• Әдебиет
  • 04 Қаңтар, 2013

Ұлттан биік ұлы жоқ («Ойдауа» топтамасынан)

ЖакауЖақау Дәуренбеков, қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты *** Біз жиырмасыншы ғасырдан келдік. Біз қонақтар емеспіз, біз қазақ деген номадтармыз! *** Ақиқатты айтқызбағанмен ауыздықтай алмайсың. *** Кейбіреулер Ана тілін білмей тұрып әлем тілінде сөйлегісі келеді. *** Тереңнен ойлайтын адам төбеңнен қарайды Беріден ойлайтын адам төменнен қарайды. *** Шикілікті жаның шыдамағаннан айтасың, Шындықты арың шыдамағаннан айтасың. *** Біреу өзінің бас дауын көтереді, Біреу өзгенің шашбауын көтереді. *** Өтірікті жазып қағазды былғама, Өсекті жазып қаламды қинама. *** Уәжі жоқ жауаптан үндемеген артық. *** Айлы түнде адасқаннан, жайлы күнде адасқан жаман. *** Жазуы (пошіркі) жаман жазбада мұхиты терең мазмұн жатуы мүмкін. *** Қолың ашылса қаламың да жүреді, Жолың ашылса қадамың да жүреді. *** Бөлмеңе жарық түспесе, күн кінәлі емес, Бөлмеңде жарық жанбаса, түн кінәлі емес. *** Саяси құбылмалылық бәрін де құрбандыққа шалады. *** Ойың құрғақ болса, үрлемей жатып сөнесің. *** Жыр – өмірден туып өмірде қалады, Сыр – сезімнен туып өзіңде қалады. *** Көреалмаушылықтың көзі қолыңдағыны емес, қораңдағыны да көреді. *** Әдебиеттің мақсаты – адамның ойы мен өзін жеткізу, Журналистиканың мақсаты – адамның суреті мен сөзін жеткізу. *** Махаббатты мұң күзетеді, Мұңды түн күзетеді. *** Өмір – ой безбенімен өлшенеді. *** Азаттық – ой азаттығынан басталады. *** Байыпты сөздердің бәрі қалыпты сөздермен басталады. *** Шындық алыстаған сайын шыңға айналады. *** Кеңестің кесімін көсем айтады, Даудың шешімін шешен айтады. *** Бірдеңені жазып тастау бірдеңені қазып тастаумен бірдей. *** Есті ән елітеді, Есер ән еліртеді. *** Адам басын басқаға емес, тауға да, тасқа да соғады. *** Социализмнен шықтық, капитализмге келдік, енді қайда барарымызды уақыт қана біледі. *** Байларға – капитализм, Кедейлерге – социализм, Орташаларға – екі жарты бір бүтін керек. *** Шыныаяқтың сылдыры күйініштің үні, Шыныаяқтың сыңғыры сүйініштің үні. *** Әкімнің шатағын да, атағын да шығаратын – Арыз. *** Білімсізде тойсыз күн жоқ, Білімдіде ойсыз күн жоқ. *** Түн – тынығу үшін, Күн –шынығу үшін. *** Адам сырттай үгітке сенгенімен, іштей үмітке сенеді. *** Өсек – құлақтан өтеді, Шындық – сынақтан өтеді. *** Шешен – ойдың сыр-сынасын айтады, Сөздің шын-расын айтады. *** Жолың ашық болса көздегеніңе жетесің, Қолың ашық болса өз дегеніңе жетесің. *** Бүгін бар, ертең жоқтың елесі қалады, Бүгіні мен ертеңі бардың егесі (елі) қалады. *** Бары мен қанағатқа береке келеді, Бейнет пен зейнетке мереке келеді. *** Көңілді көтеру үшін әнші керек, Өмірді көтеру үшін қамшы керек. *** Тілегіңді таяныш ет, Батаңды баян іс ет. *** Сыйлының сыбағасы болады, Шүйлінің сынамасы болады. *** Өлеңге адалдық – өмірге адалдықтан туады. *** Біліп айту мәңгі етеді, Тауып айту тәнті етеді. *** Мансапқа ұрынбайтын, мақтауға да бұрылмайды. *** Құныққандар құрықталмай, қылмыс құрып қалмайды. *** Әріден ойлайтын адам берінің бәрінен биік тұрады. *** Кемел адам кекшіл болмайды, текшіл болады. *** Біреуге күнің түспесін десең, түсуге де мұршаң болмасын. *** Азыңды көптей көр, Барыңмен көктей гөр. *** Ісмер іркістің ізін инемен жасырады. *** Жұмыскердің қолы босамайды, Жолаушының жолы босамайды. *** Оттың тіліне ие болмасаң, шоқтың күліне айналарың анық. *** Өрт ала келмей от ала кел. *** Айдай болып көрініп, күндей болып күле білгенге жібегіңді емес, жүрегіңді жай. *** Гүл нәзіктігімен, қыз нәркестігімен сұлу. *** Сезімнің құлы болма, сенімнің құлы бол. *** Арланның да арыны басылып ауаны қайтады. Тарланның да тауы шағылып тауаны қайтады. *** Талабың мен тәуекелің – тынысың, Табан ақы, маңдай терің – табысың. *** Тән саулығының тіні – таза ниет. *** Қиындықты ойлай берсең, қиындыққа бойлай бересің. *** Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар болады, Қайнамай-ақ қосыла салатын надандар болады. *** Сөзбе-сөз отырып жазғаннан, көзбе-көз отырып айтқан артық. *** Жақсы атты болам деме, Мақсатты болам де. *** Біреудің сөзімен шоқ көсегеннің аяғы біреудің қолымен от көсеуге ұласады. *** Дамыған ел болуымыз үшін, уызынан жарыған ұлт болуымыз шарт. *** Өзегінен айырылған өзгенің жетегінде кетеді. *** Болмысы жоқты бояумен байыта алмайсың. *** Мақтау өсіреді, шектен шықса өшіреді. *** Атқа мінсең де бағаңды ісірме, Аттан түссең де бағаңды түсірме. *** Күн бұлтқа жасырынбайды, Көсем ұлтқа жасырынбайды. *** Өтірік тойда жүргенде, шындық ойда жүреді. *** Арзан күлкі ауада қалады, Қымбат күлкі санада қалады. *** Өмір жылата да біледі, жұбата да біледі. *** Ақылдың дәрісі болмайды мәнісі болады. *** Адамдар менді танымайды. Шенді таниды. *** Қолына су құя алмай жүріп, қолын алмайтындар да кездеседі. *** Уақыты келгенде күтпегенің де келеді. *** Адамдар қайғыны бөліссе де қуанышты бөлісе алмай жатады. *** Тайыз ойдан сырғаң көрінеді, терең ойдан тұлғаң көрінеді. *** Уақытта уәйім болмайды, жаңылмайтын күн-айы болады. *** Шеберлікке өлермендік емес, өнер-өрлік жеткізеді. *** Мұраты жоқтан қорықпа, Ұяты жоқтан қорық. *** Тамыр-таныстық жайлаған жерде жұмыс жүрмейді, сыбыс жүреді. *** Құлақ үнсіздікті де естиді, Көз құнсыздықты да көреді. *** Жақсылық жасымасаң жетеді, Жамандық жыламасаң кетеді. *** Дарынсызды ду қол шапалақ таныта алмайды. *** Ауа сөйлегеннің ауызы жаман, Ауа сайрағанның дауысы жаман. *** Шындық шырылдаса да көзқарастар қақтығысынан шыңдалып шығады. *** Мейірімнің өзі аяныштан емес, аялаудан тұрады. *** Адамды көру емес, тани білу қырағылық. *** Қадамыңның қиясы таусылмасын, Қаламыңның сиясы таусылмасын. *** Ұқсас ойлар болмайды, Ұқсас тойлар болады. *** Жоғарыда тұрып та бақытқа қол жеткізе алмайсың, Төменде тұрып та бақытқа қол жеткізуге болады. *** Дүмшеменен дауласпа, дүлейменен жауласпа. *** Өнер өмірдің өзіндей бірде тасиды, бірде жасиды. *** Сөзді сақалы бар деп берме, сөзінің сақасы бар деп бер. **** Ененің жылы суы суымау үшін, келіннің жылы сөзі суымау керек. *** Құрғақ сөзбен мақтауын жеткізгенмен, болмыс баптауын жеткізе алмайсың. *** Ащы сөзге абыржыма, әдебіңді тос, Ол сөзін жұтады, сен үнсіз ұтасың. *** Шыдамның да шегі бар, Шегінудің де шебі бар. *** Трафарет сөйлемдер тіл ұшында тұрады. *** Жақсы көптік қылмайды, Жаман көпті былғайды. *** Махаббат жерде емес, жүректе өмір сүреді. *** Көлдей етіп жазу – көңіл үшін, көркем етіп жазу – өмір үшін. *** Өзгенің ақылы тыңдауға жақсы, Өзіңнің ақылың жұмсауға жақсы. *** Өмірдің жүгі өте ауыр, Оны адамдар білегімен емес, жүрегімен көтереді. *** Сөздің тұздығы болмаса, әңгіменің татымы болмайды. *** Құлқын тыйылмай, жемқорлық жойылмайды. *** Пенде байдың байығанын көре алмайды, Кедейдің байығанына төзе алмайды. *** Көзге көрінбейтін еңбектен көзге көрінетін биік басталады. *** Қоғамды қоңырау оятпайды, ұлттық намыс – омырау оятады. *** Ұят ұмытылғанда жерде тірлік адами болмысынан айырылады. *** Ойың биік болмай бойың биік болмайды. *** Достық деген сыйластық символы. *** Өзіңді көрсеткің келсе не білетініңді емес, не тындырғаныңды айт. *** Шындыққа көз жеткенмен тіл жетпейді. *** Ұлылар алыстағанмен аласармайды. *** Жақсылығын айта бастаған адамнан жаман есеп есінен тұрады. *** Асыққанға әр күн қымбат, ғашықтарға әр түн қымбат. *** Жасыл бел атырабымен көрікті, Жас өскін жапырағымен көрікті. *** Ауырды қолымен көтереді, ауыртпалықты мойнымен көтереді. *** Сертін сақтай білген, сенімді де ақтай біледі. *** Ащы мен тұщыны білетін – тіл, жақсы мен жаманды білетін – діл. *** Билікке жеткен бас еркіндігін тәрк етеді. *** Проза – сенімге бөлейді, поэзия – сезімге бөлейді. *** Жер құстардың үнімен оянады, Ел уақыттың күнімен оянады. *** Өмірден – іздегеніңді табасың, өнерден – білмегеніңді табасың. *** Жақсылықты тілеумен жүресің, жақсы үмітті күтумен жүресің. *** Ісі көптің сөзі жоқ, ісі жоқтың сөзі көп. *** Оның сұлулығын көзі мен сөзі айтып тұрады. *** Қалжыңыңды түсінетін адам – қадіріңді білетін адам. *** Билік биікте отырса да төменнен тіксінеді. *** Өзгені білсе де адам өзінің қандай адам екенін айтып бере алмайды. *** Көлдің суы тұнық болады, Шөлдің суы құдық болады. *** Терең ой ақылға тартады, тайыз ой тақырға тартады. *** Есті сөз елге жетеді, есер сөз желге кетеді. *** Көзге түскісі кеп әрнені шала беретіннің айтқандары, үрлеген шардай боп ауада қала береді. *** Биліктің сөзі әуелі әмірге айналады, келе-келе өзі кішкентай тәңірге айналады. *** Уақытқа ешкімнің әмірі жүрмейді. *** Алғырлық өрге шығарады, Ақыл төрге шығарады. *** Мәселені іліп айту емес, біліп айту шешеді. *** Кітабыңды көрдім..! Суретің слайдқа шыққанмен, сөзің құмайттан шықпапты-ау, шырақ!.. *** Толған да ортаяды, болған да қартаяды. *** Мансапқордың өмірі ғұмырын емес, құзырын ойлаумен өтеді. *** Адамды қуаныш демеп жүреді, Қызғаныш егеп жүреді. *** Ойыңды оқып тұратын адамдар болады, олардың алдында өтірігің аузыңнан шықпай қалады. *** Әйел қанша боянса да ар жағынан шын түрі көрініп тұрады. *** Бәрін айтуға болады, бәрін жазуға болады, бәрін көруге болады, бәрін үйренуге болады, ал бәрін білуге ешкімнің ғұмыры жетпейді. *** Бүгініңе тәубе етсең, ертеңіне тәу етерсің. *** Тірліктің құйыны болады, Тағдырдың қиыны болады. *** Ақ ниетті алғыс табады, Қара ниетті қарғыс табады. *** Нарықтың жаршысы болғанша, Намыстың қамшысы бол. *** Артыңда алтын қалғанша атың қалсын. *** Жел үйіре білсе, тал иіле біледі. *** Бағын бағаламаған барынан айырылады. *** Алып ұшқан жасыңа сенбе, ақыл қонған басыңа сен. *** Ақылы таусылған айқай салады, Амалы таусылған айдап салады. *** Біреуді риза ету арқылы өзіңді мырза етесің. *** Жан сырыңнан өзіңді таниды, Жазуыңнан сөзіңді таниды. *** Мансабына жеткен шалқаяды, мақсатына жеткен марқаяды. *** Уақыт адамдарға берілген шексіз байлық. *** Қызыға қарау сүйініштен туады, Қызғана қарау күйініштен туады. *** Сен біліміңді көтерсең, білім сені көтереді. *** Білімділер көп қой, бірақ оны білетіндер аз ғой. *** Күннің атқанын көріп өмір оянады, Батқанын көріп уақыт мұңаяды. *** Әркімнің өз шындығы бар. Бірақ бәрі де өмір шындығына тәуелді. *** Мықтылық жеңбейді, мақсатына жеткен жеңеді. *** Тұлғалардан ешқашан өшпейтін із қалады, Тыраштардан ештеңе өспейтін сыз қалады. *** Халық – тарихтың тірегі, тұлғалар – тиегі. *** Сахнадағы қойылымды көріп отырған көрермен құлағына сенбейді, көзіне сенеді. *** Ғашықтық көзбенен танысады, Жүрекпен табысады. *** Шындық жүректің тұсында жүрсе, Өтірік тілдің ұшында жүреді. *** Адамды үйіндегі бай дүниесімен емес, жай күйіндегі жан дүниесімен бағалау керек. *** Ақылды алдыңа салсаң асқақтайсың, Артынан жүрсең адаспайсың. *** Өтіріктің жанры – өсек. *** Атақтының алдынан айбын жүреді, Артынан аңыз жүреді. *** Дарынсыз үйіп-төгіп жазады, Дарынды күйіп-тоңып жазады. *** Ақын болу – уақытша, ақын боп қалу – мәңгілік. *** Сылтаулар – сан түрлі болады, Дәлел – бір-ақ түрлі болады. *** Әншіні тыңдап барып, қаламгерді оқып барып тану керек. *** Дүниені қумаңдар, діл иені қуыңдар! *** Адамның адасқаны жолынан емес, ісінен көрінеді. *** Бәрі де оймен өлшенеді, сөзбен жетеді. *** Тер төгу деген тән азығын емес, жан азығын байыту. *** Чемпион болып тумайды, чемпиондыққа жетеді. *** Бір ғажабы, аспандағы айды көретін адам жанындағы жақсыны көрмейді. *** Ақынға ақын қамшыгер. *** Өз сөзіңмен сыйынасың, Өз ойыңмен жылынасың. *** Дарынсыздар дайынға ұмтылады, Дарындылар дауылға ұмтылады. *** Кітапты білу үшін емес, ойлау үшін оқу керек. *** Өкініш шындықпен бетпе-бет оңаша қалған кездегі күйзеліс. *** Намыс оттай лапылдайды, Ұят шоқтай қызарады. *** Төбеге шығаратын сенің аяғың емес, ақылың мен амалың. *** Уақыт бірде асығып «Пәлі байқа, байқап...» дегізеді, енді бірде кешігіп «Ай, қап!» дегізеді. *** Бүгінгі қазақтарда жылқы мінезден гөрі түлкі мінез көбірек. *** Қарапайым сөздердің өзі үміттің ұшқындарынан жаралады. *** Баянын аялай білген, бақытын бағалай біледі. *** Таңмен бірге ояну, Тағдырыңа уану мен қуану. *** Көңілі толғанның көзі жайнап тұрады, тілі сайрап тұрады, ойы қайнап тұрады.

3720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6024

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5616

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3354

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2737

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2701

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2676

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2409

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2394

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы