• Әдебиет
  • 31 Қаңтар, 2013

Жан-жайлауым жаяды әр кез құшағын...

Көлеңке Қасымнан бір қалмайсың, Кескінімнен аумайсың. Жағымпазсып көрмедің, Жансызбысың, қандайсың? Кідіргенде кідірдің, Жүгіргенде жүгірдің. Болмасаң да күн бұлтта, Күн ашықта біліндің. Ағарғасын самайым, Айналама қарадым. Көңіл күңгірт тартқанда, Ерғараға жарадың. Мен сассам да саспайсың, Қусам дағы қашпайсың. Жолы айырылған жолдастай, Сыртқа сырым шашпайсың. Қыр соңымнан қалмайсың, Бастасам да қайта өмір. Екіжүзді «достардан» Сен ыстықсың әйтеуір. Асықтың (Курстасым Әмір Оралбайдың рухына) Әспеттеп әркез ар менен ұят, намысты, Ақылға салып атқарушы едің әр істі. Отыз жетідегі үндеместердей опасыз, Асығып ажал қалайша саған жабысты. Қаламың жүйрік жаралған еді желуге, (Қабілеттіге қаскүнем бе еді өлім де?!) Қақың жоқ па еді қасқайып төрде отырар, Емен де семен ентікпей жеткен елуде. (Жасамай кеткен жасыңды жазсын лайым, Жәудіреп қалған жауқазындарын көруге.) Дәлелдеп тағы екенін өмір қас қағым, Түнертіп кеттің айнадай көңіл аспанын. Жоқтайды талай жыл өткен сайын өзіңді, Әріптестерің, дос-жаран, курстастарың. Санада сайрар сәулелі мінез, іздерің, Кішіпейіл едің, (Сәкелеп жайым, сіз дедің). Құрдастарыңа асығушы едің құлындай, Астана келсең Дәуітәліні іздедің. Біз үшін, Әмір, тынысың сенің тынған жоқ, Болашақта да биіктей берер тұлғаң көп. Қазанаманы аһ ұра жазған Шархан шоң, Егіле еске алып жүр Иса, Мейрамбек. Қожалақ жалған көзді арбар қырық құбылып, Сүлдеңді сүйрер соқпағың сансыз бұрылып. Жөн білер жан ең, Жатуға бәлкім асықтың, Жер бесігіңе ертерек барып бұйығып. Намыс «Егер жиырма жастағы студент Едіге алаңға жүгіріп шықпаса, қолдау көрсету үшін Англия­дан командасына еріп келген 800 жанкүйер қазақтар тарапынан ешқандай реакция болмағанына ренжіп, қайтып көрместей болып кетер еді...» «Айқын» газеті, 9.11.2000 ж. Болады, балам, халіңді ұғынуға, Біз үнемі үйренгенбіз бұғынуға. Қандасыма кеюмен кетермін мен, Сабы сынды қамшының ғұмырымда. Құлдық сезім санамды езген менің, (Өзгеретін кезде де өзгермедім) Мойныма мінсе бөтен мыңқ етпеймін, Басқа жағын сұрама, безбендегін. (Мен өзіңе ризамын өрге ұмтылған, Тұралаған жайымды сезген менің.) Бетім жоқ бастайтын сөз елге қарап, Себебі үйренгенмін жерге қарап. Жұтағандай наркескен намысым да, Жүз жыл бұрын жайнаған жердей абат. Өжеттігің дерсің-ау қайда қалды? Он алтыда үзілген арман алды. Отыз жетіде атпаған таңда қалды, Желтоқсандағы қыршын жанда қалды. Мерт болып ылғи маңғаз – маңдайалды, Мен сияқты қалғаны майдаланды. Сарқылған самауырдай іште қайнап, Бүгінде түскен намыс, түскен қайрат. Бұлайша ашынам ба, Басылам ба? Жалғыз доп жат қақпаға түскенде ойнап. Қайтейін?! Әттеген-ай, Әттеген-ай! (Санамда сан сұрақтың қаптағаны-ай) Сан алыпты әкелген аналарым, Доп тебетін бір дүлдүл таппағаны-ай, Я бап, я бағым шаппағаны-ай! Шақта да басынан бір бұлт аумаған, Нар қазақ нысанадан бұлтармаған. Жігітке жығылғаннан өлген артық, Додада ел намысын жырта алмаған. Жарайсың! Шықтың ұлан алаулана, Жалындап жасын намыс жалаулана. Тілектес толағай тау, арай дала, Қаптаған «көлеңкеге» қарайлама. Қадамың құтты болсын! Туар әлі, Қазақтан қақпа бұзар талай бала! Арман Інісі ізет қылса ағасына, Жиендей жаңа келген нағашыға. Ағаның айналса ғой алақаны, Інінің тұлпарының тағасына. Құрдасы қалжыңдаса құрдасына, Жақұтты қондырғандай жағасына. Қараса бозбалалар бойжеткенге Бөркінен басындағы әрі асыра. Қыз бала базына айтса бозбалаға, Гүл сынды қауызынан жаңа ашылған. Жарқылдап жеңге жүрсе жайраң қағып, Үкілі үміттердің арасына. Абысын-ажындардың сыйластығы, Шұбаттай сыймай тұрса шарасына. Жазылмай жұбы жора-жолдастардың, Бірінің бірі жетсе бағасына. Демесе қолтығынан қысылғанда, Баладай бәйек болған анасына. Құда мен құдағилар қауышса ылғи, Анадай құрақ ұшқан баласына. Қарттарым кесіп айтып, шешіп айтып, Түсірсе тойғандарды тобасына. Күпірлік қылып жүрген кеуек бастың, Саңылау кірер ме еді санасына. Кереғарлық дендеген кер дүние, Кейісе сыймайтындай қанасына. Күліктен кие қашса қыр аспайды, Жүз жерден баптағанмен таң асыра. Соны ойлап құлазиды патша көңіл, Көлге ұқсап құс қонбаған жағасына. Жүрегім жолбарыстай ыңыранған, Ырғында у жалаған жарасына. Күркіреп дария өмір тасып жатыр, Ешкімнің көзі жетпес сағасына. Әйел мен махаббат Махаббат пен әйел жайлы лебіз көп, (Бір байламға келдім ақыр көп іздеп). Мен айтамын: Әйел деген махаббат, Не махаббат әйелдермен егіз деп. Махаббаттың тылсым сыры жасырын, Әйелдер де терең сақтар асылын. Махаббатта мағына көп десең де, Ерекшесі естен кетпес ғашығың! Қозы іздеді жасқа толып етегі, Бекежанның Қособада мекені. Махаббаттың шуағына шомылса, Қара тас та қардай еріп кетеді. Сүйе алмасаң сан ысынып, сан мұздап, Дәруіш боп кетер едің жалғыз қап. О, бозбала, селдеп жүрген сезімі, Қыздың ерні емес саған балмұздақ. Қателесед аруларды гүл деген, Махаббаттың тылсым сырын білмеген. Ару – әйел, Аналар ғой мейірімі Аяласаң – төрт тоқсанда гүлдеген! Міне, Аналар! Олар солай ерлеген, Дүниені әлдилеген, тербеген. Махаббат пен әйел – егіз, ешқашан Бір-біріне қоймау керек көлденең. Бір әйел бар, қолтығымнан демейтін, Жалықпаса екен деймін ол менен! Ей, Адамның баласы... Таң мен кештің арасы, Өміріңнің парасы. Кімге болдың бересі, Кімнен болдың аласы?! Ұтылдың ба, ұттың ба, Құмарыңнан шықтың ба? Көтердің бе біреуді, Әлде, жерге жықтың ба? Іс тындырып маңызды, Айта алдың ба ән ізгі? Бұлдырықтай жүрегің, Кімге шуақ тамызды? Қай қабаққа нұр бердің, Қай табақтан сый көрдің? Не нәрседен кешігіп, Не нәрсеге үлгердің? (Шаруасын шештің бе Шапағатқа ділгірдің) Кімнің жүзін жылыттың, Кімнің жүзін суыттың? Қажыдың ба қуалап, Көбелегін үміттің? Алпыс жерден асығың, Арналса да алшыға. Ертең өмір өзенің Айналады тамшыға! (Ей, Адамның баласы, Айналаңа қарашы...) Дауыс (Сауық Жақановаға) Бұлбұлдың өз дауысы бар, Қыранның өз дауысы бар. Қызыл тілің күрмелсе, Қаусырма жоқ қаусырар. Бір дауыс бар құйынды, Бір дауыс бар жырынды. Қарғалардың қарқылы, Мәңкі етеді миыңды. Жақсы көріп жайылдым, Шықса дауыс жарқылдап. Ақ көңілдің дауысы, Ақ самалдай аңқылдақ. Қалауындай халықтың, Кәусар ма екен, бал ма екен?! Сыбыры да Сауықтың, Әуелеген әнге тең. Жоқты іздейтін жаныңның, Жазбай табар қалауын. Жұмсақ, жылы дауысы, Әлдиіндей ананың. Елжіретер жүректі, Еміндірер құлақты. Еркін, ерке лебізі, Елестетер бұлақты. Үздіктім де үзілдім, Қызықтым да қызындым. Бал шарабын ішкендей, Жүз жыл тұрған жүзімнің. Дауыста да дауа бар, Жанға шуақ тараған. Жүрегінің дауысын, Салу керек әр адам. Қайырлы таң (Қойшыманға) Халайық, қайырлы таң! Халің қалай? Тілегім – тазалықтан жаңылмағай. Білгенге бір бақыт қой ертеңгісін, Ояну ешбір жерің ауырламай. Тәңірдің таңы атқанда арайлана, Шығады шырайланып шарайна да. Арылса адам біткен пенделіктен, Құлпырып кетер еді бар айнала. Қарашы кеуде керіп кең далаға, Әтірдей ағыл-тегіл келген ауа. Сезбесе сезбейді оны пенде ғана, Тамаша аспанда емес, жерде ғана! Бейуақ көңіліңді мұң басқанда, Не жетсін табиғатпен сырласқанға. Тіршілік тыныш ұйықтап тұрса екен деп, Тамылжып тұрады ылғи түнгі аспан да. Керілген кербез аспан кең қосымдай, Керемет өмір сүру жерде осындай. Бір сәтте бозторғайға айналады, Бұлшық ет кеудеңдегі қол басындай. Тау, дала, орман-тоғай, ауа бәрі, Жанымды жаңалады, дауалады. Кел досым, қайырлы таң, қыдырайық, Күдікті серпіп тастап санадағы! Арылу Мінездерін мысал етіп ұнаған, Ұқса деймін анаған да, мынаған. Бола тұра өз болмысым, өз бетім, Басқаға ұқсап қалай ғана жүре алам?! Болғандықтан өз жүрегім, өз демім, Қылықтарын қайталаман өзгенің. Адастырып көрген емес жолымнан, Алла берген ар-намысым, безбенім. Шаруам жатқан кездерде де шалқалап, Мен билікке танытқам жоқ мархабат. Қарындарын көріп жүрміз қампайған, Төрелердің ертоқымын арқалап. Біртуарға ұқсап солар бөсетін, (Борсық сынды ұрған сайын өсетін). Бастығына ұқсап киім киініп, Байшыкешке ұқсап сәлемдесетін. Жетім қалып көрген ел жоқ кемелсіз, Дәм таусылса топырағым бөлер сыз. Мен ұқсасам табиғатқа ұқсаймын, Кеуделерге, пенделерге тәуелсіз. Көңілінің көзі барлар қабылдар, Өзіме тән жаңбырым бар, қарым бар. Бар және де біртүрлі аяз, бораным, Шырқап-шырқап, бұрқап-бұрқап дамылдар. Жан сырымды жария еттім халыққа, Жырым-сырым, Сыймайды тар қалыпқа. Тауық мәңгі армандайды ұшуды, Ал қырандар көз салмайды тауыққа. Айдыныма ақ құстарын аңсаған, Қиқулап кеп құйылады қаншама ән. Жан-жайлауым жаяды әркез құшағын, Жақсыларға жалғандықтан шаршаған. Душар болсаң тұтап тұрған кезіме, Көрінбей-ақ кете бергін көзіме. Табиғаттың төрт мезгілі сияқты, Өлеңім де ұқсап тұрар өзіме! Өлең кетіп барады Қандай шабыт шалады? Өлең кетіп барады... Мөлдіреген жанары, Үлбіреген тамағы. Бұлтсыз ашық аспандай, Арайланған қабағы. Күн қараған көзінен, Ай қараған қасынан. Сиқыр сәуле тарайды, Сүмбіл қара шашынан. Шайтанкөлдей шұңқырлы, Бетіне иман ұйыған. Бірақ кейде біртүрлі, Жүгіргендей жылы қан. Оймақ ауыз, қыр мұрын, Қимай көзді тартады. Маржан тістің үлбірек Ал қызғалдақ қалқаны. Егіз жатқан жанартау, Жамылып ап торқаны, Оқжетпестей тәкаппар, Төсіндегі томпағы. Қыпша белі қиылған – Мың бір түннің тарауы. Әппақ тәні - тараудың Жазылмаған парағы. Күміс бесік – балтыры, Алтын қасық – аяғы. Басқа жағын сұрама – Барсакелмес аралы. Жазылардай жүздессе, Зағиптың да жанары. Жерге жаңа түскендей Тәңіртаудың маралы. Көңілге – шоқ, Кеудеге – от, Өлең кетіп барады. Мейлі... «Күлемін де жылаймын, Жылаймын да күлемін...» Қасым Сынағыштар сынасын, Құп аламын. Мінегіштер мінесін, Құп аламын. Өз қолымды кесемін өзім қалай? Қандасыма не қайран қыла аламын. Қорғалайын ба сүрінем, құлаймын, Жорғалайын ба бәріне ұнаймын деп. Ашынғанда Қасымша күлемін кеп, Басылғанда жасынша жылаймын кеп. Ақиқаттың ауылына ат байлаған Адам болса, Намысқа шаппай ма адам?! Арды ойламай, пайда ойлап жанталасқан, Тоғышарға тоқта деп жақпай қалам. Жауығады кектеніп қуыс кеуде, (Анадан уыз ембей, у ішкен бе?) Періште бола алмадық, пенде болдық, Тым болмаса болайық дұрыс пенде. Дегенмен көкірегім, зердемдегі үн, Санасын селт еткізбес көр кеуденің. Жаяудың шаңы шықпас, кім тыңдайды? Шырылын шыр-пыр болған шерменденің. Пәлеқорға дейін бе пәле жақпа, Жалақорға дейін бе жала жаппа. ...Мейлі, менен мың есе мықтылар да Кетіп қана құтылған ана жаққа. * * * – Соның сөзін сөйлеріңді сезгенмін,– Деп жаныма тиді кеше ез менің. Бола тұра өз жүрегің, өз демің, Сөзін сөйлеу мүмкін бе екен өзгенің?! Мейлі, маған әліп артын ашпа де, Ақиқаттан аттамаймын әсте де. Айтқанымен жүрер болсаң басқаның, Адам үшін беріледі бас неге?! Тірлік жазса дәм-тұз қайда барғызбас, Тағдыр бар ма шашаға шаң шалғызбас?! Қас масқара болмас па еді егерде, Баршамызға ортақ болса жалғыз бас. Көз де керек сұлулыққа қануға, Ауыз керек қанағатшыл қарынға. Айтарымды айтпай тұра алмаспын, Аласармас алтын басым барында! * * * Жылтыр жігіт беті сынды сорпаның, – Басекеңнің қаһарынан қорқамын,– Деп қалды да, – Сыйлаймын,– деді сырғақтап, Сонда қалай?... Осындайға бар таңым. Антұрғанның айтқан сөзін қарашы, (Мұндай аз ба саусақпенен санашы.) Сыйлау деген адамдықтың бағасы, Ал қорқудың көрінбесін қарасы. Күнкөрістің құлы болған қорқақтар, Көкесінің қолтығында жортақтар. Алдында оның жусаннан да аласа, Алдында оның жас балаша жалтақтар. Қаймықпауың қиын рас тағы аңнан, Оқ – қатыгез, қорықпайды обалдан. Қалса еңбегің қауіпті емес ажал да, Адам неге қорқады онда адамнан. Ғашық жүрек тікеннен де гүл өрген, Ықпайды ол пәленшеден, түгеннен. Жаны таза қорқу, үрку, үрейден, АДАМ болсаң сені ғана сүйем мен! Самат Асқар

3863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6341

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5782

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3522

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2904

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2865

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2845

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2575

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2560

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы