс қабырғасында оның кім екендігі жазылған мәрмәр тақта ілулі тұр. Естелік кітаптар шығып жатыр. Өзінің жазған-сызғандары да ұмытылмады. Осыдан кейін Аяған Шәжімбайды өлгендердің қатарына қосуға бола ма?! Қысқасы, осының бәрі іздеушісі, сұраушысы барлықтан да шығар. Олар күні кеше сахнада бірге ойнаған әріптестері, сыйлас-сырлас болған қаламдас достары, өзінің қол ұшын берген кісілері. «Қолыңнан келсе, тек қана жақсылық жаса» деуші еді. Азды-көпті ғұмырында жақсылық жасаудан аянып қалмады. Аузынан тек қана жақсы сөздер шығатын. Кіммен сөйлессе де, көтермелеп, сол адамның жақсы қырын ерекшелеп айтып, арқаландырып отыратын. Оларды жас, кәрі деп бөлмейтін. Бәрінің алдында өзін кішік сезінетін. Оның осы қасиеті көзі көрмеген немере, шөберелерінің бойына да молынан ұяласа деп тілеймін. Алма ҚҰЛЖАБАЕВА ҚУАНДЫҚкеліні

3583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6638

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5931

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3674

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3062

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3019

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2995

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2724

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2709

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы