• Тарих
  • 29 Қараша, 2012

«Нұр қаған»

Редакциямызға қаламгер Құдайберген Мәмбетов «Нұр қаған» деп аталатын кітабынан үзінділер жіберіпті. Оларды оқи отырып, автордың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған ой-толғаныстарына тәнті болдық. Кітап ежелгі ойшылардың, ғұлама-ғалымдардың дәстүрін жалғағандай, көбінесе жастарға қарата айтылатын үгіт-насихат жанрына құрылған. «Нұр қаған» кітабы екі бөлімнен, жиырма тараудан тұрады. Автордың жазуына қарағанда, кітаптың бас­ты мақсаты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алыста қалған балалық шақтары мен салиқалы ­саяси жанқиярлық іс-әрекеттерін, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы даналығы мен даралығын, парасаттылық, адамгершілік, саясаткерлік қызметтерін егемен еліміздің жас ұландарына насихаттау.

...Шығыстың ұлы ғұламасы Кай­қаус: «Тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі – кітап, оны құртып жіберетін­дей құдірет те, күш те жоқ» деген екен. Сондай-ақ баласына: «Менің дүниедегі жиып-терген ең қымбат асыл заттарым – саған арнап жазған осы үгіт-насихат кітабым» дейді. Ей, жас өрендер, еліміздің болашағы сендерсіңдер! Сендерге арналған «Нұр қаған» үгіт-насихат кітабынан ақыл-кеңес, ғұмырларыңа таусылмас азық, ғибрат алғайсыңдар. Ей, тәуелсіз елдің жас ұландары, сен­дер­ге заман тұрмыс тауқыметі­­нің құрықты қолы жетпей тұрған шақ­та Президенттің сөзін оң құлағың­мен тыңдап, өсиеттерінен үлгі алып, жақсы атақтарыңды шығаруға тартынбай талаптаныңдар. Байқасақ, көптеген жастар «заманның заңды талабының өзі осы» деп атасының үгіт-насихатын тыңдамайды. Түсінбеушіліктен өздерін өзгелерден артық, білімдар есептеп, өкініші мол менмендіктің құрсауында жүргенін сезбейді. Сендердің тура жолға қадам басуларыңа Тәуелсіздіктің «тәтті дәмін» беріп отырған Президенттің жиырма жылдан бері айтып келе жатқан асыл сөздері, ғибратқа толы ой-толғаныстары, аталық мейір, махаббатымен айтқан ұлағатты ұлы ойлары, бүгінгі таңда өлшеусіз атқарып жатқан қыруар еңбектері алдағы биік асулардан сүрінбей өтулеріңе сүйеніш болады. Президенттің үгіттерін кіршіксіз пәк жүректеріңмен қабылдап, іске асырсаңдар, оның аталық парызы­ның өтелгені. Білгенің жөн, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, тірлікте адамзат елден ел, жерден жер кезіп жүріп, көп нәрсені үйренеді. ­Президент дүниенің төрт бұрышын аралап, қазақ халқын, Қазақстанды әлемге танытты. Әлемге әйгілі әсем де сұлу Астананы салды. Жаңа индустриялды мемлекет қалыптастырды. Әрбір қоғам белгілі жағдайларда бүкіл адамзаттың игілігі үшін өлшеусіз еңбек етіп, ұлы мәселелерді шеше алатын қамқор қаған, хан, билерін дүниеге әкеледі. Қадым заманғы тарихи шежірелердің жүлгесіне жүгінсек, қазақтың «Елдің атын ер шы­ға­рады, ердің атын ел шығарады» деген ұлы сө­зінің астары тереңнен тамыр тартады. Тартысқа толы сол бір толассыз арпалыс тұ­­сында тұқым тұяғы құрып кетуге ай­нал­ған ұлысының басын бірікті­ріп, елдікке жет­кізген ерлердің бірі, түр­кі халқын өзге ұлт­тар мен ұлыстардың деңгейіне көтеріп, мо­йын­датқан дара тұлға – Бумын қаған. Ол: Кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, – деп тасқа мәңгі жаздырды. Қаншама ғасырлардан соң, ата-баба­ларымыз аңсап кеткен Тәуелсіздіктің «алтын тұғырын» бекітіп, «кедей халықты бай қылып», «аз халықты көп қылып» әлемге танытқан – Елбасы. Бұл Елбасына берілген, мың ғасырда бір келетін – Тәңірдің сыйы. Қазақтың тұңғыш биі атанған Майқы би – ұлттық, шешендік өнеріміздің атасы. Майқы – әділ бітім айтып, шешім шығарған, парасатты, ақылды би болған. Майқы – қазақ халқына адал болып, оның бейбіт өмірін жақтаған. «Түгел сөз­дің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген халық даналығы осыдан шыққан. Оның көп тебіреністері қоғам дамуына, ел тірлігіне арналады. Ел мүддесі, мемлекеттік бірлік пен береке туралы Майқы би өз толғамдарымен ұрпаққа өшпес өсиет сөз қалдырды. Береке түбі – бірлік, Бірлік түбі – тірлік. Жеңіс түбі – ерлік! Майқы би айтқан ой талай-талай ғасырлардан бері қазақ халқының, түркі жұртының дәстүрлі қағидасы, аталы сөзі болып келеді. Бумын қаған мен Майқы бидің аталы ой толғанысы мен ата-бабалар өсиеттерін Елбасы бір сәтте есінен шығарған емес. Елдің бірлігін, тату­лығын, ынтымағын, берекесін, бірлік, тірлік, достық, ерлікті, тәуелсіздікті жан-тәнімен қолдап, қорғайды. ...Түркі халқының бақыты жолында күші мен білімін сарп еткен Тоныкөк: Түнде ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды аямадым, – десе, ал Елбасы: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр, бәрін аянбай сарп етуге пейілмін» деп халқына, болашақ ұрпағына жүрекжарды сө­зін арнап, сол жолдан таймай, «Әділет­тің ақ жолында» ештеңеден қо­рық­пай, ештеңеден бастартпай, дүние­нің төрт бұрышына қазақ елін танытты. Бүгінгі сендердің өмірлерің өте тамаша. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған», тыныш, берекелі де бейбіт өмір. «Қарындарың тоқ, көйлектерің көк», уайым-қайғы, қасірет жоқ. Тек оқу, білім, еңбек ету керек. Елбасының «Әділеттің ақ жолы» (1991) кітабында: «алыста қалған балалық шақта», «...басқа бір сезім – ұдайы ашқұрсақ жүруім санамда күштірек жатталып қалыпты» деп, келмеске кеткен Кеңес дәуіріндегі ащы тұрмыс тауқыметін еске алады. Елбасы айтқандай, «...ол жылдары ешкімнің қағанағы қарық, сағанағы сарық болған емес». Халықтың «арқа еті арша, борбай еті борша болғанша еңбек етуге тура келіпті». Әрине, бұлардың бәрі сендерге ертегідегі­дей көрінуі мүмкін, бірақ өмірдің ащы шындығы осы еді... Оның отбасы да өте аянышты ауыр жағдайды бастан өткерген. Әлқисса, «...Сол жылы бізді бір қырсық шалыпты – қыстауда өрт шығыпты. Әкем өртті өшіремін деп жүріп, қатты күйіп қалыпты. Әсіресе қолы. Тәуіптердің әрекетінен қайран болмады, қолы икемге келмей, қатып-семе бастады. Бір жылдан кейін соғыс басталғанда оны сол себепті әскерге алмапты, «ақ билет» беріпті. Бірақ соғыстың ауыр сыны біздің шаңырағымызды да айналып өткен жоқ. Ересектердің айтуынша, білетінім сол бір сұрапыл жылдары біздің үйімізді аштық пен аяз ұдайы қыспаққа алыпты...» Алатаудың әсем табиғаты мен жидегін суреттегенде, оның әсерлі әңгімесінен соң, сендер де Алатаудың әсем табиғатын көз алдарыңа елестететіндерің ақиқат. Бірақ ол жылдары қант, күлше, шай дегендерің көзден бұлбұл ұшқан қиын заман болатын. ...Елбасының «жауапкершілікті өзгенің мойнына артпай, ең ауыр жұмысты өзіне алатыны», «кез келген отқа бірінші болып түсетіні», «ондай жандарға деген құрмет те өзге­ше» еді, «біз соларға еліктейтінбіз» деген сөздерінде үлкен мән-мағына бар екенін ұмытпағын, өмірлеріңе азық еткін. Жалпы алғанда, қоғамда еңбек әлеу­мет­тік сипатта бола отырып, топтық және жекелік іс-қимылдарды құрайды. Ол қоғам­дық мұратты іске асырудың бірден-бір тәсілі жеке адамның өзін-өзі көрсете білуі­нің, өз орнын табуының жолы болып табылады. «Екінші ұстаз» атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Шынайы бақыт­­қа жет­кізетін істерде тұрғындары өза­ра көмектесу мақсатын алға қой­ған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» деген екен. Елбасы «шынайы бақытқа» жеткізетін – Астана салды, «ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – Тәуелсіз Қазақстанды аяғынан тік тұрғызды». Хикметке тұнып тұрған Елбасы­ның кітаптарындағы балалық ша­ғын, еңбек жолдарын, т.б. тақырыптарды сендерге түсінік­ті болу үшін өзімнің жазу тіліммен баяндадым. Сендер Елбасының хикметтерін, үгіт-насихаттарын тыңдап, оны амалға асырсаңдар, жаңа Қазақстанның қалыптасу, өсу, өркендеу, даму жолдарынан хабардар болып өсесіңдер, ол өсиеттер алдағы өмірлеріңнің шамшырағы болатынына бек сенімдеміз... Құдайберген Мәмбетов Түркістан

3228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6696

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5959

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3700

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3088

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3045

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3021

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2751

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2735

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы