• Әдебиет
  • 29 Қараша, 2012

Тегінде бар еді тектілік

Академиктер Манаш Қозыбаев пен Өмірзақ Сұлтанғазин 1997 жылы 10 желтоқсанда Зұлқарнай Алдамжарға жолдаған жеделхатында «Алпысқа әркім жетеді. Біреу өрлеп келеді, біреу терлеп келеді. Біреу шауып келеді, өз үлесін дүниедегі тауып келеді. Енді біреу зорға келеді, өмір бойы жарымай, арқалаған жүгі жоқ, өмірге берген түгі жоқ, мойнында дорба келеді. Енді біреу айқайлап туып, алдына мыңдаған жылқы айдағандай дүбірлетіп келеді, тарихқа есімі енеді, еліне, халқына барын береді, жалындап жанып, құйрықты жұлдыздай ағып өтеді, өнеді» деп тұлғаның Қостанай өңірінде, жалпы Қазақстанның білімі мен ғылымына қосқан үлесін саралап, тілегінің қорытындысы ретінде «Орда тіктің, ғылымға еңбегің сіңіп, ғалым болдың, бала өсірдің, немере сүйдің, шәкірт тәрбиеледің, халық ағарту ісін, жоғары білім беру үшін ұйымдастыру жолында қайраткер болып қалыптастың» деген жоғары баға берген-ді.  Есімі елімізге белгілі тарихшы, марқұм ­Алдамжар Зұлқарнай Алдамжарұлын көрген, дәрісін тыңдаған, тәрбиесін алған, болашаққа бағыт-бағдар, арман арқалаған біздер үшін ол несімен қымбат? Алдыңғы буын ағалар берген жоғары бағаға, кейінгі толқын інілер сезінген қайраткерлікке қалайша жетті? Сөз жоқ, алдымен ата-бабасының қаны, олардың тәлім-тәрбиесі екендігі айтпаса да түсінікті. Зұлқарнай Алдамжарұлы мені Сырым баба тарихын жаңаша зерттеуге бағыт беріп, 2000 жылы Кіші жүздегі Шойтас батыр туралы материал жинауды да тапсырған-ды. Кейін батыр баба тарихымен таныса келе, оның Зұқаңның үлкен атасы екенін түсіндім. Шойтас Сырлыбайұлы XVIII ғасырдың соңғы ширегінде елге танылған, Сырым Датұлының азаттық үшін соғысына белсене қатысып, Жайық- Еділ аралығын қайтаруға күш салған тұлғалардың алдыңғы шебінде жүрген. Жерлестері Шойтас батырды Қара ­Шойтас деп атаған. Тұлға туралы мұрағаттағы алғашқы құжаттар 1785 жылмен хатталған. Ол бойынша орыс үкіметіне қарсы көтерілген қазақтардың соңына 2669 жауынгерді ертіп генерал-майор Смирнов, 1250 казак-орыспен Орал әскерінің старшындары Калпаков пен Паномарев, 405 Орал казак-орыстарымен премьер-майор Назаровтар бастаған қарулы әскер аттанған кезеңде оларға Сырым, Барақ, Жиеншөре батырлармен бірге Қара Шойтасты да ұстау тапсырылған (ОрОММ. 5 қ., 1т., 15 іс, 60-63 п.). Міне, осы уақыттан бастап Ресей Шойтастың ел ішіндегі беделін таныды деуімізге болады. Шойтас Сырлыбайұлы өзге би-батырлармен бірге Еділ-Жайық аралығындағы жайылымды қайтаруға барын салды. Соның нәтижесінде Кіші жүз қазақтары 1786-1787 жылдағы қыста малдарын ішкі бетке өткізуге қол жеткізді. Патша үкіметінің Жайықтан өту туралы рұқсат қағазында 45 400 түтінге арнайы 20 старшын және 1 сұлтан тағайындалған. Тізімге назар аударсақ, ысық Қаратау би 10 000, беріш Шойтас батырға 7000, шеркеш Жарқынбай батырға 3000, алаша Сыпыра биге 3000, масқар Дөнен ­Итемгеновке 1000 түтінді басқару сеніп тапсырылған. (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг). Москва-Ленинград, 1940, с. 86-87). Мұның өзі Кіші жүздегі белді рулардың бірі жетібаулы Беріштің тұтастай Шойтас батырға сенім білдіргенін айғақтайды. Ата шежіреде Шойтас батыр Нұралы ханмен құдандалы болған делінеді. Қиын-қыстау кезеңде ол Сырымның азаттық күресін қолдап, Уфада тұтқында болған Нұралы ханды да ешуақытта естен шығармады. 1790 жылы тамыз айында Нұралы хан қайтыс болғанда, ­Шойтас батыр өзге би-батырлармен ел бірлігі үшін қызмет жасайды. 1791 жылы наурыз айында ­Сырым батыр Ресейдің отарлау саясатына қарсы тағыда қол жинаған кезеңде Кіші жүздегі беделді тұлғаларға хат жолдайды. Сырым Беріш руының би-батырлары Бөдене, Саржала, Шойтастарға жолдаған хатында «Қыс бойында Жайық пен Қаракөлді жайлайтын халқымның жас балаларын аяп және шекараға соққы берсек, орыс әскерлері сіздерді шауып, тонайтынын ескеріп, атқа қонбадық» деп ағынан жарылады (ОрОММ. 5 қ., 1 т., 29 іс, 94-97, 134 п.). Ел арасында қазақ пен орыс қарым-қатынасы шиеленіскен XVIII ғасырдың 90-жылдарында болашақ жоспарын ақылдасу үшін Сырым Датұлы ақылгөй билермен кеңесіп, ат басын арнайы данагөй қарт Көбек биге бұрып, батасын алған екен деген сөз қалған. Көбек өзінің берген батасында: Арғымақ атын арытқан, Хан төрені қаратқан, Қапияда сөз тапқан, Қараңғыда жол тапқан, Сырлыбай бек сойынан, Қажымас қара Шойтасқа да жолықшы, – деп Шойтас батырдың қоғамдық-саяси өмірдегі орнын анықтап берген екен. (З.Алдамжар «Ұрпақтар сабақтастығы – тарихи проблема». Атамекен, №29, қазан, 2000 жыл). 1797 жылы наурыз айында Есім хан өлтірілген кезде Шойтас батыр өзге де тұлғалармен бірге қазақтың жікке бөлінуіне жол бермеуге атсалысты. Мұрағаттық деректе беріш руынан Бекқали Ағатаев, Матай Байболатов, Шойтас Сырлыбаев, Саржала Жамбаевтар Жайық бойындағы тыныштықты сақтау жолында күш салғаны дәлелденген (ОрОММ. 5 қ., 1 т., 63 іс, 64-71 п.). Кейін Шойтас батыр ысық Қаратау, шеркеш Құлмамбет, алаша Сыпыра өзге де белгілі азаматтармен бірлесе Қаратай сұлтанды хан тағына көтереді. Міне, қоғамдағы белсенділігімен көзге түсіп, белді деген тұлғалармен араласқан, өзара сыйласқан Шойтас батырдың інісі Мәмбетәліден Төлеп, Төлептен Бегейсін, Бегейсіннен Есет, Есеттен Алдамжар, Алдамжардан Зұлқарнай тарайды. Зұлқарнай Алдамжарұлының өз атасы Есет бабамыз да аталар дәстүрін жалғастырып, ұрпағын елдікке тәрбиелейді. Есет Бегейсінұлы тарихта өзінің парасатымен, әділдігімен белгілі тұлға. З.Алдамжар өз атасы турасында: «Менің атам Есет Бегейсінұлы Қазан төңкерісіне дейін көп жылдар бойы Бөкей Ордасында беріш руының Есенғұл, Сырлыбай бөлімінің старшинасы болған. ...Есет атам әрі би әрі шежіреші болған адам. Қазақ тарихының мәселелерін одан артық білетін кім бар деп ойлайтынмын. Әсіресе Кіші жүз тарихын ағытқанда өте терең еді... Бір ғажабы Есет атамыздың деректері мен Халел Досмұхамедов, Ығылман Шөреков еңбектері өте үндес. Бұл кісінің қолында Шойтас бабамыздан басталып, жиналған тарихи деректер, шежірелер болған-ды» деп жазды. Сөз жоқ, аталар мұрасы Зұқаңды алға сүйреді, үлкен ғылымға ұмтылдырды, тарихшы мамандығын таңдауға итермеледі. Сөйтіп, ол 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы үздік дипломмен бітіреді. Бұл жылдар ғылым сүйген тұлғаға айрықша әсер етті. ҚазМУ-дың тарих факультетінде атақты Ермұхан Бекмаханов, академик С.Покровский, профессор А.Алиев, Ә.Тұрсынбаев, С.Кенжебаев, Н.Дауылбаев, Ә.Қанапин, К.Нұрпейіс, Г.Дахшлейгер, т.б. ғалымдар дәріс оқитын. З.Алдамжармен бірге оқыған атыраулық белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ғинаятолла Нығмет: «Бізді бірінші курстан бастап тарих үйірмесіне қатыстырып, баулыған Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмаханов пен тарих ғы­лым­дары­ның кандидаты, доцент Хажым Хабиев еді. Кейін Зұлқарнай Алдамжарұлының ғылыми зерттеуіне басшылық еткен профессорлар Г.Дахшлейгер, К.Нұрпейіс, доцент Халел Әділгереев және басқалар еді» деп еске алады. Әрине, бір ғана Е.Бекмахановтың өзі болашақ тарихшылар үшін үлкен өнеге болатын. З.Алдамжардың Қостанайлық шәкірті, тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан ­Исмаилов Алматы қаласындағы мұрағаттарда ­Бекмаханов мұраларымен танысу үстінде ұстаздың З.Алдамжарға үлкен үмітпен қарағандығын айғақтайтын құжатпен танысқанын талай мәрте жариялаған болатын. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қаби Есімов: «Біздің курстас достарымыздың бір-бірімен қарым-қатынастары жақсы, оқу үлгерімі жоғары болды. Олардың арасында көзге ерекше көрінетін марқұм Зұлқарнай еді. Оның көпшіліктен ерекшелігі – оқу озаты, қоғамдық жұмыстарды тиянақты орындауы ғана емес, ол өзінің сабырлы мінезімен, көпшілдігімен, орынды қалжыңдарымен де құрдастарының арасында құрметке бөленген жігіт болды» деп тұлғаның адами қасиеттерін ашып көрсетті. З.Алдамжардың ғалым ретінде қалыптасуында ұстазы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Г.Ф.Дахшлейгердің еңбегі ерекше. Академик К.Нұрпейіс өзінің «Г.Ф.Дахшлейгер – наставник и человек» атты мақаласында «Я сам могу засвидетельствовать если одной из проблем, которой я занимаюсь постоянно являются вопросы общественно-политической жизни Казахстана в 20-30-е годы ХХ века, то в выборе этой темы и определении круга ее аспектов большую роль сыграл Г.Ф.Дахшлейгер. То же могут сказать о себе Малик Хантемирович Асылбеков, Зулхарнай Алдамжарович Алдамжаров, ­Владислав Константинович Григорьев, Жулдыз-бек Бекмухамедович Абылхожин и многие ученые, работавшие и работающие в системе НАН РК и вузах республики» десе, академик М.Х.Асылбек «Г.Ф.Дахшлейгер өте салмақты, білгір, жоғары мәдениетті, көпшілікпен тіл табыса білетін, артық сөзі жоқ, ірі ғалым еді. Институт дайындаған күрделі еңбектер, әсіресе екі томдық және бес томдық «Қазақ КСР тарихы» сияқты басылымдарды Григорий Федорович басынан аяғына дейін өзі қарап, алып-қосып, жүйелі түрде бір ізге түсіріп, мұқият редакциялап шығатын» деп ғалым-ұстазға жоғары баға берді. Осындай ұстаз, жетекшіге кездескен Зұлқарнай Алдамжарұлы 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасына жолдама алады. Көп ұзамай, өз зерттеуіне ұқыптылықпен кіріскен аспирант ғылым кандидаты атанса, араға жылдар салып, 1985 жылы тарих ғылымдарының докторы атанды. З.Алдамжар – 07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері мамандығы бойынша қорғаған қазақтың алғашқы ғылым докторы. Міне мұның барлығы тарихшыға үлкен жауапкершілік жүктеді. Соны сезінгендіктен де ол тарихшылардың жаңа буынын дайындауға күш салды. Атырау педагогикалық институтында ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болғанда төңірегіне Ғ.Кенжебаев, Қ.Мұхитов, Л.Бердіғожин, Ө.Исенов, Б.Нығметов, С.Сапанов, А.Сабиров, А.Ахмет, Ұ.Т.Ахметова, Ә.Мұқтаров сынды жас ғалымдарды жинады. Ал 1989 жылы Зұқаң Қостанай мемлекеттік институтының ректоры болып тағайындалған кезеңінде де төңірегіне С.Исмаилов, А.Айтмұхамбетов, С.Дәрменов секілді жас ғалымдарды топтастырып, қанаттандырды. Олардың барлығы сол кезеңде нақты зерттеу тақырыбын алып, ғылымға құлшына кірісті. Қазақстанның солтүстігінде жоғары білікті тарихшы ғалымдарды дайындау мақсатында аспирантура ашып қана қоймай, арнайы 07.00.02. Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы) мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғататын диссертациялық кеңес құрды. Бүгінде жоғарыда аталған бір уақыттағы жас оқытушылар ғылым докторлары, ғылым кандидаттары ғана емес, сонымен бірге үлкен лауазым иелері. Мен де 1988 жылы қазақ мұнайшылары тарихын зерттеуге қадам жасағанда, сол жолда ұстазымның талай ақыл-кеңестеріне қанық болдым. З.Алдамжардың ерекшелігі шәкірттеріне сенім білдіріп, Мәскеу, Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарға, солар арқылы оның беделді ғалымдарына өзі хабарласып жіберуі және тапсырманың орындалуын қадағалап отыруы еді. Сол жылдары Мәскеудегі мұрағат институтында болып, ондағы КСРО-ға белгілі ғылым докторлары В.А.Муравьев, А.И.Зевелевтермен кездесіп, үлкен ғылымның дәрістерін тыңдауды жалғастырдық. Кейін баға жетпес тәлім-тәрбиені Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы, жоғары оқу орындарындағы ғалымдар – М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, К.Есмағамбетов, Ж.Қасымбаев, Х.Әбжановтардан алдық. Мұның барлығы біз сияқты ізденушілер үшін таптырмас байлық болатын. Аталған ғалымдар ішінде Зұқаңның Кеңес Нұрпейісұлы мен Көшім Лекерұлына ықыласы ерекше еді. Олардың оң қарым-қатынасы бізді әрдайым алға ұмтылдырды, қажет кезеңінде қанаттандырды, бағыт-бағдар сілтеді. Белгілі тарихшы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов бастаған Қазақстан тарихшылары 2005 жылы К.Нұрпейістің 70 жасқа толуын дүркіретіп тойлады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі әріптестері мен шәкірттері де тарту-таралғысын жасады. Арада бірер ай уақыт өткенде Алматыдағы бір ғылыми басқосуда Кеңкеңмен жолығудың сәті түсті. – Ертең түсте үйге кел! Менің мерейтойымда Зұлқарнай Алдамжар болған жоқ еді. Ол да осында екен. Екеуіңді күтем, – деді ол. Ғалымдығынан бөлек, Зұлқарнай ­Алдамжар Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің президенті болған, кезінде Қостанай мемлекеттік университетін басқарған, Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайланған азамат. Кеңкең екеуі құрдас, ежелден дос, сырлас жандар. Бірін-бірі ауыздарынан тастамай жүретінін жұрттың бәрі біледі. Айтқан уақытында жиналдық. Мұнтаздай киінген ағамыз, жүзінен күлкі кетпейтін апамыз қарсы алды. Бұл үйдің дастарқаны ешқашан жиылған емес, қонақ күткенде тіптен құлпырып кететін салты бар. Несін айта берейін, сол күнгі отырыс, әңгіме-дүкен, пікірлесу бір жылға бергісіз байлық екен-ау. Сөйткен Кеңкең де, Зұқаң да бүгінде ортамызда жоқ... 2008 жылы 28-29 ақпанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Алдамжарға арналып өткізілген «Отан тарихының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда бас баяндамашы болған Х.Әбжанов: «Профессор З.Алдамжар тарихи ілгерілеуде, ғылыми танымда да ұрпақ сабақтастығын маңызды фактор қатарына қояды. Ол таяу болашақтың өзінде-ақ халқымыздың ұлан-ғайыр тарихи тағдырын зерттеу салмағы, жас буын тарихшыларға түсетінін қапысыз ұқты. «Ал жастарға, – деп жазыпты «Ұлттық тарихымыздың өзекті мәселелері» зерттеуінде, – әрқашан да жаңашылдық, сыншылдық ұшқыр ойлылық, білімпаздық, іскерлік пен батылдық тән. Сондықтан да қазақ тарихшыларының жас ұрпағына орталау көңілмен қарап, осылар өзі парасатсыздық қамауында (интеллектуальный вакуум) қалып қоймас па деп үрейлену, сенімсіздік білдіру ұлтжанды қазақ жастарының азаматтық табиғатын, жаңалық пен әділеттілікке ұмтылысын түсінбеушілік болар еді. Ақиқаты сол – үміт те, жаңару да, жақсылық та жастан». Осынау ұлағатты сөздер тұлғаның нұрлы әлемін көз алдымызға елестетеді» деген жоғары бағамен қорытты. Уақыт өз дегенін жасап жатыр. Бүгінде Зұқаң арамызда болмағанымен, оның ісін Гүлсара анамыз, қыздары Бибігүл мен Гүлзадасы, немересі Абыройбек жалғастыруда. Оларға қоса інілері – біздер тарихшылар қауымы бармыз. Оған да шүкіршілік етеміз. Өйткені ұстаз салған ғылыми сара жол жалғасып, тәуелсіз еліміздің азаттық тарихы жазылып жатыр. Оның жолында Зұлқарнай Алдамжар шәкірттері де тер төгіп еңбектеніп, үлестерін қосуда. Мұның өзі тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Алдамжар қалыптастырған тарих ғылымы мектебінің өміршеңдігін айғақтайды. Әбілсейіт Мұқтар, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

5594 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6715

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5970

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3709

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3098

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3054

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3031

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2760

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2744

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы