• Әдебиет
  • 07 Желтоқсан, 2012

Жапырақтар да жылайды (әңгіме)

Көп жылдан соң да, басынан өткен сол бір жайды ұмыта алмады. Кейде сағынып, кейде «осы аяқастынан қалай болып еді?» дегендей таңданып, есіне алып қояды. Жапырақтар сарғайып, жерге ат көпір болып түсе бастаған кезде бәрі де көз алдында тіріліп, тізбектеліп өте беретінін қайтерсің... Демалысқа келгеніне екі-үш күн. Алғашқы уақытта шаршағаны сондай, ешқайда қарауға мұршасы болмады. Қолы бос кезде тек ұйықтаумен болды. Әбден тыңайып, өз-өзіне келіп, үшінші күні түс қайта айналаны тамашалап серуендеп жүрген. Екінші айналымды аяқтай бере ол жиде ағашының түбіндегі орындықта отырған келіншекке көзі түсті. Үстіне омырауы ашық қызыл бешпет киген, шашын желкесіне түйген бидай өңді келіншек түп-түзу ұзын аяқтарын бір-біріне түйістіріп, сұңғақ денесін сәл ие түсіп, қалың ойға кетіпті. Дәл осы отырысында ол дүйім жұртшылық аузының суы құрып, тамсанатын данышпан суретшілердің әйгілі картинасындай еді. Тақырыбын қоя бер: «Ойға кеткен келіншек» дейсіз бе, «Сұлу келіншек» дейсіз бе, өз еркіңізде. Әйелдің жымия түскен келбеті оның ішкі жан әлеміндегі жылылықты да байқатқандай. Әлде ол өткен күндердің елесіне беріліп кетті ме, әлде үйіндегі бала-шағасын ойлап отыр ма, ол арасын ажырату қиын еді. Шынымен-ақ картина тамашалап тұрдым деді ме екен, Айбек енді оның қыр мұрнына, тұңғиық жанарына, әнтек күлуге ұмтылған ерніне, одан кейін назарын сәл төмен түсіріп, аққу мойынға, ашық омыраудағы сұлу біткен нәзік сүйектеріне дейін көз алмай қарады. Әлден уақытта келіншек есін жиып, қарсы алдында ғайыптан пайда болған еркекті көріп, асып-сасып, абдырап қалды. – Кешіріңіз, ойыңызды бөлдім бе? – деді Айбек айыбын жуып-шайғандай. – Оқа емес, әлденелер есіме түсіп, ойланып кетіппін... – Мен сізді бір жерден көрген сияқтымын, – деді жорта, әдейі сөйлете түскісі келіп. Мынандай тәп-тәуір қызметкерге ұқсайтын адам өтірік айтады деп ойламады-ау, келіншек қалжыңды шын қабылдап, бұның бетіне зер сала қарады. – Жүзіңіз таныс сияқты, бірақ қай жерде көргенімді есіме түсіре алмай тұрмын, - деді ол. Содан екеуі жөн сұраса кетті. – Атыңыз кім? – деп сұрады Айбек. – Айғаным. – Айдай толған Айғаным! – Осы теңеу өзіне ұнағаны сондай, тамсанып бірнеше рет қайталады. Сол сәтте келіншек оған мінсіз жаралып, қайғысыз-мұңсыз күй кешкен жандай көрінді. Көкірегінде ғажайып күй ойнады. Әлден уақытта ғана ол есін жиып, оның қасындағы жаңа келіп тоқтаған құрбысына назар аударды... Содан кейін-ақ екеуінің жолдары тоқайласа берді де, кешкілік бірге қыдыруды әдетке айналдырды. Тек әр кездескен сайын келіншек беті дуылдап ыңғайсызданып, құрбысының ілуде бір болмаса бөлмеден аттап шықпайтын «үйкүшіктігін» айтып ақталады. Және бір байқағаны, келіншек серуендеуден бір жалықпайды, ауаны терең сіміріп алып, аяғын санап басып, ойға шомып жүре береді. Тіпті Айбектің қасында бар-жоғын да ұмытып кететіндей. – Сіз ылғи да осылай серуен құрасыз ба? – деп сұрады бірде. – Жоға, оған уақыт қайда? Бойжеткен шақта, айлы түнде, құрбылармен бірге қыдыратынбыз. Әсіресе бір досым екеуміз ұзақ серуендеуші едік. Сонда бір әңгіме айтсақшы. Қол ұстасып, жұлдызды аспан астында, жүре береміз, жүре береміз. Тіпті кейде таңның атқанын да аңғармай қаламыз. Үйге әтештер шақырған шақта қайтушы едік. Ертеңіне әжем: «осы айкезбелігіңді қашан қоясың» деп бұрқылдап ұрсып жүргені. Сіңлім тосын сөзді қызық көріп, содан ылғи «Айкезбе» деп мазақтайтын. Шіркін-ай, сол кезді сағыныш болып қалады деп кім ойлаған? – Ол досыңыз жігіт пе еді, қыз ба еді? – Сіздің де сұрамайтыныңыз жоқ. Бәрін білуге ынтығып тұрасыз, – деді келіншек, қайдан айта қойып едім деп өкінген сыңайда. – Айтпасаңыз, қыстамаймыз. Тек маған әлгі сөз қатты ұнап қалды. Мен де сізді бұдан былай «Айкезбе» деп атасам бола ма? – Қалауыңыз білсін, тек өзіңіздің де айдан құралақан емес екеніңізді ұмытпағайсыз... – Айкезбе, қашанғы осылай жас қыз-бозбалаларша дала кезе береміз, бір уақ бөлмеде отырып әңгіме-дүкен құрсақ болмай ма? – деді бірде Айбек. – Болады, әрине, онда біздікінен шай ішейік, – деді Айғаным салған жерден. Айбек қарсылықсыз келісті. Айғаным өткенде кездескен Сәуле атты келіншекпен бір бөлмеде тұрады. Бір жақтан болғасын ба, апалы-сіңлідей жараса кеткен. Бір-бірін ымнан ұғысады. Сәуле шай құйып беріп отырғаны болмаса,сөзге аса киліге қойған жоқ. Сондықтан ба, әңгіме еркін өрбіп, біраз жайлар айтылды. Айғаным орыс класында оқыпты. Сөйтсе де қазақша тәрбиенің исі аңқып тұр. Тіпті бастан кешкені де қазақ қыздарына тән көнбістікті байқатады. Оның бір сүйген жігіті болған екен. Бірақ оған шығуға тағдыр жазбапты. Екінші курста оқып жүрген кезінде, ауылға қыдырып келгенде, оны бір сүр бойдақ алып қашады. «Қайтып барсам әкем ұрсар-ау» деп, әкесінің қаталдығынан қаймығып, ол сол үйде қалып қояды. Өзі үшін әкесінің өмір сүрмейтінін түсінбейтін, алда әлі талай өкінетінін ұқпайтын жас кезінде ол солайша қателік кешеді. Ол қазіргі тұрмыстарынан да хабар беріп өтті. Күйеуі жұмыстан қысқарып қалған. Айғаным қолдан арақ жасап, оны енесі сатып беріп, сөйтіп күнелтетін көрінеді. «Ішіп-жемдеріңе жете ме?» деп сұра­ды Айбек. «Асып-таспасақ та, қарапайым күнелтуге жетеді» деді ол. Бір көрші орыс өлер кезінде: «Мені жөнелту рәсіміне арақты Айғанымдікінен алыңдар, оның арағы таза» деп айтып кетіпті. Айбек Айғаным әңгімесін мұқият тыңдады. Оған аздап жаны ашыды. Бірақ өзіне кезек тигенде, оның бәрін ұмытып, көңіліне желік бітіп, әрі мына екі келіншектің зәресін бір ұшырайын дегендей, «осы демалыс орнында болған махаббат драмалары» деп неше түрлі әңгімелерді айтып, көздерін атыздай етті. Әлден уақытта ғана беталды лаға бермейін дегендей: «Ол бір сұмдық сұлу келіншек еді» деп, бір әңгімеге айрықша тоқталды да, шарықтау шегіне жеткенде күрсініп салып: «Ол келіншек жақын ауданда тұрады, мені ұмыта қойған жоқ, қазір барсам құшақ жайып қарсы алар еді» деп ұзақ кештегі әңгімені әрең тауыс­ты. Айғаныммен ұзақты кеш бірге қыдырып жүрсе де, оған курорт хикаяларын құрастырып, майын тамызып айтып беріп жүрсе де, сол өтірік жай өз бастарына шын болып орнай қалады деп тіпті ойлаған жоқ-ты. Сол баяғы дәмнен кейін, «енді біздікінен шай ішейік» деп Айбек бөлмесіне шақырған, Айғаным ананы-мынаны сылтауратып барғысы келмей қашқақтап еді, құлақ түбінен ызыңдап қоймағасын, ақыры келісті. Алғашқы ойлары Сәулені де ілестіріп алу еді, бірақ ол көршілерге қыдырып кеткен бе, таптырмады. Оның таптырмағанына екеуі қуанған сияқты болды, аса қатты іздей қойған жоқ...Әлгіндегі ішкен шарап буынына түсіп кетті ме, Айғаным сәл бір босаңдық танытып алған еді, курортқа бостан-бос келіп жүр ме, осы бір осалдықты қапиядағы мергендей ­Ай­бек шебер пайдаланып кетті... Екеуі ішке кіргенде бөлме жап-жарық еді, енді тас қараңғыға айналыпты. – Мен қайтайын,— деді Айғаным сыбырлап. – Кетпей-ақ қойсаңшы. – Сәуледен ұят қой. Бір айналып келермін. – Жарайды. Тек ұмытпа. Елеңдеп көп жатты. Айғаным оралар емес. Түннің бір уағы болған секілді. Дәліздегі тықыр басылған. Шыдамы таусылғасын, өзі іздеп барды. Айғаным да елеңдеп отырса керек, көп тостырмады. Екеуі ұзақ көріспегендей сағыныса табысты. Содан Айбек таңертең бір-ақ оянған. Қасында бөтен келіншектің жатқанын байқаған сәт, ерекше ынтызарлықпен тас түйін боп, қыранша шүйілді. Келіншек өртене жаздап барып, Айбекті де өртей жаздап, әрең басылды. Оның ақырын бас шайқағаны, жүзінің алабұртып нұрланғаны соншалықты әдемі еді. Бұл өзі өмірде байқалмағанмен, төсектегі нағыз хас сұлу әйел екен. «Ойпырмай, – деп таңданды Айбек, – мынау жанып тұрған өрт қой! Қалай қолға түсіп қалды десейші?!» Кейінірек осы бір түнді сағынышпен сан мәрте еске аларын ол сол бір сәтте білген жоқ-ты. Тіпті әрбір сөз, әрбір қимыл түгелдей жадында. Алғашқы аптықтары басылған соң, келіншек суық ірге жақты өзі қалап, жылы орынды бұған босатып берген-ді. Ер адамдардың нәзік келетінін, оларға күтім қажет екенін бұл білетін болып шықты. Соған қарағанда оның күйеуінің белі ауыратын сияқты... Сол күні түс қайта Айбек осында тұратын досына сәлем беріп қайтуды ұйғарды. Айғанымға ескерте салайын деп оқталды да, кешке дейін ораламын ғой, несіне әуреленем деп, райынан қайтты. Жол бойы Айғаным туралы ойлады. «Қандай келіншек? Жеңіл жүрісті әдетке айналдырған жан ба? Әнеугүнгі айтқандары шын ба, өтірік пе?» деген сияқты көлденең сұрақтар кимелейді. «Жеңіл жүрісті» деуге әйелді қимайды. Сондықтан да ойын тез тыйып тастады. Оның орнына келіншектің бейкүнә жанары елестеп, ізінше кері қайтқысы келіп кетті. Сол сәтте ол келіншек махаббатының қауға тиген өрттей боп өршіп кеткенін білгендей болды ма екен? Сұлу келіншектің қызуы бойынан тарқамаған Айбек шын қуанышты еді. Күні бойы таңертеңгі бір тәтті сезімнен арыла алған жоқ. Бұны барған үйі де қуана қарсы алды. «Иіліп төсек, жығылып жастық» болып жатыр. Шай ішіп, сәлем-сауқат сұрасқаннан кейін, Айбек қайтатынын білдірген. Бірақ үй иелері жата жабысты. – Ойпырмай, от ала келгендей болғаның ба? — дейді досы ренжи тіл қатып. – Сонша асығып не көрінді? Ертең ем қабылдамайсың. Қонып барсаң да болмай ма? Әлде келмей жатып біреулермен танысып үлгердің бе? – Әзіл-қалжыңға бейім әйел шымши сөйледі. Мынау сөзге не деп жауап берерін білмей тосылып қалды. Егер кетемін десе, әлгіндей жайға жоритындары рас. Кетпейін десе, жаңа танысының мұны елеңдеп тосатыны анық. «Бір күнге не қылар дейсің? Сағынса ертең барар». Не де болса қалуға бел буды. Демалыс жаман өткен жоқ. Ет жеп, карта ойнап, түннің бір уағында ұйықтады. Ертеңіне таңертеңгі шайдан кейін қайтуға ниет қып еді, үй иелері тағы да шаужайына жармасты. Әсіресе досының әйелі: – Оу, бүгін күн демалыс, ем жоқ, қайда асығасың? Кешке жақын барсаң да болмай ма,— деп тақымдап қояр емес. – Әрине, болады,— деп күмілжіді бұл. Не де болса аяғына дейін шыдамдылық танытуға бел буды. Туһ, кеш те батты-ау, әйтеуір. Өз еркім өзіме тиді ме, тимеді ме дегендей, ыстық мекенге қарай оқша зымырады. Есік алдына жеткеннен кейін ғана ентігін бас­ты. Төртінші қабатқа көтеріліп, ұзын дәлізді бойлап келе жатып, жаңа таныстарының есігіне көз салды. Ашық тұр екен. Бұл ол арадан мысықша еппен басып, аяғының дыбысын білдірмей өтті. Бөлмесіне келіп, киімін ауыстырып, қайта шықты. Бұл кіріп барғанда Сәуле орнынан ұшып тұрды. Ал Айғаным төсегінде сұлық жатыр екен. Көңілі жабырқаулау сияқты. Қасына еппен жайғасып, ақырын шашынан сипады, ашық омырауынан иіскеді. Сол кезде оның көзінен жылт еткен қуаныш ұшқынын байқады. Бірақ сонда да тіл қатар емес. Есесіне құрбысы дүрсе қоя берді. – Қайда жүрсіз? – дейді көзі атыздай болып. – Достарым жібермеді, – дейді бұл кішкентай балаларша ақталып. – Аяқасты қайда жоқ болып кеттіңіз? Күте-күте екі көзіміз төрт болды. Келіншектерден зәрезап болған басы, бізге ескертпей қашып кетті ме деп күмәндандық. Күдігіміз сейілмегесін, санитаркадан кілт сұрап, бөлмеңізді ашып көрдік. Біраз киімдеріңіз тұр екен. Көңіліміз ептеп орнына түсті. Содан кейін әне-міне жарқ ете қалатындай көріндіңіз. Тоса-тоса шыдамымыз таусылғасын, сірә, көрші аудандағы қыз-келіншектерге қыдырып кетті-ау деп жорыдық... – Неғылған ол шашылып жатқан қыз-келіншектер? – деп таңданды бұл. – Қайдан білейік, сөзіңізге қарағанда Дон Жуанға ұқсайсыз... «Қап» деп тілін тістеді. Өзінен де бар. Титтей нәрсені өсіріп айтуға құмар. Қызыл сөзді ары-бері сапырғанына қарап, солай деп ұйғарған-ау, шамасы. Мына жүрісі шынында да бір сұйық адамның жүрісіне ұқсайды-ау. Ең болмаса кетерінде бір ауыз ескерткен де жоқ. Сол күні кешкілік би болды. Айбек Сәулемен бір билеген сәтте, ол: – Айғаным түнімен жылап шықты,—деді. – Ол неге жылайды? – Білмеймін. Сізді ойлайды да... Өзінің санасыздығын сезінген сәт қып-қызыл боп ұялып кетті. Іле-шала тұла бойын қуаныш толқы­ны шарлап өтті. «Шынымен-ақ жақсы көріп қалғаны ма?» Айбек Айғанымды бір жағы аяғанымен, бір жағы іші жылып сала берген. Жеңілтек адам емес екеніне көзі шын жетіп отыр. Әйтпесе кім көрінгенге көз жасын көлдете бермесі анық. Бұл бір жүрек түкпірінен қозғалған ғашықтық оты болды. Міне, екеуі тағы да оңаша қалды. Зарықтырған ғашығымен табысқандай сол сәтте Айғаным ерекше көңілді еді. Әлгіндегі өкпе-реніш те, жабырқаулық та ізім-қайым жоғалған. Дүниедегі ең бақытты жан өзі сияқты. Әнеугүнге қарағанда қимылы да, сөзі де батыл. Үздіккен бір сәтте: – Жаным, күнім, – деген сөздер аузынан шығып кетті. Мынандай тәтті сөздер Айбекті де майдай ерітті. Шіркін-ай, дүниеде сүюден асқан тәтті нәрсе бар ма екен? Сол тәттіні Айбек өмірінде екінші рет татып отыр. Оған әйелімен теңдесетін жан жер бетінде жоқтай көрінуші еді. Расында да солай емес пе? Өйткені жұбайы әйелдік кұдіретті алғаш танытқан адам. Ал мына әйел өткен шақты еске түсіруші ғана. Осылайша ішінде оянған бір егесті байқады. Әйелі де бұны бір кездері бар ықыласымен сүймеп пе еді? Иә, сүйген. Кейіннен перзенттері дүниеге келді де, әйелінің ыстық ықыласы соларға ауа берді. Ал бұл өзін жалғыз қалғандай сезініп, сол күндерді ерекше аңсаушы еді... Күн өткен сайын әйелдің бұған деген махаббаты өрши түспесе, кеміген жоқ. Өңі шырайланып, шымылдық ішіне жаңа кірген жас келіншектей құлпыра түскен. Ол осындай бір сәттерді ұзақ аңсап, асыға тосқан жан сияқты. – Айбек, – дейді ол, – сен кешке жақын төсекке жатуға асығасың ба? – Қайдам, – дейді бұл не деп жауап берерін білмей күмілжіп. – Ал мен асығамын, – дейді ол шынын жасырмай. Ол осы бір күндері өзін жоғалтып, ақылы жоқ албырт жас қыздардай тым ұшқалақтыққа берілгенін ұққан жоқ, сірә. Ұққан күнде де таудан құлаған тасқындай сезімін тежеуге дәрмені жетпеген шығар. Тағдырдың кездейсоқ сыйы Айбекті қуанышқа бөлесе де, әйелдің тосын әре­кеттері оны ойландырмай қалған жоқ. Ұлы ержеткен, қызы бойжеткен әйелдің осыншалықты сезімге елтуі мүмкін бе? Мүмкін болғаны ғой, өйткені оның сезімінде ешқандай жасандылықтың нышаны жоқ-ты. – Айбек, – дейді ол тағы бірде. – Осы мен сені күндіздің өзінде сүйіп-сүйіп алғым келеді, өйтейін десем ұяламын... Кейде емнен қолы бос кезде ­Айбек оның бөлмесіне қыдырып барады. Егер ол бөлмеде жалғыз болса, қуанып қалады. – Сен осы бөлмеден ешқайда кетпеші, – дейді ол. – Мен оралған кезде осы арадан табылсаң, қатты қуанып қаламын... Уақытша болса да оның жаны дәл қазір көл-көсір қуанышқа толы еді. Басынан өткізген мына жайды ол ештеңеге теңгере алмастай. – Барғаннан кейін бастан өткен жайды көрші құрбыма міндетті түрде жеткіземін. Әйтпесе, ішіме сыймайды. Айтпасам, жарылып өлемін ғой, – дейді ол. «Мейлі, өзің білерсің» дегендей ­Айбек иығын қиқаңдатады. – Айбек, осы сен сезімталсың-ау, – дейді ол. – Оны қайдан білдің? Сүйіскен кезде байқадым. – Ал сенің күйеуің ше? – Ол қара тас сияқты селт етпейді. «Қандай кереғарлық, – деп ойлады бұл. Осындай сезімтал әйелге өзі айтқандай «қара тас сияқты селт етпей­тін» топас жанды қалай жолықтырған десеңші». – Той-томалаққа, әлдебір жиынға барсақ та, кім-көрінгеннен қызғанады да жүреді. – Сен сияқты әйелді енді қызғанбай бола ма? – Айбек шын ниетімен-ақ айтып еді, әйел әлгі сөзді бөтенге жорып қалғандай: – Сіз мені жеңілтек әйел екен деп ойлап қалған жоқсыз ба? – Өкпелей үн қатты, «сеннен» «сізге» көшіп. — Сенсеңіз, мен күйеуімнен басқа бөтен еркекке көз салған жоқ едім. Осы жолы ақ жолдан қалайша ауып кеткеніме таңым бар. Жай әңгімелесіп қоя салғым келген. Бір сиқырыңыз бар-ау деймін. Ынтықтырып тарта түстіңіз. Сіз әйелдер туралы әңгіме айтқанда, қорқып, шошудың орнына жақындай түсіппін... – Мен ол әңгімелерді ойнап айта салып едім, – деп күлді бұл. – Ал мен шынымен сеніппін. Түні­мен жылап шыққаныма қазір күлкім келеді. – Күйеуің қызғаншақ болса қалай жіберді?– Ол өлсе жіберер ме еді. Енем ғой жаны ашып жіберген. Былтыр қыс қатты болып, ары-бері арақ тасып жүргенімде, мықтап суық тигізіп алған едім. Ауырып жатып қалсам, күніміз қараң. Соны ойлап қатты қорықтым. Жаныңа жалау болар күйеу қайда? Қадірімді енем ғана біледі. Қанша айтқанмен көпті көрген кісі ғой. Бір жолдама қаңғалақтап қолға түсіп қалып еді, «барып қайттың» астына алды. Кұдай сізбен жолықтырайын деген шығар... Кей күндері олар түннің бір уағына дейін ұйықтамай, әңгіме-сыр шертеді. Сондай сәттердің бірінде Айғаным басынан өткізген жайды тағы бір рет айтты. Бұл жолы өткендегідей жайбарақат емес, егіле, өкси баяндады. – Мен өзімді баяғыда өліп қалған адам сияқты сезінемін. Сол күйеуіме келісім берген күні менің бар арманым, бар болашағым өліп қалған. Менің жаным ұшып кетіп, құр кеудем, құр сүлдерім қалған сияқты. Өмірімдегі ең бір жарқын сәттер жылаумен өтті. Жас өмірім қор болды. Жанатын кезде жана алмадым, күле­тін кезде күле алмадым. Шын Айғаным бұлай жүрмесе керек еді, ол күндей болып күлер еді, айдай болып жарқырар еді... Тек алдағы күндерге жарық сәуле түсірген екі перзентім ғана болды, – деп барып әрең басылды. Баласының үлкені тоғызыншы класта оқиды екен. Олардың оқуына, болашағы­на алаңдайды. Тұрмыстың бар тауқыметі бір өз басына түскені байқалады. Айғанымның іші толған мұң деп кім ойлаған? Әсілі, адамдардың сыртына қарап ештеңе аңғармайсың. Ал оның ішіне үңілсең, неше түрлі оқиғалар, неше түрлі арман, мұң ұялап жатады екен-ау. Адамның шын қасиетін ішіне бойлап қана аңғару қажет сияқты. Әлгі көңілсіз жайдан арылғысы келгендей, ол бері аударылып түсіп, көздерімен ішіп-жей қарап, ернінен, бетінен құшырланып сүйе бастады. Айбек те оны жұбатқандай еркелете сипалап, құшағына басты. Сол кезде ол кеудесіне тырс-тырс тамып жатқан ыстық жасты аңғарды. Әлден уақытта Айғаным басын көтеріп: – Шіркін-ай, тек сенімен ғана болсам ғой, – деді. – Күйеуіме осыдан кейін тіпті жолағым келмейді... Күндер сырғып өте берді. Қайтуға жа­қындағандағы әйелдің ендігі уайымы алдағы кездесулер жайы еді. Сан түрлі жоспар жасайды. Ақыры келіп біреуіне тоқтады. «Сіңлім саудамен айналысады. Мен соның қасынан орын аламын. Сендер жақтан тауар әкеліп тұрамын. Бір жағы сенімен кездесуіме жақсы» дейді ол. Дәл кетер күні түндегі отырыстан әбден шаршағанның әсері, көзін әрең ашқан сәт, қасында төніп отырған Айғанымды байқады. Бұның көзін ашқанын байқап, ол күлімсіреді: – Сен маған емес, мен саған ғашық екенмін, – деді ол. – Оны қайдан білдің? – Міне, сен армансыз ұйықтап жа­тыр­сың, ал мен оянғалы қай заман, сенің жүзіңе бүгін асықпай тоя қарап алғым келді. Айбек күлді. Тағы да сүю деген ұлы сезімнің алдында бас игендей ұялып қалды. Таңертеңгі тамақтарын ішіп болып, жиналып жолға шықты. Вокзал алыс емес-ті. Әп-сәтте жетті. Екеуі елден оқшауырақ барып тұрды. – Алдағы уақытта кездесеміз-ау деген ойға сенгендіктен көңілім тыныш. Әйтпесе, көл-көсір жылар едім, – деді Айғаным. – Жылап не көрінді? Әрине, кездесеміз, – деді Айбек. ...Адам жаны тек сағыныштан тұрар ма екен? Келгелі бері ол Айғанымды бір сәт те ұмыта алған жоқ. Екі-үш күннен соң, келісілген уақытта, Айбек телефон соқты. Айғаным дегбірсізденіп тосып отырса керек, сәл өтпей-ақ ар жақтан оның алып-ұшқан дауысы естілді. Сол алып-ұшқан үн біркелкі шықпай, ара-тұра теңіз суындай толқып-толқып кетеді. Осыдан-ақ Айғанымның жан дүниесіндегі алай-түлей өзгерісті аңғаруға болғандай. – Саған хат жаздым. Әзірге соны алданыш қыла тұр. Көп ұзамай өзім де барамын, – деп сөзін әрең аяқтады ол. Ертеңіне поштадан хат алды. Ол пойызға отырған сәттен бастап бастан өткерген жайды жазыпты. Әсіресе алғашқы күндердің қиын болғандығын айтады. Жабыққан мұңдарын шағады. Осы аралықта құрбысы екеуі көрші аудандағы жамағайындарының бір жиынына барып қайтыпты. Жолда көліктері бұзылып, көңілі алып-ұшып келе жатқан ол, дегбірсізденгені сондай, тіпті жаяу тартып кеткісі келеді. Абырой болғанда, көліктері жөнделіпті. Сондағы асыққаны... «Мен жоқта сен телефон соғып қоятындай көріндің» дейді ол. Жан азабын айта келіп, тағы да сол ләззаты мол өткен шаққа оралады. Бұл тұстарға келгенде бейне бір ақын-жазушылардай іркіліссіз көсіледі. «Сенің алақаның... оттай ыстық ернің... сол бір түн...» деген сияқты сөздер құйылып тұр. «Апыр-ай, – деп таңданды бұл. – Нет­кен сезім десейші, хат жазып отыр­ған балалары есейген әйел емес, бойжет­кен қыз дерлік!» Көп ұзамай Айғанымның өзі де келіп жетті. Ол жұмысқа ыңғайланып ықшам киініпті, қолында кішкентай арбасы бар. Айбек қарсы алғаны болмаса, таңертең онымен дұрыстап сөйлесе алған жоқ. Айғаным аялдамай, зат алуға базарға тартқан. Екеуі кешкілік қана кеңінен кездесті. Көріспегендеріне аз уақыт өтсе де, іштері толып қалған ба, тіпті әңгімелерін айтып тауыса алар емес. – Күйеуім «Таңертең түс те, кешкі пойызбен қайт» деп еді, бірақ мен «Тауар алып үлгермеймін» деп келіспедім, – дейді Айғаным, әйтпесе өстіп отырмас едім дегенді жадыраңқы көңілімен аңғартып. «Үйде жатып алып бұйрық бергішін-ай» деді ішінен Айбек оны жақтырмай. Уақыт деген мұндайда байлап қойсаң да тұрмайды. Қараңғылық әбден қоюланып, күн тым кешкіріпті. Айбек қайтуға ыңғайланды. Айғаным «Сені біртүрлі жібергім келмей тұр» десе де, амал жоқ қоштасты. Ертеңіне Айбек түскі үзіліс кезінде уақыт тауып, оны шығарып салуға барды. Әйтпесе, теңкиген дәу ала қаптармен пойызға міну бір адамға оңай емес-ті. Айналаға қараса, ала қап көтергендер вокзал басында жеткілікті екен. Көбісі қазақтың әйелдері, іштерінде уыздай жас қыз-келіншектер де кездеседі. Өңдері күнге тотыққан. Тұрмыстың тауқыметі жүздеріне аямай таңба басқаны байқала­ды. Енді біраздан соң Айғаным да осы­лардың қатарына қосылады-ау деп ой­лағанда, жүрегі біртүрлі шымырлап кетті. Үшінші ме, төртінші ме, келгенінде Айбек пәтер жалдап, Айғанымды оңашаға шақырды... Терезеден ай сәулесі түсіп тұр еді, ол қара шашы жайылып, денесі аппақ боп ағараңдап, көз арбап жатты. Қараңғы бөлменің қақ ортасын бөліп ағып жатқан ақ нұр өзеніне ұқсайды ма... Түңғыш рет өзгенің әйеліне қатты сұқтанды. Нағыз қас сұлу дерлік, жаны ғажап, мынау деген жігіттің сұлтанына лайық әйел. Ал осындай әйелдің қайдағы біреуге қор болғанын айтсайшы. Бойын ашу-ыза кернеді. «Ей, қазақтың жігіттері, сендерге не болды? Аруларыңды қор қылып, мойнына дорба асындырып, кім көрінгенге басындырып?..» деген ішіндегі жанайқайды естіді. Жынданған адамша осы сөзді айқайлап айтқысы келді. Бірақ Айғанымды сыйлағаннан үндемеді. Екеуі киініп жатқан сәтте: – Айбек, – деді ол өзіне тән жұмсақ үнмен. – Сен мені титтей де болса жақсы көрдің бе? – Жақсы көрдім, – деді ол шынын айтып,— Оны неге сұрадың? – Жай, – деді де қойды. Басқа ештеңе демеді. Бірақ ол ештеңе демесе де, ішіндегісін айтпай ұққан. Кей сәттерде оның өз-өзіне есеп беріп, іштей жанын жегідей жейтінін аңғарып үлгеріп еді. Сыртқа шыққаннан кейін екеуі Айғаным жалдап жатқан пәтерге дейін жаяу жүрді. Ол арзан әрі ыңғайлы деп, вокзал маңындағы орыс кемпірдің үйінің бір бөлмесін жалдайтын. – Екеуміздің осы жүрісімізді балаларымыз көрсе: «Үлкендерде де махаббат бола ма екен?» деп күлер еді, – деді ол. «Иә, олар бәлкім иланар, бәлкім илан­бас, бірақ үлкендердің махаббатында өмірдің ащы шындығы жатарын бәрібір ұқпас еді» деп ойлады ішінен. Айғанымды шығарып салып келе жатқанда оның бойында келіншекке деген аяушылық сезім қайта оянды. «Қандай обал, қор болған сұлу-ай» деп басын шайқай берді. Бір сәт өзін де әбден сөкті. «Тымыраймай, сен де бір ішіңдегіні ағыл-тегіл ақтарсаң қайтеді? Жақсы көргеніңді, өліп-өшіп сүйгеніңді айтсаң, бірдемең кетер ме еді? Оның іштей қиналып жүргенін байқамаймысың?..» Сол жылы күз қимағандай ұзақ тұрған. Айғаным да жиі келіп жүрді. Айбек сол баяғыша қарсы алып, шығарып салады. Бірақ жолдың тым қашықтығы бірте-бірте бұл міндеттерді мүлтіксіз орындауға мұршасын болдырмауға айналды. Кейде шығарып сала алмай қалады, кейде қарсы алуға мүмкіндігі жоқ. Қайтесің, қу тіршілік, әркімнің мойнына ілген қамыты, сүйреген арбасы бар. Және балалы-шағалы қызметтегі адамның ылғи да қашып-пысып бөгде әйелмен серуен құруы да ерсі қылық-ты. Сондықтан ол кейінгі кездері бұл міндеттерді Айғанымды сыйлағандық­тан, дәлірек айтқанда, оның өзіне деген шынайы сезімін құрметтегендіктен ғана орындап жүрген. Осылардың бірін сыртқа шығармауға, Айғанымға сездірмеуге тырысатын. Бірақ сезімтал әйел бәрін де аңғарып жүр екен. Тағы бір кездескендерінде: – Айбек, – деді ол дауысына діріл араласып. – Екеуміз енді кездеспей-ақ қойсақ қайтеді? – Неге? – Өйткені сен менен гөрі әйеліңді жақсы көреді екенсің. – Оны қайдан білдің? – Осында келгелі аңғарып жүрмін. Айбек не дерін білмеді. «Жоқ» деп өтірік айта алмады. – Ал мен сені шын жақсы көрдім. Сондықтан да кейбір әлсіздік көрсеткен жерлерім болса кешірім сұраймын. Ал енді, қош-сау болып тұр, – деді ол. Сөйтті де ұмтылып келіп бетінен шөп еткізіп сүйіп, іле көздеріне боталап тұна қал­ған жасты көрсетпеуге тырысқандай теріс айналып, қалың жапырақтарды сытыр­лата басып ұзай берді. Ол едәуір ұзап кеткен кезде Айбек есін жиып, бар дауысымен: – Айкезбе! – деп айқайлады. Келіншек жалт қарады. Сәл кідірді де, енді жүрісін бұрынғыдан да жылдамдатып, сәлден соң іші ауырғандай бүгіле түсіп, жүгіріп бара жатты. Келіншектің солқылдап жылап бара жатқаны анық еді... Бұл да бір-екі қадам алға басып барып тоқтаған. Сол сәтте аяғының астындағы жапырақтар сыңсып жылап қоя бергендей сезілді. Содан бері сары ала жапырақтар – сарғайған сағынышындай көрінеді.

Сәбит ДүйсенбИев

3477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6138

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5675

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3416

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2797

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2761

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2738

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2468

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2454

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы