• Әдебиет
  • 26 Желтоқсан, 2012

Мінез энциклопедиясы

Суретшіге – өмір мың сан кем­пірқосақ бояуымен қымбат. Диқанға – нан иісімен тәтті. Спортшыға – дүрліккен жұрт алдында тауға шық­қандай насаттанып, алтын медальге басын игені қызық. Қызға – асық жігіттің назары қымбат. Кәсіпкерге – ісінің оңынан келіп, өсімқорға айналғаны қызық. Жазушыға – тірі сөздің өрнегімен кейіпкерінің жан сырын жалпақ жұртқа жайып салға­ны қымбат. Қали Сәрсенбайдың «Тұлға-тағдыр» кітабы өзіме жаңа сөзімен қымбат сезіл­ді. Жаңа сөз дегенде – бар гәп таныс сөзді, талай уа­қыт осыны айтсақ-ау деп сан ой­ланған, әйтсе де қалам ұшына ілік­пей жүрген кейіпкерлердің сезім пернесін тап басып тануында, ойын дәл басып айтуында жатыр ма дер едік. Қай-қай қаламгердің алдынан шығатын аксиомасы – шеберліктің ауылы алыс, әрине. Бір жазушы бар, шеберлік ауылына өзін-өзі үздіксіз қамшылаумен, үздіксіз өмір тәжірибесінен үйрену арқылы қаншама кітап оқып, нешеме парақ жазып жетіп жығылады; бір жазушы бар, шеберлікке көп қағаз шимайлап, қалың-қалың кітап жазбай-ақ сәті түсіп, өмірден үйрене жүріп, үздіксіз оқи жүріп шеберлік шыңына қол артады. Қадыр Мырза Әлі, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбай секілді дарынды жандармен жиі кездесіп, ауызекі әңгімелесіп, солардың өмір, өнер туралы айтқандарын көкейіне тоқып жетеді шеберлік атты қиын асуға. Қали Сәрсенбайды осынау екінші топтағы ізденімпаз інілерге жатқызамыз. Кітап авторы сөйлемді силло­гизммен тиянақтауға, ойдан ой түюге машық. Замандастары туралы қызықты оқиғаны ойнатып әкеп, әр сөйлемін сол тұлғаның мінез иіріміне арнай келіп, өмір бізге несімен тәтті деген философияға табан тірейді. Жас кезімізде байқай бермейді екенбіз: Тіршілік ата-ананың, жақын адамдардың «айналайын» деген жан жылуымен қымбат. Ержетіп есейген азамат үшін өз қатарының: «Сенің қолың­нан іс келеді» деп үлкен сенім артуымен қымбат секілді. Ал орта жасқа жеткен кісіге қатар құрбысының, одан асып өмір жорығында қолтығынан алып демеген, сырлас, дәмдес болған ағаларға арналған таңдайға тебер сағынышы тәтті сезіледі екен. Қалидың сөзінде от бар. Кәдуілгі от. Оқыған сайын денеңе қызу дариды, жігеріңе жігер, ойыңа ой қосады. Оқыр­манға табиғи, терең, риясыз әсер етеді. Мысалға жүгінейік. «Қадыр ағаның қасында көп жүрдік, жай жүріп қойған жоқпыз, көп әңгімелесіп көңілге түйдік. Өзі кейде «мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Біз де бәлкім жақсы тыңдаушы, оқырман болған шығармыз, өйткені ақын туралы әрдайым айтқымыз ке­леді де тұрады. Ол кісінің белгілі, белгісіз нәрсеге, жұмбақ жараты­лыстарға, құбылыстарға деген көзқарасы, пікірі, жауабы әркез дайын тұратын. Себебі Құдай берген дарынымен қоса ұшан-теңіз білім иесі еді. Бүгінде қазақта «Қадыр айтқандай» деп басталатын әңгіме көп қалды. Қайда бармаңыз Қадыр алдыңыздан шығады» (Қ.Сәрсенбай, Тұлға-тағдыр, «Қазығұрт», Алматы, 2012 жыл, 73-бет) деп басталатын естелік әңгіме оқырманды әу дегеннен тұма ойдың тұңғиығына тартып әкетеді. Несіне жасырамыз, бұл күнде естелік көп жазылады. Тіпті бұрындары лауазымды биік қызметте жүріп, қағаз шұқуға, ой қорытуға уақыты болмай жүрген сауатты қазақтың бәрі бұл күнде естелік жанрын жағалайтын болып алды. Қампайтып кітап шығарсақ болды, ұрпақ жадында ұзақ сақталамыз деп дәмеленетін болуы керек. Қалидың мына кітабы естеліктен гөрі, дәуірдің тұлғалы адамдарымен сыр­ласу, ой бөлісу, өмір туралы талайлы пәл­сапа тербеу, талайлы толғау. Алғашқы бетінен соңғы бетіне дейін өтпелі кезең туралы ой кешу секілді оқылады. Сол дәуірдің қиындығы мен ауыртпалығына иығын тоса білген, төл кәсібіне машық жандардың жан сыры десек шындыққа келетіндей. «Сағыныш деген де бір жанр тәрізді. Сол жанрдың бір саласы секілді мөлдір мұң Ақаң туралы айтқанда сізді өзі-ақ иемденіп алады» (сонда, 125-бет). Жаны бар сөз. Жазары таусылмайтын шебер журналист бауырымыздың тап осы көңілді қозғаған лебізі Ақселеу Сейдімбекке байланысты айтылса-дағы, қаламдастың ойы түгілі мына тұста әр сөзіне тереңірек үңілуге тура келеді. Жалпы жазушы ағайынды белгісіз бағытқа, тың тақырыпқа, мінез тереңіне үңілтетін қасиетті сезім – әлгі айтқан сағыныш болар деп ойлаймын. Сағыныш кісіні түрлі қиялға шомдырып, алыс арманға жетелейді. Сағыныш – махаббат гүлі, жас пен жасты табыстыратын... жақындататын... бір-біріне ынтық ететін ыстық ықылас бұлағы. Жа­зушы-дағы өзінен бұрын өткен аға­ларын, аталарын, солардың жү­регін тербеткен өнегесін сағын­баса тарихи танымдық шы­ғарма жаза алмас еді. Журналист аға­йын ашылмаған аралдың, ай­тыл­ма­ған әңгі­менің, сыр ашпаған кейіп­керлерінің ізіне шырақ алып түс­пеген жағдайда оқылықты очерк ту­ғыза алмас еді. Тоқетері: Сағыныш – шы­ғармашылық шабыт­тың қайнар көзі. Кісі мен кісінің табысу тетігі. Адам мен адамды биік мүддеде табыстыра алатын сиқыры алапат күш. Қали соны қалай ке­лістіріп айтқан. «Сағыныш деген де бір жанр тәрізді» дейді. Мұндай тір­кестер бұл кітапта жетіп артылады. Кітап авторы ұлтымыздың жақсы қасиетін, төзімді, еңбекқор, көпшіл мінезін іздеп жүріп, қазақы мінездің көмбесі іспетті Қадыр ағасын тапты... табысты... кейінше бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын сырласы бола білді. Жақсы адамның сырласы, мұңдасы бола білу де мына өмірде алтынға бергісіз үлкен қазына. «Кім өзін қаражаяу сезінсін, әйтсе де біз тосылған болсақ, осы кісінің алдында әңгіме айтуға, білгішсінуге тосылған шығармыз» (сонда, 73 бет) дейді автор. Өмір, бейне, телегей-теңіз. Оның тереңдігін былай қойғанда, көз жеткісіз байтақтығын айтыңыз. Қадыр айтқан сөз. Қадыр үйреткен тәртіп. Қадырдың жүріс-тұрысы. Қадырдың қадым қасиеті. Тап осылай таусылмай тізбектеле түседі. Жалықтырмайды, әр әңгімесі магнит өрісіндей өзіне тарта түседі. Кітап авторының қаламының ұшына іліккен «біз тосылған болсақ» деген ұғымның арғы бір астарына үңіліп көрелікші. Біз білетін ақын ағамыз тілдескен кісісін ең әуелі шаппа-шап уәж айтқыштығымен алатын. Сосынғы кереметі өзім деген кісіге өзегін жарып берердей ыстық бауырмалдығы еді. Ақын үшін жер, ру деген болмайтын, ол барлық қазаққа бірдей еді. Осы күні үй ішінен үй тігіп, өзі азғантай қазақты бөліп-жарып жүретін бәзбір азаматқа қаратып: «Ай, жігіттер-ай, бөлінбейікші... бөлісе жейікші...» деген ақынның бауырмал, іштартып тұратын жылы сөзін талай естігенбіз. Сосынғы бір қасиеті – әсіре білгішсінбейтін. Дүниенің кітабын оқып, тоқып, бойына сіңіре білгені былай тұрсын, сол білімді көтеріп алып жүретіндей үлкен жүрегі парасатқа толы, пайымы атан түйенің төзіміндей болатын. Көп болса екі-үш кітап оқып, екі-үш елді аралап келіп төбемізді тесердей мінез танытып, шолтаңдаған шалатайлардың, шала­ғайлардың сөзіне езу тартып қана өте шығатын. Сол елдің уәлі сөзін ұстаған өнер адамдарын айтар еді. Жазған кітаптарын әлдеқашан оқып алғанын әңгімелеп, олардың жүріс-тұрысын айнадан көргендей айна-қатесіз төгілдірер еді. «Тұлға-тағдырын» оқып отырып мінез бен жүйелі сөзге кәміл сенесің, құлақ қақпай ілесесің. Осы тұста кітап авторының шебер­лік әдісі туралы айтып өткеніміз жөн. Қали Сәрсенбай қазақ журналис­тикасына жаңа леп әкелген, кейіп­кердің бүлкілдеп соққан жүрегі сезіліп тұратын қаламы жүйрік санаулы әріптесіміздің бірі. Қазіргі заманда журналистиканың қалыптасқан үш түрлі мектебі бар. Бірінші, мақаласын тікелей оқиға-ситуациядан бас­тайтын АҚШ журналистикасы. Екін­ші, кейіпкердің мінезі, шалт іс-қимылынан бастап, сол жанар­тау секілді мінезді мақаланың негізгі фабуласы етіп құрайтын Ұлы­бри­тания журналистикасы. Үшінші, кейіпкердің ұзын-сонар өмірбаянынан бастайтын орыс журналистикасы болса, соның бір бұрым бұтағы болып қазақ журналистикасы өсіп шығар еді. Ал мына Қали – қаламы Қадыр ақын, Сәбит Оразбаев актер, т.б. өнер жампоздары туралы мақаласында жоғарыда санап келтірген үш мек­тептің де әдіс-айласын тел емген бо­лып көрінді. Қалидың мақала, эссесінде ситуация да, мінез де, кейіп­кердің алға ұстаған өмір жолы да қатар көрініс табады. Сәбит Оразбаев туралы жазбасында ұлы актердің кейіпкер сомдау машығы, мінезге ену мектебі, тіпті былайғы жұрт біле бермейтін өмір детальдары қатар өріліп отырады. Оқырманды ынтықтыра түседі. Өмір туралы тұшымды пәлсапаға жүгіндіреді. «Тұлға-тағдырды» көз жүгіртіп, сыдыртып оқып шығу әбес болар еді. Өйткені кітап тұлғалардың талайлы тағдырын сөйлетуімен тартымды. Автор кейіпкердің «осы қалай» дейтін ең жұмбақ, былайғы жұртқа беймәлім мінез қырын жарқыратып ашады. Кітап – ұлтқа белгілі дарынды адамдардың мінез энциклопедиясы деуге келеді. Қалай деріңіз бар ма?! Алматыдағы Шоқан ескерткіші­нің маңын ұлт зиялыларымен кезде­су, сырласу, естелік айту алаңына ай­нал­дырып жіберген, қазақты ең көп оқитын, ұлты неміс, рухы қазақ Герольд Бельгерді тереңірек түсінесіз. Ұлттың ұңғыл-шұңғылына жіті көз жіберіп, бүгінгі ұрпақ келешек көкжиегіне қайтсе пұшайман болмай жетеді деген ойды өміріне өзек еткен зерттеуші замандасымыз Ақселеу Сейдімбек туралы тұнық сыр табасыз. Бейнелеу өнерінде өзіндік сыр мен сымбат қалдырған Салехеддин Айтбаевтың жан әлеміне еркін бойлап еніп, суретшінің өмірден ерте кетуінің сыры неде... оның ең дарынды бейне кескіндемесі қалай орыс шовинистерінің сынына ілікті.... жалпы суретшіліктің құпиясы қандай... білгіңіз келсе «Тұлға-тағдырды» қолға аласыз. Бұл аз десеңіз, күміс көмей тенор даусымен халықтың қошеметіне ерте бөленіп, дүниеге сыймай кет­кен Амангелді Сембинмен шүйір­келесіп сырласудың өзі бір ғанибет. АҚШ-та дарынға қысым жасайтын мемлекеттік шенеуніктерді уысында ұстайтын мемлекеттік этика жөнін­де бас басқарма бар екен. Сол бас­қарма аса дарынды адамдардың әдетте мынау қарапайым өмірге бейімсіздігін, тіпті тәкаппарлығын, менмендігін ескеріп, сол дарынды адамдармен жүйелі түрде жұмыс істейді екен. Бізде мүлде керісінше ғой дейді кітап авторы. Дарынды адамдарды орташаларға қосақтап, сол орташаның айтқанына көнесің, айдауымен жүресің дейміз. Орта­шадай бола қалмадың деп төбесіне сын шоқпарын үйіреміз. Бетегеден биік, жусаннан аласа болуға үйре­теміз. Сәл оғаштау мінезіне мін та­ғып, әйкәпір атандырып шулап шыға келеміз. Шулап жүріп киелі қыл­қалам иесі Салехеддин Айт­баев­ты, күміс көмей тенор Амангелді Сембинді жоғалтып алдық. Енді сол дарынды жампоздардың орнын басатын кісі таппай, отыра қалып жер сыйпалағандай кеп кешіп отыр­ғанымыз мынау. Неткен жолы ауыр халық едік. Қали осының бәрін жеріне жеткізіп жазған. Қазақ журналистикасы, оның ішінде көсемсөзінде айтарлықтай із қалдырған, қай қызметтің басында отырса-дағы сол саланың отын жан­дырып, қазанын қайнатып жіберуге шебер кісі Камал Смайылов туралы тебіреніске тәнті болмай көріңіз. Қандай қарапайым... неткен тұма суын­дай тұнық көңіл десеңші! Автор отырып алып Камекеңді мақтай жөнелмейді, інілік ілтипатпен сөйлей отырып, «білгіш» деген ұғымды оқырманның көкейіне жі­ліктің майындай етіп, жүрекке тигізбей сіңіреді. Несін жасырамыз, өзіміз қарамағында істеген кейбір бас редакторлардың кабинетіне кіре алмай, талай күн кезек күткен де кезіміз болған дейді кітап ав­торы. Ал біздің Камал ағаның қара­пайымдылығында, қайырым­ды­лығында шек болмайтын. Білімі те­легей-теңіз еді. Кез келген тақы­рыпқа бой тартпай еркін сөйлесе аласың. Кез келген жанр төңірегінде те­реңнен қалам тербер еді. Жүрген жерінде бүгінгі күнмен емес, ертеңгі, кешегі күнмен пікір бөлісе алатын, партияның қасаң, қыспағында жүріп-ақ ұлты үшін басын бәйгеге тіге алатын қызуқандылығы неге тұрады. Бұл кісі үндемей жүріп үйдей іс бітіретін, биік мінбеге өрмелеп өңештемей-ақ уәжді сөзін өткізе алатын нағыз күрескердің өзі еді. Камал Смайылов басшы болып тұрғанда қазақы дәс­түрді ту етіп көтерген «Қыз Жібек» фильмінің шығуы, қазақ жастары оқу, білімді қойып, қой бағуға шықсын, ой бақпасын, қой бақсын деген ұран шыққан кезде шырылдап араға түсіп, «Білім және еңбек» журналын шығарысқаны неге тұрады. Осы жолдар иесінің құм басып қалудың қатеріне ұшыраған, күріш танаптарының ішінде қа­бырғасы сай-сай болып, күнге қақ­талып қаталап отырған «Дария» романының қарапайым кейіпкеріне көлдей мақала жазып «СҚ» газетіне бастырған Камал Смайылов аға еді. Қайсыбірін айтып тауысарсың?! Қали Сәрсенбайдың «Тұлға-тағдыр» кітабы бүгінде бақи жалғанға озған, базбірі әлі арамызда жүрген жаны таза, рухы биік, сөзі сабақ жандарымыз туралы әдемі әңгіме, әуезді сыр, өзекжарды сағыныш. Адам бойындағы қан қызуы – құштарлық туралы данышпан Баль­зактың айтқан сөзін бәріміз білеміз. Қайталап жатудың қисыны жоқ. Ал сол құштарлық сезіміне егіз өрімдей қабысатын тағы бір сөзді көлденең тартайын. Ол – сағыныш сөзі. Көп нәрсенің себеп­кері, ұйытқысы са­ғыныш сезімі секілді. «Тұлға-тағдыр» кітабының кілті – сағыныш. Жазушы және жур­налист бауырымыз қазақ өне­рінде, ұлттық көркем сөзде жүріп өткен жолы жосылып қалған жам­поз ағаларын әлгі айтқан ұлы се­зіммен еске алып тебіренеді. Жай ғана баяндап шықпайды. Құрғақ су­реттемейді. Жүрегі қан жылап отырып сағынышпен еске алады. Түгеншедей түйіп сөйлесек қой, пәленшедей ашық-жарқын мінезбен көрінсек қой дейді. Апырым-ай, сол кісілердің осындай қасиетін кезінде ескермей, елемей жүре беріппіз ғой дейді. Қайталанбас тұлғаларды тәбәрік қып өтейікші, олардың қисынды, қисынсыз айтқан сөзін ту ғып төбемізге көтере білейікші. Бір-бірімізді сағынып жүрелікші. Іздейікші сағынып! Сағыныш деген дауасын тапсаң – талай қиын қыл өткелден аман-есен алып шығатын дару сезім, дауасын таппасаң – көктей солдыратын дерт. Сағыныш дертіне шалдығып орта жолда қалған жақсы кісілеріміз қаншама. Бізге де қолымызға қалам алғызып, «Тұлға-тағдырды» сүзіп, кітап ішінен маржан іздеткен талайдан бері сөзіміз жарасқан, іздеп жүріп әңгіме-дүкен құрмасақ, дүниеге сыймайтындай қаламдас ініміз Қали Сәрсенбайды сағынып жүретін ұлы сезім еді. Бар бол, бар болғыр – іңкәр сезім, толымды сөздің иесі!

Дүкенбай ДОСЖАН, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

3390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5950

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5571

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3309

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2693

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2656

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2631

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2365

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2350

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы