• Әдебиет
  • 07 Желтоқсан, 2012

Адам бекерге жасамайды... (қарындас қарақалпақ ғалымы Қаалы Айымбетов айтқан ақиқаттар)

Осы заманда кітап қолымызға түрлі жолдармен келіп түседі. Әңгіме арқауына айналғалы отырған еңбек қолыма жеке кітапханам арқылы Түркістанда жасақталған «Түркі тілдес халықтар кітапханасы» арқылы келіп түсті. Онда бір түркіден тараған 22 түркі ұлт-ұлыстары тілінде 20000-нан аса алуан тілді кітаптар жинақталған. Кітап «Халық даналығы» («Қарақалпақстан» 1988) аталады. Туындыгер Қаалы Айымбетов! ХVIII ғасырға дейін іргесі ажырамай жауға қатар шауып, дауды бірге шешіп, бірге жасаған, «Түркістан мұхтариятын» ыдырату үшін жасалған 1925 жылғы межелеуге байланысты «автономия» аталып, 1929 жылға дейін Қазақ КСР-нің құрамында болған бауырлас қарақалпақ елінің айтулы оқымыстысы. КСРО кезінен «Ала тоо», «Шарқ юлдузы», «Қазан утлары», «Ағидел», «Әмудәрия», «Алтайдың чолмоны» сынды бауырлас ұлт-ұлыстар басылымын жаздырып алып, қарап отыратын маған Қаалы Айымбетов есімі ертеден таныс. «Әмудәрия» журналының тұрақты авторы, тағдырлас елдің абыройлы ғалымы. Татардың Сағдиы, башқұрттың Жәлил Кейікбаевы, өзбектің Абдолла Абланиы, қырғыздың Ишанғали Аралбаевы, қазақтың Құдайберген Жұбановы секілді алғашқы буын зиялысының бірі. Шендестіріле аталып отырған қанаттас зиялылары секілді керегіне қарай журналист, қажетіне қарай ағартушы, ізденісіне қарай тілші һәм әдебиетші ғалым болған кісі. Ташкенде ұйымдастырылған «Түркістан мұхтариятында» қазақ, қырғыз бөлімі болған. Демек, түркі халықтарын ыдырату мақсатында жасалған межелеуге (1925 ж.) дейін автономиялар болмаған, түркі баласы қайда да бірге жүрген. Орайында еске түседі, бауырлас қырғыз елінің ірі тұлғасының бірі КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Түгелбай Сыдықбеков арнайы барып жолыққанымызда «Біз жиырмасыншы жылдары, тіпті отызыншы жылдары қазақ, қырғыз деп жатпай, біріміздің кітабымызды біріміз араб әліпбиі арқылы еркін оқи беретінбіз. Өз басым Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың даңқты шығармаларын арабшадан(төтенше) еркін оқып, танысып, әдебиетке құштарланып едім» деп сыр ақтарғаны бар. Ол аз болса башқұрттың атақты ғалымы Ахмет-Зәки Вәлиди туған өзінің 1917 жылы Қазанда басылған «Кыс­кача төрек-та­тар тарихы» аталатын кітабын өзбек тілшілері «ескі өзбек тілі» атап жүрген «шағатайша» яки ескі түркі тілінде жақындата жазған. Әлгіндей межелеуге дейін қарақалпақ ағайын қазақ арасында бір болады да, Ташкенде ашылған алғашқы ағарту институты «Қазақ-қырғыз инс­титуты» аталады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ балалары Ташкенде, Мәскеуде бірге оқиды. Ташкенде 1920 жылы өз жолын бастаған, «Қазақ» газетінің рухани мираскері – «Ақ жол» әуелде қазақ және қырғыз тілінде жарық көрмек ниетте болған. Мәскеуде И.В.Сталин атындағы «Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде» аталған қазақ, қырғыз, қарақалпақ және өзбек, татар, башқұрт балалары да оқиды. Алайда оларға өзге пәндермен бірге тіл сабағынан тек қазақ тілі жүреді. Қазақ тілінен сабақты Мағжан Жұмабайұлы оқиды.Мағжан Жұмабайұлы әрі В.Я.Брюсов ашқан «Өнер институ­тында» оқиды. Б.Кенжебайұлы, Ө.Тұрманжан­ұлы, Ж.Арыстанов – сол КУТВ түлегі. Олар аталған оқу орнында Шыңғыс Айтматовтың әкесі – Төреқұл Айтматовпен бірге оқиды. Бейсембай Кенжебайұлы мен Төреқұл Айтматовтың қазақ эпосындағы Қарабай мен Сарыбай секілді бірімізден ұл, бірімізден қыз туса құда болалық, ал екеумізден де ұл туса, екеуміз де ұлдарымызға қаған Шыңғыстың атын берелік деп серттесетін жылдары. Әрине, Мәскеуге қолы жеткен талапкер барып оқыды. Мәскеуге барар алдында Ташкенде арнайы курс ұйымдастырылып, сынақ қабылданатын болған. Ес жиып, етек жаба келе ағарту орталығының бірі – Алматы болады. Қырғыз, қарақалпақ балалары Алматыға келіп оқиды. Алматыда оқып жүріп, перзент сүйген Нәжім Дәуқараев ұлының атын Сәбит қояды.(«Кәдімгі Сәбит Мұқанов»). Жиырмасыншы жылдары Алматыда білім алып қанаттанған қарақалпақ оқымыстысының бірі – әңгіме арқауына айналып отырған Қаалы Айымбетов. Ол негізінен фольклорист. Қарақалпақ фольклорының жанр-жанрының жігін алғаш ажыратқан, оларға анықтама беріп ғылыми негіздеген ғалым. Салт-дәстүр жырлары, дастандар, ертегілер, мақал-мәтелдер, термелер, тарихи жырлар, жыраулар, бақсылар тағдыры оның назарынан тыс қалмаған. Жиырмасыншы, отызыншы, тіпті қырық, елуінші жылдар Қарақалпақстанда жыраулардың қатары бұзылмай аман отырған шағы. Қаллы Айымбетов солардың денін көзімен көрген, жолыққан, аузынан небір тамаша жырларды жазып алып, ғылыми айналымға енгізген. Оның еңбектерінің «Ерполат жырау жырлаған «Едиге» дәстаны», «Өгиз жырау жырлаған «Алпамыс» дәстаны», «Есемұрат жырау жырлаған «Қобылан» дас­таны», «Құрбанбай жырау жырлаған репертуарлар хақында» болып келетін себебі де осыдан. Бауырлас елдің фольклорист ғалымы еңбегінде өзге елдердің ғалымдары еңбегімен салыстырғанда, тыңнан тартылған желілер, соны пайымдаулар, ұлысына қарай фольклорлық саналуан ерекшеліктер молынан кездеседі. Жан сүйсінтер жаңалықты, жақсы пайымдауларды еркін кездестіруге болады ғалым еңбегінен. Солбір сонылықты қазақ зерттеушілері еңбектерімен салыстыра оқыған кісі кеніш олжаға кенелері хақ. Әрине, ол ғылым ісі. Ғалым талап азамат тақырыбына қарай жасар салыстырулар жасаса «уай, бәрәкелді!» дер едік. Ол дербес әңгіме еншісі. Біз бұл жолы Қаалы Айымбетов сынды қарақалпақтың аға буын зиялысын жаңа қырынан ашып, жаңа қырын әңгімелегелі отырмыз. Ол – Қаалы Айымбетовтың мемуарист райындағы еңбегі. Қаалы Айымбетов «Өткен күнлерден елеслер» (Аударуды қажетсінбейді деп ойлай­мыз. Қ.Е.)атап естелік кітабын жазыпты.Мемуарлық шығармасы этнография­лық ерекшеліктер, салт-дәстүр сипаттарына толы. Мемуар болған соң, автордың өз өмірбаяны ізімен әңгімеленіп, бастан кешкен оқиға соған орай сюжет өзегімен өріліп отырары түсінікті. «Қарақалпақ ауыллары», «Қудалық», «Салт-дәстүр ырымлары», «Шымбай қаласында», «Түрли кәсип адамлары», «Кәсипсиз адамлар», «Алағат заман», «Жаңа мектеп босағасында», «Төрткүл естеликлеринен», «Мәденият майданында, илиим-билим жолында», «Алма-Атаға оқыуға барғанда», «Илимпазлар келди, илимий экспедициялар», «Армия қатарында», «Қыйлы-қыйлы қылуалар» секілді тараулардан тұрады ғалым мемуары. Көріп отырғандай жеке адамның – тұлғаның өмірі – шығарма өзегі. Қазақ мемуары тарихы мен табиғатынан «Арыстар мен ағыстар» аталатын арнайы кітап (алтыншы кітабы) жазған басым Қаалы Айымбетовтың «Өткен күндерден елестер» аталатын естелік кітабынан көп мәлімет, қызықты деректер, тосын оқиғалар, этнографиялық ұқсас ­сипаттар тауып оқып жаным марқайды. Әрине, оның баршасын авторлық баяндау ізіне түсіп алып қайта айтып шығу – мұрат емес. Біздің назар аударғалы отырғанымыз – мемуардың қазақ тарихына, қазақ тарихи тұлғаларына қатысты сәттері. Мемуардың VІІ бөлімі – «Алматыға оқуға барғанда» аталады. Ол «Алматыда», «Профессор Асфандияров», «Мұхтар Әуезов», «Академик Тарле», «Сәкен Сейфуллин», «Екі дүние», «Менің ауылым» аталатын бөлекшелерден бас құрапты. Бәрі де Алматыда өткен жайлардан сыр шертеді. Келесі «Ілімпаздардың келуі, ғылыми экспедициялар» аталатын VIII бөлімінде «Нәзір Төреқұлов» аталатын тағы бір портрет жүр. Тараушалардың қай-қайсысы да қазақ тарихы үшін мәні бар дүниелер. Тараудың кейіпкерлері – қазақтың алғашқы буын зиялылары. «Профессор Асфандияров. 1930 жыл июнь айынан баслап 1933 жылдың июль айына дейин Алма-Ата қаласында оқып билим, тәрбия алдым....» (399 бет.) «Оқыу басланарда институт директоры профессор Шанжар Асфандияров Қазақ тарийхынан рус тилинде лекция оқый баслады. Бирақ мен хәм Қазақстанның узақ түпкири­нен келгенлер ушын рус тилинде оқылған лекция түсініксіздеу болды. Сол жылы партия менен хұкиметтиң коренизация(жерлестиру) деген қарары болды. Бұл қарар Қазақстанда «Қазақыландырыу» деп аталды. Бұл қарардың мәниси кеңсе жұмыслары жергиликли тилде жүргизилсин делинген еди. Усы қарарға мууапық профессор Шанжар Асфандияров өзиниң миллети қазақ болғаны менен қазақ тилинде лекция оқып көрген жоқ екен. Ол гейпара рус сөзин қазақша айтыуға қатты қыйланады, еки тилди араластырып лекция оқыды. Профессордың биринши лекциясы тамам болғаннан кейин студентлер, «Қазақ» деген сөз қайдан шыққан?» деп сауал берип еди, профессор «бұл сорауға хәзир жууап бермеймен» деди. Біз бұл сауалға не ушын жууап бермегенине соң түсиндик. Тарийх сабағының тийкарғы мәселеси халықтың атының неден қалай шыққанын билу емес екен, қандай бир халықтың атының неден шыққаны хаққындағы сауалға тарийхта толы жууап жоқ екен.» (399-400 беттер.) дейді Қаалы ­Айым­бетов. Самайлович туралы да, Асфандияров туралы да тың мәліметтер беріп отыр мемуарист. Бұрын қазақ оқырманы көзіне түсе қоймаған құнды мәлімет. Кешегі кеңестік империяның бастапқы кезінде өзара аралас-құралас тіршілік жасаған ағайын халық кейін келе ара-жігі ажырай береді. Қарақалпақтың аға буын оқымыстылары біздің халқымыз, оқымысты тұлғаларымыз жайында тың дерек, жаңалықты мәлімет қалдырар-ау деп ойламағанбыз. Араға ғасыр салып барып түрік халықтары ынтымақ-бірлігінсіз мұратқа жетудің қиын екенін сезінген сәтте ағайын ұлт ғалымы еңбегіне қайыра оралғанда бірсыпыра қызықты мәліметке кезігіп отырысымыз мынау. Ойламаған жай! «Мұхтар Әуезов». Драматургия бойынша Мұхтар Әуезов сабақ берди. Ол киси өзиниң драма жазғандағы тәжирибесин, өзиниң қазақларда ең биринши жазылып, Қызыл-орда қаласында сахнаға қойылған «Еңлик-Кебек» атлы пьесасының жазылыу тарийхын сөйлеп берди. Студентлердиң ишинен «активлер» табылды. Жасақбаев деген студент бир сапары ортаға шығып. – «Еңлик-Кебек» пьесасының идеясы дұрыс емес» деп тұрып алды. Мұхтар Әуезов оған сөз қайырған жоқ. Жасақбаев «Мұхтар Әуезовтің пьесасына қарсы пьеса жаздым, оны үйине барып оқып бердим. Ол «пьесаң дұрыс жазылыпты деп айтты» деп бизлерге сөйлеп берип жүрди. Мұхтар ағай институтты питкерерде бизлер менен бирге сүуретке түсиуди тилек етти.» (400 бет.) Мемуардың бір парағы осылай сөйлейді. «Мұхтар Әуезовпенен ең соңғы жолы­ғыуым 1958 жылы болды. Мен бұл жылы оның алпыс жасқа шыққан тойына Қарақалпақстан жазыушылары атынан делегат болып Алма-Атаға бардым. Қазақтың Абай атындағы опера театрындағы салтанатлы жыйнақта сөз сөйлеп, Қарақалпақстан жазыушылары атынан адрес тапсырып, Мұхтар ағайдың үстине сарпай шапан жаптым. Оннан кейин Мұхтар ағай менен ушырасыуға туура келмеди.» (401 бет.) Өкініш аралас әңгімесін Қаалы осылай аяқтайды. Ыстық ықыласына қараңыз! «Сәкен Сейфуллин». Бизлер оқыған қазақ институтында Сәкен Сейфуллин «Қазақ батырлар жырынан» сабақ берди. Ол дәуйрде қазақ ауыз әдебиятының программасы хәм арнаулы оқыу китаплары басылмаған еди. Сәкен Сейфуллин Абу-Бакир Диваев бас­тырып шығарған «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қыз-Жипек», «Қоблан» дәстанларын алып келип, столға үйип қойып, әңгимеге кирисип кететуғын еди. Сәкен аға қолына жылтыр гумистен нағыс салынған иймек таяқ алып, басына нағыслы гилем(кавровый) тақыя кйип жүретұғын еди. Жыйнақларда, дем алыс уақытлары таяғын қолына услап таянып турады, оның дөгерегине жаслар топланады. Сәкен аға өзиниң өмиринен қызықлы эпизодлар сөйлеп береди. Әсиресе ол жас сөйлескенин айтқан уақта студентлердиң ишек-силеси қатып күлисип, топарласып тыңлап туратұғын едик. Мен бир сөздиң арасында оған қарақалпақ хәуес­керлери дөгерегинде 1928 жыллары оның «Қызыл суңқарлар» атты пьесасының Қарақалпақстанды бир неше сапар айланғаны тууралы айттым. Ол буған жүдә қууанып қалды. Сәкен әдебият тууралы болған жыйналысларда трибунаға шықса, ол сөз басламай-ақ жыйылған халық күлисе баслайды. Өйткени ол сөйлегенде юморлық монера менен қазақтың натурал түринде ерсилеу қылып сөйлейтуғын еди. Сонлықтан оның сөйлеген сөзине күлмеуге илажың жоқ еди. 1932 жылы түрлі теориялық мәселеде идеологиялық айтыслар болып тұрды. Бұл партия жыйналысы И.В.Сталинниң «Пролетарий революции» журналындағы Слуцкиге қарсы жууап жазған мақаласы тууралы болып, критика жүдә күшейип кетти. Партия жыйналыслары «құдайдың құтлы күни» болып тұрады десең де болады. Айырым китаплар хаққында парт бюро тәрепинен докладлар тапсырылды. «Қазақ жери мәселеси» китабын С.Толыбеков, профессор Фотовтың «Рус әдәбияты» китабын критикалап Баталов доклад қылды, басқалары есимде жоқ... Бир күни Сәкенге де гезек жетти. Силтенген таяқтың бир ушы Сәкенге де тийди. Бир сапары бизлер оқыған институттағы үлкен жыйналыста президумда отырғанлар Сәкенге «Трибунаға шық, қатеңди мойыныңа ал», – деди. Сәкен трибунаға шығып; – Мен нени мойыныма алайын, мүмкин мен өз қатемди өзим билмейтуғын шығарман. Мени пүткил Қазақстан биледи. Мениң үйиме таныслар, дослар келеди, оның ишинде судта иси барлар, партиядан шыққанлар да болады, олар өзлериниң мұңын шағады. Мүмкин, солардың тәсири маған да тийп жүрген шығар. Бирақ өз қатемди өзим сезбеймен, – деп жауап берди. Сәкен Сейфуллин сауатлы, тасқын талантлы шайыр еди. Оның сулыу келбети, сөйлеген сөзлери адам таңландыратуғын еди. Соның менен бирге ол үлкен мәмлекет ғайраткери болған еди. 1935 жылы Қазақ мәденияты съездине тағы делегат болып бардым, ол съезде негизги мәселе қазақ мектеп­лерин жақсылау, әсиресе үлкен дау болған мәселениң бири – қазақ алфавити менен орфографиясы дөгерегинде болды. Қазақстаның мәденияты бойынша халық билимлендириу комиссары Жүргеновтың доклады алты саатқа созылды. Қазақ имласы(орфографиясы) бойынша ортаға он үш проекти келип түсти. Негизги проект профессор Худайберген Жұбановтики болып, оның өзи доклад жасады. Бұл доклад та көп узаққа созылды.» (404-405 беттер.) Мемуардың С.Сейфуллинге қатысты бір қысымы осылай сөйлейді.Сәкентанушылар еңбектерінен кездестіре қоймаған естелік. Ауыр­лау. Алайда шындық. Бұдан кейін мемуарист ағарту институ­тында М.Қаратаев, Х.Есенжанов, Б.Шала­баев, З.Шашкин, Е.Смайыловпен бірге оқы­ға­­нын жазады. Тағы бір тарау «Академик А.Н.Самойлович» аталады.Өмірінің Мәскеу кезеңіне байланысты баяндалады. Сол секілді осы бөлімде «Назыр Туреқулов» аталатын тарау да бар. Алғы тарауларда жалпылай сөйлеген мемуарист қаламгер бұл тарауда арнайы нақтылай сөйлейді. Қаалы екең 1936 жылы Мәскеуде «Учпедгиз» баспасында қарақалпақ мектепте­рі үшін кітаптар шығару ісін (редакциясын) басқарып тұрған кезі екен. Ал Нәзір болса Сауд Арабиясында сегіз жыл елші-дуаен болып қызмет атқарып, отызыншы жылдардың «жеке адамға табыну» зардабына байланыс­ты күдікті қатарында басына бұлт үйіріліп Мәскеуге қайта шақырылып, СССР Сыртқы істер министрлігінде «резервте» жұмыссыз жүрген кезі екен. Мемуарист оның «Каменный мост» Серафимович көшесінде №2 үйде тұрғанын жазады. Орыс әйелінің(татар әйелін тастап Сауд Арабиясына елші болып барарда орыс әйеліне үйленген. Қ.Е.) бұрын Төрткүлде (Қарақал­пақстанда) революциялық комитетте медбике болып қызмет атқарғанын жазады. «Ол кісі менің таяуда «Арабия» аталатын романым баспадан басылып шығайын деп отыр» (429 бет.) деп те сыр ашыпты. Бұрын-соңды нәзіртанушылар назарына ілінбеген кітап атауы. «1937 жылы Мәскеуде «Көркем әдебиет» баспасында латын қарпінде басылған «Алпамыс», «Едіге» дастандарына алғысөз жазып, соңына «Шымбайлық» деп қол қойған еді» (429 бет.) дейді мемуарист.Бұл да әл-әзір бізде әдеби айналымда төбе көрсетпеген жаңалықты пікір. Әрине, мемуарист қырық-елу жыл өткен соң әңгімелеп отыр. Сондықтан ойланатын сәт те бар. Ол автор айтып отырған баспа «Көркем әдебиет» пе, әлде кезінде өзі қолдан құрып, біраз жыл басқарған «Күншығыс еңбекшілерінің кіндік баспасы» ма екен? Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасы латын әліп биімен кітап бастырды ма? Осы орайда менің есіме 1936 жылы Мәскеуде «Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы» өткені түсіп отыр. Онкүндікке дайындық ретінде Жамбыл жыраудың бір томдығы латын әліпбиімен сол «Көркем әдебиет» баспасында басылып шыққан еді. «Алпамыс» пен «Едіге» де ұлт әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігі шарапатымен кітап болып латын әліпбиінде басылса басылған да шығар. «Нәзір Төреқұлов Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Орта Азидан шыққан қажымас қайраткер болып танылған адам еді»(429-430 бет.) деп түйіндейді туындыгер өзінің қазақ халқының аяулы перзентінің бірі – Нәзір Төреқұлов жайлы баянын. «Жеке адамға табыну» салдарынан атылып кеткені, жаманатты болып «әупірім-тәңірмен» аман қалғаны дегендей бірсыпыра қазақ аяулы азаматтары туралы бауырлас елдің Қаалыдай оқымыстысы тәуелсіздікке дейін-ақ айтып, жазып отырған. Ал біз болсақ бауырлас елдің әдебиетіне енжар қарағанбыз. Бұл жайдан хабарымыз болмаған. Өкінішті-ақ. Керек болса ХVIII ғасырға дейін төрде де, төсекте де бірге болып, қатар өсіп-өнген, кеңестік кезеңде де бірсыпыра уақыт біздің автономиямыз болып келген Қарақалпақ ағайынның бүгінгі тағдырына да біз енжар қарай алмасақ керек. Әрине, түркітанудан дерек-хабары бар адам қарақалпақтың оқымыстысы Нәжім Дәуқараевты біледі. Бүгінгі таңда ғалым есімімен Нөкісте «Әдебиет. Тіл. Этнография» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп тұр. Міне, сол «Нәжім Дәуқараев» аталатын тарауда автор Нәжімнің 1930 жылы Төрткүлде облыстық халық соты қызметінде жүрген жерінен Алматыға Бішкек арқылы төрт дөңгелекті арбамен арып-ашып (Ол кезде Алматыға теміржол әлі жете қоймаса керек. Қ.Е.) жеткені, «Қазақтың халық ағарту институтына» түскенін, сол жылы аталған институттың Алматыдан Оралға «ауылшаруа­шылығы институты» болып жаңаша ұйым­дасып ығысып кете барғанын, оқу орнын аяқтай алмай қалған қарақалпақ перзентінің Алматыда қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беруі, «Дәуқара байдың баласы» аталып Қарақалпақстаннан іздеу ізіне ілесіп келгеннен соң бой тасалап Қостанай, Қарқаралы, Орал өңірлерінде мұғалімдік қызмет атқарғанын аса бір тартымдылықпен баяндайды автор. Қилы-кезең уақыт, содырлы саясат шіркіннің түркі азаматтарын, алғашқы оқыған ынталы жастарды қалай шыр айналдырғанын осы жазбалардан табуға болады.Бұл да бұрын қазақ баспасөзі бетінде айтыла қоймаған мәліметтер. Бір ойға келген жайт, қазақтар «халық жауы» деп бойтартып, кембағал бағалап жүрген сексенінші жылдары біздің Санжар Асфандиярұлы, Нәзір Төреқұлұлы сынды тұлғаларымыз жайында бауырлас қарақалпақ елінің бауырмал әдебиетші ғалымы, профессор Қаалы Айымбетов өз мемуарында айтып, жазып отырыпты. Бауырмалдық! Ақиқатқа құштарлық! Жаралы шындықты жаны күйе отырып жамағатқа жеткізу! Бұдан біраз бұрын жарық көрген қара­қалпақ тіліндегі еңбекті(мемуар) оқып отырып, Қаалы Айымбетовке ризашылығымыз артты. Кеш те болса алғыс сезіммен еске ала отырып ол айтқан ақиқатты қазақ оқырмандарына қапысыз жеткізгіміз келді. Ол қарақалпақ әдебиеті туралы ғана емес, қазақ әдебиеті, қазақ қайраткерлері туралы да тамаша естелік сөздер қалдырып өтіпті өмірден. Иә, адам бекерге жасамайды.

Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымдарының докторы

5817 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6337

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5779

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3519

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2901

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2862

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2842

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2572

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2557

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы